СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР

1484

1

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР
адамзатқа ортақ мұра болуға лайықты

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс
әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі
ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті. Онда алдыңғы отырыстың хаттамалық
тапсырмаларының орындалуы, жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының
нәтижелері, ортағасырлық Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешенін
ЮНЕСКО-ның Табиғи және Мәдени мұралар
тізіміне енгізу жобасының ғылыми құжаттамаларын әзірлеу барысы, «Алаш
зиялыларының Ақмешіт кезеңі» ғылыми жобасы туралы, туризм саласын дамытудың
кейбір мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы Елбасының халыққа арнаған «Нұрлы жол –
болашаққа бастар жол» Жолдауында жаңа инфрақұрылымды және магистральді жолдар
салу мәселесін дамыту арқылы еліміздің туризм саласын жандандыру көзделгенін
атап өтті. Бұл Сыр өңіріндегі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан
ескерткіштерді туристік нысандарға айналдыруға мүмкіндік береді.

– Алдағы жыл –
ұлттық тарихты ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі
белестер жылы болмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы
Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап
өту міндеті тұр. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы
аясындағы кешенді шаралар да алдағы
уақытта өзіндік жалғасын табатыны анық. Еліміздің ұлы тарихына күні ертең
ұрпақтарымыз бас иіп, құрметпен қарасын десек, бұл бағыттағы іс-әрекетті күн
тәртібінен қалдыруға хақымыз жоқ және де бұл шаралардың ұйытқысы ретінде біздің
кеңестің атқаратын ролі зор, – деді Қырымбек Елеуұлы.

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРБұған дейінгі кеңес отырыстарында мәселе етіп көтерілген
Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізбесіне енгізу,
Сыр өңірі ескерткіштеріне дүниежүзілік мәртебе беру жұмыстары өз деңгейінде
жүргізілуде. Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық шатқалындағы
жартастағы бейнелер кешенін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Табиғи және Мәдени мұралар
тізіміне енгізу бағытында жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта ескерткіштердің
қорғау аймағын белгілеу шаралары қолға алынды. Сығанақ және Жанкент қалашығының
қорғау аймағы белгіленсе, «Қорқыт ата» ескерткіш кешені бойынша қаулы жобасы
дайындалуда. Ендігі кезекте Шірік Рабат
және Жент қалашықтары. Биыл қазба жұмыстарына 25 млн. теңге бөлінді. Қазба
жұмыстарын кешенді жүргізу үшін жылма-жыл қаржы бөлінетін болады.

Аймақта туризм
кластерін дамытудың зор мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық
автодәлізінің бойындағы маңызды ескерткіштерге қарай бағыттайтын үш тілде
жазылған белгілер орнатылады. Қорқыт ата мемориалдық кешені жаңғыртудан кейін
еліміздегі ең негізгі туристік нысанға айналады. Кеңес шешімімен Ресей мұражайларындағы Сыр өңірі тарихи-мәдени
құндылықтарының көшірмелерін жасауға да
қаржы бөлінген.

Кеңес
отырысында өткен жолғы басқосуда берілген тапсырмалардың орындалу барысы
талқыланды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Е.Абдрахманов, Қорқыт ата
университетінің кафедра меңгерушісі Ғ.Тұяқбаев өз хабарламаларында қолға
алынған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Басқарма басшысының
айтуынша, ғылыми-әдістемелік кеңестің өткен отырысында 12 нақты тапсырма
берілген. Бүгінгі күні оның 9-ы орындалды. Қалған міндеттер кезең-кезеңімен
жүзеге аспақ. Сондай-ақ хабарламашы заңмен бекітілгеніне қарамастан, жер
телімдерін игеру кезінде археологиялық сараптама жүргізілмейтінін сынға
алды.

Жыл бойы
облыс аумағында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы,
яғни Сығанақ, Шірік Рабат, Жанкент қалашықтарындағы жұмыстар туралы
археолог-ғалымдар С.Жолдасбаев, Ж.Құрманқұлов және К.Байпақов айтып берді. Қожа
Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры
С.Жолдасбаевтың айтуынша, қазба жұмыстарына ескі қала орнының қоршалмауы
кедергі тигізіп отыр. Археолог шырақшы үйін қазба жұмысы кезінде табылған
заттарды қоятын мұражайға айналдыруды
ұсынды.

Ә.Марғұлан
атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Ж.Құрманқұлов Шірік
Рабаттың өз дәуірінде ірі саяси әрі сауда орталығы болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді
ұсынды. Құм құндағында жатқан ортағасырлық қала орнының қорғалуы, ондағы
жәдігерлерді жаңғырту мәселелерін ортаға салды. Академик К.Байпақов оғыздардың
астанасы болған Жанкентті аршу барысында түйген ойларымен бөлісті.

Кеңес
отырысында ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, қалашықтары мен Сауысқандық
шатқалындағы жартастағы бейнелерді ЮНЕСКО-ның Табиғи және Мәдени мұралар
тізіміне енгізу туралы «Археологиялық сараптама» ЖШС директоры Д.Воякин
баяндама жасады. Осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне Қожа
Ахмет Яссауи кесенесі, Таңбалытас кешені және Сарыарқа даласы енген. Алда
бірнеше тарихи нысандар кезегін күтіп тұр. Серіктестік директоры Сыр бойындағы
ортағасырлық қалаларды адамзат құндылығына айналдыру үшін қойылатын талаптар,
оны жүзеге асыру жолдарын айтты.

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРМ.Әуезов
атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі С.Қосанов қазақ
тарихындағы Ақмешіттің астана болған
жылдары, Алаш зиялыларының Қызылордада өмір сүріп, қызмет атқарған кезеңі
туралы жобаны кеңес назарына ұсынды.

Отырыс
қорытындысымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойындағы
туристік маршрутқа енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштеріне қарай
бағыттайтын үш тілдегі белгі орнату, Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық
шатқалындағы жартастағы бейнелер кешенін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Табиғи және
Мәдени мұралар тізіміне енгізу жобасының ІІ кезеңін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар нақтыланды. Алдағы жылы
археологиялық қазба жұмыстары
жалғасады. Сонымен қатар кеңес Сығанақ қалашығын қоршау және штат
бірліктерін қарастыруға шешім қабылдап, далалық комиссияның құрамы мен ережесін
бекітті. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға
сәйкес өңірдегі археологиялық қалашықтарға жүргізіліп жатқан заңсыз қазба жұмыстарына
бақылау шараларын күшейту, Сыр өңірі ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның материалдық
мұралар номинациясына ұсыну мәселелері бойынша Қызылорда облысында көшпелі
отырыс өткізу туралы шешімдер қабылдады.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер:

Пікір жазыңыз