ТАРИХТЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

122

0

Қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы
тәуелсіздігін аңсады. Хан да, қара да, таңдайынан бал тамған шешен де, қара
қылды қақ жара төрелік айтқан көсем де, баһадүр батыр да қазақтың бостандығы
үшін күресті, тәңірден елінің тәуелсіздігін тіледі.

Ата-бабамыз көптен күткен шуақты күн де
туды! Қа­зақ халқы өмір бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуел­сіздігіміз
оңайлықпен келген жоқ. Бабаларымыздың төккен тері, аққан қанының өтеуімен қол
жетті. Өткеніміз бен бүгінімізді жалғастырып тұрған алтын көпір іспетті қас­терлі
тарихымызды ұлықтау – әрқайсымыздың міндетіміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың
бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік
бағдарламасының аясында ерекше маңызы бар тарихи, мәдени және сәулет
ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлы тұлғалар есімін жаңғырту барысында қолға
алынған істер мәресіне жетті. Ел тірегі болған ата-бабаларымыздың атын
жаңғыртып, баба рухына тағзым ету, оларға құрмет көрсету, олардың өнегесін
кейінгі жас ұрпаққа паш ету мақсатында бұған дейін де біраз шара атқарылған
еді. Айтар болсақ, 2011 жылы Есентемір ұрпақтары Темір баба рухына ас беріп,
«Темір тапқан байтақ» белгісін қойып, Атырау облысының Жылыой ауданында
ұлағатты шара ұйымдастырды.

Одан кейін, былтыр 15 қыркүйекте Атырау
облысы­ның, Қызылқоға ауданының Қарабау жерінде «Тарихи тұлға, дана би,
дәулескер шешен Бөкен би» аталатын шара өткізіп, Бөкен би бабамыздың басына
барып, дұға оқып, рухына арнап ас берген едік. Сол шарамызда да алыс-жақыннан
жиналған ағайынның басы бірігіп, өткен тарихты бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру
бағытында тамаша бір шарапатты шара өткен еді. Сол кезде қызылордалық ағайындар
Қабыш Пірімжанов, Нұрабай Жақұлов, Әлібек Тілегенов, Әбіласан Баймақановтар.
«Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автобан жолының бойында Есентемір ағайындардың көп
шоғырланған Шаған елді мекені жанынан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында халқын
аштықтан, жұттан, жаугершіліктен аман алып шыққан Есентемір бабамызға белгі қою
мәселесі туралы ұсыныс айтқан еді. Қоғамдық қор қуана қолдап, осы идеяны жүзеге
асыру үшін қордан 2012 жылы – 700 мың, 2013 жылы 900 мың теңге мөлшерінде
қаржылай көмек көрсетіп, қаражат бөлді. Бұл бастама жеке ағайындардан да қолдау
тауып, Роберт Бердіғожин, Балтабек Қуандықов, Әлібек Тілегенов, Қылышбек
Қуандықов, Бүркіт Досқарин, Абай Әбдіраманұлы, Бердібек Қадіров, Марат
Абдушахманов, Жеңісбек Сыздықов, Бақдәулет Искаков, Ибрагим Әбубәкіров,
Темірхан Әлімқұлов, Әділхан Маштаев сынды азаматтар да материалдық көмек
көрсетіп, өз үлестерін қосты. Соның
арқасында бір жыл ішінде жос­парлы жұмыстар жүргізіліп, Қызылорда облысының,
Сырдария ауданы, Шаған ауылының аумағында, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай”
дәлізінің бойында «Есентемір баба» атындағы саябақ салынып, құрылысы толық
аяқталды.

Қазақ атамыз ықылым замандардан ата-баба
аруағын қастерлеп, бабалар аманаттап кеткен мына ұлан-ғайыр жерді жауынан
қорғады. Аруақтар қонған қорымды жауға қорлатпады. Осы қасиеттің арқасында мына
ұлы далада рулық-тайпалық дәстүрді берік ұстанған ұлы көшпелі империялар құрды.

Қазақ қашанда жеті атасын білмегенді
құрметтей қоймаған. Мұның астарында ата-бабаға деген шынайы құрмет,
бауырмалдық, туыстық және қандастыққа негізделген абзал сезімдер жатыр. Мұндай
зерделікке шақырудың көптеген артықшылықтары баршылық.

Шежіре – ата-баба жылнамасын біршама
анықтап беретін тарихи дерек. Кез келген шежірені алып қарасаңыз, ХV ғасырға
барып тіреледі. Одан әрі аңыз-әңгімелерге кетеді. Қазақтың ата-бабасындағы
ру-тайпалар түркітілдес халықтардың барлығында да кездеседі.

Орыс отарлауы орныққанға дейін
қазақтардың өздерінің есімдеріне ру-тайпа аттарын тіркеп айтқаны, әкелерінің
есімдерінің орнына дәл осы рулар мен тайпалар аттары жазылғаны (қоңырат Алатау,
шақшақ Бөгенбей, шапырашты Қарасай,тарақты Байқозы, албан Райымбек, Есентемір Бөкен би және
т.б.) қазақ тарихынан хабары бар
кісілерге белгілі. Бұл туралы «Оренбургский листок» басылымының 1880 жылғы 10
тамыздағы 33-нөмірінде этнограф Р.Игнатьев арнайы жазған еді.

Жалпы, қазақ халқының шығу тегі туа
бітті аңыздан тұрады. Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасынан таратылатын
Есентемір руының шығу тегі туралы әр түрлі аңыз әңгімелер айтылады. Темір
руының ұрпақтары кезінде Сырдария мен Қаратаудың арасында көшіп қонып жүрген.
Отырықшы болғалы бері олар Қаратаудың Қайыршақты, Қараүңгір, Сарыбұлақ,
Құтырған, Боралдай, Арыс өзендерін жағалай орналасқан деген дерек бар.

Қоқан хандығы кезінде елден алым-салық
жиналды, ағайындарды бір-біріне қарсы қойып жер дауын ушықтырды. Темір
жігіттері ондайға төзе алмай қарсылық көрсетті, Қоқан ханы керуеніне шабуылдар
жасады, сол себептен қуғынға түсіп, Темірлердің кейбір аталары қоныс аударуға
мәжбүр болды. Кедей Темірдің Ырысай атасының ұрпақтары 200 жылдай бұрын Бөржар
жеріне қоныс аударған. Деректер бойынша, Кедей Темірдің Дүйсенбі атасының
ұрпақтары Қаратас өңірін мекендеген. Таздар Темірлердің Қаратеке батыр бастаған
ұрпағы, Әулие Атадан алым-салық жинап келе жатқан хан керуеніне шабуыл
жасаған. Қоқан ханы қуғынын қоймаған соң
Сырды жағалай отырып Аралға барып, әрі қарай өтіп Ресей қарамағындағы Кіші жүз
жеріне барған. Қазіргі кезде олар Кіші жүз құрамында бір қауым ел болып отыр.

Сыр топырағы – қазақ үшін қадірлі өлке.
Ежелден көне дәуір көзі, мәңгі өшпес те өлмес мұралардың қазыналы мекені. Осы
өңірдегі ежелгі және ортағасырлық Шірік Рабат, Жетіасар, Алтын Асар, Моншақты
Асар, Жанкент, Жент сияқты қырыққа жуық қираған қалалар мен асарлар орны
бабалар дәуірінің ескерткішіндей. Сонымен қатар, бұл өңірде сырт елдермен
байланыстырған Ұлы Жібек жолының ізі жатыр. Сыр бойында ерте заманнан-ақ қала
мәдениеті қалыптасқан. Оның тұрғындары қолөнер және саудамен айналысқан елді
мекендерде тұрған. Бұған дәлел Жамал Қаршидың жазбаларында Сырдария қалаларының
көпшілігінде мешіттер, қонақ үйлер, керуен сарайлар, тарихи ескерткіштер
болған.

Сыр елі – Қазақ халқының үш кемеңгерінің
бірі орақ ауыз, от тілді шешен Әйтеке би, өз дәуірінің көреген көсемі, даңқты
қолбасшы, мемлекет қайраткері, Самарқанның отыз жылдан астам әмірі болған
Жалаңтөс баһадүр, туған жерін жат жерлік басқыншылардан жан аямай қорғаған
Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай, Бақтыбай сынды хас батырлардың отаны.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек
Көшербаев­тың қолдауымен кезінде киелі Маңғыстау өңірінде «Адай Ата – Отпан
тау» этнографиялық рухани тарихи-мәдени кешенінің толықтырылған, жаңартылған
жаңа мұражай-кешен ретіндегі ашылу салтанаты өтті. Бекет атамыздың туғанына 260
жыл толуын атап өту халқымыздың рухани өміріндегі басты оқиғалардың бірі
болғаны сөзсіз. Бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі – төл мәдениетін,
салт-дәстүрлерін жақсы білетін, өз халқының тарихын сүйетін, ел болашағына
тірек бола алатын келешек саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Қазақ талай дүлдүлді дүниеге әкелген.
Бір ғана Атырау өңірінен талай баһадүр батырлар, күміс көмей, жезтаңдай
би-шешендер, дүлдүл күйшілер шыққан. Мысалы; Есентемір Бөкен би, Тама ақын
Досжан, Шеркеш соқыр Есжан, Есентемір Еспай күйші, Мыңбай батыр, Мұрат
Мөңкеұлы, Мақаш әкім, Өтешқали Аманиязов тағы басқалар тарихтан өз орнын алғаны
анық. Біздің міндет – осы бабалар ізін өшірмей, кейінгіге үлгі ету.

Осындай киелі мекенде ағайындардың басын
қосып, тоғыз жолдың торабында, халықаралық
«Батыс Еуропа –Батыс Қытай” дәлізінің бойында «Есентемір баба» атындағы
саябақ кешенінің ашылуына себепкер болған осындағы ағайынға алғыс айтамыз.
Жарқын келешегіміз – жастарымызға өткеніміз және ортақ құндылықтарымызды таныту
арқылы рухани тұғырымызды нығайтып,ұлттық мәдениетімізді ұлықтау ұрпақ парызы
болып қала бермек.

Нұрпейіс МАҚАШЕВ,

«Байтақ» қоғамдық қорының төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісі ІІІ шақырылымының депутаты.

ҚҰТТЫҚТАУ

(Шағандағы атамыз Есентемірге
арналған бақтың ашылу салтанатына)

Анау менің жайлауым алыс кеткен,

Анау
тауым аспанға шанышқы еткен.

Айналайын, бабалар,аруағыңнан,

Дулығасы жарқылдап ғарышқа өткен.

Бесқаланың төртеуін алған көкем.

Жібек жолын Қытайға салған көкем,

Құйрығына түйенің түйе байлап,

Аяғы жеткен жерді шалған көкем,

Оу,менің арлан көкем,арман көкем.

Дүбірі жарты әлемді жарған көкем.

Жартысына құрылықтың отау тігіп,

Марыдан да арыға барған көкем.

Үлкеніңді мен сенің көкем дедім,

Інің болмай мен саған бөтен бе едім.

Көп қадаса мен де бір уық қадап,

Шаңырағыңды мен сенің бекемдедім.

Кекірейгенді құлатқан бастан ұрып,

Бабамыздан болмаған асқан ұлық.

Миллион-миллион шаңырақ осы күнде,

Он екі ата әлемге шашқан ұрық.

Қалбай ӘБДІРАМАНОВ,

ақын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз