ЖАҢА ДӘУІРГЕ ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕРЛЕР

87

0

ЖАҢА ДӘУІРГЕ ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕРЛЕРСырдың төменгі ағысындағы күллі түркі жұртына ортақ, баға жетпес мәдени мұралар сақталған мекенде сол қазынаны көз қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат етудің де қалыптасқан дәстүрі бар. Ерте заманғы, ортағасырлық қалалар құм астында қалғанымен, өткен заманның жаңғырығын жаңа дәуірге жеткізді.
Өткен жылы облыс әкімдігі жанынан тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес өз жұмысын бастаған болатын. Кеше аталған кеңес мүшелері бас қосып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау және құжаттандыру мәселелері талқыланды. Кеңеске оның құрметті мүшесі, Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов,  археолог, тарихшы ғалымдар, реставратор-мамандар қатысты.  
Тарихи орындарды туризм инфрақұрылымына енгізу арқылы әлемдегі туризм индустрияларының негізі қаланды. Алда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетін туристер Байқоңыр ғарыш айлағымен танысады. Осы сапарға келгендер айлақтың іргесінде мәңгілік тыныс тапқан түркі әлеміне ортақ тұлға – Қорқыт атаның мемориалдық кешенін көреді. Кеңестің алғашқы отырысында Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту келісілген еді. Бұл жоба бойынша Елбасы Сыр еліне жұмыс сапары барысында тапсырма берді. Жоба 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең биыл іске асады. Жақында кешен аумағында зиярат ету орталығы ашылды. Ондағы жұмыстар толық аяқталған соң қыркүйек айында кешен басында «Қорқыт және Ұлы дала сазы” атты түркітілдес елдердің халықаралық фестивалін өткізу жоспарланған. 
Өңірде туризмді дамытудың тағы бір бағыты – Жаңақорған ауданында орналасқан ортағасырлық Сығанақ қалашығы. Бүгінде қалашықты қорғау аймағы бекітіліп, ол жерде ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру қолға алынбақ. 
Аймақ басшысы кейбір ескерткіштердің жүйесіз салынғанын, ретсіз орналасқанын, тақырыптық деңгейінің ашылмағанын, мұның халыққа да, билікке де сын екенін айтты. Сол себепті облыста ескерткіш орнатуға мораторий жарияланды. Ескерткіштерді талапқа сәйкестендіру үшін жұмысшы тобы құрылып, 52 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ешқандай талапқа сай келмейтін, көркемдік келбеті келіспеген, арзан материалдармен көмкерілген ескерткіштер құрметтің белгісі бола алмайды. Керісінше, бұл ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. 
Аймақта 700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш, олардың қатарында тас ғасырының, қола, ерте темір дәуірінің ескерткіштері, ортағасырлық қалалар орындары бар. Өткен ғасырдың орта шенінде жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысында көлемі суармалы егіншілік алқабы анықталды. Осынша көлемдегі суармалы егіс алқабының болуы сол кезеңдегі дамыған өркениетті айқындайды. 
Биыл облыстық бюджеттен ХІХ ғасырдағы әскери казарманы қайта жаңғыртуға, Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарының археологиялық қазба жұмыстарына қаржы бөлінді. 
– Қызылорда түркология ғылымының қайта жаңғыру орталығы болуға әбден лайық, – деді Олжас Сүлейменов өз сөзінде. – Қырымбек Елеуұлының түркологтардың басын қосу туралы жобасы аясында Түркологтар одағын құру керек деп ойлаймын. Бұл адамзат баласына аса қажет түркология ғылымының өркендеуіне жаңа баспалдақ болары сөзсіз.   
Өткен басқосуда Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесі көтерілген  болатын. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталған Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің доценті Ғабит Тұяқбаев оның алғышарттары туралы баяндады. Нормативтік-құқықтық құжаттар зерттеліп, ЮНЕСКО-ға ұсынылатын тапсырыс формасы дайындалды. Қорқыт күйлерін орындаушылардың тізімі, бейнефильм, фотоматериалдар ұлттық комиссияға ұсынылады. 
Одан әрі өлкенің тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша кеңес жұмысына ұсынылған жобалар туралы Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, кеңес төрағасының орынбасары Мадияр Елеуов баяндады. Ғалымның айтуынша, соңғы бір ғасырға жуық уақытта ең аз зерттелген өңір Қызылорда болып есептеледі. Қызылқұм, Қуаңдария, Жаңадария мен ескі дарияның бойы, Аралдың табаны енді ғана қолға алынды. Сондай-ақ Қаратаудың бөктері, Бетпақдаламен, Ақтөбе облысымен шектесіп жатқан жер зерттелген жоқ. Қазба жұмыстары санаулы қалаларда ғана жүргізілді. 
Кеңеске түскен 20-дан астам жобаларды 4 бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыты – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік ескерткіштер тізіміне енгізілетін қалалар тізбесі, екінші бағыты – ежелгі қалалардағы зерттеу жұмыстарын жалғастыру, үшінші бағыты –  «Сыр өңірінің қазақтары”, «Сыр өңірінің рухани қазыналары” жинақтарын шығару, төртінші бағыты – әр ауданның археологиялық картасын жасау. Жобаларға қатысты кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін сараптай отырып, шешім қабылданады. Бүкіләлемдік ескерткіштер тізіміне қосуға ұсынылған 8 ескерткішті кезең-кезеңмен енгізу керек. Ең алдымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жолы бойындағы, елді мекендерге жақын орналасқан ескерткіштердің ұсынылуы мақұлданады. 
ЖАҢА ДӘУІРГЕ ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕРЛЕРОсы орайда облыс басшысы биыл Сығанақ қаласы мен Сауысқандық шатқалындағы тасқа салынған суреттер кешенін, Жанкент қаласын енгізуді ұсынды. Сауысқандықтағы тасқа салынған суреттер есепке алынбаған және аз зерттелген. Ғалымдардың пайымынша, ол ЮНЕСКО құндылығы болып есептелетін Таңбалы тастан кем емес. Биыл бірінші жартыжылдықта Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент қалаларындағы қазба жұмыстары қаржыландырылады. Қырымбек Елеуұлы жинақтарға қатысты оларды біріктіріп, «Сыр өңірінің этнографиясы” деген ғылыми еңбек шығару туралы ұсынысын ортаға салды. Ал аудандардың археологиялық картасын жасауға оның карта аталуы кедергі келтіретінге ұқсайды. Картадан тарихи ескерткіштер тыс қалып, тек қана сәулет өнерінің ескерткіштері енеді.  Сондықтан аудандардың тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын шығару орынды. Жинақтар әр жылға топтастырылып,  кезең-кезеңмен  жарық көреді. 
Профессор М.Елеуов облыста жұмыс істеген археологиялық экспедициялардың есеп беруі, табылған жәдігерлердің көрмесін ұйымдастыру, оларды облыстық мұражайға  тапсыру туралы ұсыныстарын жеткізді.  
Археолог-ғалымдар табылған заттарды алғашқы күйінен өңдейтін зертханалардың тапшылығын, сол себепті Қорқыт ата университетінің базасынан археологиялық-технологиялық  зертхана ашу туралы ұсыныстарын айтты. Оған зертханалық құрылғылар әкелінсе, облыста осы бағытта жұмыс істейтін жас археолог, химик мамандар бар. «Остров Крым” ЖШС директоры Қырым Алтынбеков қазба жұмыстары барысында табылған құндылықтарды өңдеудің мүмкіндіктері мен технологиялары туралы айтты. Облыс басшысы университет басшылығына болашақта аталған серіктестікпен байланыс орнатуды тапсырды. Сондай-ақ өңірдің оңтүстігінде орын тепкен  «Баласауысқандықтағы» кешеніндегі ванадий кен орнын игеру барысында тасқа салынған суреттерді жоғалып кетпес үшін ерте бастан шаралар қабылдауды жүктеді. 
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев кезінде жұмыс істеген экспедициялардың Мәскеуге әкеткен материалдарын қайтарудың қиыншылықтарына тоқталды. Институттың архив қоймасында да бірталай материалдар, дала жұмыстарының есебі сақталған. Археология институтының басшысы өз әріптестері әзірлеген  бағдарламаны кеңес қарауына ұсынды. 
Облыс аумағындағы ескерткіштердің ерекшеліктері мен оларды сақтау, қорғау және пайдалану мәселелері төңірегінде хабарлама жасаған «Қазқайтажаңарту” РМК директоры Ханат Тұяқбаев  археологиялық зерттеулер барысында табылған құндылықтарды сақтап қалудың маңыздылығын атап өтті. Аймақта қайта жаңғыртылған тарихи-мәдени, сәулет ескерткіштері туризм нысанына қосылды. Қазір Қазалыдағы  Ғанибай және Нұралы мешіттері, Қызылорда қаласындағы орыс шіркеуі, Р.Бағланова атындағы мәдениет үйі, т.б нысандар жоспарға енген. Кәсіпорын басшысы Сыр бойындағы қайта жаңғыртылған ескерткіштердің жөндеуге дейінгі және жөндеуден өткеннен кейінгі суреттерін көрсетіп, жұмыс нәтижесін ортаға салды. 
Кеңесте академик К.Байпақов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Ш.Ыбыраев, профессор Т.Қоңыратбаев, сәулетші Б.Ыбыраев, тағы басқа қатысушылар өз пікірлерін білдірді.               
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз