Жанқожаның төрт төрелігі

192

0

Әдетте абориген қазақтарға
жақсы сөз қимай үнемі астам, үнемі кемсіте бағалайтын орыс шенеуніктерінің бірі
оның дұш­пан екендігін мойындай тұра: «Жан-Хожа Нурмухаммедов ро­дом шектинец,
сподвижник Ке­нисары Касымова. Вырвался из толпы киргиз природным умом,
физической силой, как прекрасный наездник и народный судья (бий)» деп
бағалаған.

Батыр жайындағы ауыз әде­биетінде
оның күш-қуат пен ақыл, ерекше батылдық талап ететін талай-талай ерлік істері
дәріптелгенмен, ат құлағында ой­найтын нағыз дала жауынгері екендігі
суреттелген емес.

Заманы өткен билер сөзі ха­лық
жадында көбіне-көп әділ ке­сіммен бірге тапқыр сөз, ай­шықты орам арқылы да ұмы­тылмай
сақтала бере­ді. Туралық пен батылдық қасиеттері бол­ға­нымен Жанқожа шешен еді
деп ешкім айтпайды. Жет­кі­зушілердің сөздеріне бақсақ, көп тыңдап, кесімін
бір-ақ есіт­ті­ретін біртоға кісі болған. Дау­ласқандарды сұлу сөзге емес, әділ
шешімге жыққан.

Десек те, бүгін Жанқожаның
ел аузында сақталған – екі, мі­нәйім себептермен қағазға тү­сіп қалған – екі,
барлығы – төрт төрелігін жұртшылыққа жет­кізудің сәті түсіп тұр.

Оңтайы келіп тұрған соң ба­тырдың
өліміне қосымша сыл­тауға жүрген Бөрі төреге де тоқталдық.

Автор.

Феодалдық дәуірдегі қазақ тіршілігінде билердің
әлеумет­тік-тұрмыстық маңызы ерекше бол­ды. Олар ру басқарды, қыс қыстау мен
жаз жайлау, ел­аралық қатынас, көшпенділер тір­шілігінде болмай тұрмайтын әр­қилы
дау-дамай шешімі түгел­ге дерлік ауыл ақсақалдары мен осы билердің мойындарында
еді.

Қазақтың ол кездегі негізгі дауы – жер мен жесір. Ескі
қағаздарда қарай жүргендегі бір шындық – барымта дауына да көз сүрінеді.
Үйір-үйірді былай қойғанда, мыңдаған жылқыны жер асырып кеткен тонаушылар
туралы мағлұматтар кезіккенде таңданбасқа үддең қалмайды екен.

Осы мақаланы жазуға түрт­кі болған Жанқожа төре­лік­ке
түскен екі даудың мағлұ­ма­ты. Қағазда хатталып, хабар­ла­мада көрсетілген. Осы
мағлұ­мат­тар­дың орайымен әлі ұмытылмай ел аузында келе жатқан, тізгіні ба­тыр
қолына тапсырылған екі би­лікке де тоқтала кетудің орайы келіп тұр.

…Арқадан орыстар ішке қа­рай бірінен кейін бірі бекі­ніс­тер
салып, күнгейден Сырдария­ны иектеп отырған Хиуа, сәл жоғарыда Қоқан. Өріс қусы­ры­лып,
халық кімге тәуелді боларын білмей сергелдеңге түскен әрі-сәрі алмағайып
кезеңде патша жақтан шен алмақ дәмемен кіш­кененің белгілі билерінің бірі Ра­манқұл
Орынбор аттанады да қайтар жолда Қарағұлдың тос­қауылына ілініп, өзі бастаған
біраз адам мерт болады.

Әлдеқандай барымтадан бас­талған кек екі жақтан да
кезек-кезек кісі өлімдеріне ұласып, Қыр шектілері мен Сыр шектілерінің аралары
мүлде ушығып тұрған шақ-тұғын. Орыс билігі болса әлі күшіне енбеген.

Осы бір даудың жайы Той­ым­бет Күлімбетовтің қолжазба­сында
былайша баян етіледі:

«…Раманқұлды отыз жігіті­мен өлтірген Қабақ Қарағұл
еді. Қарағұлдың отыз жігітімен Ра­манқұлды өлтіргенін Есет те, Әз­берген де
мақұл көрмеді. Қара­ғұлдың аталығындағыларды елі­не жолатпады. Сөйтіп жүргенде
Орынбор жағынан патша үкіметі Тілеу, Қабақ үстіне жақындады. Орыстардың назары
Қарағұл қонысының үстімен жүруге тура келді. Енді Қарағұл Есет жағына да,
Әзбергенге де жазығымыз жоқ қой, біз жазсақ, Жанқожаға жазықтымыз ғой. Біз
Есет, Әз­бергенге жалбарынғанша Жан­қожаның өзіне жалбарынайық. Отының басына
барып түсіп, өтінішімізді айтсақ, Жанқожа бізді өлтіре қоймас. Ол қай уақытта
да адам өлтіруге қардар, құмар адам емес қой. Не де болса, өлсек те Жанқожаның
оты­ның басында өлейік, – дейді. – Біз жазықты болсақ Жанқожаға жазықтымыз.
Жанқожа бізге не істесе де оныкі орынды. Есет пен Әзбергеннің толысын төгіп,
ортасын шайқағанымыз жоқ қой деп ойласып, кеңесіп, он же­ті адам (Қарағұлмен
онсегіз) бо­лып аттанып, Жанқожа батырға жүреді. Жолға шыққан соң та­ғы
ойласады. «Ол жақын жер емес, біз бір топ адам. Біздің Қыр шектісі екенімізді
айтпай-ақ таниды. Бізді жолда Сыр шектілерінің біреуі көріп, біздің Тілеу,
Қабақ екенімізді біліп, Жан­қожаның отының басына жет­кізбей жазым қылар. Біз
бы­лай жасайық. Жанқожаның ауы­лына барғанша тобымызбен жүр­мейік. Бөлініп
екеуден, біріміздің қарамызды біріміз қарап отырып, жоқ қараған адамдай түнде
қосылып бірге жатып, күндіз бас­қа-басқа жүріп, Жанқожаның ауылына жақындағанда
басы­мыз­ды қосып, шұңқырына тү­сейік, деп осылайша жүріп ке­ліп тап анау
Жанқожаның ауы­лы дегенде бастарын қосып, он сегіз адам батырдың үйінің тұ­сына
келіп, аттарынан түсіп, ат­тарын байлай береді. Түсіп жат­қан адамдарды көріп,
батыр ауылының адамдары батырдың үйіне келіп, батырға айтады. Он сегіз адам
аттан түсіп, аттарын байлап жатыр. Аттары жарау, алыс жол жүрген аттардың тү­рі
секілді. Өздері де бөлек. Ки­імдері Тілеу, Қабақ секілді қыр­дың киімі. Не де
болса қонақ қой деп төсек салдырады. Батыр үс­тінде түйе жүнді шекпен, бе­лін
тұсаумен байлап қойған, ба­сында жалпатай тері тымақ, от (? – М.Қ.) жағын ішіне
қайырып қойған, өзінің жататын төсегінің үстінде қазан-аяқ жаққа қарап шарта
жүгініп, қылыштың бәйе­негін ағытып, қарыстай суы­рып, балдағынан оң қолымен ұс­тап,
жауатын бұлттай түнеріп оты­рады. Тілеу, Қабақтар сәлем бе­ріп, үлкендете үйге
кіреді. Ба­тыр сәлемін алмайды. Бұлар үл­кендете төсекке отырады. Ба­сын­да
айтқан: біз барған соң біз­бен оңайлықпен тілдеспес. Ол бізге өкпелі, ашулы адам
ғой деп, бір үлкеніне тапсырған-ды. Барған соң тілдеспесе, сен бұ­рын ертеде
басы жау, аяғы ағай­ын болып татуласқан бір ертегіні, оған болмаса, сен тағы
біреуін айт. Онда да тіл болмаса, сен айт деп үш ақсақалына үш ертегі болған
істі тапсырады. Сол үш уақиға таусылғанша Жан­қожа шешілер, шешілмесе ар жағын
көрерміз түріне қарай деп. Келген батырдың түнеріп, сә­лемін алмай, бұларға
назарын сал­май отырғанынан-ақ есінен та­нып, барып қолынан да ала ал­майды.
Айтамын деп келген сөз­дерін де айта алмай тіл жоқ оты­ра береді.

Он сегіз адамның үйге кіріп отырғанына көп уақыт өтті.
Ба­тырдың сол отырысы. Тіл, үн жоқ. Олай иә бұлай назарын ау­дармайды. Түрінен
адам шо­шы­ғандай отыра береді. Енді кел­гендерде де тіл, иә үн жоқ. Уақыт өтіп
кетті. Сол келген адамның ең кішісі Қарағұл екен. Жасы үлкендерінен күдер үзіп,
уақыт өтіп бара жатқан соң, есік жақта отырған Қарағұл шыдай алмай: «О, біздің
ақсақалдар, – деді. – Сендер ауылдан шыққанда Жанқожа ағамызға барамыз, сәлем
береміз деп, өткен-кеткен уақиғаны айтамыз деп, далаға жаққан оттай шалқып келе
жа­тыр едіңдер. Енді тап өзінің ал­дына келгенде сендерді не ал­басты басты?
Неден тілдерің бай­ланды? Шілдеде тері тымақ киіп отырған құдай деп қорқып
отырсыңдар ма? Ол өздеріңнің сәлем берем деп іздеп келе жат­қан ағаң Жанқожа
емес пе?» дейді.

Сол уақытта батыр мойнын бұрып шетінен амандасады. Бас­па-бас
аман ба, аман ба деп келіп, Қарағұлға келгенде: «Мынау қай бала? Аты кім?»
дейді батыр. Сонда жасы үлкенінің біреуі ол пәлен деген ағаңның баласы Қа­рағұл
деген інің осы дейді. Сол уақытта батыр төсегінің қа­батынан кішкене балтасын
алып, бүлдіргісінен саусағына іліп, балтаны былғап айдаһарша ысқырып, екі көзі
шоқтай жайнап жанады. Отырғандардың
зәресі қалмай, көп уақыт ысқырып бо­лып Қарағұлға қарап: «О, бай Қарағұл
дейді, мырза Қарағұл, батыр Қарағұл, шешен Қарағұл, молда Қарағұл дейді халық.
Осы Қарағұлдардың әрқайсысы басқа-басқа ма, болмаса бәрі бір Қарағұл ма?»
дейді. Сонда Қа­рағұл орнынан ұшып түрегеліп, екі қолын қусырып: «О, аға! –
деді Қарағұл. – Жігіт құдай берсе, бай болады, аямай берсе, мырза болады,
қорықпай шанышса, батыр болады, көп ішінде тауып сөйлесе, шешен болады, әкесі
молдаға оқытса, молда болады. Сол бес атаққа ие болып жүрген Қарағұл деген
ініңнен бөтен Қарағұл жоқ», – дейді.

Батырдың әдеті тайсалмай қорықпай сөйлеген адамды, шын
сөйлеген адамды жақсы көретін-ді. Енді мына Қарағұлдың қо­рықпай тауып
сөйлегеніне риза болып, мына жерге отыр деп өзі­нің оң қапталын нұсқайды. Иша­рат
қылған жеріне Қарағұл батыр отырады. Сонымен шешілісіп қо­нақасы бергізеді.

Енді батыр Раманқұлдың ту­ыс­қандарын, өлген отыз
жігіттің туысқандарын, Сыр шектісіне жа­татын билерін қалдырмай ша­қыртып алды.
Олар тегіс би­лерімен келген соң батыр би­леріне: «Мынау ағайын өз ая­ғынан
тиіп келіпті ғой. Ағайын бо­лып, бітім жасап, жаулықты қояйық. Түбіміз туысқан
едік, – деп. – Сендер осылармен сөй­лесіп ағайын болыңдар. Ба­рым­­таласып,
жауласып, осы қы­­рылғандарың болар. Мұнан бы­лай жауласуды қоюға ант-серт
жасап, тату-тәтті болуға уә­де жасап келіссін деп сендерді ал­дырып отырмын.
Сөз осы. Өздерімен сөйлес» – дейді батыр.

Билер Тілеу, Қабақтың ақ­са­қал билерін шақырып алып,
оңаша сөйлеседі. Үш күн­дей сөйлес болады. Өлген адам­ның есебін алып қараса,
Сыр шек­тілерінің өлгенінен қыр шек­тісінің өлген адамы әлде­қай­да көп болып
шығады. Жау­ласқаннан бергі ұрыста өлгендер. Солардың есебін таба ал­май бас­тары
қатып, ақырында екі жақтың билері келісімге келеді. Өлген адамның басқасына са­лауат,
есепке алмай екі жақтан үш адамға ғана құн берілетін бол­сын дейді. Мұны екі
жағы да ма­құлдасады. Тілеу, Қабақтан Қа­рағұлдың інісіне берілсін дей­ді. Бұл
жақтан батырдың жа­қын інісіне, Естекбай мен Ра­манқұлға. Солайша келісіп, ке­лісімін
екі жағы бірдей батырдың алдына келіп айтады. Сонда ба­тыр: «Келісімдерің
дұрыс, бірақ бір сұрағым бар, – дейді Тілеу, Қабақтарға. – Раманқұл би ме еді,
шын озат би туған ба еді? Болмаса, озат би емес пе еді?» – дейді. Сонда Тілеу,
Қабақтар: «Раманқұлдың билігіне талас жоқ. Озат би туған адам еді» дейді. Сонда
батыр: «Раманқұлдың ба­сына құн болса, оның билігіне бір құн тиісті емес пе
еді?» дей­ді. «Онда ол айтқаныңыз дұ­рыс. Раманқұл бір адамның ор­нына кетуі
дұрыс емес болған. Раманқұлға екі адамның құны берілсін» дейді.

Сонымен Қарағұлдың інісіне Естекбайды қойып,
Раманқұлға Тілеу, Қабақтан екі құн алатын болды. Сөйтіп Қыр шектісі мен Сыр
шектілері татуласып, ағай­ын болып бітісіп, еліне қай­тады. Бұлардан адам
келіп, құн­ға беретін малдарын айдатып жібереді.

Ұзын-сонар сорабы ұмытыл­май ауыздан ауызға ілініп
бізге жетуінің басты себептерінің бірі – сөзге шешен Қарағұлдың тапқырлығы мен
әлігі ұшқыр сө­зі-ау деп те тұжырымдауға бо­лар.

Ел аузынан әлі түспей келе жатқан қазақтың әдеті – әр
жақ өз әрекеттерін мақұлдап, өз адамдарын көтеріп айта беретін жайт – он
тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдары орын алған Қотанкөл оқиғасы.

Сырдарияның төменгі етегін мекендеген іргелес отырған
шек­тінің екі аталығы – асандар мен жақайым жалпақ жатқан құнарлы көл табанын
қатар пайдаланып отырады. Әлдебір жылдары бір­неше науқан бойы дарияны сең
бұзған кезде ұлтанды тасқын су басып, егіндік жер ұшан көлге айналып шыға
келеді. Бірнеше жылдар өте келе су қайта қайтып, ұлтан әу бастағы қалпына
келеді де бұрынғы шекараның ізі жойы­лып, тың жерге егіс салуға кірі­сер кезде
екі ел арасында дау туады.

Шекараның басы ашылмай, егес ұласа-ұласа екі жақ қару
ұстасуға дейін жеткен. Арада адам өлімі болған соң дау одан әрі ушыға береді.
Көл ба­сында екі рудың жалпақ елі. Асан­дар жағының бас көтерері Пұ­сыр­манның
Әйімбеті, жаңа кө­рініп келе жатқан жігіт кезі, жа­қайымдар жағының сөзін ұс­та­ған
Толыбай (орыс қағазына Ту­любий Минбаев деп түскен – М.Қ.) батыр, бұл кезде
егде, Жанқожаға аға. Ертең бір күн жаппай шайқас басталғалы ушы­ғып тұр. Халық
ағалары дереу ат шаптырып, хабар салып, қыр­да жатқан Жанқожаны ал­дыр­­тады.
Батыр әні-міне қан тө­гілгелі тұрған сәтте жетіп, екі жақ­тың да халқын көл
басына жинап, өзі атқан мініп, асаннан екі кісіні, жақайымнан екі кісіні алып,
ұлтанды қақ жарып жүріп отырады. Ізінен төрт кісі омақа тастап еріп келеді.

«Асандар бұл көлге орнықпа­ған, кейін қанжудыға тастап
шыққан. Бұл оқиға Бозорыс пен Дөңгеуір өлгеннен үш жыл кейін болып еді» – деп
түйіндейді сол жайтты құймақұлақ қарт Той­ымбет Күлімбетов.

Аталмыш оқиға орыс шенеу­ніктерінің жоғарыға берген
мағ­лұ­маттарында да тұр. Екі жақ та орыс әкімшілігіне жүгінбеген. Олар
қазақтардың өз араларында болып жатқан таусылмайтын дауларына араласуға
құлықсыз, мәселенің егжей-тегжейі ресми шолақ қағазда жоқ.

Енді нобайы қағазға түскен екі жайт.

1848 жылдың қысында Сыр­дарияның теңізге құяр сағасын
қыстап шыққан жақайымдардың кейбір басбұзар жортуылшылары жаз жайлау – Үлкен
Борсыққа көшіп бара жатып Көктырнақта отырған алтынбайлардың алты ауылын тонап
кеткен. Қағазда себеп те, сылтау да көрінбейді. Қақтығыста алтынбай жақтың бір
кісісі тағы өлген.

Олар бұларымен қоймай Ыр­ғыз бекінісінің маңындағы
Қылбет деген жерде отырған құттықтардың да 14 ауылын (құжаттарда үй басын бір
ауыл деп те жаза береді – М.Қ.) то­нап, малдарын айдап, дүние-мү­ліктерін
олжалған.

Орыстар тарапынан жаңа әкімшілік тәртібі енгізілген
соң дау үстіндегі билердің сөз жү­зіндегі пәтуалары бұдан бы­лай күмәнға
айналып, ұйға­рым­дардың барлығы екі жақ та бол­са, мөр басылып, болмаса, қол
қойы­лып, әкімшілік өкілінің алдында хатталып, мұқият қағаздасу шар­ты
енгізілген-тұғын.

Енді осы жаңа тәртіпке сай батыр, би – сол кездегі
есаул – өзіне қайта шағынған ал­тын­байдың биі Итіғұл Боранов пен құттықтың биі
Қонақбай Жа­наевтарды қасына өзінің орын­басары іспетті туысы Көлбай Ера­лиев
биді қосып, Райым бе­кінісіндегі орыс әкімшілігіне қа­ғаздасуға жібереді.

1849 жылдың 23 наурызында өткен бұл даулы кеңеске жа­қайымның
асанынан Ермек Қо­нысбаев, Жауқашар Данаев, Әй­імбет бөлімшесінен Бозша Ақ­қасиновтар
қатысып, алты ау­ылдың тоналған мүлкіне 24 қой, өлген кісінің өтеуіне 8 бесті
жыл­қы, тоналған 14 ауылға 5 түйе, 11 бие мен 33 қой өтем өтелетін болып
пәтуаласып хаттасқан.

Құжатқа сұлтан Алтынғазы Нұрымовпен қатар би Көлбай
Ералиевтің қолы қойылып, мөрі басылған.

Қағазда былай деп көрсетіл­ген: «В конце декабря
месяца 1848 года здесь было слышно, что батыр Джанходжа Нурму­ха­медов, желая
утвердить спокой­ствие между барантующими ор­дынцами, вызывает в свои аулы
карабашцев и джакаимцев и, под личным разбирательством сво­им оканчивает дела
по между­усобным грабежам и угонам с киргизами Чиклинского и Дюрт­каринского
родов» (ҚР ООМ, №4 қор, 4432 іс, 7-бет).

Көкаралда отырған жақай­ымдар
өтемді қайтарып бермек түгілі барған құныкерлердің бірінің атын да ұрлап алған.

Ендігі бір төрелік кейінірек.

…Жалғыз үй (үй жанында бір қос
бар – М.Қ.) отырған Жанқожа өлі-тірілерден шамамен бір ай не жиыр машақты күн
бұрын – 1860 жылдың 18 қаңтарында Ақмешітке келген төртқара Дәуқара То­ғаев
орыс шенеуніктеріне мына жайттарды ха­барлап отыр.

Қызылда, анығы Дәуқара жағын­да,
көшіп-қонып жүрген сұлтан Бөрі Тәукеұлы Хиуа ханы Сейдмұхамедке хат жазып,
баласы Қарағайды жі­берген. Хатта енді бұдан былай өзінің Хиуа пәрменіне
біржола өтпекші екен­дігін хабарлаған. Ханның құшбегілері Бөрі бізден кетіп,
Қоқанға, одан Бұқарға бағынған сенімсіз адам деп Қарағайды тұтқындаған.

Хан Жанқожа, Дабыл, Бөрілерді
шаппаққа түрікмендердің шәудірінен 800 сыпай жасақтап аттандырған. Бұны алдын
ала біліп қалған қазақтар Дәуқарадағы Арал теңізінің елеусіз бір қолтығы
Ақсағаға ығысып кеткен қазақтарды таба алмаған түрікмендер кездесіп қалған
шөмекей саудагерлері, Бесмазарда Түпқараға бет алған таз­дардың керуенін,
қарасақалдың төрт ауылын тонап, Үркімбайды өлтіріп, Жанқожаларды таба алмай
кері қайт­қан.

Дәуқара Тоғаевтың өзі болса, қа­сында
төрт адамы бар, Хиуаға базар­лауға шыққан екен. Үргеніштен 5 шапан, ағасына 15
тиынға (червонец) қарақалпақтың бір қызын сатып алып, Арал теңізін жағалап
қайтып ке­ле жатқан беттерінде Жаңасуда 15 жортуылшы ұстап, Ақсаға деген жерде
отырған Бөрінің ауылына алып келіп, бес атқа қоса барлық мүліктерін тартып
алып, өздерін бес күн бойы байлап тастаған. Босанған соң Дәуқара Тоғаев сол
маңда тұратын Жанқожаға шағынуға барады. Батыр бұны ер­тіп алып келіп, Бөріге
тоналған зат­тарының бәрін түгелдей қайтаруды бұйырады («приказал»). Бөрі қыңқ
демей, бұлардың бес жылқысы мен сатып алған қызын қайтаруға мәжбүр болған.

Тоғаев осы мағлұматында Бөрінің
Дәуқарадағы ауылы 8 үй, 25 адамы бар деп көрсетеді. Ал бұлардың қа­тарында
шектіден: Ерданап Жаман­құлов, Қазанғап, Торғай, Барақұл, қаракесектен Алтай,
Із­басар Алақаев, Майдан, Қараша, төртқарадан Қа­нат бар. Жанқожаның ұлы
Итжеместің ауылы да осылармен бірге.

Екіүйлі Жанқожа бұл топтан бөлек
(ҚР ООМ. 383-қор, 32-іс, 5-7-беттер).

Бұл оқиғадан сәл кейінірек бір
айға жетер-жетпесте Жанқожаның үйіне Елікей бастаған жазалаушыларды бастап алып
баратын Бөрінің баласы Қарағай. Қарақшылар ұстап алып, алдарына салған.

Осы хабарлама тағы да әу бастан
өле-өлгенше Жанқожамен бір Дабыл Бекшиннің туыстары туралы елеулі дерек
жеткізеді. Орыс әкімшілігі Жанқожаның жанында жүріп, кейін Хиуа жаққа өтіп
кеткен Дабыл Бекшиннің туысы Досбол Ақшиннің қайда, кіммен жүргендігін
білгілері келетін сауалға Досбол қазір 4 үйімен Қарақұм жақта қабақтармен бірге
көшіп-қонып жүр. Жанында 12 кісі, 9 түйе, 60 қойы, 32 жылқысы бар деген
мағлұмат түсіреді.

Орайы келіп тұрғанда тағы бір
түйткілді жайт – көтерілісшілердің жазалануларына қосымша сылтауға бұрыла кету
қажет боп тұр.

Бастан қағазға түскен деректерде
сұлтан Бөрі Тәукеұлы – Бөрі төре Қызылқұмды жайлаған. Осы жерде дәуірлеген
Жанғазы ханның немере інісі болғандықтан бұл өңірді оның ата қонысы деуге
болады. Әрісі Боқан таулары, Жаңадария, Қуаңдария бой­лары, Арал теңізінің
қуыс-қолтық­тары. Өрісі төрт мемлекеттің
аралығы. Асып кетті дегенде төңірегінде бар болғаны қырық үй, кішкенелердің
іші, ізінде төлеңгіттері бар.

Орыс жағына ішін бермеген кезінде
Жанғазы ханның шашбауын көтеріп, Сырдың оң жағын мекендеген халыққа талай-талай
шапқыншылыққа қатысты. Арагідік қарым-қатынас жасағанымен, Хиуа, Қоқан
хандықтары мен Бұқар әмірлігінің ешқайсысына да басыбайлы тәуелді емес.

Оты, суы мол жерде ешкімге басы
байлаусыз, еркін ғұмыр кешуді қалаған тәрізді. Алайда отырған қо­нысы – біріне
бірі алакөз төрт мем­лекеттің тоқайласқан жері, тыным­сыз керуен жолы. Өз
жерінен өт­кен­дігін сәлеттеп керуендер мен ба­заршылардан баж салығын талап
етіп, алып та отырған. Бұл кәсіп, әри­не, іргелес хандықтардың ешқай­сысына да
ұнамайды. Бұл олжаны әркім өзінікі санайды. Демек, Бөрі – төрт құбыласының
төртеуіне де ұнамайды. Ізіне қол ермеген төреден ешқайсысына қауіп тағы
жоқ.

Көтеріліске қатысқан кішкенелер
1857 жылдың қаңтарында Бөрінің үстіне түсті. Бөрі осы жолғы орыс жөніндегі
саясатта Жанқожамен пей­іл­дес, іс-әрекеттерінен батырдың ал­дын кесіп
өтпейтіндігі анық аң­ғарылады.

Алайда, орыс әкімшілігінің түпкі
есебі көтеріліс басшыларының көз­дерін жойып, сол жаққа ошарыла көшкен қалың
қазақты бекініс маңына қайтарып, өз бақылауларында ұстау болатын. Дәл осы кезде
бұрын еленбей келген, қолында жарытымды күші де жоқ, ізіне халық не қол
ермеген, өткен-кеткен керуендерді тонаумен ғана айналысып жүрген Бөрі орыс
әкімшілігі үшін оңтайынан келген таптырмас сылтау болды. Осы өңірдегі әрекеттердің барысын бақылап, жүргізіп,
Елікейді жұмсап отырған сарай кеңесшісі Осмоловский: «… я предписал султану
Ирмухамеду Касымову очистить все пространство по течению реки Яны-Дарьи от хищ­нических
шаек и захватить, если воз­можно, самого главного хищника сул­тана Бюри…» деп
атап көрсетіп отыр.

Бөрі Тәукеұлының Елікеймен ауылы аралас, қойы қоралас.
Төре­нің отбасы Бұхар тарапынан да, Хиуа тарапынан да бірнеше рет тұт­қындалған.

Жанқожа бастаған көтеріліске қа­тысқан жоқ.

1860 жылы Елікей Жанқожа мен Аманқожаны өлтіріп,
Бөріні тұт­қындап, орыстарға қызмет етуге алып келіп, хорунжий шенін алып бер­ді.
Алайда, Бөрінің Елікей тәрізді орыстарға жанын сала қызмет еткен­дігі
аңғарылмайды. Қонысын тастап, орыс бекінісінің біріне көшкен жоқ.

Кейін сол 1860 жылдың жа­зын­да генерал-губернатор
Катен­ин Е.Қасымовқа Бөрі төре мен Әз­берген Мұңайтпасовты патша­ның қа­былдауына
Петерборға аттанды­рылмақшы өкілеттіктің құра­мы­на қосу үшін Орынборға келген
жерінен кері қайтарылды. Бұл Бөрі төреңізге орыстардың да пәлендей сенімі
жоқ.

Бөрі өз ажалы – соқырішектен өлді, сүйегі Қызылқұмда
болмаққа тиіс.

Молдахмет ҚАНАЗ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз