ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ

57

0

Тәуелсіз Қазақстанның жоғары оқу орындарында жас ұрпақты тәрбиелеуде тарихты жаңаша оқытып, оқу сапасын арттыру мәселесіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабында «барлық сфераларда жаңғырту жасамайынша біз тарихи дамудың мәңгі кешігуші жазықтығында қалып қоюға мәжбүр боламыз», – деп ерекше назар аударған болатын. 
Жоғары мектептерде тарихты заман талабына сай, жаңа теориялық және ғылыми-әдістемелік негізде оқытуды ұдайы жетілдіріп отыру қажеттігін көрсетіп отыр. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстан тарихы әлем тарихының құрамдас бөлігі ретінде тұтас қаралып, қазақ халқының тарихы алдыңғы қатардағы өркениетті мемлекеттердің тарихымен бір қатарда оқылатындықтан, оқу процесінде жаңаша ізденіс және ғылыми-әдістемелік принциптер негізінде, дәстүрлі оқыту тәжірибелерімен үйлесімді ұштастыруды қажет етеді. Демек, бүгінгі таңда жастарға төл тарихымызға жаңаша көзқарас қалыптастыру – тарих ғылымының алдында тұрған ең өзекті мәселе. Екіншіден, кеңес кезіндегі қоғамдық ғылымдарда әлем тарихы ежелгі дүние, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі заман тарихы деп дәуірлерге бөлінді, ал қоғам тарихын алғашқы қауым, құлиеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік қоғамдар тарихы деп, яғни бес қоғамдық-экономикалық формацияларға бөліп оқығанымыз ақиқат. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында тарих кеңестік кезеңнен қалған жүйелеу бойынша оқылады. Алғашқы қоғам тарихын оқытудағы басты теориялық мақсат алғашқы қоғамның даму процесінің негізінде, таптық қоғамның қалыптасуы мен мемлекеттің пайда болуын көрсету. Алғашқы таптық мемлекеттер қай жерде, қандай елдерде болды дегенде, Шығыс және Антик құлиеленуші құрылыс мемлекеттері оқылады. Ал, феодалдық қоғам тарихы және әлемдегі капиталистік қоғамдар тарихының генезисі қандай методологияның негізінде оқылады деген заңды сұрақ туады. Мұны К.Маркс пен Ф.Энгельстің адамзат қоғамы тарихын біртұтас жүйеге келтіріп, ғылыми-әдістемелік негізде зерттеген тәсілін «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылардың методологиясы деп айта аламыз.
Күнделікті оқу процесінде, ғылыми әдебиеттерде кеңес кезінен қалған «таптар», «таптық қоғам», «таптық күрес», «қоғамдық экономикалық формация» және тағы да басқа догмалық сипаттағы ұғымдар жиі кездеседі. Ал олар жаңарған қоғамдық-экономикалық қатынастар жағдайында қаншалықты үйлесімді? Міне, осыны оқу процесінде жан-жақты талқылап үйрену қажет. Ол үшін, марксизмнің негізін салушылардың методологиясындағы, олар жасаған негізгі принциптік ұғымдарды (мысалы: қоғамдық-экономикалық формация деген тұжырымын) талдау арқылы жаңа заман талабына сай келетін жаңаша түсініктерді қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе. Барлық жайт осыны қалай зерделеуімізге байланысты. Қоғамдық-экономикалық формация туралы тұжырымдарға әр зерттеуші өз бағасын беретіні ақиқат, сонымен қатар сол бағалар тұжырым, пікірлер аясын кеңейтіп, байыта түседі. Бұл тұста назар аударатынымыз – «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылардың қоғамдық-экономикалық формация ұғымындағы негізгі принциптері, яғни, адамзат қоғамы қандай заңдылықтар арқылы дамитындығын көрсету. Әсіресе, «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылардың күрделі теориялық тұжырымдарының бірі қоғамдық-экономикалық формация ұғымы. Бұл теориялық тұжырымды талдау негізінде, «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылардың басты кемшілігі саналатын тарихты таптық сипатта танытуды және оның қоғам үшін өте қауіпті дерт екендігін түсіндіру қажет.
Біріншіден, «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылар адамзат қоғамының дамуы ең алдымен, экономиканың даму деңгейіне тәуелді деген негізгі тұжырымды қалыптастырған еді. Олар, қоғамның қаншалықты күшті екендігі, оның экономикалық деңгейіне, мемлекет құрылысы, әскери күш-қуат, басқару тәртібі мен мәдени даму дәрежесіне тәуелді деп тұжырымдаған. Марксизм бойынша адамзат тарихы ежелгі дүние, орта ғасыр және жаңа заман тарихы деген дәуірлерге бөлінген. Сондықтан К.Маркс әрбір дәуірлердегі қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын және олардың негізінде қалыптасқан әр түрлі өндіріс тәсілдерін толық сипаттау үшін «қоғамдық-экономикалық формация» деген ұғымды бірінші рет «Саяси экономикаға сын» атты еңбегінің алғы сөзінде пайдаланған. Ал «Неміс идеологиясы» атты еңбекте адамзат қоғамы өзінің дамуында антикалық, феодалдық, буржуазиялық прогрессивтік сипаттағы сатыларды өтетіндігін көрсеткен. Сондай-ақ, қоғамдық-экономикалық формациялардың өзгеретіндігін, дәйектілікпен алмасып тұратын прогрессивтік сипаттағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен байланыстырады. Демек, К.Маркстің пікірінше, феодалдық құрылыс, құлиеленушілік құрылыспен салыстырғанда прогрессивті сипатта болады. Осылайша, ол келесі капиталистік құрылыстың социалистік құрылысқа ауысуын да прогресс деп есептеді. Екіншіден, «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылар қоғам тарихының дамуына байланысты жазылған «Философияның қайыршылығы» атты еңбектерінде, өздерінің пікірлерін былайша көрсеткен: «… әр түрлі тарихи кезеңдерге, өндіріс тәсілдеріне, қоғамдық формацияларға жалпы тарихи даму заңдылықтары қолданылатындығы». Яғни, марксизмнің негізін салушылар, қоғам тарихы бірін-бірі ауыстырып және дамып отыратын заңды процесс деп қарастырған. Мәселен, құлиеленуші қоғамдық формация өзінің даму процесінде феодалдық қоғам формациясына заңды түрде ауысатындығы және т.с.с. Олар өз кезегінде, келесі қоғамдық формациялар бір-бірімен алмасуы заңды процесс деп есептеген. Үшіншіден, «Германдықтарда мемлекеттің қалыптасуы» атты шығармаларда қоғамдық-экономикалық формациядағы прогрестің басты серіппесі – қоғамдағы өндіргіш күш пен өндірістік қатынастар арасындағы қайшылықтардың шешілу қажеттігін көрсеткен еді. Әрине, «ғылыми коммунизмнің» негізін салушылар формациялардың ауысуы автоматты процесс еместігін және ол өздігінен жүзеге аспайтындығын түсіндірген. Олардың пікірінше, мысалы: құлиеленушілік құрылыстың қойнауында, бірақ соған қарамастан, феодалдық қоғамға бейбіт жолмен ауысудың мүмкіндігі болмайтындығы көрсетілген. Себебі, құлиеленушілік өндіріс тәсілі өтіп бара жатқан, ал феодалдық өндіріс тәсілі әлі де болса толық қалыптаспаған. Сондықтан түбегейлі феодалдық қоғамға өту үшін «…біріншіні екіншісіне ауыстыруға түбірімен революция…» қажет екендігін көрсеткен еді.
Қорыта айтқанда, адамзат қоғам тарихын зерттеуде Маркстің формациялық тәсілі тарихқа таптық көзқараспен тығыз байланыста болғандығы, яғни, марксизм ілімінде таптық қоғамның қалыптасуынан бастап, оның ең соңғы қоғамдық формациясына дейінгі уақытта тап күресі өзінің шыңына көтеріліп, әлеуметтік революция арқылы, қоғамдық формацияларды түбегейлі жаңартушы күш болатынын көрсету басты мақсат етілген.
Қазіргі таңда марксизмнің таптар және таптық қатынастарға байланысты ұғымы орнына бірте-бірте жаңа теориялық тұжырымдар, ұғымдар мен терминдер ғылыми айналымға еніп, кеңінен қолданылуда. Дегенмен, бұл мәселеде кейбір қиындықтар жоқ емес. Мысалы, Сақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қайта қалпына келтіру күрделі теориялық мәселе екендігін ғалымдар мойындап отыр. Бірақ, соған қарамастан, кейбір тарихи әдебиеттерде марксизм іліміндегі таптар және таптық қатынастарға байланысты ұғымдар мен түсініктерді қолданбай-ақ, адамзат қоғамының дамуы мен қалыптасуын және мемлекеттің пайда болуын көрсеткен еңбектер бар. Мысалы: А.Күзембайұлы, Е.Әбілдің «История республики Казахстан» атты оқулығында, адамзаттың тарихқа дейінгі дәуірі –  эгалитарлық қоғамның қалыптасуы және дамуы сөз болды. Ол қоғам тұтыну шаруашылығына негізделіп және қоғам мүшелері арасында азық-түлікті тең бөлісуімен сипатталатыны. Бұл кездің қоғамы әлеуметтік жағынан бірыңғай еді. Тек жасы мен жынысына қарай еңбек бөлісіне бөлінді. Тарихқа дейінгі дәуірдің соңына таман эгалитарлық қоғамның қойнауында, өндіретін шаруашылыққа негізделген стратифицировалық қоғам қалыптасып, бұл қоғамда әлеуметті топтардың теңсіз статусы сақталды. Бұл қоғамның одан әрі эволюциясы мемлекеттің пайда болуына әкелді деп көрсетілген. Демек, осы аталған оқулық марксизмнің таптар және таптық қатынастар туралы ұғымдарын қолданбастан, мемлекеттің пайда болуына байланысты жаңа пікірлердің қалыптасуына әсер ететіндігі сөзсіз.
Адамзат қоғамы тарихын зерттеуде Маркстің формациялық тәсіліне белгілі бір дәрежеде қарсы тұратын өркениеттік тәсіл бар, оның көрнекті өкілдері О.Шпенглер және А.Тойнби. Олардың көзқарасынан адамзаттың дамуы бірін-бірі өркениетті түрде алмастырып тұратындығын, олардың әрқайсысы өзінің мәдени-тарихи дәстүрлерін, этникалық нормаларын және діни жүйесін жасайтындығын көреміз. Айталық, ежелгі өркениет ортағасырлық өркениетке жалғасуынан тап мәселесінің көрінбейтіні анық. Алғашқы өркениеттер Ежелгі Шығыстың ерте таптық қоғамы, Жерорта теңізі, Мезоамерика, Андалық туралы өлкелер өркениеті екені белгілі. Бұлар кейбір ғалымдардың пікірінше, азиаттық-қоғамдық формация деп те аталады. Екіншіден, өркениеттер тұйық дамып, олардың арасындағы қатынастардың қандай да бір болмасын өркениеттің мәнін өзгертуге мүмкіндігінің болмайтындығы анық. Антикалық өркениеттің, ежелгі Шығыс өркениетінің мәнін өзгерте алмайтындығы ақиқат, тек бұлардың арасындағы қатынастар, бірін-бірі саяси, мәдени және өнер саласындағы жетістіктерді толықтырып дами алатындығында. Үшіншіден, А.Тойнбидің пікірінше, әрбір өркениеттің дамудағы міндеті дүниежүзілік дінді жасау арқылы бірыңғай дүниежүзілік өркениетті қалыптастыру деп есептеледі. Адамзаттың даму соңында бірыңғай дүниежүзілік өркениет болуы тиісті, бірыңғай дүниежүзілік дінмен, жан-жақты дамыған, парасатты ақыл-ой орталығы болып қалыптасуға жету тарихтың мәні сонда деп түсіндіреді. Егер де, марксизмнің негізін салушылар дүниежүзілік революциялық қозғалыстар арқылы қоғам дамуының ең жоғарғы сатысы – шынайы әділетті коммунизм қоғамын құруды мақсат етсе, өркениет тәсілінің принципі бойынша бірыңғай дүниежүзілік дін мен парасатты ақыл-ой орталығы болып саналатын өркениетті жасауды армандайды. Қорыта айтсақ, қазіргі таңда Маркстің «формациялық» тәсілімен қатар, өркениеттік тәсіл де өмір сүруге толық құқылы. «Формациялық» немесе «өркениеттік» тәсілдер арқылы қоғам дамуының жолына түскен елдердің қайсысы болмасын, әсіресе қоғамдық-экономикалық формациялар ауысуына байланысты қоғамда түбегейлі өзгерістерге ұшырайтын сфералардың бірі – идеология саласы. Бірақ бұрынғы көне қоғамнан қалған көне ұғымдар мен теориялық тұжырымдардың жаңа қоғамда ұзақ уақыт сақталатындығы белгілі.
«Ғылыми коммунизмнің» негізін салушылардың кеңес кезеңінде қоғамтану ғылымдарында үстем болып келген методологиясы және оның негізінде қалыптасқан идеологиялық жүйе күйреді. Бірақ әлі күнге дейін оның кейбір ұғымдары мен теориялық тұжырымдарының көлеңкелі қырлары сақталуда. «Мемлекеттік қоғамдық-экономикалық формацияның ауысуымен, – деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде, – қоғамда өзгерістерге сай келетін рухани ахуал туғызу керек, мұның өзі мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде идеология сияқты ерекше салада тек байсалды саясат арқылы ғана қолдау табады», – деп жасаған тұжырымында қоғам алдында тұрған идеологиялық саладағы жұмыстардың өзекті мәселелерін өте анық көрсетіп берген болатын.
Оқу процесінде студенттер мен магистранттарға тарихты жаңа методология негізінде оқытуда ең қиын және қарама-қайшы түсініктердің  қалыптасуына әсер етіп келген, Лениннің таптар және таптық қатынасқа байланысты ұғымдарды айтуға болады. Ол марксизмнің басты идеяларының бірі – жұмысшы табының бүкіл дүниежүзілік тарихи рөлі туралы идеяны қабылдап, одан әрі дамытқандығы белгілі. Әсіресе, Лениннің «Ұлы бастама» атты еңбегінде таптарға берген анықтамасында жұмысшы табының революциялық рөлі туралы көрсеткен және оларды күреске шақыратын идеяны таптарға берген бесінші анықтамасында айқын нақтылаған. Бұл еңбекте: «…таптар дегеніміз адамдардың мынадай топтары: қоғамдық шаруашылықтың белгілі бір укладында олардың алатын орындарында белгілі бір айырмашылықтың болуы нәтижесінде олардың бір тобы екіншісінің еңбегін иемденіп кете алады», – деп жазған Лениннің қорытынды тұжырымынан туындайтын идея – үстемдік етуші таптардың еңбекті қанауынан құтылу жолы, жұмысшы табына тек әлеуметтік революция қажет деген теориялық тұжырымды аңғару қиын емес. Осындай идеяны студенттер мен магистранттарға түсіндіру өткір де өзекті мәселелердің бірі.
Идеялық күрестің жаңа үлгісін көрсеткен Мәскеу университеті шығарған «История древней Греции» атты оқулықтағы таптарға берген жаңаша анықтама бүгінгі күннің талабына сай етіп жасалған. Аталмыш оқулықта «…таптар дегеніміз – өздерінің қоғамдық өндірістегі алатын орнына қарай, өндірістің құрал жабдықтарына қарай, еңбекті қоғамдық жолымен ұйымдастырудағы рөліне қарай, қоғамдық байлықтан алып отыратын әдісімен, – деп Лениннің таптарға берген төрт анықтамасын қайталай отырып, бесінші анықтамасының орнына өздеріндегі байлықтың көлеміне қарай, өздерінің ділінің сипатына, өмір сүру салтына қарай ажыратылатын топтар», – деп таптарға берген анықтама жаңаша сипат алып, жұмысшы табын революциялық күреске шақыратын идеяның негізі түбегейлі жойылып, жаңаша ұғымдардың қалыптасуына әсерін тигізуде.
Икрам ЖҰБАНИЯЗОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз