ТАЛАНТТЫЛАР

76

0

Бұл таңғажайып өмірде нелер
болмаған, нелер өтпеген?! Оның қайсысын есітесің, білесің, оқисың, мүмкіндігіңе
қарай ойыңа тоқисың. Қайсыбір болған оқиғалар, жағымды, жарасымды сөздер кімді
де болса ойландырады, толғандырады.

Адамның
да адамы бар. Біреуі ақылды, біреуі сотқар, біреуі жай болып жүріп жарасымды
ісін көрсетіп, артына айтарлықтай ақыл, ұмытылмас сөз қалдыратыны рас.

Бұл
өмірде талай таңғажайып, талант иелері болғанына қалай назар аудармассың.
Мысалы үшін Жапон жазушысы, бар болғаны 45-ақ жыл өмір сүрген Юкио Мисима қысқа
ғұмырында қырықтан астам роман, толып жатқан әңгіме, пьеса жазып, соңына жүз
томнан асатын мол мұра қалдырыпты. Ол драматург, жазушы, режиссер,
спортшы, музыкант, тіпті ұшқыш та болған. Оны нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан
десе болады. Бұл туралы ғалым, филолог, тарихшы, журналист, бір кезде Қызылорда
облысының әкімі болған Мұхтар Абрарұлы Құл Мұхаммед «Егемен Қазақстан”
газетінің осы жылғы нөмірінде жазыпты.

Тағы да бір-екі ғажайып тарихи
тұлғаларға назар аударып көрейік. Сол заманда әлемнің әр қиырындағы бір-бірінің
бар жоғын да білмейтін Мысыр мәмлүктері мен жапон самурайлары, неміс
рыцарьлары, орыс витяздары мен үнді сипайлары мен қытай садақшылары арғымаққа
мінген, піл зерттеген парсылар бір ғана жаумен – Шыңғысхан әскерімен шайқасқан.

Бүкіл дүниені уысында ұстап тұру –
қатыгез ғана емес нағыз данышпан қолбасшының қолынан келетін іс еді. Әлем
тарихындағы сондай тұлға Шыңғысхан-Тимучин болатын.

Қайсыбір деректі біле жүргеннің
артықтығы болмас деп ойлаймын. Мысалы адамзат тарихында хатқа жазылып, жылнамаға
түскен алғашқы болған соғыс біздің дәуірімізден 2400 жыл бұрын болған екен.

Олар Кир, Дарий, Александр
Македонский, Шихуанди, Цезарь, Аттила, Кутай батыр жорықтары болса керек.

Осы тағы басқа қолбасшылар өз жорық­тарын,
қан төгу үшін емес, бұратаналарды – өркениетке, жабайыларды – мәдениетке,
дінсіздерді – иманды­лыққа шақыру үшін жасадық деп өмірден өткен көрінеді.

Юлий Цезарь өзінің даңқын әлем
тарихына алтын әріппен жаздырған. Сегіз жылдық әйгілі Галл соғысының шежіресін
өз қолымен хатқа түсіріп кетіпті. Оны оқыған адам қан кешкендей болады,
Императордың өз жазбалары бойынша тек
Галл соғысында ол бір миллионнан астам адамды қырып жіберген екен. Бұл
Тимучиннен мың жыл бұрын болған оқиға.

Әркім біле бермейтін атаулар бар. Жер
иесі – Қызыр баба, су иесі – Сүлеймен пайғамбар. Ай, күн, жұлдыз иесі –
Дардайым періште. Жер иесі – Мырқайдар, табиғат иесі – Мекайыл періште. Қыс
иесі – Зымыстан, боран иесі – Ақпан, жаз иесі – Қабыстан.

Сонау Сақ заманынан қалған мына
сөздерді еске алып, ойымызға оралта берсек, артық болмас.

Жақсы, жаман әркімнің арасынан өтеді,

Араздаспай, таласпай тату жүрсең не
етеді.

Ынтымағы бар болса,

Бұл дүниенің қызығы.

Көп ұрпаққа жетеді.

Мына бір деректерде назар аударып
көрейікші. Осыдан шамалы уақыт бұрын «Күлтегін” баспасынан Бекасыл әулиенің
«Жұлдызнама” еңбегі жарық көрген. Осыған орай сыншы, жазушы Әкім Тарази өз
пікірін білдіріпті, не дейді?

Астрономия, астрология, жұлдыз әлемі
туралы бар ғылымының түп отаны Күншығыс елдері. Әсіресе бар өмірі, шаруасы мен
шабуыл-шапқыны, күндізі мен түні аспан астында өтетін көшпенді тайпалар
өздерінің жарқыраған күн мен түнерген түннің пендесі, күн мен түннің ұл-қызы
екенін басқалардан ерте ұққан. Адам атаулының тұрмыс-болмысына жымыңдаған
жұлдыздардың да қатысы бар екенін анық сезінген.

Ал сол шығарма не дейді? Бұдан екі
жарым мың жыл бұрын өмір кешкен данышпан Кунфудзының әкесі 90 жастағы қытай
ақсүйегі еді, ал анасы көшпендінің он алты жасар қызы екен. Адамзаттың бар
тіршілігінің жаратушысы – жарқыраған Күн деп жар салуының түпкі сыры нағашы жұртынан
кеткен. Сол күнге табыну салтынан емес пе екен? Ойланарлық жайт.

Мына бір пікірлерге, ой-талғамдарға
қалай назар аудармассың. Жақсыдан шыққан жауһар сөз, салмағы ауыр қорғасын,
жаманнан шыққан жалғыз сөз, жоғалтады ойдың бағасын, шамаңды халқың шамалар,
кімнің кім бере отырып бағасын, қадірлей білер қауым да өсірер ойдың санасын.

Осы жерде белгілі мемлекет қоғам
қайраткері ақын Кәкімбек Салықов белгілі ақын, ардақты азамат Тұманбай
Молдағалиевтің 70 жылдық мерейтойында былай деген екен:

Мықты ақын нақты жылын айтпас болар,

деуші еді Әбілдадай марқасқалар,

Бек, достар, жетпіс деген дәнеңе
емес,

Серілер сексенінде жап-жас болар.

Сөз сөзден шығады, сөйлемесе ой
қайдан шығады, сөздің де сөзі бар, сөзбен науқасты емдеуге, дені сау адамды
бақилыққа жіберуге болады.

Адамның көзінен көп нәрсені көруге
болады, имандының сөзінен кейін ізінен еруге болады емес пе?

Мына бір оқиғаға тоқталып өткім
келеді. 1861 жылы Шоқан Уәлиханұлы Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, мынадай
бір сұрақтар қойған екен:

– Ақсақал, біреу жолдан адасса,
кімнен ақыл сұрайды, – дейді.

– Шырағым, көнеден сұрайды – дейді
шешен.

– Көне адасса, кімнен сұрайды?

– Көргендіден сұрайды.

– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

– Көргенді адасса, көптен сұрайды.

– Көп адасса кімнен сұрайды?

– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

– Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?

– Көп оқыған көзі шықпай адаспайды.

Асылы, ақыл – адамды аздырмайтын
ем.

Білім – таусылмайтын кен.

Адамның басшысы ақыл,

Жетекшісі талап,

Шолғыншысы – ой.

Жолдасы кәсіп,

Қорғаны – сабыр.

Қорғаушысы – мінез.

Адам биік болса – тасар-ды.

Кішік болса – құрт-құмырсқа басар-ды.

Орта құба төбел болса,

Сол адам ұзақ жасар-ды.

Біліп тұрған бала екенсің

Туысыңнан дана екенсің, деген екен.

Шайхислам СЕРІКБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз