ЖАҢА ЖЫЛДЫ КІМ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАДЫ?

92

0

Әлем халқы Жаңа жылды салтанатты жағдайда мерекелеп, оған айрықша мән берген. Олардың жылды қарсы алу дәстүрі де бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Болгарияда Жаңа жылдың алғашқы сәтінде жарықтар сөндіріледі, себебі, жылдың алғашқы минуты  сүйісу уақыты болып саналады. Ал Жапонияда Жаңа жылды қарсы алу  сәтінде қоңырау 108 рет соғылады. 
Жаңа жылды Панамада қарсы алған жанның тосыннан  қорқып қалуы әбден мүмкін. Өйткені, мұнда  мереке  өрт сөндіргіш мұнарадағы зор қоңыраудың құлақ тұндырарлық ащы даусымен басталады. 
Жаңа жыл Үндістанның әр ауданында, әр уақытта (қыркүйек пен наурызға дейін) тойланады. Үй иесі әйелдің міндеті – үйін өз қолымен жасалған түрлі әдемі заттармен безендіру. Жаңа жыл мерекесінде көлемі үлкен, түрлі түске боялған  батпырауық ұшырылып, садақпен атылады. Ең мергені садаққа жанып тұрған от салып атады, батпырауық тұтанған кезде той басталады. Тойда би биленіп, өлең айтылады, әр түрлі спорттық ойындар көрсетіледі. 
Венгрияда Жаңа жыл Рождество мерекесімен тұспа-тұс келеді. Венгрлер – өте ырымшыл  халық.  Мысалы, үйге бірінші болып әйел кірсе, бақытсыздық әкеледі деп сенеді. Сондықтан олар қонаққа ұл баланы  бірінші жібереді. Жаңа жылға бір секунд қалғанда ысқыру керек. Яғни, осы арқылы жын-шайтандарды  қуады. 
Италияда Жаңа жыл мейрамы 6 қаңтар күні басталады. Олардың сенімі бойынша бұл түні сыпырғыш мінген мейірбан пері Бефана ұшып келеді. Ол өзінің кішкентай алтын кілттерімен есіктерді ашып, балалар бөлмесіндегі әдейі ілінген шұлықтарды сыйлықпен толтыратын болған. Ал нашар оқитын балаларға күлдің шөкімін не ұсақ көмір тастап кетеді екен. 
Шотландияда Жаңа жыл мерекесін «Хогмани» деп атайды. Олар келесі жылдың сәтті-сәтсіз боларын мереке күні үйлеріне алғаш енген адамға қарап болжаған. Халықтың ұғымы бойынша  үйге сыйлық алып келген қара шашты  еркек үлкен сәттілік әкеледі. Бұл дәстүр «ферст футинг» деп аталады. 
Колумбиядағы жаңажылдық карнавалдың басты кейіпкері – Ескі жыл. Ол топтың ішінде  биік ағаш аяқпен қыдырып жүреді және балаларға қызықты оқиғалар айтып береді. Елде Аяз атаны Папа Паскуале деп атайды. 
Вьетнамда ең көңілді мереке «Тет» деп аталады. Олардың күнтізбесі бойынша Жаңа жыл 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында атап өтіледі. Нақты мереке күні жыл сайын өзгереді. Вьетнамдықтар әр үйде бір құдай тұрады деп сенеді. Жаңа жылда ол аспанға ұшып, жақсы адамдардың тілегін орындайды. Мұнда шабдалы бұтақтары Жаңа жыл символы саналады, ол әр үйде болуы тиіс, адамдар бір-біріне шабдалы ағашының бүршік жарған бұтақтарын сыйға тартады. Балалар болса қолдан жасалған шартылдақтарымен атысу үшін түннің дәл ортасын тағатсыздана күтеді.
Француз Аяз атасы Пер Ноэль Жаңа жыл түнінде  балалардың аяқ киімдеріне түрлі сыйлықтар қалдырады. Кімге боб түріндегі жаңажылдық пісірілген бәліш тисе, «Боб королі» титулын иеленеді және Жаңа жыл түні оның бұйрықтарына барлығы бағынады. Бұл күні шыршаның түбіне ағаш  не саздан жасалған түрлі ойыншықтар қойылады.
Финляндияда Жаңа жыл 25 желтоқсанда тойланады. Бұл күні Аяз ата  Лапландиядан ұзақ жол жүріп келіп, үй алдына үлкен  кәрзеңкеге салынған  сыйлық қалдырады. Сондай-ақ, бұл түні финдіктер өз тағдырларын білу үшін бал ашады. Балауызды балқытып, суға құяды да одан болашақтары жайлы мәлімет алуға тырысады. 
Германия немістері Санта Клаусты есекпен келеді деп  ойлайды. Бұл елде балалар ұйықтар алдында оның сыйлығына арнап тәрелке қояды да, өз кебістеріне  есекке арнап шөп салады. 
Кубада Жаңа жыл «Патшалар мерекесі» деп аталады. Яғни, мерекеде ұйымдастырылатын шаралардың барлығы балаларға  арналады. Бұл күні балдырғандар  сиқыршы патшалар Бальтасар мен Гаспар және Мельчордан сыйлық күтеді. Олар алдын ала өздерінің армандары туралы хат жазады. Ал сиқыршы патшалар осы тілектерді орындайды деп сенеді. Сондай-ақ, бұл күні кубалықтар болашақ жарқын болсын деген ниетпен үйлеріндегі барлық ыдысты суға толтырады. Сағат 12-ні соққанда 12 жүзім жейді.
Эфиопиялықтар Жаңа жылды қыркүйектің 10-11-де қарсы алады. Олар Жаңа жылда кілең ақ киім киіп, ерте тұрып, шіркеуге барады. Ондағы салтанат үш сағатқа созылады. Бұдан кейін  самырсын ағашының көлеңкесінде мол дастарқан жасап, бала-шағаларымен түгел жиналады. Балалар Жаңа жылға арнап салған суреттерін ата-аналарына сыйға тартады және үй ортасына жіп керіп, соған іліп қояды. 
Бирмада Жаңа жыл 12-17 сәуір аралығында тойланады. Мерекенің тойланатын күнін Мәдениет министрлігі белгілейді, ол үш күнге созылады. Елде аптап ыстық болғандықтан, халық бір-бірін су шашу арқылы құттықтайды.
Дайындаған Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз