ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ

127

0

(Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде)

Қазақстан интеллигенциясы, яғни қазақтың зиялы қауымы ақын-жыраулары шешен-билері, абыздары дәстүрлі қазақ қоғамының алғашқы өкілдері болды. Қазіргі кезеңде көптеген сөздіктерде интеллигенция дегенде мамандығы
бойынша ой еңбегімен айналысатын адамдарды айтады. 1917 жылғы революция
қарсаңында осындай қазақ интелигенциясының өкілдері қазақ даласынан шығып Ресей
оқу орындарында оқып, қызмет істеп, саяси жұмысқа белсене араласа бастады.
Сөйтіп ХХ ғасырдың басында ой өрісі батыстан кем түспейтін, елінің, халқының
жанашырлары жаңа толқындағы қазақ интеллигенциясы қалыптасты.

Кеңес заманының келуімен 20-30-шы жылдары қазақ ұлттық
интел­лигенциясының саны да са­па­сы да революцияға дейінгі деңгейден ар­тып,
мыңдаған қазақ ұлдары мен қыз­дары Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қоса
бастады. 30-шы жыл­дардағы ашаршылық кезе­ңі­нен кейінгі алғашқы жылдар ұлт­тық
ин­теллигенцияның қайта өр­біген кезі болды. Бұл жылдары көп­теген қазақ
балалары Ресей оқу орындарында оқып келіп, көр­ген-білгендерін жер­­гі­лікті
жер­мен салыстырып өз ең­бектерін Қа­зақстанды дамыту жо­­лына сал­ды. Алайда,
30-шы жыл­дардың екін­ші жартысындағы саяси реп­рес­сиялар бірінші кезекте
қазақ ин­теллигенциясына тиіп бел орақпен даладағы шөпті шапқандай шай­қа­лып
көтеріле бастаған қазақ ин­тел­лигенциясын орып салды. ХХ ға­сырдың 50-ші
жылдары бұлар­дың көбісі ақталғанымен өкінішке орай олардың еңбектері, атқарған
қыз­мет­тері көп жағдайда толық ашылмай қалды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан бері, кезінде
репрессия құр­бан­дары болған көптеген қазақ зия­лыларының есімдері қайта жаң­ғырып
қазақ жұртшылығына та­нымал болып жүр. Солардың қа­тарында Сыр елінің азаматы,
жас кезінен қоғамдық жә­не мемлекет жұ­мыстарына тығыз ара­ласқан қай­раткер
Темірбек Қараұлы Жүр­генов болды.

Биыл Қызылорда облысы әкі­мінің ұсынысына сәйкес Қор­қыт
ата атындағы Қызылорда Мем­ле­кеттік университетінің ға­лым­дары Ал­маты,
Душанбе жә­не Ташкент мұрағаттарына Те­мір­­бек Жүргеновке қатысты құ­­­жат­тарды
жинақтап әке­луге жі­­­бе­рілді. Бұл мақала осы іс­са­пар­­лар кезінде
әкелінген мұра­ғат құжаттарының негізінде дай­­ын­далған. Құжаттардың көп­ші­лігі
Т.Жүргеновтің Халық ағар­­ту ко­мис­сары болып жұмыс ат­қарған кезеңіне
байланысты бол­ғандықтан, негізгі мәселені сол ке­­зеңдегі құжаттардан
бастағанды дұ­­рыс көрдік.

Халық ағарту комиссары бо­лып қызмет істеген
Т.Жүргенов Қа­­зақстанда білім, ғылым, өнер, мә­дениет салаларының да­муы­на
елеулі үлес қосты. Оның бас­шылығымен қазіргі белгілі оқу орын­дарының, те­атрлардың
ір­гетастары қаланып, ұлт­тық ин­тел­лигенцияның, жоғары бі­лім­ді мамандардың,
көптеген жа­ңа қатары пайда болды. Бұл ма­ман­дарды дайындау үшін оларды Ре­сей­дегі
оқу орындарына, оның ішінде Мәс­кеуге, Ленинградқа, та­ғы басқа қалаларға
жіберіп сол қа­лаларда қазақ жерлестіктерінің қау­ымдастығын құ­рып сол арқы­лы
Комиссариаттан қар­жы бе­ріп қосымша стипендия, санато­рия­ларға жолдамалар
бөліп, сыртта оқы­ған қазақ балдарына көмек бе­ріп отырған.

Темірбек Жүргенов Қазақстан­нан тыс жерлерде оқитын Қа­зақ­­стандық
студенттерді өзінің на­зарынан тыс қалдырмай, қолынан кел­генше көмек беріп,
еліне қайт­қанда баяғы орыстың патшасы Петр І секілді шетелде оқып келген орыс
дворяндарының ба­ла­ларынан өзі емтихан қабылдап қыз­метке та­ғайындағандай
нарком­прос­тың ар­найы бұйрығымен [Қазақстан Рес­публикасы Орталық Мемлекеттік
Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 325-іс, 360-п.] белсенділігіне, үлгі­рі­міне жә­не
маманға сұранысқа бай­ла­ныс­­ты оларды бірінші кезекте пе­­да­гогикалық
техникумдарға, об­­лыстық және қалалық білім бө­лім­дерінде жұмыс істеуге жол­да­ма
беріп отырған. Осындай бұй­рық­тарды Қазақстанның жоғары оқу орны КазПИ-ді
бітірген тү­лек­тергеде арнап шығарған [Қазақ­стан Республикасы Орталық Мемле­кет­­тік
Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 326-іс, 371-п.]. Бұл бұйрықтардың кей­­біреулерінде
жолдама ал­ға­лы отыр­ған студент тұсында Т.Жүр­ге­новтің өз қолымен жасаған
түзе­тулер бар. Осыдан Т.Жүргенов сту­дент туралы қосымша мәлімет жи­нап я ол
студентпен жеке кездесті ма деген ой туады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары
Қазақстанның ор­та оқу орындарын, мектептерді, тех­никумдарды және жо­ғары оқу
орындарын сапалы ма­ман­дармен қам­тамасыз ету қиын бо­латын. Ар­­наулы білімі
бар азаматтар аз, болған жағдайда да оларды Ке­ңес үкіметінің түрлі деңгейдегі
мем­ле­кеттік ұйымдары өздеріне жұ­мыс­қа тартып әкететін. Т.Жүрге­нов­тің үл­кен
бір еңбегі – осы мә­се­лені Қа­зақ­станның үкімет бас­шы­ларының ал­дында
көтеріп бас­қа салада жұмыс істеп жүрген пе­дагогика саласының мамандарын
қайтадан өз саласына тарту туралы жасаған ұсынысы. Осы ұсыныстың нәтижесінде
Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес сол кезде басқа салада жұмыс істеп жүр­ген
жоғары білімді педагогика са­ла­сының бір жарым мыңдай маманының се­гіз жүзден
астамы педагогика сала­сына қайта оралды [Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті
Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6614 іс.316-п]. Бұл жерде Т.Жүргеновтің өзіне тап­сы­рылған
жұмысты ақылға салып, та­бандылықпен істейтіні көрінді.

ХХ ғасырдың отызыншы жыл­дарының басында Қазақстан мек­тептерінде
арнаулы білімің бол­маса да, икемділігін, сауатын бол­са мұғалім болып жұмыс іс­теу
күнделікті шаруа еді. Т.Жүр­генов осы проблеманы ше­шу­ді, мектептерді дипломы
бар ма­ман­дармен қамтамассыз етуді өзі­нің алдына негізгі міндет есе­бінде
қойды. 1934-1935 оқу жы­лында Қазақстанның 1-ші және 2-ші деңгейдегі
мектептерінде жұ­мыс істеген 15583 мұғалімнің 10 мыңының арнаулы білімі бол­ма­ған.
Бұл оқу жылында Қазақстан мек­тептеріне қосымша 4000 мұ­ғалім керек болды, ал
1934 жы­лы Қазақстандағы барлық пед.тех­никумдарды 350 студент қа­на бітіретін
еді. Сол себепті 1934-1935 жылғы педагогикалық кадр­лар­дың дефициті 3650
адамды құ­­рады [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тіз­бе,
6604-іс. 359-361пп]. Осы про­блемаларды аз уақытта шешу Т.Жүр­геновтің негізгі
жұмысы бол­ды.

Бұл кезең қысылтаяң уақыт болатын, мұғалім кадрларының
же­тіспеушілігіне байланысты жаз ай­ла­­рында бастауыш және орта мек­теп
мұғалімдерінің біліктілігін арт­тыру үшін наркомның тапсыр­масымен Каз­­ПИ-дің
2-ші жә­не 3-ші курс студенттеріде Қа­­­зақ­станның аудан­дары мен ау­ыл­дарына
екі айға іс­са­пар­лар­ға жіберіліп отырды [Қа­зақ­стан Республикасы Орталық
Мем­­­­ле­кеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тіз­­бе, 326-іс, 371-п.]. Осы іс-тә­жі­­ри­­бе
арқылы педагогикалық инс­ти­тут­тарда енгізіліп жатқан жа­ңа оқу тех­нологиялары
студент инс­титутты бі­тіріп жұмыс орнына бар­ғасын ғана емес, сол жылы-ақ мек­тептерге
жетіп отыр­ды.

Темірбек Жүргеновтiң тағы бір қасиеті жоғары оқу
орындары ішін­­де университеттік жүйені жақ­­сы қадірлегені. Осыған
байла­ныс­­ты деп ойлаймын. 1937 жылы Томск университетін бітіретін 9 қа­зақстандық
студентті оқу­ын бі­тірмей жатып біреуін пед­тех­­ни­кумның директоры қыз­ме­­тіне,
екеу­ін орта мектеп дирек­торлығына, бі­реуін мектеп ди­рек­то­рының оқу ісі
жөніндегі орын­басарлығына, бі­реу­ін пед­тех­никумға оқытушылық қызмет­ке, ал
қалғандарын ауылдарға жібермей қала мектептерінде қал­дыруға бұй­рығын
шығартқан. Бұдан бола­шақ педагогикалық кадрларды дай­ындауда ғылыммен білімнің
ұш­тасқан университеттік білім жүйе­сінің болашағын Т.Жүр­генов сол кездің
өзінде білгені және осы жүйе­ні Қазақстанда да дамытуға ты­рысқандығы көрінеді.

Халық ағарту комиссариаты са­ласына қарайтын барлық
жерлерде Т.Жүргенов жұмысқа деген ынта-жігерін көрсете білді. 1934 жылы қазіргі
Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера жә­не балет театры ашылғанда
Т.Жүр­ге­нов осы театрға мамандар даярлау мақ­сатында 64 адамды Москваға оқу­ға
жіберу үшін болашақ сту­дент­­терді іріктеуге құрамында Бру­силовский секілді
тұлғалар бар бес адамды Қазақстанның Оңтүстік, Ба­тыс, Шығыс, Алматы, Ақтөбе об­лыстарына
іссапарға жіберді. Кей­бір жағдайда біліктілігімен көзге түскен қызметкерлерді,
бі­лік­ті­лігін арттыру үшін стипендия тағайындап, оқуға жіберіп отыр­ған.
Мысалы, 1935 жылдың со­ңын­да ән айту өнерімен көзге түс­кен Р.Алоширова деген
аза­­мат­шаға 200 сом есебінде сти­пен­­дия тағайындап, Москвадағы кон­­серватория
жанындағы опера сту­­диясына оқуға жіберген. Жа­ңа­дан ашылған опера театрына
ма­ман­дардың өте керек екенін тү­сін­ген Т.Жүргенов Москва кон­сер­ва­ториясы
жанынан Қазақ опера сту­­диясының ашылуына дем беріп, оның директоры қызметіне
Никита Давидович Кармановты тағайындап, 500 сом есебінде жалақысын бе­кіт­ті
[Қазақстан Республикасы Ор­талық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе,
325-іс, 10-п.]. Осы кезде Т.Жүргеновтің Халық ко­мис­сары есебіндегі жалақысы
450 сом болатын. Т.Жүргеновтің қа­ра­пайымдылығын 1935 жылғы Ха­лық ағар­ту
Комиссариаты қызмет­кер­ле­рінің штаттық кестесінен кө­руге бо­лады. Ол өзінің
тұсында бел­гіленген 500 сом айлық жалақы де­генді сызып, тұсына 450 сом деп
қойған. Сонда наркомның сек­ре­тариатындағы Т.Жүр­геновті қос­қандағы 5 адамның
3-нің жал­ақысы наркомнан артық, ал бі­реуі­нікі наркоммен бірдей бол­ған [Қа­зақстан
Республикасы Ор­талық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 325-іс, 366-п.]

Кейбір зерттеулерде жоғары оқу орындарындағы сырттай
оқу бө­лім­дері Ұлы Отан соғысынан қайт­қан жауынгерлердің еңбек етіп жүріп жо­ғары
білімді алуы үшін ашыл­ған делінген. Ал Т.Жүр­геновке қа­тыс­ты мұрағат құ­жат­тарымен
та­ны­са келе сырттай оқу бөлімдері 30-шы жылдары жұмыс істегені көрініп тұр.
1936 жылы 23 қазанда Қазақстан үкіметі Қа­зақстандағы оқу орындарында ма­ман
тапшылығына сәйкес қосымша 3000 студентті дай­ындау туралы бұй­рығын шығарды.
Осыған сәй­кес Т.Жүргеновтің бұй­ры­ғымен Те­мір, Лепсі, Жаркент, Үрд­жар, Се­мей,
Өскемен, Зайсан, Пав­­ло­дар, Петропавловск, Шу­чинск, Шым­кент, Түркістан
педаго­ги­­­ка­лық техникумдарынан сырт­тай оқу бөлімдері ашылды [Қазақ­стан
Рес­публикасы Орталық Мемле­кеттік Мұрағаты., 81-қор, 4-тізбе, 115-іс. 1-2 пп].
Осы 1936 жылдың 20 қарашасындағы бұйрыққа сәй­кес мектептердегі дипломы жоқ мұ­ғалімдерді
сол 1936 жылдың со­ңына дейін сырттай оқу бөліміне оқуға түсуге мәжбүрледі,
оқуға түс­пеген жағдайда я оқуға қызы­ғушылық біл­дірмеген жағдайда оқуымен
қоса, жұ­мысынан шыға­ру­ды тапсырды. Сырттай оқу бө­лім­­дерінің ашылуы да мұ­ғалім
кадр­­ларының жетіспеуші­лі­гін тол­­­тыра алмады. Бұл, әсіресе, жо­­ғар­­ы
білімді мамандарға қа­тыс­­­ты, жақсы көрінді. Осыған бай­ла­нысты педагог
мамандардың же­тіс­­пеушілігін қысқа мерзімде жою үшін Қазақ
АССР-нің Ко­мис­­сар­лар кеңесінің «мұғалімдік жә­не пе­да­гогикалық
институттарға мұ­ғалім­дерді экстернатқа қабылдау ту­ралы» қаулысына сәйкес то­лық
орта білімі бар, мұғалім бо­лып жұмыс істеп жатқан 250 адам­ды Алматыдағы Қазақ
педа­го­­гикалық институтына, 160 адам­ды Орал пединститутына, 175 адамды
Ақтөбе мұғалімдер инс­ти­тутына, барлығы 585 адамды же­дел түрде дайындау
туралы бұй­рықты дайындап, Т.Жүргенов Қа­зақтан үшін жоғары білімді пе­дагог
мамандарды дайындауды, мек­теп­термен арнаулы орта, жоғары оқу орындарында ма­ман­дардың
кө­беюіне өзінің үлкен үлесін қосты.

Бәрімізге мәлім, Құрманғазы атын­­­дағы Қазақ Ұлттық
консер­ва­­то­­риясы 1944 жылдан жұмыс іс­теп келеді. Бірақ көпшілік бұл жұ­мыс­тың
басы Т.Жүргеновтің ке­зін­де жа­салғанын білмейді. 1935 жыл­дың 30
желтоқсанында Т.Жүр­­ге­нов Қазақ мемлекеттік кон­­сер­ва­то­­риясын
құрудың дайын­дығын бас­­тау үшін 7 адамнан тұ­ратын құ­­­ра­мында А.Жұбанов,
Е.Бру­си­лов­­скийлар бар комиссия құ­рып, олар­ға консерваторияны бі­лім алу­шы­лармен
қамтамасыз етуді, сырт­тан оқытушы-профессорларды шақы­ру­ды, музыкалық
аспаптар­мен, оқу құ­ралдарымен қамтама­сыз етуді тап­­­сырды және осы бұй­рығымен
Ал­­матыдан жылына 100 адамды қа­был­дайтын музы­ка­лық мектепті ашып берді [Қа­зақстан
Республикасы Орталық Мем­лекеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тіз­бе, 35-іс, 1-п.]. Бұл
болашақ кон­серватория абитуренттері еді. Бұ­ған қоса, қазақтың музыкалық ас­паптарын
көптеп дайындау үшін ко­миссариат тарапынан музыкалық ас­паптарға сұраныстар
жасап, ас­паптар дайындайтын фабрикаға тап­сырыс беріп, ұлттық музыкалық ас­паптардың
жасалуына, ұмы­тыл­мауына, жандануына жағдай жа­сады.

Темірбек Жүргенов Қазақстан­ның ағарту саласында Халық
Ко­миссары болған кезде көптеген жұ­­мыстар атқарылды. 1935 жы­лы Қазақ
АКСР-ның 15 жыл­дығын атап өту бұйрығында [Қа­зақстан Рес­публикасы Орталық Мем­лекеттік
Мұ­рағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс, 85-п.]. «Қазақстанда қа­зіргі
таңда 6000 мектеп бар. Он­да 600000 оқушы білім алуда, Ре­волюцияға дейін
бірде-бір орта не­месе жоғары оқу орны болмаса, қазір 100-ге жуық техникум, 17
жо­ғары оқу орны, оның ішінде бі­рінші Қазақ Мемлекеттік Уни­вер­ситеті бар»
деген еді. 6000 мек­тептің болуы сол кезең үшін үл­кен жетістік болды. КСРО ыды­рағаннан
кейінгі 1992-1993 оқу жы­лында Қазақстанда 8654 мектеп бол­ған, бұл
мектептерде 3126,9 мың оқушы
оқыған [Регио­нальный ста­тистический ежегодник Казахстана за 1992 год, Алматы,
Каз­информ центр 1993, стр.234]. Әрине, 30-шы жылдардағы мектептермен 90-шы
жылдардағы мектептерді са­лыстыруға болмайды. Бірақ 6000 де­ген мектеп саны көп
нәрсені біл­діріп тұр. Алайда, осы сандардың өзі­нен 30-шы жылдары мектептер
көп болса да, балаларды оқуға тарту әлі де қи­ын­дық туғызғаны көрініп тұр.

Оқушылардың сабаққа көптеп келмеуін КАКСР Халық ағарту
ко­миссариатының 28.11.1934 жыл­ғы №581 бұйрығынан көруге бо­ла­ды. Ақтөбе
облысының 7 мал­ша­руа­шы­лық ауданында 1933-1934 оқу жы­лында 1 сыныпта 9375
оқу­шы оқыса, келесі жылы 2 сы­нып­та 3468 оқушы ғана оқыған [Қа­зақстан Республикасы
Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 4-тізбе, 115-іс, 7-п]. Мұндайда Жүргенов
жағдайды жөн­­деудің жо­лын көрсетіп, нақ­ты тапсырмалар бе­ретін. Ал егер
жұмыс жөнделмесе, қатаң шара­лар қолданатын. Мысалы, сол Ақ­тө­бе облысының
Карповка елді мекеніндегі толық емес орта мек­тебіндегі жұмысты әлсіреткені
үшін Т.Жүргенов мектеп директоры Га­латоны және аудандық білім бө­лімінің
басшысы Родиенконы сот­қа берді. Өз қызметіне салғырт қа­райтын басшыларды
ақшамен де жазалап отырған. Мысалы, Алма­тыдағы кітапханашылар курсына 2-3 кластық білімі бар, сауаты төмен,
кейбіреулері Ликбезде ғана оқыған адамдарды жібергені үшін бұлардың жолпұл
шығындарын толығымен осы­ларды оқуға жібер­ген аудандық білім бөлімдері бас­шыларының
мой­нына салған [Қазақстан Респуб­ли­касы Орталық Мемлекеттік Мұра­ғаты.,
81-қор, 4-тізбе, 58-іс. 613-п].

Темірбек Жүргенов қазақ бала­ларын оқуға тартуға,
әсіресе қа­білетті балаларды тартуға көп жұ­мыс атқарды, солардың бірі 1935
жылдың 4 шілдесінде өткен балалар үйлерінде тәрбиеленуші қабілетті ба­­лалардың
слёті. Бұл кезде 30-жыл­дардағы ашаршылық кезінде жетім қалған балалардың
балалар үйінде көп болу фактісі тіркелді және олар­дың көбісі қазақ балалары
еді. Осы слётке шақырылған 60 адамның 25-і қазағы көп Оңтүстік Қазақстан об­лысынан
шақырылған болатын. Слёт­тің қорытындысы бой­ынша ба­ла­лардың қай ба­ғыт­та
қабілетінің мол екені анық­талып, түрлі оқу орындарына ем­ти­хансыз қабылданды
[Қазақ­стан Республикасы Орталық Мемле­кеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс.
111-п]. Балалар үйінің тәр­бие­ленушілеріне жағдай жасап, аза­мат болып
қалыптасуына Т.Жүр­­ге­нов­тің ке­лесі бұйрығы да дә­­лел. 1935 жылғы оқу
орындарына қа­­былдау жоспарына сәйкес Ал­ма­ты­дағы Муздрамтехникумға 130
адам, хореография мектебіне 50 адам Ал­маты, Оңтүстік, Шығыс Қа­­зақстан жә­не
Қарағанды балалар үйінің бала­ларынан алынды.

Оқуға алынған бұл балалар шын­дығында сауатты балалар
бо­лу керек, себебі көп ұзамай бұл студенттерді Қазақстанның әр жерінен
театрларға жұ­мыс­қа шақырып, студенттер сти­пен­­диядан гөрі айлық
алғанды дұрыс кө­ріп театрларға кете бастады. Бұ­ны білген Т.Жүр­генов театр ди­ректорларына
студенттерді жұ­­мысқа алмау, ал студенттерге оқу­ла­рын жал­ғастыру туралы ар­найы
бұйрық шығарды [Қа­зақ­стан Республикасы Орталық Мемле­кет­тік Мұрағаты,
81-қор, 4-тізбе, 35-іс. 14-п]. Т.Жүргеновтің ұлт­­тық кадрларды дайындауға үл­­кен
мән бергенін БКП(б) Қазақстан өл­­ке­лік бюросының 1934 жылғы 27 мамырдағы
қаулысынан кө­ру­­ге бо­лады. Бұл қаулыға сәй­кес жоғары оқу
орындарына 1934 жы­лы қа­был­данатын студент­тер­дің 65-80% қазақ я шығыс ұлт­тары
өкілдерінен болу керек бол­ды [Қазақстан Респуб­ликасы Пре­зиденті Мұра­ғаты.,
141-қор, 1-тізбе, 6651-іс. 379-п]. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетін
ашу­ға үкім шыққанда, болашақ уни­верситеттің про­фессор-оқы­ту­­шылар
кадрларын дайындау үшін Москва, Ленинград уни­вер­ситеттеріне 10 адамды аспиран­тураға
жіберу көзделгенде, Т.Жү­р­ге­нов бірінші кезекте қазақ ұл­ты­ның өкілдерін
жіберу туралы мә­селені кө­терді [Қазақстан Рес­публикасы Президенті Мұрағаты.,
141-қор, 1-тізбе, 6605-іс. 121-п].

Т.Жүргенов ана тілін оқы­ту мәселесіне де ерекше мән
бер­­ді. 1936 жылы Шығыс Қа­зақ­­стан облысындағы Көкпекті ау­да­нын­дағы
мектептің бірінде оқу­шылар 44 сөзден тұратын диктантта ор­таша 38 қатеден, ал
Семей қа­ла­сындағы 95 мұғалім диктантта 843 қате жібергенін білген Халық ко­миссары
бақылауды күшейтуді, ал ана тілін оқытатын барлық мұға­лімді тексеруден
өткізіп, ана тілін оқыту үйірмелерін ұйымдастыруды тапсырды.

Қаралған құжаттар ішінде бір қынжыл­татыны «Атта
отырсаң ере­тіндер көп, аттан құласаң тебе­тіндер көп» дегендей, Т.Жүргенов түр­меге
жабылғаннан кейін оның орынбасары «Бұған дейінгі Ко­миссариатта жасалынған
көптеген жұмыстар халық жауы Жүргеновтің басшылығымен жоспарсыз, жүйе­сіз
істелініп, мекеменің іш­кі өміріне, оқу орындарына бақы­лау салғырт жүргізілді»
деп, көп жылдар бойы Жүргеновтің бас­шы­лығымен атқарылған жұ­мыс­­тарды
жоққа шығарып, екі күн ішін­де «жо­ғарыдан
берілген тап­сырмалардағы қаса­қана жа­салынған кемшіліктерді анықтау­ды»
тапсырды. Бұл кеңестік жүйе­нің Қазақстанда білім мен мә­дениет жүйесін
көтеріп, жаңа дең­гейге жеткізген Т.Жүргеновке айт­қан «рахметі» болды.

Қамауға алынардан 4 күн бұ­рын Т.Жүрге­нов,
Ғ.Мүсірепов, Иса­ев, төраға Нүрпейісов, тағы бірқатар Қазақстан КП (б) Орта­лық
Ко­ми­тетінің мүшелері «кі­тап­­ханалардағы, дү­кендердегі жә­­­не оқу
орындарындағы контр­ре­во­лю­циялық кі­таптардың тізі­мін жасап бекітуге
ұсынатын ко­мис­сия» құ­рамына кіргізілді [Қа­зақстан Рес­публикасы Президенті
Мұ­рағаты., 708-қор, 1-тіз­бе, 42-іс. 54-п].

Қазір Қазақстан энцикло­пе­диясы барлық қа­зақстандықтар
үшін өз елінің тарихы, жетістігі жи­нақталған жақсы анықтамалық кі­тап болып
табылады. Осы орай­­да Қазақстанда «Қазақ эн­цик­­лопедиясын» дайындау ту­ра­лы
Қазақстан өлкелік БКП (б) комитетінің
бюросының шеші­мімен жасақталған бірінші топта Нүрпейісов, Исаев, Кабулов, Ва­сюткин
және Жүргенов болғанын атап өтуіміз керек [Қазақстан Рес­публикасы Президенті
Мұра­ғаты., 141-қор, 1-тізбе, 6606-іс. 324-п]. Бұған қоса, сауаты аз­дарға ар­налған
журналдың редкол­ле­гия­­сының мүшесі болған және «Ли­тературный Казахстан»
газе­ті­нің редакциялық алқасында бол­ған [Қазақстан Республикасы Пре­зиденті
Мұрағаты., 708-қор, 1-тіз­бе, 42-іс. 179-п].

Темірбек Жүргеновтің өмі­рі мен қызметі әлі де өзінің
зерт­теу­шісін күтіп отыр. Бұлай ай­ту­ымның бір ғана мысалы, биыл Тә­­жікстанның
Душанбедегі мем­ле­­кеттік мұрағатында жұ­мыс іс­те­ген әріптестеріміз
У.С.Ибраев жә­не Б.Б.Еңсепов Жүргеновтің ең­­бек жолының бұ­рын ешкім біл­меген
жаңа бетін – ағамыздың Тә­­жікстанның Статистика басқар­ма­­сының бас­тығы
болғанын анық­тап, Тәжікстанда қаржы жүйе­сінің да­муына байланысты Т.Жүр­ге­нов­тің
жүргізген үлкен жұмысын ай­қындайтын көптеген жаңа құ­жаттар әкелді. Бұл
мақалада Те­мірбек Жүргеновтің өмірінің жаңа беттері ашылды. Өкінішке орай,
мұндай ақтандақ беттер әлі көп. Алдағы уақытта Егемен еліміздің
зерттеуші-ғалымдары Темірбек Жүр­геновтің өмірі мен қызметінің бет­терін
толықтырады деген үміт­темін.

Айтжан Оразбақов,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз