“ЖЕТІНІҢ” ТЫЛСЫМ СЫРЛАРЫ

66

0

“ЖЕТІНІҢ” ТЫЛСЫМ СЫРЛАРЫХалқымыздың таным-түсінігінде 7 санының орны бөлек. Балаға жастайынан жеті атасының кім екенін үйретіп, от, су, құрғақшылық, оба, зілзала, аштық, соғыс  сияқты жұттардан сақтанған.  Жерде өлшеу, аспанда тіреуіш, таста тамыр, тасбақада талақ, Аллада бауыр, аққуда сүт, жылқыда өт жоқ деген тәмсіл қалдырған.  Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтықты жеті қазына санаған. Тыңдамаған сөзді, киюсіз тозған бөзді, иесіз қалған жерді, басшысы жоқ елді, аққу-қазсыз көлді, елінен айырылған ерді, замандассыз қалғанды жетім деп есептеген. Жұма сайын жеті шелпегін пісіріп, аруақтарға Құран бағыштаған. Ұрпағына жеті рет өлшеп, бір рет кесуді үйреткен. Тәуке ханның тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағын «Жеті жарғы» деп атаған. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген нақыл қалдырған. 

Бұдан өзге де салт-дәстүріміздегі ерекшеліктер осы санмен байланысты. Дәстүрлі ислам дінін ұстанған халқымыз жұмақтың жеті қақпасы, тозақтың жеті баспалдағы болатынын, қасиетті Қағбаны жеті рет айналу керектігін жақсы біледі. Ауыз әдебиетінде жеті қат көк, жердің жеті қабаты, жеті басты айдаһар деген ұғымдар тағы бар. Батырлар жырларында, мәселен, «Алпамыс батыр» эпосында Байбөрі мен Аналық бала  тілеп, жеті әулиенің басына түнейді. Халқымыздың ежелгі салты бойынша  күн мен түн теңелгенде жеті тағамнан наурызкөже әзірлеген. Адам дүниеден өткеннен кейін 7 күннен кейін ас береді.
Тек қазақ халқының ғана емес, жер жаһандағы барлық халықтың танымында осы санға қатысты қызықты деректер кездеседі. Мәселен, Калифорния институтының ғалымдары 7-нің адам миына әсерін  терең зерттепті. Көп ретте осы санға қатысы бар кез келген мәліметтің есте сақталуы өте оңай. «Жетінің тылсымына бойлау үшін қасыңыздағы досыңызға 10 сөзден тұратын сөйлем құратқызып, оны қайталатып көріңіз. Адамдардың 90 пайызы он сөздің 7-еуін есте сақтай алады” дейді сарапшылар. 
Египетте  бұл сан мәңгілік өмірдің және шығармашылықтың белгісі болған. Біздің заманымызға дейін өмір сүрген шумерлік патша Лугуланнемунду 7 қақпалы, 7 есікті шіркеу салдырған. Ежелгі Грекияда  да жетімен байланысты аңыздар жеткілікті. Бұдан өзге 7 саны мақал-мәтелдерде, афоризмдерде өте көп кездеседі. Әлемнің жеті кереметі бөлек тақырыпқа арқау болатындай ауқымды.  
Бұл сан адам өмірінің барлық кезеңдерінде кездеседі. Мәселен, бала анасының құрсағында 280 күн (7х40) болады, 7 айлығында тісі шығады, 14 айлығында (7х2) отырады, 21 айлығында (7х3) жүре бастайды, 35 айлығында (7х5) анасын емуді қояды. Ал 14 жасында (7х2) қалыптасып болады, 21 жасында  (7х3) өсіп-жетілуі тоқтайды.
Қазір сандар сырын зерттейтін нумерология ғылымы ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл дегеніңіз, ежелгі заманнан бері тылсымы таусылмаған 7 санының әлі талай  құпиясы ашылады деген сөз. 
Г.ТЕЛЬМАНҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз