ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫННЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

139

0

ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫННЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫСыр сүлейлерінің бай мұрасын жинауда елеулі еңбек еткен есімі республикаға танымал фольклоршы-ғалым Мардан Байділдаев бір жолы кездесуде белгілі журналист Мырқы Исаевтан:

 – Сен ғой Тұрмағанбет шайырдың туысысың. Айтшы кәне, кешегі қуғын-сүргін жылдарында ол неше рет түрмеге қамалды? – деп төтеннен сұрақ қойыпты. Мырқы ағамыз бұл сауалға: «Тұрекең бір-екі шумақ өлеңі үшін түрмеге қамалды ғой” дейді. 
Көнеден білетіні көп Мардан ағамыз осы сауалға орай Мырқы Исаевқа мына бір қызықты деректі айтып беріпті. 
– Бірде Тұрмағамбет шайыр ел астанасы Алматыға барған бойдан жерлесі Сүлеймен Есқараевтың үйіне аялдапты. Сүлеймен Есқараев ол кезде республикамыздың прокуроры қызметінде. Елден келген қадірменді қонақтың құрметіне бірқатар қайраткерлерді, оның ішінде Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, Орталық партия комитетінің хатшысы Ілия Қабылов және басқа да бірнеше азаматтар бар, бір топ адамды үйіне кешке асқа  шақырыпты.
Сыр топырағының перзенттері Ұзақбай Құлымбетов пен Ілияс Қабылов сыйлы қонақ Тұрмағамбет ақынға елдің хабарын айта отырыңыз дейді. Әсіресе Төрткөлдегі жаңалықты сұрағанда тапқыр ақын табанда өлеңмен былай деп жауап беріпті:
Төрткөлдің көлі кетіп, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де, төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегенде кесек қалды.
Ерлі-зайыптылар екі айрылып,
Құр қаңырап төсек қалды.
Белсенділер салық жинайды,
Құрым киіз, сүйек саяқ
Бәрін де есепке алады…
Бұл елде И.Голощекиннің идеясы жүзеге асырылып, қалың жұрттың ашаршылыққа тірелген кезі, геноцидтің басталар тұсы болатын. Зерделі ақын көзі көрген қиянаттың бәрін бірер шумаққа сыйғызып айтқан еді. Тұрмағамбеттің бұл өлеңі НКВД-ның құлағына қалай жеткенін кім білсін, ертесіне дәл осы өлеңі үшін түрмеге қамалады. Бұл оның Шығыс жұлдыздарының бірі Фердоусидің  әлем әдебиетіне қосқан асыл қазынасы әйгілі «Шаһнама” дастанын аудару үшін Қазақстанның астанасына келген сәті. Ал оған әйгілі дастанды  аударуды сол кездегі оқу комиссары Темірбек Жүргеновтің ұсыныс еткені әдебиет тарихынан жақсы белгілі. Қазіргі ұғыммен айтқанда республиканың сол тұстағы Білім және мәдениет министрі Темірбек Жүргенов пен  бас прокурор Сүлеймен Есқараев араға түсіп, тапқыр ақынды түрмеден шығартып алады. Сол Алматы сапарының өзінде Сыр сүлейі  Тұрмағамбет шайыр түрмеге екі мәрте жабылып, аптал азаматтардың көмегімен босап шыққан еді, – деп аяқтайды әңгімесін дереккөз жинаушы ғалым Мардан Байділдаев.  
Кешегі аласапыран заманда, қуғын-сүргін белең алған жылдары талай-талай боздақтарға нақақтан жала жабылып, қиянат құрбандарына айналып кете барды емес пе? Елдің қамын ойлаған есіл азаматтарды НКВД тыңшылары әртүрлі айла-шарғымен ұстап, түрмеге тоғыта берген ғой. Ең әрісі, бір қазақ екіншісінен жеке басының өшін алғысы келсе де кеңес үкіметінің қолшоқпарларына дереу жеткізетін алмағайып заман еді ол. 
Ел арасындағы сондай тыңшылардың бірі Құрбан есімді шала молда екен. Бірде ол Тұрекеңді өзіне шақырып, ақынға ірілік таныта сөйлепті. Тіпті орнымен айтылған сөзді тыңдамай, астамшылыққа барыпты. Сонда Тұрмағамбет ақын тұтқиылдан:
Шақырдың мені молда Құрбан,
Есексің, ақыл-есің тым құрыған.
Әлемнің төрт бұрышын ұстағандай,
Отырсың столыңда ырғаң-ырғаң, – депті де шығып жүре беріпті.
Әрине, тыңшының аты тыңшы. Өсек сөз тасып жырынды болған Құрбан молда осы кездесуде өзіне бағытталған бір ауыз өлеңді өңін айналдырып, ақынды келістіріп жамандайды. НКВД қызметкеріне «Кеңес үкіметіне қарсы өлең шығарды” деп жеткізеді. Үкіметке қарсы өлең жазған ақынды маңдайынанан сипамайтыны тағы белгілі. Бір шумақ үшін ақын тағы да абақтыға қамалады. Осы тұста тағы да Т.Жүргенов пен С.Есқараев араласып, Тұрекеңді түрмеден шығарып алған екен. 
1938 жылы Темірбек Жүргеновтің өзі «халық жауы” деп ұсталғаны белгілі. Бұл әйгілі «Шаһнама” дастаны аудармасының біткен кезі. Іле елдегі ақын қамауға алынып, түрме «дәмін” тағы татады. Бұл жолы оған әлем әдебиетінің жауһары – «Шаһнама” дастанын аударуды ұсыныс еткен Темірбек Жүргеновпен жерлес-туыстығы кінә болып тағылып, Қазалы уезінің абақтысына жабылады. 
Осы жолы түрмеден босанып ауылына келген ақын көп ұзамай сырқаттан қайтыс болады. Жалпы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің түрмеде жазған өлеңдері туралы белгілі ғалым Берік Жүсіпов індетіп зерттеп, 2007 жылы  «Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармалары” атты қалың кітап шығарды. Ал, біз шағын мақалада тек Тұрмағамбеттің Сүлеймен Есқараевқа қатысты тұсын есімі облысқа танымал журналист, марқұм Мырқы Исаевтың естелігінен келтіріп отырмыз.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз