ЖЕТПІС ЖЫЛ КҮТТІРГЕН ҚАЙРАН АҒАМ

281

0

Ұлы Отан соғысының халқымызға алып келген қасіреті аз
емес. Адамзат тарихындағы ең қайғылы, жойқын соғыс болды. Сұрапыл жылдарда 60
миллионнан астам адамның өмірі қиылды. Сол жылдарда жүрекке түскен жара 70 жыл
өтсе де жазылар емес. Содан бері үш-төрт жаңа ұрпақ дүниеге келсе де ұмыт
болатын емес. Осы айтылған сөзді растайтын өмірдегі болған оқиғаны сіздерге
жеткізейін деп отырмын. Ұзақ жылдар бойы бір дерегін таба алмай жүрген ағамыз
жайында интернеттен бір мағлұмат кездестіріп, төбеміз көкке жеткендей күй
кештік. Жақсы хабарды биылғы жылдың 20 қаңтарында алдық.

Менің әкемнің (Дүйсенбаев Смайылдың) туған інісі Ысқақ
Дүйсенбаев соғыстан қайтпай қалған, шейіт болған азаматтардың бірі. Бұл кісілер
4 ағайынды болған. Үлкені Оспан-1903, Смайыл-1906, Ысқақ-1910, Кенжетай 1913
жылғы, ол жас кезінде қайтыс болған, ұрпақ жоқ. Қалған үш кісілерден ұрпақтар
бар. Олар Шиелі ауданы, Керделі ауылдық
кеңесінде жерінде, нақты Сырдарияның арғы бетінде Таштоп (Ташкентское топливо)
деп аталатын паровозға сексеуіл дайындап жіберетін, Қызыл жыңғыл деп атайтын
жерде, атақоныста дүниеге келген.

1932-1933 жылғы жаппай ашаршылық кезде барлығы
Өзбекстанның Ташкент облысы Пскент ауданындағы №6 Көкарал кеңшарындағы туысы,
сол кездегі қызметкер, қарт большевик ағалары Әлиасқар Нұржановты паналайды.

Соғыс басталғаннан кейін Ысқақ әскер қатарына 1941 жылдың
тамыз айында шақырылып, Пскент аудандық әскери комитетінен Алматы қаласындағы
генерал М.Панфилов жасақтаған 316-атқыштар дивизиясының құрамына жіберіледі.
Дивизия Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның өзінен әскерге шақырылған
азаматтардан жасақталған еді. Жағдайдың қиын болуына байланысты оларды әскери
дайындықтан тездетіп өткізіп, Мәскеу түбіндегі немістермен болған жойқын
соғысқа апарып салған. Ол дивизияның даңқы Ұлы Отан соғысында алтын әріппен
жазылып тарихта қалған. 1941 жылдың қараша айында жау Мәскеуге 18 шақырым
жақындағанда жаудың шабуылын бірінші рет тоқтатып, барлық танктерін қиратып,
неміс әскерін жойып, жеңіске жеткен дивизия ретінде жұртшылық оларды жақсы
біледі.

Осы жанқиярлық ерлігіне байланысты 316-атқыштар
дивизиясына Панфилов атындағы 8-і гвардиялық атқыштар дивизиясы деген құрметті
атақ берілген. Олардан басқа тағы Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин және
кейіннен Бауыржан Момышұлы да Кеңес Одағы Батыры атанды. Әскер қатарында
ағамыздың осындай даңқты дивизияның құрамында болып соғысқанын мақтан тұтамыз.
Ол кісі сол 1941 жылдың аяғынан 1944 жылдың 3 ақпанында қайтыс болғанға дейін
осы құрамда қан майданның ішінде үздіксіз қолына қару алған. Калинин майданы,
6-гвардиялық армиясы, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы, №1077 полкі құрамында
Великие Луки, Новосокольнический ауданы жерінде Ленинградтың қоршауын бұзуға
бағытталған жойқын соғыста мерт болған. Майор Бауыржан Момышұлы №1077 полктың
командирі болып қатар соғысқан. 1944 жылдың 3-ақпанында өзі қайтыс болғаннан
кейін, екі күннен соң 1944 жылдың 5 ақпанында бірінші және соңғы рет қоршау бұзылып, Ленинградқа
жол ашылып, қаланың халқы аман қалған.

Қайтыс
болып жерлеген жері – Монакова селосы. Ол Волгино қалашығының жанында
Новосокольнический ауданында орын тепкен. Интернеттен берілген тізімде сонда
қаза тапқан қазақтардың аттары өте көп. Жетпіс жылдан кейін дерегі шығып, ағамның
табылғанына мен қатты қуандым. Ол кісінің соғыста хабарсыз кетіп, дерегін
білмей қайғырған, құса болған ағалары Оспан мен Смайылдың, жары Қарақастың
тарыққан, зарыққан кейіптерін көрген адаммын. Ол кісілер сол қайғыларын
арқалап, ешқандай дерек білмей, өмірден өтіп кетті.

Ысқақ
ағамыз соғыста кіші сержант дәрежесінде соғысып партия мүшесі болған. Ол кезде
кез-келген адамды партия мүшелігіне ала бермейді. Полк командирінің 1943 жылғы
5 шілдедегі бұйрығының 6-кезегінде бөлімше командирінің орынбасары Ысқақ
Дүйсенбаев 1942 жылдың 21-22 мамырында немістердің шабуылын тойтару кезінде
немістің бір офицерін және 5 солдатын құрбан еткені, 1943 жылдың 21 сәуірінде
немістің жасырын орнында отырған 2 немісті өлтіргені үшін «Ерлігі үшін» (За
отвагу) медалімен наградталған деп көрсетілген. Басқа да наградалары әлі
іздестіріліп жатыр. Осы жаңалықтарға байланысты 1915 жылдың 3 ақпанында (70 жылдан кейін) ағамызға арнап Шиелі
ауданында Иманжүсіп елді мекеніндегі (Қарғалы) өзінің шаңырағы – немересінің
үйінде арнайы ас беріліп, құран бағышталды.

Алдағы
сәуір айының аяғына таман Жеңістің 70 жылдық тойының алдында Ресейге Тверь
облысына (бұрынғы Калинин) Новосокольнический ауданы Монакова селосындағы
бауырластар зиратына жерленген ағамыздың басына елден топырақ апарып салып,
құран бағыштауға ағайын атынан барып қайтуға ниет етіп жатырмыз. Ол жақтан да
топырақ әкеліп, бабалар жатқан жерге зиярат етіп, құран оқитын боламыз. Басына
барып қайтатын кісілерді нақты анықтайтын боламыз. Сол бауырлас зиратына Кеңес
Одағының батыры Әлия Молдағұлова да жерленген деген әңгіме бар. Бұл мәселе
жөнінде сол Монакова селосының главасы (әкімі) Моисеев Николай Николаевичпен
хабарласып отырмыз. Сонымен қатар, ағамызбен бірге жерленген мына төмендегі
азаматтардың аты-жөні белгілі болды. Барлығы сол дивизиядан. Сондықтан бұл
кісілердің де аты-жөнін толық көрсетейін деп отырмын. Мүмкін, туыстары табылып
қалар деген ізгі ниетпен қосымша хабарлаймын.

Байттаев
Сеилбек-1921 ж. Комсомол ОҚО Шаян ауд. Көктерек с/совет 3.02.1944ж. қайтыс
болған. Әйелі Ракия.

Абишев
Темирбек –1925 ж. ВКП(б). ОҚО. Жуалы р-н. Күркүреук селосы. 03.02.1944ж. қайтыс
болған. Анасы Абишева Рахия.

Нурғазиев
Адилхан-1921 ж. ВКП(б). Алматы обл. Нарынкөл ауданы, Кзыл-Шығар селосы.
03.02.1944 қайтыс болған. Әкесі Елшаев Нұрғазы.

Гапуров
Разак-1905 ж. ВКП(б). Алматы Фрузак селосы. 03.02.1944 ж. қайтыс болған. Әйелі
Гапурова Мотя.

Илубаев
Турганбек – 1922ж. К.т. ВКП(б). Ташкент обл, Чирчик р-н, Барденкульский
с/совет. 03.02.1944ж. қайтыс болған. Әкесі Дусанбетов Илубай.

Әрі
қарай зерттесе, бұл тізімді одан әрі жалғастыруға болады.

Менің
әкем Смайыл 1942 жылы қазан айында армияға алынып, Харьков, Житомир қалаларын
азат етуге қатысқан. Ұшақтан тасталған
бомбаның астында қалып, контузия алып, 1943 жылдың қарашасында елге оралған.
Соның салдарынан екі құлағы керең болып қалған. Соғыста інісі Ысқақпен
мүмкіндігінше хат алысып тұрған. Інісінен ең соңғы 1943 жылдың 31 шілдесінде
жазылған хатын алғаннан кейін хабар үзілген. Ол хат үйде сақтаулы. Елге келіп
қанша іздестіргенмен хабарын таба алмаған. Соңғы хабарды жақында біз алып
отырмыз. Әкем 1984 жылы 78 жасында қайтыс болды. Пәниден өткенше інісін жоқтап
арманда кетті.

Ағамыз
армияға алынғанда 3 жасар Жүрсін деген қызы болған. Әйелі Қарақас 30 шақырым
жердегі Пскент ауданында әскерде болған ерінің артынан есекке мініп, қызын
алдына алып, іздеп барып жолығып қайтқанын өлгенше айтып отыратын. 1942 жылы
қаңтарда екіқабат болып қалған әжеміз Ерден деген ұл баланы дүниеге әкелген.
Ерден әкесін, әкесі баласын көрмеген. Менің әкем інісінің жетім қалған қызы
Жүрсін мен ұлы Ерденді қолына алып, бізбен бірге өсіріп азаматтыққа жеткізді.
Жүрсінді бойжеткенде қолдан ұзатып, күйеуге берді. Ерденді үйлендіріп, бір
балалы (баласы Төленді) болғаннан кейін енші беріп, бөлек шығарды. Екеуінен де
ұрпақ ұл-қыздары бар, өсіп-өнген жандар. Әжеміз Қарақас өте керемет сабырлы,
мәдениетті, барға қанағат ететін таза әулие кісі еді. Өзінің балаларына да,
бізге де ешуақытта дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Қатты дауыс шығармай, жәй ғана
ескерту жасайтын. Баланы қарғап-сілеуді білмейтін. Сондықтан біз балалар ол
кісіні өте жақсы көретінбіз. 1942 жылы қаңтар айында Қарақас әжем ұлы Ерденді,
анам Мәріш мені (Мұхитдінді) қатар босаныпты. Арамыз 9-ақ күн, Ерден үлкен. Екі
әкеміз де соғыста. Жағдай қиын, талап қатты, екі анамыз да біздерді бесікке
бөлеп, жұмысқа кетеді екен. Бізге қарайтын естияр адам жоқ. Сол бесікке таңулы
жатады екенбіз. Қанша жылап шаршағаныңды бір құдай біледі. Әйтеуір, анамыздың
қайсысы бұрын келсе, сол екі баланы кезек емізе береді екен. Біз сөйтіп екі
анамызды тел еміп, қатар өскен ұрпақпыз. Екеуміз де аналарымызды өскен кезде де
өте қатты қадірледік. Екеуін де ақ
арулап шығарып салдық. Әкем Смайыл ауылдың қадірлі азаматы болып қойма
меңгерушісі, ферма меңгерушісі, бөлімше бастығы болып қызмет істеді. Біздерді
ел қатарлы бағып өсірді, дұрыс білім алдық. Тамақтан, киімнен ешуақытта
таршылық көргеніміз жоқ.

Бала
кезімде көрген, есімде қалған соғыстың зардабының бірін айтқым келеді. Соғыстан
кейінгі халықтың жағдайы қиын кезде елді аралап қайыр сұрайтын қайыршы мен сығандар
көп болатын еді. Олар әр үйге кіріп қайыр сұрап, білгішсініп, соғыстан келмеген
адамың бар екен, сол адам ұзамай 21, 49, 77, т.б. күннен кейін келеді деп,
сәуегейлік айтып, бал ашып, адамдарды иландыратын. Соларға Қарақас әжеміз
қолдағы барын беріп, кәдімгідей сеніп, реңі кіріп, қуанып қалатын. Өткен
күндерді ерінбей санап отыратын. Сол айтылған келеді деген соңғы күні тіптен
мазасызданып, таңертеңнен кешке дейін үйге кірмей, тамағын да дұрыс ішпей,
далада жүретін. Бұл жауабы жоқ, мерзімі жоқ қайғылы жағдай апта емес, ай емес,
жыл емес, бірнеше ондаған жылдарға шексіз созылғанда ол кісінің соншалықты
зарығып, күйеуінің келуін күткенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Сондықтан
енді еліміз аман болсын, тыныштық заман болсын, ұрпағымыз соғыс көрмей-ақ
қойсын дейміз.

Мұхитдін Смайылұлы,

еңбек
ардагері,

Шиелі
ауданының

Құрметті
азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз