Тарихи жәдігерлер өткеннен сыр шертеді

346

0

Тарихи жәдігерлер өткеннен сыр шертедіҰлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер екені анық. Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, тарихи тұлғалардың танылуына, архитектуралық, археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраның бай дүниесіне ұмтылысы күн санап дамып жатыр. «Сыр – Алаштың анасы» экспедициялық тобы өткенге құрметпен қарап, бүгінгіні қадірлеп, келешектің қамын ойлауды, көпшілік халықтың санасына қайта жаңғыртуға жұмыс жасауда.
Зұлмат замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп, бүгінгі таңда Алаштың анасы атанған Сыр өңірі көне дәуірлерден мәдениет ошағына айналғаны даусыз. Бұл сөздің шындығына сапар бары¬сында көз жеткіздік. Ел аңызында Сыр өңіріндегі шаһарлы мекен-жайлардың көптігі соншалық, шыназдан шыққан лақ, шатырдан шатырға секіріп отырып, Арал теңізіне дейін жетеді деген дерек бар. Бұл теңеудің тегін айтылмасы белгілі. Дегенмен, түсірілім тобының зерттеулері нәтижесінде Сырдария өзенінің оң және сол қанатында қала мәдениетінің қалыптасқандығына көзіміз жетті.
Экспедициялық топ Жалағаш ауданында Бұхарбай батырдың ескерткішіне, музей үйіне және мешітінде болып, батыр ұрпақтарымен сали¬қалы сұхбат жүргізді. Қызыл  кірпіштерден қаланған биік тұғыр¬дың үстінде басына шашақты дулыға киген  Бұқарбай батырдың бейнесі рухтандырады. 
Ал Таң ауылындағы Әбжәли ишан мешіті жуырда ғана қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Осы ауылдың тумасы, елжанды азамат Имамзада Шағыртаевтың демеушілігімен қайта жаңғыртылған имандылық үйі бүгінде жамағаттың қуанышына айналды. Ауыл қарияларының  ай¬туы бойын¬ша,  мешітті Әбжәли ишанның  өзі сол кездегі Қызылорда теміржол вокзалы ғимаратын  тұрғызған ақмешіттік Нұрмұхаммед  деген ұстаға қалатқан екен. Мешіт  сол маңда  өмір сүріп, бүкіл  ғұмырын  балаларды  мұсылмандыққа оқытуға арнаған, жергілікті  халықтың  діни  сауатын  ашуға көп еңбек сіңірген  Әбжәли  молданың   атымен  аталды. Ишан 1870 жылы дүниеге келген. 
Таң ауылының берекесін арттырып, тұрғындарын жұмыс¬пен қамтып отырған іргелі шаруа¬шы¬лықтың бірі «Таң ЛТД» серіктесігі. Егістік басында 300-ге жуық адам қызу науқанды еңсеріп жатыр. Гектарына 60 центреден өнім түсіріп жатқан шаруашылық ауыл балабақшасын қайта жаңғыртудан өткізіп, келер жылы пайдалануға беруді көздеп отыр. Сондай-ақ, шаруашылық өкілі Сакен Шағыртаевтың айтуынша, мемлекеттік-жеке әріптестік аясын¬да келер жылы спорт алаңы мен ауыл аллеясын жасауды қолға алмақшы.
Көнермес мұрасы мен тарихы мол Жалағаш ауданында Қосабыласар, Үңгірлі асар, Моншақты асарлар – Қаңлы кезеңінен келе жатқан керемет жоталар. Биіктігі 15-20 метр болатын асарлар зерттеу жұмыстарына сұранып тұрған жәдігерлер.
Қармақшы ауданында орналас¬қан Қорқыт ата кешені – облыстың туристік картасына енген бірден-бір үлкен нысан. Және Түркі халықтарына танымал Қорқыт ата мазары да тарихи мұрамыздың сүбелі бөлігі. 
Қармақшы ауданындағы антикалық ескерткіштер Бұланды, Шірік-Рабат сияқты асыл қазыналарымызды туристерге танытуға Қызылқұм аймағындағы жол на¬шарлығы және ұзақтығы кедергі болғаны болмаса, ғалымдардың назарын бұрып отырған, архео¬ло¬гиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ескерткіштер, болашақта туризм саласын дамытудағы өз мәртебесіне ие болады деп сенеміз.
«Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы Қармақшы топырағындағы Жетіасар мәдениеті жөніндегі мәліметтер базасын да кеңейтті. Осы арқылы біз басқан асарлардың ең үлкені республикалық маңызға ие тарихи-мәдени нысан саналатын Алтынасарды ежелгі тұрғындары жау шапқыншылығынан қаланы тастап кетуге мәжбүр болған деседі. 
Қаралы-асар, Жалпақ-асар, Құрайлы-асар, Базар-асар және Томпақ-асар, Шірік-Рабат атанған қалашықтар және Бәбіш мола кешені, Баланды, Сеңгір там қылуетінің тарихи маңызы жөнінде ертеректе аймақты зерттеуге келген орыс ғалымдары Ирина Левина мен С.П.Толстовтың еңбектерінде кеңінен зерттелген. Бір әттеген-айы, қазба жұмыстары мен құндылықтар Ресей асқан… Сол жәдігерлерге тіл бітсе, көне тарихтан мол сыр шертер еді…
Сыр өңірі Сақ-апасиактар астанасы Шірік-Рабат, Оғыз тайпаларының астанасы – Жанкент, Хорезмнің шеткі аймақтарын басқаруда орталыққа айналған Жент, Ақорда астанасы Сығанақ сынды қалаларымен атағы алысқа жеткен. Экспедиция мүшелері сапар барысында осындай қала құрылыстарын, сәулет ескерткіштерін сақтау, қамқорлыққа алу келешек ұрпақ үшін маңызды екеніне тағы бір көз жеткізді. Олардың бүгінгі сақталу деңгейі, қорғалу аймағының ескерілмеуі, тіпті бұзылып кетуі кімді болса да алаңдатады деген үміттеміз. Ертеңгі күнге қойылар талап көп, ескерілер жағдай қаншама?! Ал, нәтижелік басты міндеттің жемісі демекпіз.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жалағаш, Қармақшы аудандары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз