ЖҮРГЕНОВТЕР ӘУЛЕТІНІҢ АҚИҚАТЫ

84

0

Жәрімбет бидің тікелей алтыншы ұрпағы болып табылатын Темірбек (Темірше) Қараұлы Жүргенов және Жүргеновтер әулетінен тараған ұрпақтардың кеңестік жүйеден көрген зорлық-зомбылықтары ауыр трагедиялық жайт. 
Әрине, оқырман қауым 1933-1937 жылдарда ҚазССР Халық ағарту комиссары болып қызмет істеген Т.Жүргенов туралы, оның 1938 жылы атылғанын, кейіннен есімі толық ақталғанын білері сөзсіз. Алайда, оның бірге туған інілері, әкесі мен Тұрған ұрпақтарының басына түскен зобалаңды біле бермеуі әбден мүмкін.
Колхоздастыру кезінде мал-жанды бір орталыққа ұйыстыруға қарсы шыққандар арасында Жүргенұлы Қара, оның балалары Қосжан, Досжан, Жұдырық баласы Нұржан болған. 
Жүргеннен – Қазыбай, Қара, Жұдырық, тағы басқа балалар өсіп-өнген. Осы ұрпақтың ішінде Қара есімі ерекше құрметпен аталады. Қара Жүргенұлы 1858 жылы Қазалы уезіне қарайтын Қаракөл-Қуаңдария болысында көшпелі отбасында өмірге келеді. 
Жәрімбет, Әлен, Қуаң да өз кезеңінің тұлғалы азаматтары болған. Есімі Сыр мен Арқаға бірдей таныс, Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған Сарыбай Әзілкеш ақынның Болық қызбен айтысында: 
«… Ақ Болық жіңішке мен жуан қандай? 
Сыймайды-ау қамзолыңа сыбанғандай!
Мақтайсың оның несін, ей, ақ Болық, 
Қоздатқан сексен мыңды Қуаң қандай!»
Міне, сексен мың қойды қоздатып, үш мың жылқы өргізген Қуаңның бел балалары Жүрген, Тұрған, Дәгір мырза. Байлығы демекші, ел аузындағы әңгімелерде ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарында  Қарақұмда Дәгір мырза қайтыс болғанда көш 40 күн еру болып, Шатырлыда күмбезді үй-там салайын десе, құмдақ жерде кесек құя алмайтын болады. Сонда Қуаң екі мың жылқыны жалы мен құйрығын күзеп, күнде мың биені саудырып, құмды сүтке илеп, кірпіш бастырады. Осы әдіспен үй-там салғызып, ұсталардың тамағына 90 қысырақ байлатыпты. Сол үй-там сол кезден бері Дәгір тамы аталып келеді. 
Жәрімбеттен басталған билік, байлық Қара Жүргенұлына да жеткен. 1898-1901 жылдарда болыс болған, кезінде сотталған. 
Қазақстан үкіметінің 1927 жылғы ірі байларды тәркілеуіне Қара Жүргенұлы 1928 жылы ілінеді, ал оның үлкен балалары Қосжан мен Досжан тәркілеуден қашып, Қарақұмды паналаған. 
Мемлекеттік мұрағаттағы сарғайған құжаттар арасында Қара Жүргенұлы, оның баласы Ысқақ пен немересі Миназардың іс-қағаздары кездесті. 
Бұрынғы Жаркөл болысының ауылында тұрушы Қ.Жүргеновті 1928 жылы 4 қаңтарда Қазы деген жерде малдарын алдын ала есепке алып, оның жазда Мамытта, қыста Қазы мен Сырдария бойында болатындығын және 100 ірі жылқысы, 40 құлын-тай, 120 түйе мен ботасы, 50 сиыры бар екенін, қой-ешкісінің 500 басты құрайтынын іске тігіпті. Сонымен қатар, осы құжатта: саманнан салынған үйі, 4 жалшы ұстайтыны, жеке күймесінің де барлығы тіркеліпті. Мұнда және оның жеке қыс қыстауы, жаз жайлауы, майса шабындығы, оған бөтен ешкімнің малы жіберілмейтіні, 1919-1920 жылдардағы қызметі, 1926 жылы жеке қаражатымен мешіт салдырғаны да жазылған. 
Ақтөбе округтік комиссиясының 27-тамыз бен 4-қыркүйектегі қаулылары бойынша Қара Жүргенұлының мал-мүлкін тәркілеп, осы жылдың 27-қарашасынан қалмай (9 жанымен бірге) Қарқаралы округіне барып тіркелуін міндеттеген. 
Ырғыз аудандық тәркілеу комиссиясының мәжілісінде (4-қараша, 1928 ж.) №27 санды шешімімен Ысқақ Қараұлының мал-мүлкін тәркіледі. Миназардың шаруашылықтары бөлек емес, Қ.Жүргенұлымен бірге деп қаулы шығарған. Бұған қарсы Ысқақ Қараев, Миназар Ноғайұлы: «біздің еншіміз бөлек» десе, 1928 жылдың 22-қарашасында А.Бәйімбетов өз малдарының Досжан, Қосжан Қара балалары мен Қ.Жүргенов малдары ішінде кетіп отырғанын, тәркілеу комиссиясынан малдарын қайтаруды сұрап арызданған. Қаншама арызданса да, олардың еншілері (мал-мүлкі) Қарамен бірге деп ұйғарым жасалған. 
8-қараша 1928 жылы Ырғыз ауданында өткен жалпы жиналыста салық төлемегені үшін: 1). Жүргенұлының малын алуға; 2). Алты құлынды бие, 2-бойдақ байтал, бір айғырын сатуға ұйғарым  да жасапты. 
Құжаттар дерегін қарап отырсақ, жазбалары түрліше болып, тіпті бір-біріне қайшы тұстары кездеседі. Бұл кезеңнің (1928-1929 жылдары) нағыз аласапыран болып, байларды аяусыз қуғындағаны, тіптен олардың арасында кедейлер мен орташалардың да жапа шеккендері айқындала түсті. Қ.Жүргеновтің 1928 жылдың 10-тамызында комиссиялардың есептеуінше 388 бас (ірі қараға шаққанда) малы болса, қазір 204, жасының 65-те екені құжатқа түскен. 
Тәркілеуге (ірі байларға) жатпайтынын айтып Қара Жүргенұлы Қазақ үкіметінің басшысы Елтай Ерназаров пен Бүкілодақ ақсақалы атанған М.Калининге дейін арызданған. Алайда, оның бұл арыздары қанағаттандырылмапты. Сондай-ақ, ол арызында:  «Мал шаруашылығымен айналысқанын, 3 отбасында 14 жанның барлығын, мал бағудан басқа ешнәрсе білмегенін, көрмегенін, жазығының жоқ екенін айта отырып, Қ.Жүргенұлы Қазақ ССР Жоғарғы тәркілеу комиссиясына тағы да арызданған». 
«… Мені актілегенде Ырғыз ауданында едім. 27-тамызда байларды тәркілеу туралы  шығарылған декреті бойынша ұстап отыр. Декреттегі заңға малым жетпейді, малымның саны – 66 ірілі-уақты жылқы, 18 түйе, 65 қой, 1 бұзаулы сиыр. Мені бай деп ұстап отыр. Тәркілеуге алдын ала есептеген жоқ, қыстау, там да, қымбат мүлік те жоқ. Ырғызда ешбір жұмысқа араласқан емеспін. Болыс болғаным жоқ, қайта патшалық кезеңде 2 жыл Ырғызда абақтыда, түрмеде болдым. Ол туралы қолымда құжаттарым да бар. Алашорда кезінде кеңеске жақ болдым. Сол үшін Алашорда бастықтары А.Теміров, К.Сейдалин дегендер 300 түйе айып салып, малымды талады және өздері қашып кеткеннен кейін де менің басымды жауапкершіліктен шығармады. Кеңес кезінде жаман сөзге іліккен емеспін, жауапты болғаным жоқ. Жайыма көшіп жүрген шаруамын». (Әкесі хат танымайтын болғандықтан, әкесі Қара үшін, растап қол қойған баласы Ысқақ). 
Қара Жүргенов арызында жоғарыдай баяндаса, 1928 жылдың                          8-қарашасындағы Ырғыздағы №18 ауыл адамдарының жалпы жиналысында Қара хақында былайша жазылыпты: «Қара Жүргенов Николай заманында 3 жыл болыс болған. Болыс болып жүргенде өзінің хатшысы Зарқұм дегенмен қас болады. Сөйтіп айтысып жүргенде араға пара кіріп, Зарқұмды Сібірге айдатады. Сондай-ақ Қараның кейбір озбырлықтарын тізбелеген». 
Жүргеновтер әулетінің өмір жолдарын 47 жылдан бері зерттеп жүргендіктен, сол кезеңдегі құжаттардан Қара жайлы жазбаларының (байлығы, іс-әрекеті, қызметі) кейбірінің шындыққа жанасатынын аңғардық. Қ.Жүргеновтің жоғарыда келтірілген арызында болыс болғаным жоқ деуі өтірік те, 2 жыл түрмеде болғаны шындық. Өйткені 1901 жылдың 25 наурызында Қара Жүргенұлы мен Көшпан Айтбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, №362 бап бойынша сотқа тартылып, ісі қаралған. Бұл жөнінде «Туркестанская ведомость» газетінде  хабарлама да басылған. 
Қараның мәлімдеме арызында үш отбасының бірге екенін жазса, баласы Ысқақ пен Миназар Ноғайұлы: «…1923 жылдан Қарадан еншілерінің бөлек екенін, жеке малдарына салық төлеген түбіршіктерінің (квитанция) барлығын, Ысқақта 24 жылқы, 13 түйе, 9 сиыр, 50 қой-ешкісінің, Миназарда 14 жылқы, 11 түйе, 6 сиыр, 30 майда малының Қара Жүргеновтің малдарына қосылып есептелгенін айтып арызданған». Олардың арызын Қызылорда округтік нотариус Құрымшин бекітіп, қолын қойған. 
Жергілікті ұйымдар мен тәркілеу комиссиясынан басқа Қазақ үкіметінің басшысына арызданған. Е.Ерназаров 1928 жылдың 30-қарашасында Ысқақ Қараұлы мен Ноғаев Миназарды тәркілеуден босатуды тапсырған. Бұл кезде Миназардың қарауында шешесі Сұлу, қарындасы Сымбат болса, Ысқақта екі жан ғана екен. Мұрағат деректері осылай дейді. 
Мұрағат құжаттарын қарап отырсаңыз әке мен баланы, іні мен аға арасын шатастырған, бір-біріне қарсы қойған деректер де бой көрсетіп қалады. Сондай деректің бірі Қараұлы Ысқақтың Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Ізмұқан Құрамысовқа жазған хатында: 
«Ізмұқан ағай! 
Ғапу ете көріңіз, аз ғана менің арызым бар. «Мақтаған кісідей, шаққан өлтірет» деп нақақтан сорлап отырмын. Өзім екі бастан өткен заманда жас болдым, кеңес өкімет басында ауыздығын сүйіп аққан жасынның бірі емеспін бе? Бір алжығанның қылмысына айырбасып, нақақтан түсіп, жас басым көктей солып, қыршыннан қиылып, құқығынан айыратындай жаңа өкіметке не жазығым бар? Әділеттілік келеді ғой деп едім, олай болмады. Аяғында, осындай болдым. 
Енді Ізмұқан аға, ұрсаңыз да сізден басқа жылайтын адам таба алмадым. Өз қолыңыздан өлтіріңіз. Жаңа заңға қарсылығым емес. Біреу үшін күйіп барамын. Баяғыда екі-үш күн болса етігіңізді тартып, төсегіңізді салған, қосшылық ақымды екі дүниеде сұраймын», – дейді.        
Әкесі мен баласын қарсы қойған кеңестік саясаттың нәтижесінде баласы бар кінәні әкесіне аударып, оны «алжыған», «біреу үшін» деген сөздерді еріксіз айттырып, жаздырып отыр.
1928-1929 жылдар аралығында жүргізілген тәркілеудің көрінісі осындай болса, 1930 жылғы шаруалардың кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісі осы тәркілеуден, колхоздастыру кезеңінде басталған. Қара Жүргенұлының ең үлкен ұлы Ноғай тәркілеуге жетпей қайтыс болған, одан кейінгі үлкендері  Қосжан, Досжан Қарақұмға қашып барып, сарбаздар жасақтап, «Қарақұм көтерілісі» деген атпен белгілі көтеріліс басшыларының бірі болған. 
Алайда, кеңес өкіметі басшыларының тарапынан кеңшілік болады деген сөзге сеніп, ақыры түрмеге қамалады. Досжан екеуі ОГПУ алқасының 1932 жылдың 19-қаңтардағы қаулысымен атылған. Ал Қара Жүргенұлының өзі 1929-1932 жылдары Қарқаралы округіне жер аударылып, ақыры 1933 жылы Жалағаштағы №16 ауылға келіп ашаршылықтан әупірімдеп аман қалады. Кейін тыныш өмір сүріп жатқан Жүргеновтер әулетінің басына тағы да зобалаң түседі. Ең алдымен Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметіндегі Темірбек Жүргенов 1937 жылдың 2-тамызында КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен ұсталып, қамауға алынып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1а, 58-б, 58-7, 58-8, және 58-9 баптары бойынша айыпталған. 
«… Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Себебі ешқандай контрревоюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ және ондай ұйымның бар-жоғы маған мүлде белгісіз» деген. 
Т.Жүргенов кейінгі жауаптарында тағылған айыптардың біразын мойындаған. Шын мәнінде оны зорлап мойындатқан. Сондай-ақ, тергеушілердің ісіне республикалық басылымдардың жала жапқан мақалалары да көмектескен тәрізді. 
КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде Темірбек Жүргеновтің қылмыстық ісі қаралып, ату жазасына кесілген 19 комиссардың бірі болды. Үкім 1938 жылдың 25-ақпанында қазіргі Боралдай маңында орындалыпты. 
Алматыдағы Темірбектің ұсталуын күтіп отырғандай Қармақшы аудандық НКВД бөлімшесін басқарған сержант С.А.Пяткин Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасына қатынас жолдап, Қара Жүргеновті 1 категориямен тұтқындауға рұқсат сұраған. 
Басшыларынан келісім алған Пяткин Қ. Жүргеновті 17-тамызда қамап, 15-қыркүйегіндегі Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасының «үштігінің» шешімімен атуға бұйрық шығарылып, ол үкім 1938 жылдың 25-қыркүйегінде Қызылорда қаласы маңында орындалған. 
«Халық жауының» әйелі атанған Дәмеш Ермекова бас бостандығынан айырылып, «Алжирде» болады. 1946 жылы ғана Аматыға келуге рұқсат етілген. Ал Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өзі 1957 жылдың 18-көкегіндегі КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталды. Алайда Д.Ермекова, М.Байділдаев, т.б. азаматтардың ізденістері нәтижесінде алғаш рет Т.Жүргеновтің 70 жылдығы 1968 жылы аталды. Міне содан бері, 80, 90, 100, 110 жылдық мерейлі жылдары аталып өтуде. Көптеген мектептер мен мәдени орындарға, көшелерге Т.Жүргенов есімі берілді. Алматыдағы өнер академиясы Т.Жүргенов есімімен аталады. 
Жүргеновтер әулетінің басынан кешкендерін осымен тоқталуға болар еді. Алайда, Жүргенов ұрпақтарының бірі «Құдайға шүкір, біз бармыз» деген Қосжанов Қиназар (1927-2000) ағайдың жазған мақаласы қамшылап отыр. 
1937 жылы айы, күні көрсетілмеген қамаудағы Қ.Жүргенов туралы анкетада оның 1858 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда ауданында Қаракөл деген жерде туып, Қармақшы ауданының №16 ауылында тұрғаны жазылып, отбасы мүшелері түзілген. Әйелі Кәнпит Демесінова 49 жаста, ұлдары Қосжан Қараев 44, Досжан Қараев 43, Темірбек Жүргенов 40, Ысқақ Қараев 30, Кәпназар 29, Миназар Ноғаев 17, Қараев Айназар 12, Зағипа Қараева 5 жаста деп көрсетіліп, айыптау құжатының №937 іс екені де анық жазылған. Міне, осындағы тізімде Ташкентте оқуда жүрген Биназар (Битай) Қуановтың есімі жоқ, ол 1920 жылы туылған. 
Қара Жүргеновті ұстап, үйіне тінту жүргізгенде (1937 жылдың                     17-тамызында) мынадай заттар тізімге алынған: 
1. 6250 сом ақшасы (1919 жылғы үлгідегі); 
2. 160 сом ақша (бұл ақшасы қайтарылып берілген); 
3. Қойын дәптері (қазақтың руы жазылған); 
4. Ақшаны айырбастау туралы «Нарком Финге» жазған арызы; 
5. Пенсияға шығу туралы өтініш қағазы көрсетілген. 
Қара Жүргенов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16-қаңтардағы «30-40 жылдары 50 жылдың бас кезінде орын алған жаппай қуғын сүргіннің құрбандарының праволарын қалпына келтіру туралы» жарлығына сәйкес 1990 жылы 28 қарашада Жүргенов Қара ақталған. Ақталса да олардың үрім-бұтақтарының жүрегінде орны толмас қайғы, ауыр жылдардың өксігі мен ащы запыраны қалды. Бұл ойларды Қараның Кенжесі – Зағипа Смағұлова мен немересі Қиназар Қосжановпен сөйлескенде анық аңғаратын едім. 
Жүргенов Қарадан тікелей тараған ұрпақтары: Қосжан, Досжан, Темірбек, Ысқақ, Алматыдағы «Тау-кен» институтының студенті Кәпназар, Айназар ОГПУ-НКВД құрығына түсіп, немересі Миназар, Жұманазар соғысқа қатысып, майданнан Биназар (Битай) ғана аман оралды. Бір Қараның ұрпағынан (өзін қоса есептегенде) 7 адам атылса, Қарамен бірге туған Жұдырықтың баласы Нұржан (1898-1973) Владивостокқа 10 жылға жер аударылып, көп азап тартып елге келді. Жүргенмен бірге туған Тұрған ұрпақтары Қарақұлдың (1848 жылы туған) алымды туған баласы Пірназар Қарақұлов (1902 жылы туылған қазіргі «Жаңаталап» колхозынан алғашқы басқарма төрағасы болған тұсында Қараның баласы Ысқақпен бірге 1937 жылы 29 желтоқсан НКВД «үштігінің» үкімімен ұсталып, 1938 жылдың 27 қаңтарында сотсыз атылған. Сондай-ақ Қара Жүргеновтің немере інілері Жарасбай, оның ұлдары Смахан мен Ысқақ та Қарақұм көтерілісінде опат болады. 
Жүргеновтің кейінгі ұрпақтары да қабілет-қарымы мол, сауатты бола тұра кеңестік кезеңде зорлықтан құтыла алмады. Оларды көзге шыққан сүйелдей көрді. Қызметте өсірмеді. 
Мақаламыздың басында Т.Жүргеновтің қызметі туралы сөз қозғамағанымызбен, оның әсіресе қазақ халқының өнері мен мәдениетіне, білім, ғылымына қосқан үлесі зор болды. Тіпті 1936 жылғы онкүндікте Жамбыл мен Күләшті КСРО-ға танытты және оларды онкүндік барысында И.В.Сталин мен И.М.Калинин қабылдауларында болуына ықпал етуін сол кездегі түсірілген кинодан көріп қаламыз. 
Темірбек (Темірше) Қараұлы Жүргенов жайлы талас тудырып, үнемі екіұдай жазылып келген өмірбаяны. Өмірбаян хақында Т.Жүргеновтің Орынбор мен Ташкентте және Алматыда жазған құжаттары бар. Заман тыныш кезінде, колхоздастыру мен тәркілеудің жоқ тұсында 1925 жылы Өзбекстанда жазған (Өзбекстан, Орталық архиві, 86-қор, 1-тізбе, 671-іс-33-ші парақ) өмірбаянында. «Я родился в 1898 году в Казалинском уъезде в семье Киргиза скотовода».  Т.Жүргенов әкесінің туған, тұрған жері Қазалы уезіне қараған «Қаракөл-Қуаңдария» болысы. Шындық осы. 
Көптеген Т.Жүргеновті зерттеушілердің назарына түспеген ерекше оқиғалардың бірі – оның большевиктік партия қатарынан шығуы. 1925 жылы іскер ұйымдастырушы ретінде облыстық партия комитеті Ә.Жангелдинмен бірге Адай округіндегі НКВД қарамағына қызметке жіберуге шешім қабылдайды. Алайда, Т.Жүргенов оған баруға өзінің денсаулығының жарамайтынын, дәрігер А.В.Райбштейннің берген дәрігерлік қорытындысын ұсынады. Анықтамада Т.Жүргеновтiң екі өкпесінің, оған қоса екі аяғының буыны ауыратынын көрсетіп қол қойып, мөрін басқан. Комиссия мүшелері дәрігердің қорытындысына қарамастан, Адай округiне баруды талап етеді. Т.Жүргенов 1922 жылдың 16 қарашасында және 4 желтоқсандағы арызымен өзін партия қатарынан шыққан деп есептеуін сұрайды. Облыстық партия комитеті 1922 жылдың  8 желтоқсанында «Т.Жүргеновтiң партиялық қылмыстық ісі» қаралып, оны партия мүшелігінен өзінен-өзі шыққан деп есептелсін», – деп шешім шығарған. 
Қызыл партияның қызулы күндерінің өзінде өз ойын ашық айтып, партия мүшелігінен шығуы батылдықтың бір көрінісі. 
Т.Қ. Жүргеновтың туған жері Жалағаш ауданындағы Жаңаталап ауылындағы «Уәдібай өзегі» маңында. Оны бүгінде Жаңаталап ауылынан Саядин Талжанов, Өмірзақ Ысқақов, Жағыпар Нұржановтар біледі. 
Асыл азамат, қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің өзінің, әулетінің көрген сойқандары осындай болған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
«Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ қызметкері, зерттеуші. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз