
Гүлмира Нұржақыповтар отбасына жиырма жасында келін боп түсті. Күйеуі Қайрат – он үш, өзі бес ағайынды. Көпбалалы отбасының тәрбиесін көрген ол өсіп-өнген әулетке тез сіңісіп кетті. Ата-енесін дүниеден озғанша бағып, батасын алды. Тәлімін көрді. Алғашқы бесеуін жеңіл босанды. Себебі енесі қасында болды. Толғақ қысқан сайын перзентханаға жібермес бұрын ескінің жолымен отқа май құюды әдетке айналдырған. Қазақ білгесін ырымдайды. Осыдан кейін аяғы ауыр келіншектің толғағы жеңіл өтеді екен.
– Алтыншы қызымды дүниеге әкелгенде анамыздың жоқтығы қатты байқалды. Біраз қиын тиді. Сонан соң үйдегілерден сол кісі сияқты отқа май тамызуды сұрадым. Артынша жағдай қалыпқа түсті, – дейді «Күміс алқа» иегері.
Бүгінде Қайрат пен Гүлмираның отбасында Несібелі, Салтанат, Ұлжан, Беназир, Рабия және Инаят есімді қыздар бойжетіп келеді. Үлкені Алматы технологиялық университетінің бірінші курсында оқып жатыр. Екіншісі биыл мектеп бітіреді. Кейінгілері де бір-бірімен тетелес. Өнер-білімге құштар. Анасының бір-бір қолғанаты.
– Балаларым өте бауырмал. Білмегендерін бір-біріне үйретіп отырады. Бір-бірін бағады. Бірін-бірі оқытады, – дейді Гүлмира.
Назерке САНИЯЗОВА.