Давай, патрон!

Едіге Якияев он сегіз жасында, яғни 1942 жылғы 18-ші тамызда Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумның есепшілік факультетін бітіру бойына Совет Армиясының қатарына шақырылып, Өзбекстанның Қаттақорған қаласынан бір-ақ шықты. Мұнда Гомелдің жаяу-әскери училищесі орналасқан. Сондағы орта Азия халықтарының офицерлер да­йындайтын курсында оқыды. Бұл батальон құрамында аралдық Байжан Бижанов, Әзен Жолтумаевтар да болған еді. Бірақ, оқу ұзаққа созылмады. Неміс басқыншыларының Сталинград бағытында шабуылының күшеюі себепті, бұлар сол 42-ші жылдың қазан айында Сталинградқа шұғыл түрде жеткізілді. Едіге сорайған ұзын емес. Орта бойлыдан да аласа, шиыршық атқан пысық, қарадомалақ балаң жігіт еді. Командир осынысына сүйсінді ме?
– Якияев, сен байланысшы бо­ласың! – деді.
– Құп, жолдас командир!
Сөйтіп, Сталинград майданы­ның құра­мындағы 260-атқыштар ди­визиясының 783-артиллерия пол­­кінің бірінші батарея­сында бай­ланысшы болып, төрт ай бойы жаң­­бырша жауған оқтың астында жүрді. Төрт ай деген сөз айтуға ғана оңай. Әйтпесе, ол күні-түні бірдей жүгіріс, жүгіріс емес-ау, сәт сайын шайқас. Тіпті, ашығын айтсақ, төніп тұрған ажал. Сол ажал осы төрт ай ішінде Едіге Якияевпен әлденеше рет бетпе-бет келіп кездесті де. Алайда, дивизияда «қатқан қара бала» атанған байланысшы талай тар кезеңнен  сытылып шығып, өз ісін жалғастыра берді...
Байланыс кабелі соғыста сна­рядтың жарқыншығынан да, оқтан да үзіледі. Және күн-түнге қара­майды. Таң біліне ұйқы әбден қыс­қан шақта да.
– Якияев қайдасың? – дейді.
– Мен мұндамын, – дейді ол атып тұрып.
– Алғы шепке жет, бізді байланыстыр!
Якияев түн жамылып зытып барады. Аз-кем ұзағасын сорайған үшеуді көзі шалды. Бұлар неміс барлаушылары екенін ол айна қа­тесіз  таныды да, байқатпай өтіп кетуге бел байлады. Жо-оқ, олар да көрді. Оқ жаудырды. Бұл кезде Якияев ұтымды позицияға бекініп үлгерген еді. Екеуін көзбе-көз жай­ратты да ілгері жылжыды. Үзілген кабельді жалғап, байланыс жал­ғасқан тұста пулеметтен оқ жауды. Едіге қарайған үйлерге қарай қиыстады. Ди­визияның 1026-жаяу әскер полкінің  жауынгерлері қала­ның трактор зауыты аймағында, алғы шепте немістердің шабуылына тойтарыс беріп тұрған-ды. Якияев ығыса-ығыса сол маңнан шығыпты. Атыс күшейді. Немістердің контр­атакаға шыққаны белгілі болды. Едіге бой тасалап траншеяға түсіп еді, жайраған өліктерге тап болды. Іле  әлдекім  алқымынан ала түсті.
– Тоқта, мен совет солдатымын! – деді Едіге тұттығып.
– Давай, патрон! – деді ол атып тұрған станковой пулеметіне қайта жүгіріп.
Қараңғыда әлгі кісінің жүзі көрінбеді. Бірақ «давай, патрон» деген акцентіне қарағанда не қазақ, не өзбек боларсың-ау деп жорамалдады Едіге. Атыс саябырлаған кезде:
– Жерлес, қайдансың? – деп еді.  
– Мен аралдық Сұлтан Беке­товпін, – деді.
– Мен аралдық Едіге Якияев!.. Траншея ішінде достық құшақтар айқаса кетті.
***
Қырық төртінші жылдың жа­ңа жылын Едіге Якияев сыз окоп­та қарсы алды. Бұл кезде Бе­­лоруссияның Жлобин қа­ла­сы­нан онбес шақырым шамасында қорғаныста жатыр еді. Енді ой­ланса – соғысқа кірген уақыт ішін­де едәуір көлемді шарлағанға ұқсайды. Бұған дейін, яғни 1943 жылдың ақпанынан немесе Сталинград шайқасынан кейінгі уақыт ішінде талай қантөгістің куәсі болды. Талай боздақтардан айы­рылды. Бұлардың дивизиясы Ста­­линград шайқасынан кейін Тула қаласы маңындағы далалық май­­данның құрамында болды. Ал, 1943 жылдың маусымынан Брянск майданының құрамына еніп, не­містер Орел-Курск иініне шабуыл жасаған кезде бұлар Брянск бағытында тұрып, жаудың тантері мен  жаяу әскерлерінің сұрапыл ша­буылдарына тойтарыс берді. Сол дивизияның 1026-жаяу-әскер полкіндегі Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын Еді­гемен бірге бітірген қос­та­найлық   И.Волошенко мен Н.Крав­ченко осы шайқас күндері ерлікпен қаза тапты. Олар Орел-Курск жә­не Брянск облыстарын жаудан азат ете отырып, 1943 жылдың қыр­күйегінде Белоруссия жеріне шыққан еді. Бірінші Белоруссия майданының екінші Армиясының құрамына енген бұлардың дивизиясына Днепр өзенінің Сок деп аталатын саласынан өтіп, шеп құру тапсырылды. Барлаушылар мен радистер взвод командирі морд­виндік жас лейтенант Владимир Бе­ловтың бастауымен буылған ағаштарға мініп, жол-жөнекей бір жолдасынан айырылып, өзгелері есен-сау арғы жағалауға жетті. Жағалаудың ені небәрі 100-150 метр екен. Жаяу әскерлермен тізе қоса соғыса отырып, плацдармды бес жүз метрге дейін кеңейтіп, шеп құрып бекінді. Бұларға жүктелген міндет – жасырын позициядағы батареяның атысын бақылап, атыл­ған снарядтардың дәл түсу-түс­пеуін анықтау және жаудың атыс нүктелерін рация арқылы хабарлап тұру еді. Бірақ, жау осы ойын сезгендей дереу контратакаға шықты. Өзеннен өткен азғантай топты дивизия құрамы толық жеткенше құртып жібермекші болды. Ал бұлар плацдармды қалай да ұстап тұруға бекінді. Тас­тай қараңғыда рота командирінің өк­тем бұйрығы әр жерден естіледі:
– Өліспей беріспейміз!
Бетпе-бет қаймықпай-ақ со­ғысты. Ал­ғашқы шабуыл тойтарылды. Немістер таң­сәріде қайта шабуыл бастады. Танкілерді қаптатты. Рота командирі мордвиндік В.Бе­лов жолындағыларды жайпап ке­ле жатқан танкіні гранатпен өр­теп, өзі де сол арада дүние салды. Осы тұста дивизия құрамы да өзен­нен толық өтіп ұрысқа ара­ласқан еді. Жау шегінді. Бұлар Гомель облысының бірнеше елді-мекендерін басқыншылардан бо­сатып, 1944 жылдың бірінші қаң­тарының таңы атар алдында, Белоруссияның Жлобин қаласынан едәуір жерге  қорғаныс құрған бойы еді...
– Байланысшы Якияев қайда?!
– Мен мұнда! – деп сыз окопта  ұйқы қысып бара жатқан көзін ашып, орнынан көтерілді.
– Командир шақырады, өте тығыз!
Бақылау пункті мен атыс орнын байланыстыратын сым үзіліпті, демек, жау барлаушылары ішке енген. Осындай даталы мейрам күн­дері жау жағының тіл алуға құл­шынатынын Едіге бұрын да байқаған. Бұл  жолы сымды әдейі үзіп, оны жалғауға келген байланысшыны қағып түспекші.
– Ым-м, солай де... – деді Якияев іштей күбірлеп, – көрерміз әлі, кімді-кім қолға түсіретінін...
Бұлар бесеу болып жолға шық­ты. Ауық-ауық тың тыңдайды. Еш­бір дыбыс жоқ. Не артиллерияның, не минометтің атылған гүрсілі естілмейді. Қар қалың. Бәрі де ақ халат киген. Қарды белден кешіп, сымды ұстап жағалап келеді... Якия­ев сымның бірде тартылып, бірде жұмсаратынын сезіп:
– Бізден қара үзбеңдер, – деп үшеуін кейінге қалдырды да, украиндық Андрейді жанына алды.
– Жолдас, аға сержант!
Едіге жалт қарап еді, Андрей анандай жердегі орманды ымдады. Орман түбінде біреулер қараңдайтын сияқты.
– Ложись! – деді Едіге оған сыбырлап.
– Еңбектеп келе жатыр...
– Көп пе?
– Байқай алмадым. Сірә, бізді тірілей алмақшы, – деп Андрей қауіп айтты.
– Огонь!
Бұлар атқан жаққа арттағы үшеу де оқ жаудырды. Атыс орнын қарағанда тылға кірген бар­лаушылардың бірі оққа ұшыпты да, екіншісі аяғынан жараланыпты. Оны тірілей штабқа жөнелтті. Байланысты қалпына келтіріп, әрі «тіл» әкелген  жауынгерлерді таң білінсе де көз шырымын алмай, осылардың оралуын күткен командир құшақ жая қарсы алып, алғыс жариялады...

***
Батыс Украинаның үлкен қалаларының бірі – Ковель. Ол жау қолында. Бірақ, біраз­дан бері Совет Армиясының қоршауында, Ковельден бір жарым шақырым шамасында Холодец деп аталатын хутор бар, осы арадан қала алақандағыдай болып ап-анық көрінеді. Немістердің алғы шебі де осы маңда. Олардың осы шебіне қарсы 260-атқыштар дивизиясының 1027-полкінің бір батольоны орналасты. Бұл кезде Едіге Якияев барлаушылар бө­лімшесінің командирі ретінде және атылған снарядтарды бақылау үшін үшеу болып, алғы шептегі рота командирінің бақылау пунк­тіне келгенде жантүршігерлік оқи­ғаның куәсі болды. Небәрі екі жүз метрдей бейтарап алаңдағы шал­шық суға 500-600-дей қаланың кем­пір-шалдары мен жас сәбилерін қамап, айналасы тікенек сыммен қоршалған. Сым арқылы электр то­ғы жүргізілген. Тиіп кетсе, тоқ ұрады.
– Ия, жағдай солай, – деді батарея командирі  капитан А.Шляхов Едігені өзіне шақырып алып, – қалай да оларды құт­қаруымыз керек. Кешке қарай саперлар келеді. Олар сымды қиюға кіріскен кезде немістердің басын көтертпеу үшін барлық айла-шарғыны жасауға тиіспіз.  
Айтқандай-ақ, түнделетіп саперлар жетті. Сымды қия бастады. Якияевтің командасымен төрт орудиядан жаудың күндіз бақылауға алынған атыс орындарына снарядтар үсті-үстіне түсіп жатты. Отыз-қырық минуттың ішінде әлгі бейтарап зона алай-дүлей болды. Әрине, немістер де барын салып бақты. Дегенмен, үш жүздей адам ажал аузынан құтқарылды.    
Ал, Ковель үшін кескілескен ұрыс әлі басылған жоқ-ты. Немістер үш қатар шеп құрыпты. Олар алғы шептегі жаяу әскерлердің қатарын сейілтіп-ақ тастады. Бас командования қаланы шығыс жақтан да басып кірудің шараларын алдын ала жасаған екен. Оған көмектесу Якияевтердің батареясына тапсырылды.
– Сонда барып, жай-жапсарды біліп қайтыңыз, – деді капитан Шляхов Едігеге.
Бақылау пунктіне барғасын оның күшейтілген батальон екенін білді. Ал, командирі өңді, қара торы жігіт алдағы шайқас жайын сұрасып білгеннен кейін:
– Сіз қазақсыз ба? – деді Едігеге.
– Иә, қазақпын. Арал теңізінен келдім.
– А-а, жерлес екенбіз ғой. Мен Қиыр Шығыстан сіздің қалаңызға келгенмін. Сондағы №14-ші орыс мектебінде оқыдым. Соғыс бі­тісі­мен сол жаққа ораламын, – деді ол көңілдене сыр шертіп.
Бұл аралдық Александр Мин еді. Оған кейін ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді.
– Жерлес, гаубицамен ұрыңдар! Шабуылды, сірә таң қараңғысында бастайтын болармыз, – деді ол Едігеге кетерде.
– Жарайды, мүмкін батареяны да көмекке шақырармыз.
– Сөйтіңіз, жерлес!
Шабуыл таң қараңғысында бас­талды. Якияев уәде бойынша алғы шепті төрт орудиядан он бес минут атқылауға бұйрық берді. Жауынгерлер әлденеше рет шабуылға көтеріліп, жауған оқтан бас көтере алмай қайта жатады. Командирлердің бірі оққа ұшты. Осы тұста Едіге басшылықты өз қолына алып:
– Ура, Отан үшін алға! – деп бұйырды да немістер қазған тран­шеяға өзі бірінші болып түссе, өлік­тер төсек болып қалыпты. Еш жан жоқ. Ізінше жауынгерлер де жетті. Тран­шеяның бір шеті қа­ламен жалғасады. Жау қаланы тас­тап қашты. Бұл кезде таң атып, айнала анық көрініп еді. Сөйтіп, 1944 жылдың бірінші мамы­рында қоршаудағы Ковель қаласы жаудан толық азат етіл­ді. Осы күндердегі ерлігі үшін Едіге Якияев үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталып, со­ның ертеңіне КПСС мүшелігіне  қабылданды. Енді бұрынғы күш үстіне күш, жауапкершілік үстіне жауапкершілік қосылды. Жеңілген жау батысқа қарай жөңкіле қаш­қа­нымен, тосқауыл жасап, негіз­гі күш орналасып болғанша шай­қасып-ақ бақты. Танктер мен жаяу әскерлерін  қайта-қайта атакаға көтерді. Тура көздеуге қойылған орудияларының бірнешеуі өртеніп жойылды да. 260-дивизияның қызыл әскерлері жеңіске ие болып, алға жылжи берді. Осындай тосқауылдардың бірінде батарея командирі капитан А.Шляхов оққа ұшты. Взвод командирі,  лейтенант А.Минеев ауыр жарақаттанды.
– Аға сержант, сен енді батарея командирісің! – деді Едігеге дивизия командирі майор В.Чернышев.
Осы 1944-ші жылдың 16 шілдесінде бірінші Белоруссия майданының жауын­гер­лері жаппай шабуылға шығып, Батыс Буг өзенінен өтіп, Польшаның Люблин қаласын жаудан азат етті. Біреу айтса, нанғысыз зұлымдықтың бір куәсі – адамдарды өртеп, күлін жер өңдеуге пайдаланатын «майданок» пешін Едіге алғаш рет сонда барғанда көріп, жағасын ұстады.
– Туысқан Польша жеріне кіргеннен бастап, – деген-ді Е.Якияев әңгімесінде, – поляктің бірінші дивизиясы бізбен қанаттас соғыс жүргізді. Варшаваға жақындаған сайын айқас тым шиеленісе түсті. Сол күндердің бірінде немістің автоматчиктері мен танкілері біз тұрған позицияға шабуылға шықты. Төрт орудия тура көз­деуге қойылған-ды. Неміс танкілерімен бетпе-бет алыстық. Жаудың төрт танкісі өртенді. Бірсыпыра автоматчиктері жойылды. Бірақ, жау самолеттерінің аспаннан үсті-үстіне бомбалауынан екі орудияның расчеты істен шықты. Қалған екеуімен танкіге қарсы ұрыс жүргіздік. Солдаттардың қатары сирей берді. Ақыр соңында бес адам мен бір орудия қалды. Әйтсе де, шайқасты тоқтатпадық. Жастығымызды ала жатуға бекіндік. Осы тұста көр­шілес әскери құрамалардың көмегі сезілді. Жау амалсыздан кейін шегінді.
– «Қызыл Жұлдыз» орденін осы шайқастан кейін алдыңыз ғой?
– Иә,  осы шайқастан кейін.
260-шы армия бір айдай демалыста болып, сиреген қатары толықтырылады. Қырық төртінші жылдың қазан-қараша айларында жауды өкшелей қуып отырып, қарашаның орта шенінде Варшава қаласын бөліп жатқан Висла өзенінің жағасына шеп құрады: –  Висла өзеніне салынған көпірді біз басып алғанбыз, – деген-ді Едіге сөзін жалғастырып, – сөйтіп шы­ғысы мен батысының қатынасы қал­пына келтірілді. Бірақ, немістер сол көпірдің билігін қайта өз қол­дарына алу үшін 27  қараша күні контратакаға шықты. Осы тұста мен алғы шепте болдым. Қасымда екі радист бар-ды. Үшеуіміз жау­дың қандай атыс нүктелері барын және оның арақашықтығын өзі­міз­ге хабарлап тұрғанбыз. Бір кезде ба­тальон командирі:
– Жүз метр шамасында бұ­зылған үй көріне ме? – деді.
– Иә, көрінеді, жолдас командир!
– Сонда барыңдар. Сол арадан жаудың атыс нүктелері анық көрінетін болар.
– Құп, жолдас командир!
Бірақ, Якияевтерге бұзылған үй маңы­нан жаудың атыс нүктелерін көру мүм­кіндігі болмайды. Себебі, немістер ол үйдің айналасын миналап тастаған екен. Үшеуі де жараланады. Екі радист санчастьқа келгесін көз жұмады. Ал, Едіге екі аяғынан айырылады.
– Иә, екі аяқпен қоштасуға тура келді. Соның өзінде әскери госпитальда өлі мен тірінің арасында екі жыл жаттым ғой, –  деп мұңайған-ды Едіге ағамыз.

***
Елге табаны тиісімен мүге­дек­­тікті жеңуге кіріседі. Ол үшін ең­бекке араласуды бірінші парызым деп біледі. Үш жылға со­зылған жаттығудан кейін есеп­шілік мамандығына отырады. Ұзақ жыл аудандық  оқу бөлімінің бас бухгалтері болды. Ұлын ұяға, қы­зын қияға қондырды. Сонау сұ­рапыл соғыс  күндері тура жиырма төрт ай немесе жеті жүз жиырма күн соғыс алаңында болып, Волга мен Висла арасын жаяу шарлаған, шарлағанда талай қанды қырғынның куәсі болған және оның қақ ортасында өзі жүрген Едіге Якияевтің әңгімесін есіткен мен Жеңістің 74 жылдығына осындай ардагер аға­лар­дың арқасында жеткенімізді айтқым келеді...

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
Тарих 13 шілде 2019 г. 725 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031