Жанәбіл атаның жәдігерлері

Аралдағы Ақбай ауылында тұратын Жанәбіл ұстаны көпшілік жақсы таниды. Ағаштан түйін түйетін ақбайлық шебердің қолынан шыққан дүниелерін ауылдастары қызыға тамашалайды. Мұндай өнермен зейнет жасына жеткен соң айналыса бастаған Жанәбіл Әбдешов бүгінде немерелері қалаған дүниелерді ойындағыдай етіп жасап береді. Қазіргі таңда ағаш ұстасының ескі моншасы мұражайға айналған. Еңкіш тартқан ескі сарайға бас сұқсаңыз, қолдан шыққан көп дүниеге кезігесіз. Елдегі сәулеті келіскен архитектуралық нысандардың ағаш түріндегі шағын пішіні соның ішінде. Қазақ батырларының түрлі қару-жарақтары да сол күйінше қолдан қашап жасалынған.
Иә, айтпақшы, еткен еңбектің өтеуін қара жерден тілейтін ақбайлық қауымның жер бусана салысымен алқапқа асығатынын бүкіл ел біледі. Біздің кейіпкер әуел баста диқаншылықпен айналысып, ауылдағы «Ақбай» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болыпты. Өзі зейнет жасына жеткен соң  жас күнінен икемі бар, ұсталықты жалғастырып келеді.
– Өзім тұратын шаңырақты тұрғыздым. Сол кезде-ақ оның ішкі-сыртқы келбетін келістіріп, көзге ерекше түсетіндей етіп жасауды ойлап жүретінмін. Солай еттім де. Үйдің қабырғалары мен бұрыштарын әсем етіп безендіру ісі менің қолымнан оңай келді. Кейіннен барып, үйдегі пышақ, ара секілді қарапайым заттармен ағаш қашауды әдетке айналдырдым. Бұл менің хоббиім деуге болады. Әйтпесе, осылардан табыс табайын немесе атақ шығарайын деген ой менде мүлдем болған емес. Туындыларыма қызығушылар болды. Бірақ мен оларды саудалаған емеспін,  – дейді Жанәбіл аға.
Түркі жұртының негізін қалаушылардың бірі Ертұғұрыл жайындағы тарихи кинотуын­дыны білетін боларсыз. Көп­шіліктің жүрегінен орын алған сол кинода Ертұғұрылдың се­німді серіктері саналған алып Тұрғыт пен Бамсы сардардың жауынгерлік қарулары айбалта мен қос қылыш еді. Ауыл балалары сол қаруларды ағаштан жасап беруді өтініпті. Балалардың көңілін жықпаған ағаш шебері жарақтарды айнытпай жасап шыққан. Мұражайға айналған ескі моншада көзге бірден түсер осындай туындылар жетерлік.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Тарих 21 мамыр 2019 г. 1 326 0