Қаралы күндер тарихы

Ел тарихында миллиондаған азаматтың өмірін қиған қасіретті оқиғаларды білеміз. Олардың бірі – 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық.

Қазақстандағы тұнғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың сая­си-экономикалық және әлеуеттік жағ­дайымен танысып, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ық­палы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бас­тайды. Ол ең алдымен зиялыларға ауыз салады. Солардың ішінде Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, т.б. болды.

Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күш­теп отырықшыландыру мен ұжым­дас­тыру барысындағы зорлық-зомбы­лық­тардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруа­шылығы құлдырауға ұшырады. Ұжым­дастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан бар болғаны 4,5 млн бас қалып еді. 1931-1933 жылдары бүкіл Қазақстанды қамтыған аштықтан халықтың 2,1 миллионы қырылды.

Бір ғана Қызылорда облысында 81 байдан 10 920 ірі қара, 47 299 уақ мал тәркіленіпті. Мұрағат қорындағы облыстық прокуратураның 1937-1938 жылдардағы құпиясыздандырылған құ­жаттардағы деректері бойынша НКВД үштік сотымен 1937-1938 жылдары халық жауы деген жалаға 314 адам іліккен, оның 110-ы партия қатарынан сотталып жазаланған екен. Тарихшылардың бағалауынша, Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған.

Сол кезеңде біздің өңірде де жеке адамдарға бағытталған қуғын-сүргін өте қатал түрде жүргізілді. Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, 1930-1939 жылдары ОГПУ-НКВД органдары 4 мыңға жуық адамды жазалаған. Олардың ішінде 300-ден астам адам ату жазасына кесілген, қалғандары бас бостандығынан айырылып, арнайы лагерьлерге жөнелтілген.

Облыстық партия ұйымының қызметі Сталиннің жеке басқа табыну саясаты ықпалымен жүріп жатты. Сталиннің Кеңес қоғамының социализмге қарай қадам басқан сайын таптық күрес барынша шиеленісіп, ақыры негізсіз жаппай қуғын-сүргінге әкеп соқтырды. Халық жауларын партия қатарындағылардан іздеу басталды. Ол саяси жұмысқа үлкен зиян келтірді. Тек қана біздің өңірден БКП(б) қатарынан халық жауы ретінде бір жыл ішінде 113 адам шығарылып, сотталды.

Саяси жағдай мынаны айқын көрсетті. Облыстық партия конференциясында Сталиннің нұсқауында көрсетілгендей, коммунистер арасындағы «халық жауларын» анықтау мәселелеріне басты назар аударылғаны тегін емес. Конференцияға дайындық барысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ұйымдастыру бюросының көптеген мүшелері «халық жауы» деп танылды.

Голощекиндік геноцид қазақстан­дық­тарды, ең алдымен, қазақ халқын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түне­ріп, өлексе сасыған қазақ даласы... Больше­виктік эксперименттің нәтижесі осы еді.

Бұл қазақ елінің көрген азабының бір парасы ғана. Осыған орай,      1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады.

Сыр өңірі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар саны аз болған жоқ. Көптің білетіндері бар және әлі де зерттеле қоймаған, есімдері атала бермейтін қуғын-сүргін құрбандары да баршылық.

Саяси қуғын-сүргін жылдары мың­даған жазықсыз адамдардың қаны мен жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді, еңкейген кәріні, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбандары болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

Шәрібай Тобжанов,

облыстық мемлекеттік 

архив қызметкері.

Тарих 30 мамыр 2019 г. 1 042 0