ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗ БАТЫРЫ

Аманкелді батыр 1873 жылы Торғай уезі Қайдауыл болысындағы үшінші ауылда дүниеге келген.  Алғашқы сауатын ескіше медреседен алып, соңынан екі жылдық орысша-қазақша мектепте оқыған.
Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымындағы 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жігіттерін І дүниежүзілік соғысқа, жер қазу жұмысына алу жөніндегі жарлығын орындаудан бас тартқан халықты көтеріліске бастаған батырдың бірі осы Аманкелді Иманов болды. Бұл ұлт-азаттық көтеріліс тек Торғай уезі ғана емес бүкіл қазақ елін қамтыды.
Патша үкіметі Орын­бор­дағы генерал-губернаторға көтерілісті тездетіп жоюға арнайы отряд шығарып, қатаң жазалауға тапсырма береді.
Жер жағдайын жақсы білетін жергілікті сарбаздар Аман­келдінің басшылығымен партизандық соғыс тактикасын пайдаланды. Тікелей бетпе-бет соғысқа мүмкіндігінше бармаған. Бір жарым жылға созылған бұл соғыс аяғында патша үкіметінің құлауымен, совет үкіметінің орнауымен аяқталды.
1918 жылы бүкіл Ресейде азамат соғысы басталды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастаған саяси қозғалыс күшейіп, мүмкіндік болса өз алдына мемлекет құру бағытын ұстанып, қарулы күш жасақтап әрекет жасалды. Сол кездегі Торғай қаласы саяси күштердің тоғысқан орталығы болды.
Бұл кезеңде дала батыры большевиктер жағында болды. Осы жолға түсуіне Әліби Жанкелдин қатты ықпал етті.
Биыл Аманкелдінің өмірден озғанына 100 жыл толып отыр. Елін езгіге қарсы көтеріліске бастаған Аманкелдінің өмірден өтуі жайлы түрлі әңгіме көп. Бір анығы – оның өлімі адам қолынан болғаны.
Ұлт-азаттық көтерілісінде ерекше ерлік көрсеткен батыр­лардың бірі – Кейкі мерген.
1871 жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қонысында дүниеге келген Кейкі көтерілістің өте белді ұйымдастырушыларының бірі болған. Тарихта бірінші рет жауға қарсы арнайы мергендер жасағын ұйымдастырып, дұшпандардың зәре-құтын қашырған. Кейкі мергендерінің оғынан ажал құшқан жаудың нақты есебі жоқ, еш жерде айтылмайды, дегенмен со­ғыс кезіндегі олардың ерлігі халықтың есінде мәңгілік сақ­талып қалған. Соғыс ке­зінде Кейкінің мергендер жа­сағы Күйікте Торғай қала­сын қоршауға алғанда, Доғал шай­қасында ерекше ерлік көрсеткен.
Аманкелді батырдың өлі­мінен кейін Кейкі қуғынға ұшы­райды. Біраз жыл Ұлы­тау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры 1923 жыл­дың көктемінде комиссар А.Токаревтің алдап шақырған сөзіне сеніп, Торғайға келгенде ойы харам екенін сезіп, оны кабинетінде атып кеткен. Дегенмен, соңынан қалмай қуған әскердің қолына түседі. Олар мергеннің денесін бөлшектеп,  басын кесіп алып бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып іліп қояды.  Кейін Кейкінің басын Орынборға жіберіпті. Онда үш жыл тұрғаннан кейін 1926 жылы Қазақстанның орталығы Қызылордаға көш­уіне байланысты басты Санкт-Петербурға апарып антро­по­логиялық қор­дың күзет каме­расына №3383 номерімен мәңгілік сақтауға қойылады.
Дегенмен, Алла сәтін салып, 2017 жылы Кейкі бабаның басы елге қайтарылып, туған жері Байтұмаға ақ арулап қайта жерленеді. Бұл халықтың есінде қалатын сауапты іс болды.
Дәл осындай сәтті жұмыс еліміздің несібесіне қайта­ла­нып Кенесары ханның басы табылып жатса, ел еңсесі көтерілер еді.  
Аманкелді Үдербайұлының атасы Иман батыр Кенесары ханның сарбаздарының қатарында шайқасқан ерлердің бірі болған.
Аманкелдінің ұлы Рамазан (1916-1942 жыл) Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Торғай қаласының орталық алаңына Аманкелді мен Кейкіге арнап үлкен ес­керткіш қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Атырау қала­сында Исатай мен Махамбет қойылған ескерткіш сияқты болып жарасып тұрар еді.

Мұхитдин СМАЙЫЛҰЛЫ,
еңбек ардагері,  
Шиелі ауданының
құрметті азаматы.
Тарих 09 ақпан 2019 г. 1 961 0