ТӘУЕЛСІЗДІК КҮРЕСКЕРІ

97

0

Атажұртын басқыншылардың езгісінен азат етуде қылышынан қан тамып, өмірінің соңына дейін жойқын жорықтар мен сұрапыл соғыстардың ортасында жүріп, елін қызғыштай қорғаған батырларымыздың бірі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774-1860). Ол XIX ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтарының өктемдігі мен Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы шыққан халық батыры.

Тумысынан томаға тұйық Жанқожа жастайынан жылқы бағып, қатарынан бө­лекше өскен. Осындай жайсаң өмір сү­ріп жатқан бозбаланы тағдыр ерте есейітті. Соғыс десе жанын шүберекке түйіп жазықсыз жапа шеккендер, опасыз отаршылдық құрбандары, олардың мұңы мен зары Жанқожаның шымбайына қатты бататын. Әсіресе, Хиуа хандығының жер, мал-мүлікті қойып, қаракөз бұрым­ды­ларымыздың намысын аяқасты етуі оның қолына қару алып, ерте соғысқа аттануына түрткі болды. 70 жыл бойы соғыстың бел ортасында жүріп, 80-ге келгенде қайтадан қолына найза алып, атқа мінуінің себебі де сол. Сондықтан болар, қарсыласқан дұш­панын тізе бүктірмей қоймайтын қай­сарлық батырдың болмысында бар еді. Барлық жорықтар мен көтеріліс ке­зең­дерінде Жанқожаның қолбасшы не­ме­се ұйымдастырушы ретінде жүруі, өзі­не артқан сенімді ақтап, елінің сағын сын­дырмайтындығына бек сенгендіктен болар.

Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрмұха­мед­ұлы Жанқожа 1774 жылы қазіргі Қы­зылорда облысының Қазалы ауданында туған. Дегенмен, батырдың туған жылы мен дүниеден өткен жылдарында күмән тудыратын жағдайлар баршылық. Олай дейтініміз, «Қазақстан» ұлттық энцикло­пе­диясында 1774 жылы туылған десе, «Қазақстан тарихының» 3-томында 1780 жыл көрсетілген. Ал, көз көргендердің ұр­пақтары былтыр Жанқожаның туылға­нына 238 жыл, биыл дүниеден өткеніне 152 жыл толғанын алға тартады. Деген­мен, жұртшылық 1774 жыл­ға тоқтап отыр.

Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хан­дықтарының езгісіне және Ресей отар­­­шыларына қарсы ұлт-азаттық көте­рі­лі­сінің басшысы болды. ХІХ ғасыр­дың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жаға­лау­ын қоныстанған қазақтарға өз үстем­ді­гін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хан­дық­тары 1830-1840жылдары жергілікті ха­лыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қы­зылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал те­ңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бой­ындағы қазақтарға шапқыншылықтар жа­сап, малын барымталап, әйел, бала-ша­ғаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817жылдан бастап салына бас­таған бекіністерінен әркез жасақтар шы­ғарып, бейбіт елді шауып, алым-са­лық жинап тұрды. Осындай зорлық-зом­былықтан жапа шеккен қазақтар жас­тайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.

Жанқожа батыр 17жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде ешкімге дес бермей тұрған қара­қалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өл­тіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұм­сай­ды. Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қа­рақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Қо­қан хандығының Созақ бекінісіне ор­на­ласқан әкімдерінің жергілікті ха­лыққа салынатын алым-салықтан тыс көр­сеткен зорлықтары қазақтардың бас бі­ріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болады. И.Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қа­лаларының бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді.

Созақта тұратын Құрман би араша түсуін өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жа­ңа­қорған, Жөлек бекіністеріндегі қоқан­дықтарды қуады. 1830жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұ­­зып кіріп, Созақты басып алады. Қо­қан бектері Отыншы мен Сушыны қол­ға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құр­ман биге тапсырады. Кейбір де­рек­терге қарағанда, Жанқожа Қоқан хан­дығының Шымқорған, Қосқорған, Кү­місқорған тәрізді бекіністерін де тал­қан­даған.

Жанқожа батырға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түрікмен Аймұхамед палу­ан­ды жібереді. 1836жылы Ақирек де­ген жерде елге тізесі батқан осы Ай­мұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жек­те өлтіреді. Басшысы мерт болған па­луанның жасақтары бас сауғалап қа­шуға мәжбүр болады. Жанқожа бұдан кей­ін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуа­лықтардың езгісінен құтқару үшін, олар­дың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырады. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырайды.Қазіргі тарихнамалық зерт­теу бағалауынша: «1845 жылы Кене­са­рының өтініші бойынша Жанқожа қо­қандықтардың Созақ бекінісін алуға қа­тысты» («Қазақстан тарихы»: 5 том­дық, 3-том, Атамұра, 2010. – 388-б.). 1845жылдың көктемінде Хиуа хан­ды­ғы Сыр бойындағы қираған бе­кі­ніс­терін қалпына келтіру үшін 200жасақ аттандырады. Жанқожаның жі­гіт­те­рі бұлармен ұрыс салып, кері қай­та­рады. 1847жылы көктемде Хиуа бе­гі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақ­ирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қа­зақтарға шабуыл жасап, 1400үйді ой­рандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шап­қыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұн­дай шапқыншылығы бір жылда бір­неше рет қайталанады. Тонауға ұшы­ра­ған елін қорғауға Жанқожа 700сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекі­нісінің төңірегіне шоғырланады. Жан­қо­жаға Ресейдің Райым бекінісінің бас­ты­ғы Ерофеев бастаған отряд келіп, хиуалықтарды талқандауға көмектеседі. 1847жылы Райымға келіп, бекініс са­ла бастаған Ресей әскерлеріне Жан­қо­жа қарсылық көрсетпейді. Сол кез­дегі Орынбор генерал-губернаторы В.Обру­чевпен жолығып сөйлескен соң Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қор­ғай­тындығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады. Патша ше­неуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сыр­дария жүйесі бойынша өкілі И.Ос­ма­ловскийдің көмекшісі болып есеп­телетін тілмаш Мұхаммедхасан Ахмеров шабармандарын пара жинауға Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Осындай келең­сіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады. 1856жылы желтоқсанның соңғы күн­де­рінде көтерілісшілер Қазалыны қор­шау­ға алады. Қаратөбе маңындағы Л.Була­товтың отрядына бірнеше рет шабуыл жа­сайды. Көтерілістің бас кезінде Жан­қожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-гу­бернаторы В.Перовскийді қатты алаң­датты. Ол генерал-майор Фитингофт бас­таған 300атты казак, 320жаяу әскер, 1зеңбірек, т. б. қаруларымен қоса сұлтан Елекей Қасымов бастаған бірнеше жүз қа­зақ жасағы бар жазалау отрядын ат­тандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұ­сында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас бо­лады. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қар­сы тұра алмай, шегінуге мәжбүр бо­ла­ды.«Қазақстан тарихының» 5 том­дығының 3-томында (Атамұра, 2010) «Ер­мұхамед (Елекей) Қасымов көтерілісті ба­суға мейлінше белсене қатысты» (389-б.) деп нақты баға берілген. Қазақ хал­қының осындай ұлттық-азаттық көтерілістерін Ресей патшалығы отаршыл жазалаушы әскерлермен бірге басып-жаншыған осын­дай жергілікті билік иелерінің (аға сұл­тан, би Есеней Естемесұлы; сұлтан, ге­нерал-майор Баймұхамед (Баймағамбет) Айшуақов; сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймен­деұлы, т.б.) іс-әрекеттері тарих беттерінде мәңгілік жазылып қалды. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойы­сып кетеді. Жазалаушы отряд жолда кез­дескен қазақ ауылдарын шауып, то­наушылыққа ұшыратады. Фитингофт бас­таған жазалаушы отряд ақпан-наурыз ай­ларында көтерілісші халыққа қарсы та­ғы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды. 1856-1857жылдары қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567сомның малы сатылады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған ру­басылары мен ел ағаларына ренжіп, Дау­қара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жал­ғыз отырған Жанқожа 1860 жы­лы кісі қолынан қапыда қаза табады. Бірақ, тарихтан белгілі басқа хан­дар мен батырлардың басын алғаны сияқты Жанқожаның басын алмақ түгілі денесіне тиісе алмайды. Тіпті, сол жерде Жанқожаны арулап көмуге бұйрық бере­ді. Мұның өзі батырдың аса құрметті, әруақты адам болғандығын айқындап тұр­са керек.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы тек батыр ға­на емес, әділ шешім айтатын би, дін­дар болған. Қасына үнемі кіші жүздегі пір­лердің ұрпағы Сәйеке ишан деген пі­рін ертіп жүрген. Перовский сынды отар­шылдардың сан рет қолқа салған шені мен байлығынан бас тартқан. Маңдай тері сің­беген нәрсеге қол салу иманнан аттау деп түсінген. Тіпті, соңғы демі қалғанша намазын бұзбастан хақ мұсылманша Жа­саған иесінен иман тілеп, қасқайып тұрып пәниден бақиға өткен.

Жанқожа Есет батыр сынды зор денелі батыр болмаса да, үстіндегі сауытын киген адам орнынан тұра алмайтын жолбарысты батыр болған. Қылышы мен айбалтасын жанынан тастамаған. Қанша дұшпан бол­са да ол жауына мылтық атпаған. Қаһарлы қабақтары көзіне түсіп, сақалы төсіне жеткен. Деректерде оның жауға шапқанда кедергі болмасын деп сақалын өріп қоятындығы туралы мәліметтер кездеседі.

«Ер есімі ел есінде» дегендей, Жан­қо­жа батырдың есімі ешқашан ұмы­тыл­ған жоқ. Батыр өмірден өткен кез­ден бас­тап осы уақытқа дейін ол ту­ралы талай ту­ындылар, зерттеулер жа­­­зылды. Жанқожа туралы ақын-жы­рау­лардың (Мұсабай, Л.Кенжеев, Н.Жұ­бат­­ұлы, О.Сұлтанов, М.Ай­дарбек­ұлы, М.Құттықов, Ә.Нарымбетов, С.Қожа­ғұ­лов, т.б.) дастандары мен арнау толғау­лары жарық көрді. Суреткер ғұлама Мұх­тар Әуезов «Тарихи жырлар» атты ең­бегінде халық батырларына лайықты ба­ға берген: «ХVIII ғасырдың екінші жар­тысы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жар­тысы бойында қазақ халқы өзін езіп-қа­наушыларға қарсы қару алып күресті. Кү­реске шыққан халықтың осындай ер­лік айбары бірқатар тарихи жырлар ту­дырды. Сырым, Исатай мен Махамбет, Бе­кет пен Жанқожа жайындағы тарихи жырлар осындай» (Әуезов М.О. Уақыт жә­не әдебиет, 1962, 75-б.). Жанқожа ба­тыр туралы дастанға арналған зерт­теу «Қазақ тарихи жырларының мәсе­лелері» (Алматы: Ғылым, 1979) атты ғылыми зерттеулер жинағында жарық көрген. Со­нымен бірге Тәуелсіздік жырларында ғы­лыми зерттеулер мен мақалалар, дас­тандар мен арнау өлеңдер, тарихи-деректі құжаттар жинағы «Ел қорғаны ер Жәкем» жарық көрді. 1978 жылы дарынды ақын, қаһарман қаламгер Зейнолла Шүкі­ров басты кейіпкері Жанқожа батыр сом­дал­ған төрт кітаптық «Сыр бойы» ро­ман-эпопеясын «Жазушы» баспасына тап­сырған екен. Сол роман-эпопеяның ал­ғашқы екі кітабы Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан 1998 жылы жарық көрді. Халық батырының Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында мәңгілік ұлықталуы үшін әлі талай жұмыстардың атқарылатыны ақи­қат.

Қорыта айтқанда, қазақ халқының бос­тандығы мен Тәуелсіз Мемлекеттігі үшін Ресей отаршылдарымен де, Хиуа, Қо­қан басқыншыларымен де өмір бойы күресіп өткен ұлттық батыр қай­рат­ке­ріміз Жанқожа батырдың ұрпақ­тары­мыз­ға кеңінен таныстырылуы, ұлаға­ты­ның ұлықталуы – бәріміздің абыройлы борышымыз.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз