ЖАНҚОЖАНЫҢ ЖАҢА БЕЙНЕСІ КЕРЕК

128

0

(Батырдың 240 жылдығын өткізу жөніндегі комиссияның назарына)
Уақыт болса сырғып келеді. Көптің назарына ұсынарлық көңіл алаң бір маңызды іс бар. Ол – Жанқожа батырдың бейнесі. 
Облыс әкімінің 2013 жылдың 8 тамызындағы №208-Ө өкімінің 13-бабында «Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімін ұйымдастыру» қарастырылған болса, бұл батырға байланысты бүгінге дейін атқарылған, атқарылатын барлық шаралардың түйіні, ерекше зейін мен аса сергек жауапкершілікті талап ететін маңызды шаруа. 
Бұрын батыр ескерткішінің жобасына республика бойынша арнаулы конкурс жарияланып, жеңімпазға бәйге белгіленген болатын. Оның нәтижесі нешік? Жоба мақұлданып па еді? Сол бәйгенің жайы жұртшылыққа бүгінгі күнге дейін беймағлұм.        
…Еліміз әлдеқалай азаттық алмағандай болса, бостандық жолында ғасырлар бойы басқыншылармен арпалысып өткен батырлар енді бір-жар ұрпақ араға түскенде, бәлкім, аңызға айналып, көзден кетіп, көңілден де мүлдем ғайып болар ма еді. Жұртының азаттығы үшін жан алып, жан беріскен талай-талай дара тұлғаларға емін-еркін сұрау салуға мүмкіндікті де алып келген осы азаттық. Солардың бірі – бірінің де бірегейі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Ол құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті, адал сүт емген халық перзенті ретінде қолынан келгенінің бәрін жасап кетті. Озбыр саясаттың тәлкегіне түсе-түсе кеш те болса ел санасынан мүлде өшіп кетпей егесіне оралды, әйтеуір. Батыр енді дәріпке зәру емес. Алайда азаттықтың ащы дәмі, аласапыран арпалыс, төгілген қан мен тер, талай үзілген үміт бүгінгі замандасқа, қала берді келер ұрпаққа керек. 
Көрінеу көзге талай кертартпа ғайбат теріс бағам басын кері тартып, әңгіменің жөні енді түзеле бастаған шақта халықта батырдың өмірдегі бейнесін де көруге ықылас туып, ынта оянды. Ішін бермей қашанда басқыншылардан іргесін аулақ салып жүрген батырдың негізге ала қоярлық фотобейнесі болса да жоқ. Алайда талай аласапыран өткенмен соншалықты да құралақан емес ек. Жанқожа жайлы дастандар, арнау өлеңдер, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан қариялардың әңгімелері, оның үстіне көзі көрген куәгерлердің пәтуасы бар, бәрін саралай байыптаса, көмескілеу болса да батыр бейнесін біраз елестетуге болатын… 
Әңгіме жарыққа шыға бастаған тоқсаныншы жылдардан бері батыр бейнесі жайлы бар мағлұматтарды жария еткен үш автордың бірнеше мақаласы әр түрлі басылымдарда жарық көріп келген болса, қай автордың да пікірлері мен келтірген деректерінде пәлендей кереғар алшақтық жоқ. 
2009 жылы Қали Сәрсековтің «Қазалы – қара шаңырағым» кітабы жарық көрді. Онда далбай киіп отырған Жанқожаның суретінің астына: «Бұл фото Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың мемлекеттік қорынан алынған» (Аталмыш кітаптың 154-беті) деп жазылған екен. Бекер сөз. Оның үстіне ол фото да емес. Мәселенің шын мәні былай. «Жалын» баспасында қызмет атқарып жүрген кезден хабардар, ұлттық типтер мен нышандарға ерекше бейім, жерлестігі тағы бар, кейін еліміздің тұңғыш валютасының авторларының бірі Ағымсал Дүзелхановқа арнайы барып өтініш еткем. Мән-жайды тыңдап алған соң ол портретке мұқият, оның үстіне жерлес, ел бейнелеріне көзі қанық Қадырбек кәсіптесіне жұмсады. Қадырбек ініміз бас тартқан жоқ, түсіністікпен қабыл алды. Суретшіге кейін «Жас Алашта» жарияланған мақаланы алдыға салып, жиған-терген, құлаққа тигендері бар, бүкіл мағлұматты баян еттім. Менің түсінігімде Жанқожа батырлықты кәсіпке айналдырмаған, болмысынан қарапайым шаруа адам. Оны еріксіз батыр еткен ушыққан зорлық-зомбылық, ай құрғатпайтын сүргін шапқыншылық, жетім мен жесірдің көз жасы, қорғансыз қалған қара халқының зар-мұңы… Қариялар айтар болса, жайбарақат кезде басында далбай, дұшпандарын турағандай қанжарымен ағаш жонып отырады екен.  
Ақ қағаздың бетінде көзі үлкен, сүйекті де жігерлі бейне бірте-бірте көрініп келе жатты. Күндердің күні бейне де шықты. Сол қол деңмент белбеуді ұстады. Оң қол болса әлі жоқ. Оны не істемек керек? Ойласа келе оң қолға қамшы ұстатуға тоқтадық. Өйткені бастан-ақ ойымыздағы батыр қарапайым кісі, жайбарақат, кәдуілгі тіршілік, еркін отыр. Келетіні қамшы тәрізді. 
Бұл кәсіби суретші салған алғашқы бейне. Авторы Кәметов Қадырбек. Алматы қаласы, Ақсай-4, 77-үй, 45-пәтерде тұрады. 
Жұмыс аяқталған соң 1991 жылдың шілдесінде клишесіне дейін дайындатып (ол кезде компьютер, интернет атаулының қарасы жоқ), ортаға түсе берсін деген оймен аудандық «Ленин туы», облыстық «Ленин жолы» газеттеріне жолдаған болатынбыз. Бұл сурет жариялану бойына-ақ ел ішіне тарап кетті. Қазір әр түрлі әуесқойлар көшірген бейнесін көп үйлердің төрінен көремін. Түпнұсқасы менде сақтаулы. «Эрмитаждан алынған фотоның» шындығы осы. 
Мәселенің төңірегінде жүргендер білер – бұл өмірде бар, алайда аласапыранның кесірінен нақты бейнесі қағазда қалмаған батырды қайта тірілтудің ең алғашқы әрекеттердің бірі болатын. Кеңестік идеологиядан әлі арыла алмай енді ғана еркін ойлана бастаған әрі-сәрі өлара кезең, бір аяқ тұсауда, бір аяқ бостан дегендей…
Кейін көрермендердің көңілдерінен байқадық, батыр болған соң ер қаруы – бес қару – сауыт-сайман, дулыға, найза не қылышпен бейнеленгенін қалайды екен. «Ол да адам, тыныс алып жайбарақат отырмас па», – деген уәжге тоқтағылары келмейді. Бұл да жөн. Халық талғамын ескермесе тағы болмайды. 
Күндердің күні республикалық жастар ұйымы (төрағасы Иманғали Тасмағамбетов болатын) батыр бейнесіне республикалық бәйге жариялады. Комиссияға әр түрлі дәрежедегі жеті-сегіз сурет түсті. Маман суретшілер құлшына қоймады. Авторлардың көбісі әуесқой. Комиссия мүшесі ретінде іріктеуге қатысқам. Солардың ішінде, қанша дегенмен маман, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Мұхит Қалымов салған суреттің шоқтығы биік болатын. Жұрт осы суретке тоқтады. Осы суреттің себебімен Мұхит ағаның шеберханасында да болғам. Бұл кісі салған Сырымның бейнесі – би десең – би, батыр десең – батыр – соншалық асқақ, көзің бір түскеннен-ақ санада таңбаланып қалатын қазақ бейнелеу өнеріндегі ерекше айшықты шығарма. 
Шарт бойынша суретті Қызылорда иеленіп, еңбекақысын төлеуі тиіс-ті. Облыс басшыларының бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатты. Идеология иесіз қалды. Байтал түгіл бас қайғы. Сөйтіп жүргенде аға марқұм болып кетті. Мәселенің арғы жағынан хабарсызбыз. Ең бастысы – еңбек халыққа жетті. 
Өзгелеріне қарағанда, Мұхаң салған осы сурет көбірек қолданылып жүр. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына енді.         
Қазіргі кезде бұлармен қатар әуесқойлар салған екі бірдей суретті қосқанда, біріне-бірі онша келіңкірей бермейтін төрт бейне қолданыста қатар тайталасып жүр. Оған Арал мен Төретам вокзалының алдына орнатылған бір скульптура мен бір бюсті тағы қосыңыз. Осы бейнелердің бәрін топтастырар болсақ, жалпы нобай келгенмен, ортақ бір ғана сипат бар. Ол – батыр егде, тіпті қарт кісі және қай суретте де сақалы еркін жіберілгені мол.  
Барлық суреттерде батырдың егде күйінде (кейбіреуінде тіпті шаршаңқы) бейнеленуінің негізі жоқ емес, бар. Алғаш Жанқожа бастаған көтерілісшілердің дерегі жалпы жұртқа жеткен кезеңде батырдың бес мың қолмен Қазалыны қоршағанда – 82, намаз үстінде атып өлтірілгенде 86 жаста екендігі. Рас. Бұлар тарихи құжаттарда тайға таңба басқандай хатталған. Осы шындықты қапқан талапкерлер сол стереотипке үйелеп қалды.
Мазмұн мен идеяға орай бейімдеуге бола беретін суреттің аты сурет. Ал скульптураның жөні мүлде бөлек. Тым қарт кісінің көрерменде бірден-ақ: «Ау, мынау қаусаған шалың кімге пана болған?», «Мына сақалмен ұрысқа қалай түскен?» тәрізді күмән тудырарына талас бола қоймас.  
Енді құйылмақшы ескерткішке келгенде, қалың да мол сақал Құрманғазы, Жамбыл, Толстой, Менделеев тәрізді жайбарақат өнер иелері мен ғалымдарға жарасар да, талай алатопалаңда ат үстінде арпалысып өткен батырға жараса қоймас. Көрермен көңілінде күмән тудырар. 
Осы жайттарды саралай келер болсақ, біздің пайымдауымызша, бұл мәселеге әркім өз қиялымен айнала шаба беретін мүмкіндік сарқылды. Енді бұл бейне нақты да дәйекті болуға тиісті кезеңге тұмсық тіреп тұрмыз.Олай болатыны – ескерткіш міндетті түрде берік материалдан құйылмақ. Екіншіден, арнаулы ресми комиссия жұмыс істеп тұрғанда шаруа біршама тиянақты түйінделуі ләзім.
Айтқанда, Жанқожаның өле-өлгенше аттан түспегені – рас, әділ би болғаны да – рас, аса діндар кісі сақалын еркін жібергені де шындық, бүгінгі ұрпақтары оны әулие есебінде де құрметтейді. Дегенмен, қалың жұрт оны ең алдымен еліне қорған болған көзсіз батыр ретінде танып, құрмет тұтып отырғандықтан, жұрт көңіліндегі тек осы бейнеге күш салуға міндеттіміз. 
Қағаздағы бейнеге жағдай мен мақсаттың қисынына орай түрлі әр, мазмұн беріп, өзгерте беруге болады, мүсін – скульптура (тас, мыс, қола делік) бір-ақ рет мәңгілікке жасалатын, сондықтан да жауапкершілігі ерекше өнер, көркем туынды. 
Осы шындықты қаперге алып, болашақ жайында пайымдар болсақ, бұрынғы қалыптасып қалған стереотиптен дер кезінде арылып, батырды «жасартатын» мерзімге келіп тұрмыз. Қыруар еңбек пен жұмсалғалы отырған қаржының желге ұшып, халықтың аңсай күткен үмітінің жер болмауы үшін… 
Арнаулы комиссия осы жайттарды мықтап қаперге алып, уақыт оздырмай, іске ерекше мән беріп, республика бойынша бәйге жариялауы жөн деп түсінеміз. Қағаздағы нұсқа адам сүрінетіндей шығын талап етпес те. 
Шындық бар да дүниенің егесі – халық, көрермен санасында қалыптасып қалған аңсаулы бейне бар. Сол бейне бір ғана секундтық сәтке оңтайымен құйылғанда ғана көп көкейіндегі аңсаулы қаһарман шықпақ. Суретшілер мен мүсіншілердің тарих алдындағы жауапкершіліктері осында. Олар жұрт көңіліндегі образға жан салар болса, ұтыла қоймас.    
Өнер атаулыда, оның да ішінде еңбір күрделі скульптурада, қас-қағым ғана сәтке бүкіл мазмұн мен идеяны сыйғызатын пластика деген категория – алтын арқау бар. Бұл тек мүсіншінің таланты, тәжірибесі, ерекше ынта, тақырыпты қаншалықты терең меңгергені, қиялы мен мүмкіндігіне тәуелді аса жауапты шаруа. 
Мықтап есте боларлық жайт – тақырыптан мүлде бейхабар мүсінші – көлденең келе қалған көк атты – шашырай алмайды, мүсіннің негізіне комиссия талқылап, келісіп ұсынған нұсқаны алып, сонымен ғана еңбектенеді.  
Демек, ертеңгі күні «әттеген-айға» қалмас үшін заңды жұмыс істеп тұрған комиссияның қазіргі міндеті – батырдың пішіміне пәтуаласып алып, мүсіншіге мақұлданған бейнені ғана ұсыну, ал мақсатты ашатын пластиканы тауып таңдау мүсіншінің өз еркі, батырдың тұлғасы мен бет-пішімі комиссия мақұлдайтын шаруа.      
Болашақ бейне (мүсін, ескерткіш) осы ресми комиссия жұмыс істеп тұрған кезде ашық жарияланып, халық талқысына түскені абзал.  
Мәселе әлдеқалай көтеріліс тарихы мен батырдың мінез-құлқынан бейхабар жеке адамдардың таным-түсінігімен оңаша ғана шешіле салар болса, одан әрі қайта жөнге түсуі мүмкін емес өрескел ағаттық кетуі әбден мүмкін. Басты жауапкершілік комиссияда, комиссияның шешімі – заң. 
Мәселенің осы жағы алаңдатқан біз, жалпақ жұртқа жар саларлық мүмкіндік жоқ, өз тарапымыздан әрекеттеніп, тарихи тақырыптар мен батырлар бейнесіне ерекше икемі бар бір қабілетті суретшіге қолқа салдық.
Мүсіншіге батырдың әбден болдырып қажып отырған қарт емес, күш-қуаты толысқан, талай жауының жағасын жыртқан орта жастағы бейнесін ұсынуды басты мақсат етіп қойдық. Сол бейнені қырынан да (профиль) шығару алдымен мүсіншіге, қала берді той барысында сый-сияпаттарға бедерлеу оңтайлы. Батырға тән қару-жарақ пен киім-кешек бейненің өзін анықтап алғаннан кейінгі шаруа… Дейтіні жоқ, суретші адал қызмет етті. Жұмыс бірнеше рет бірнеше нұсқада орындалды. Ақыры қалың жұртшылыққа, қала берді комиссия мүшелерінің назарына ұсынылып отырған осы бейнеге тоқтадық. 
Бұл еңбек ұсыныстардың бірі ретінде қарастырылса дейміз. Суреттің авторы, кәсіби суретші Аштема Николай Павлович, Өскемен қаласында тұрады.
Молдахмет ҚАНАЗ, 
жазушы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз