Ерлікті ұлықтау – ұрпақтар міндеті

Екінші дүниежүзілік соғыстың оты шарпымаған отбасы жоқ шығар, сірә. Жүректерге соғыс салған жара, көңілдегі нала жазылған жоқ, жанардағы жас құрғады дей алмаймыз. Талай ердің жас ғұмырын жалмаған, талай ананы жесір, баланы жетім қалдырған зұлмат күндер біздің де әулетті айналып өтпепті. Әкемнің үлкен ағасы Мәжит Шәкірбайұлы жиырмаға енді аяқ басар жалындап тұрған шағында майдан шебіне аттанады. Содан 1943 жылдан бастап ешқандай хабар-ошарсыз кетеді. Артында ізі қалмайды, жерленген қабірінің қайда екенін де білмейміз. Бұл үлкен қасірет екен.

Біз ес білгелі әкеміз Сәмит Далдабаев өзінің туған ағасы Мәжит көкеміз туралы жиі айтады. Тіпті, соғысқа аттанып бара жатып үш жастағы інісін қолына алып, құшағына басып, бетінен сүйіп әке-шешесіне «енді осы Сәмитке қараңдар, бас-көз болыңдар» деп қайта-қайта тапсыр­ғанын ағасының аманатындай айтып отырады. Мәжит Шәкірбайұлының майдан даласынан жазған хаттары, басшылық тарапынан әке-шешесіне білдірген алғыстары аттың жалында, түйенің қомында жүрген кездерде жоғалып кетіпті. Қолымызда көкеміздің 13 жастағы бейнесі бейнелен­ген жалғыз ғана суреті сақталыпты. Одан басқа дерек, не жазылған хат, болмаса сурет жоқ. Бар білетініміз Мәжит Шә­кір­байұлы Жалағаш ауданының «Ынтымақ», «Қызыл Октябрь» дейтін шағын ауылдарында 4-5 сынып­қа дейін білім алған. Кейіннен өзінің қағылездігі, қабілетінің арқасында Қызыл­орда қаласындағы педагогикалық учили­щені үздік бағамен аяқтап шығады. Оқуын бітіргеннен кейін елге келіп мұғалім болып, ағартушылықпен айналысады. Арада бірнеше ай өтпей соғыс басталады да, майданға кетеді. Одан кейінгі жағдай жоғарыдағыдай.

Әкем ағасының есімін өшірмеу үшін менің атымды көкеміздің құрметіне Мәжит деп қояды. Атым сол кісінің құрметіне қойылғаннан кейін, оның үстіне әкемнің сөзін бала күнімізден құлағымызға құйып өскеннен соң, көкеміз туралы деректі өте көп іздедік. Бірақ табылмады. Ізденісіміз нәтиже бермеді. Бүгінде заман дамып, жаңа ақпараттық технологиялар өмірімізге дендеп енді ғой. Осының арқасында соғыс жылдарындағы түрлі тағдырлар туралы тың деректер шығып, олар арнайы сайттарға жариялана бастады. Сондай сайттардың біріне Мәжит Шәкірбайұлы туралы ақпарат жарияланыпты. Өлгеніміз тірілгендей, жоғалғанымыз табылғандай күй кештік. Қуанышымызда шек болмады. Көкем №8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысыпты. Осы дивизияның 1944 жылғы 8 маусымдағы №043 бұйры­ғымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы атынан Мәжит Шәкірбаев май­данда жауынгерлік тапсырмаларды мүлтік­сіз атқарып, ерлігімен көзге түсіп, басқыншылармен күрестегі батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Сол күні төбеміз көкке екі елі жетпей қалғандай болдық, қуаныштан көзімізге жас келіп ерекше тебіреністе болдық. Өйткені 75 жыл бойы іздеген, таба алмаған дерекке қолымыз жетті. Бұл бізге ат басындай алтыннан да қымбат ақпарат еді.

Елі үшін ерен ерлік көрсетіп, жауынгер­лігімен көзге түсіп, сол жолда шейіт болған көкемізді еске алып, сүйегі майдан даласында қалса да артындағы ұрпақтары құран бағыштап, зиярат етсін деген ниетпен жақында басын қарайтып, белгі қоюды ойластырдық. Бұл да болса келешек ұрпаққа тәлімді, тәрбиелі іс қой деп топшылаймыз. Себебі өскелең жас еліміздің қандай қиыншылықтардан, зұлматтардан өтіп, бүгінгі бейбіт күнге қалай жеткенін білуі керек. Мына мамыражай, берекелі де мерекелі өмірдің қадірін түсініп, еліміздің тыныштығын кірпік қақпай күзетуі қажет деген ойдамыз. Ал мұндай іске батырлардың ерлік жолы мен еңбек адамдарының нақты өмірі дәлел әрі үлгі болады.

Мәжит СӘМИТОВ.

Тарих 15 маусым 2019 г. 539 0