Зер қадірін зергер білер

Қазақ жерінде болған саяхатшылар мен қазақ даласын зерттеуге келген орыстың әскери шенеуніктері қазақтарда зергерлік өнердің өте ертеден келе жатқанын жазып кеткен (И.Г.Андреев, А.К.Гейнс, А.И.Левшин, т.б.).

Зергерлік өнерде әртүрлі сәндік-әшекей бұйымдар жиі кездеседі. Әшекейдің мағынасына тоқталар болсақ, ол киімге, тұрмыстық бұйымдарды безендіруге пайдаланылатын, сәндік үшін жасалатын бұйымдар және заттың бетіне салынатын ою-өрнек түрі. Мұндай әшекей-нақыштар жүннен жасалатын бұйымдар (текемет, сырмақ, алаша, қоржын т.б.), киіз үйдің бау-басқұрлары, ат-әбзелдері (был­ғары тоқым, кежім, жабу), құрылыс-сәулет орындары (есік, маңдайша, жақтау, дуал және т.б.), киім-кешектер, ыдыс-аяқтар пен жиһаздар, қару-жарақтармен байланысты қолданылады. Қазақта әшекейленбеген зат, бұйым жоқ деуге болады, себебі қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы әшекейлерді өңдеп, түрлендіріп, жетілдіріп қолданып отыр­ған.

Ол тағылатын түрлеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Басқа тағатын түрлері – шеке, самай, маңдай, құлақ, мұрын, бұрымға тағылатын әшекейлік заттар. Шекеге тағылатын түрлері – шекелік. Самайға тағылатын түрлері – сырғалық, айшық, жақ моншақ, сырға. Маңдайға тағылатын әшекей түрлері – күміс теңгелер, шырмауық. Құлаққа тағылатын түрлері – сыр­ға, бет моншақ. Мұрынға тағылатын түрлері – зере, зерен, зейір, зер. Бұрымға тағылатын түрлері – шашбау, шашқап, шолпы, шашқа тағатын түйреуіштер, шашмоншақ. Мойынға тағылатын түрлері – алқа, бойтұмар, моншақ, тұмарша, әйкел, ділда алқа, тұмар. Кеудеге тағылатын әшекей түрлері – өңіржиек, түйреуіш. Қолға тағылатын түрлері – білезік, мөр, сақина, балдақ, жүзік. Киімге тағылатын әшекей түрлері – түймелер, қапсыр­малар, белдік, белбеу, тана, танакөз, талмоншақ.

Ертеде қазақтар әшекейленген шытыра, зерен сырға, зер, тұмар және т.б. зергерлік бұйымдарды мал бойына және ер-тұрмандарына да таққан.

Тас дәуірінен жалғасқан тасшылық өнері қола дәуірінің осы өркениетіне тоғысып, гауһар, жақұт, алмас, қас тасы, меруерт сияқты аса бағалы тастардан көз орнатқан сәндік жабдықтарды, әсемдік бұйымдарды жасау технологиясын қалыптастырды. Мәселен, қазақтар ағашқа, ер-тұрманға асыл тасты не тассыз күміс әшекейлі шытыраны пайдаланған. Ал зейірді қойдың мұрнына өткізілетін зерлі шығыршық ретінде таққан. Ертеде қазақтар тіл-көзден сақтасын деген мақсатта жүйрік аттарының мойнына әйкел таққан. Зергерлер әшекейленген тұрмыс­тық бұйымдар алтын аяқ, жағдан, адалбақан, алтын ер, пышақ және т.б. адамдар күнделікті тұрмыста жиі қолданған.

Әшекей түрлері негізінен қоғам мүшелерінің әлеуметтік мәртебесін айқындайтын қызмет атқарады. Қазақ шеберлері зергерлік бұйымдар жасауға қажетті материалдарға алтын, күміс, бақыр, мыс, жез, темір, қалайы, қорғасын, ақық, березе, алмас, гауһар, зуһра, көк тас, лағыл, маржан, меруерт, інжу сияқты асыл тастарды пайдаланған.

Қазақ зергерлері алтынмен аптау, алтынмен булау, алтын шабу, күміспен күптеу, қақтау, көз орнату, сымға тарту, қара ала жүргізу, сымкәп жүргізу, ою салу сияқты әшекейлеу, өңдеу тәсілдерін жиі қолданған. Байлар шеберлерге арнайы тапсырыс беріп, сырға жасататын болған.

Әшекейді ерекшелеп, айшықтап, ондағы әртүрлі заттарды әдемі, сәнді көрсететін үкі, шоқ, әдіп, алтын-күміс ілгектер, шытыралар, салпыншақтар, қоңыраушалар сияқты құрамдас бөліктер де бар. А.Шевцованың пікірі бойынша Сыр өңірінің зергерлері алтынға қарағанда күміс қолжетімді болғандықтан күмісті жиі пайдаланған, сонымен қатар мысты да әшекей бұйымдарын жасауға қолданған. ХІХ ғасырдан бастап қазақ халқы металдың сыртынан алтын немесе күміс жалату тәсілін қолданған. Ал халық ауыз әдебиетінде Дәуіт пайғамбарды – тұңғыш ұста әрі зергер, шеберлерді жебеуші рух ретінде көрсеткен. Оның есімі металл, әсіресе алтын мен күміс өндірудің басталуымен, кәсіпшілікке байланыстырылады. Дәуіт пайғамбардың қолы отқа күймеген, балға мен қысқышты пайдаланбай-ақ темірді ие беретін болған деп жазған.

1803-1804 жылдары қазақ арасында тұтқында болған Савва Большой деген кісі де қазақтарда зергерлік өнердің өте ертеден бастау алғанын жазған. Революцияға дейін жарық көрген «Обзоры Акмолинской облас­ти за 1904 год» атты жинағында «...У казахов существуют особые художники и золотых дел мастера» деп атап көрсеткен. Ақтөбе облысының батыс жағында тұрған А.К.Гейнс 1892 жылы «Литературный сборник» атты еңбегінде «қазақтар күмісті балшық тостағанға салып, жуан қаңбақ түбірінен жаққан көмірге қыздырып қорытады» деп жазды. Қазақ халқының қыз-келіншектері сырға, сақиналарды жоғары талғаммен таққан. Ертеде қазақтар әйелдің қолында не жүзігі, не сақинасы болуы керек деп санаған, ол болмаған жағдайда дайындаған тағамын арам деп білген. Күмістен сақина, жүзік салған әйел дайындаған сусынды қонақ адал деп сүйсініп ішкен.

Орыс зерттеушісі А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацских орд и степей» атты еңбегінде қазақ әйелдері қолдарына сақина, жүзік, білезіктер, сонымен қатар құлақтарына сырға, кеудесіне күмістен айылбас және түрлі тастармен безендірілген өңіржиектер тағынып жүргені жайлы мәлімет берілген.

Осы деректерге қарағанда қазақ шеберлері зергерлік өнерді көне заманнан білгені даусыз. Бірақ олар алтын-күмісті өздері қорытып, өндіре алмаған. Сондықтан оларды көрші мемлекеттерден сатып, айырбасқа алып отырған. Кесек күміс пен алтын оңайлықпен табылмағандықтан ол кездегі зергерлер алтын мен күміс ақшаларды қайта балқытып немесе сол күйінде соғып пайдаланған.

Қазақ тілінде алтын, күміс, жез, мыс сияқты түсті металдардан жіңішкелеп суырылған жіптерді зер деп атайды да зерлі тон, зерлі шапан, зерлі кимешек және т.б. сөз тіркестері жиі кездеседі. Сондай-ақ зер, зерделі деген сөз асыл, таза жігер, намыс деген ұғымдарда да қолданылады. Зергерлер мен темір ұсталары бұ­йымдарын металдан, негізінен алғанда күміс пен мыс, темірден жасаған. Зергерлік өнер атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа қалып отырған. Ұсталықпен ер кісілер айналысуы шарт болса, зергерлік өнермен әйелдер де, көбінесе зергердің әйелдері айналысатын болған. Егер зергер кісі  дүниеден қайтып, оның жолын қуатын балалары болмаса, кейбір кезде оның зергерлік қызметін әйелі атқаратын болған. Зергерлер негізінде кез келген бұйымды тапсырыс берушінің өз материа­лынан жасайтын болған. Олар әртүрлі құрал-саймандарды пай­даланған. Сәндік қолөнер – халықтың мәдениеті мен өнерінің айқын көрінісі. Қошқар мүйіз ою-өрнегі тоқыма бұйымдарға ғана арналған. Зергерлік туынды көлемі мейлінше ықшам болып келеді. Оның үстіне зергерлік өнердің өзегі халық әшекейімен, дәстүрімен сабақтасып жатуы керек.

Енді Қызылорда облысындағы құнды бұйымдарды жасап, халық арасында өнерлерімен танымал зергерлерге тоқтала кетейік. Зергерлердің бірі – Құдайберген Құлмамбетов Сыр  бойына қолөнермен және майлы бояумен сурет салудан аты шыққан, көпке белгілі шебер 1954 жылы дүниеге келген. Кіндік қаны тамған жері – Арал қаласы. Құдайбергенге зергерлік, ұсталық өнер әкесі Тағжаннан дарыған.

Тағжан ұстаның артында қалған жалғыз ұл Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы қазақ орта мектебіне 1962 жылы қабылданып, оны 1973 жылы бітіреді. Таланты ерте танылған талапкер жас мектепте қоғамдық жұмыста белсенді болады. Сурет салады, қабыр­ға газетін безендіреді, қолөнермен шұғылданады. Жоғары класта оқып жүргенінде салған суреттері мен жасаған қолөнер бұйымдарын ұстаздары мектеп залына қойып,  ата-аналарға экспонат ретінде көрсетеді. Мек­теп әкімшілігі баланың еңбегін бағалап марапаттайды.

Құдайберген тұрмыс жағ­дайына байланысты мектепте алған білімін одан әрі жалғас­тыра алмайды. Кәсіпкерлікке ден қояды. Еңбек жолын Арал аудандық балықшылар тұтыну одағында 1974 жылы көркем­деу­ші-суретші болып бастайды. Тағжан ұстаның құдайы көршісі болған соғыс және еңбек ардагері Омар Қарамырзаев ақсақал осы ұсынақты жігіт үшін одақ басқармасынан штат аштырып, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Басқарма төрағасы Тілес Бохаев оны қамқорлығына алады. Құдайберген оның қарауында одақ тарағанша 23 жыл бойы еңбек етеді. Бір жағынан өзінің өнерін де жетілдіреді.

Аудан, облыс жұртшылығына еңбегімен танылған Қ.Құлмамбетов 1993 жылы әкесінің ұстап-тұтқан зергерлік, ұсталық құралдарын аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырып, арнайы ұстахана бұрышын аштырады. Өзі 1996 жылдан бастап ұсталық, зергерлік өнерге біржола ден қояды. 1970 жылдан бастап әртүрлі тақырып аясында өткізілген көрме-жәрмеңкелерге қатысып келеді. Содан бері қатысқан көрмелерінің саны 25-ке жетті. Бұл қолданбалы өнер иесінің еңбекқорлығын және оның бұйымдарының өтімділігін айғақтайды.

Қ.Құлмамбетов заман ағымына ілесіп, нарық талабына бейімделуі мақсатымен зайыбы Райла екеуі 2004 жылы шағын «Мұрагер» жеке кәсіпорнын құрды. Хас шебер халықтың сұраныс үдесінен шығумен бірге ісін жалғастыратын шәкірттерін де шеберлікке баулып келеді.

Келесі жас зергер – Бекзат Жақыпов темір мен асыл тастарды көркем өңдеу өнерін меңгерген. Бұл шебердің өзіндік қолтаңбасы қазақ зергер­лерінің тәжірибесіндегі ха­лық дәстүрі мен әдіс-тәсілдердің интерпретациялық шы­ғар­машылығына негізделген. Бойтұмарлар, тұмарлар, жү­зікті  білезіктер (бес білезік) және тағы басқа әшекейлер шебердің аса нәзік талғамы мен материалды танудағы сұңғылалығынан туындаған. Негізгі әшекейлерге көрік беретін, баяндылық пен бақыт нышанын білдіретін үлкен көгілдір ақық тасы қондырылады. Бекзат Жақыпов – Сыр еліне әйгілі «Бекзат зергер» атанған зергерлік өнерді бұлжытпай бүгінгі кезге ұш­тас­тырушы шебер.

Қорыта айтқанда, қазақ шеберлері жасаған зергерлік бұ­йымдар ата-бабаларымыздың он саусағынан өнері тамған, өздері сері, жандары сұлу болғанын паш етіп, ерекше дәлелдей түседі.

Зергерлік өнерді халық өнері деудің мәнісіне келсек, жасалған сәнді бұйымды баяғыда бір ұста жасап, безендірген, өз заманында оның аты-жөнін халық білген, бірақ көп уақыттан кейін оның аты ұмытылып, жасаған бұйымы халықтыкі болып кеткен. Шебер түрлі материалдарды өңдеу үшін құрал-саймандарды пайдаланып,  өз қол күшімен көп еңбек етіп, сәнді бұйымдар жасаған. Қол­өнермен айналысқан ұсталар, көшпелі елмен бірге көшіп-қонып жүріп  өнерлерін дамытып отырған. Бұл ұсталардың құрал-саймандары көлемі шағын, саны аз ғана болғанымен, олардың жасаған сәнді бұйымдары ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, бүгінгі күнге жеткен.


Гүлсара ӨТЕБАЕВА,

облыстық 

тарихи-өлкетану музейі

«археология және этнография» 

бөлімінің ғылыми 

қызметкері.

Тарих 15 тамыз 2019 г. 516 0