Тәңірдің сыйы - Тартоғай

(Журналистік зерттеу. Жалғасы)
Тартоғай ауылдық кеңесінің құрылғанына – 100 жыл



Әрбір қазақ ауылының өзіндік тарихы, рухани һәм табиғи құндылықтары, ешбір мекенге ұқсамайтын ерекшеліктері бар екендігі белгілі. Біздің журналистік зерттеуіміз бойынша бір ғана Тартоғайдан КСРО кезінде жеті рет Қазақстан министрі шыққандығы қаншалықты мақтаныш болса, қасиетті жерінің де елінің атағын әлемге танытқандығы да соншалықты қымбат.


Тұран жолбарысы

 

(Қазақ жеріндегі ең соңғы Тұран жолбарысы 1945-50 жылдары Тартоғай жерінде өлтірілген. Суретте Тұран жолбарысы бейнеленген)


Сырдария  Тұран ойпатында орналасқандықтан бұл өңірдегі жолбарыс Тұран жолбарысы деп аталған. Осынау күшті аң тек Сыр бойын ғана емес, Каспий, Кавказ, Иран, тіпті Ауғанстанды да мекендепті. Амудария, Сырдариямен қоса Балхаш көлі маңынан да жолбарыстың осы түрі көзге түскен.

Тұран жолбарысы күштілігі өз алдына, ешқандай циркке көнбеген. Кезінде Римде гладиаторларға  өнер көрсету үшін Тұран жолбарысын жібергенде, оларды жеп қоя жаздапты. Дереу бәрі жабылып өлтіріп үлгерген екен.

«Жолбарыстар, - деп жазады Тұран жолбарысын зерттеуші David Prynn, - Азияда бір жарым миллион жыл бұрын мекендей бастаған. Генетикалық зерттеудің қорытындысы бойынша олардың тұқымы құрып бітуге тиіс-тін. Алайда Қытай өлкесінде жолбарыстар қайта пайда бола бастады. Олар негізінен өзендердің жағасында маралдар мен қабандарды жеп күн көреді».

Көріп отырсыздар, Тартоғайда тек жолбарыстар болмағандығын. Еркегінің салмағы 240 килоға дейін жеткен. Ұзындығы 290 сантиметр. Амур жолбарысынан күшті болған. Терісі де аса құнды саналған.

Оңтүстік-батыс Азияда жолбарыс мәдениеттің символы боп саналған. Оның атымен аталатын өзен де бар. Неге? Өйткеніекіқабат ханзаданы адуынды өзеннен жолбарыс арқалап өткен көрінеді. Сондықтан Азияның кей өңірлерінде кілемдер мен маталарда, Самарқандтың мешіттері мен ғимараттарында жолбарыстың бейнесі оюланып салынған. Аңыз-ертегілерде де осы бір аң жайлы айтылған хикаят көп.

Жолбарысты ертеде көрген саяхатшылар мен жолаушылар көптеп кездеседі. Шығыс Қазақстанда, Кавказда, Грузияда осы бір ерекше аңды аңшылар атып өлтірген.

1871 жылы Ресейде жарық көретін «Военный сборник» атты журналда  қызық мақала жарияланыпты. Сырдария жағасында тұратын Шахан есімді кісі аңда жүргенде түн ішінде жолбарыс келіп, баласын өлтіріп, әйелін алып кетіпті. Таңертең ауыл адамдары кетпен, айыр, сырық, пышақтарын ұстап қанның ізімен тоғайға енеді. Әйелдің қаңқасы ғана қалыпты. Шахан кегімді аламын деп тістенеді. «Ауыл қазағы көп ұзамай жолбарыстың біреуін емес, бірнешеуін өлтірді» деп жазады журнал. Бірақ, қандай тәсіл қолданғанын айтпапты.

Генерал-губернатор Александр Перовский өзінің жазбасында Сыр қазатарының жолбарыстарды қалай өлтіретіндігін мысалға келтіріпті. «Сол кездегі жолбарыстар 250 кило тартса, бір соққымен жылқының қабырғасын сындырса, нар түйені өлтіріп, жарты шақырымға сүйреп апарса, қарапайым қазақ, мысалға, Тартоғай адамы не істей алмақ?» деген заңды сауал тумай ма?

«Қазақ  аңға дайындалғанда екі қолын арқанмен шырмап орайды, - депті А.Перовский, - көкірегі мен ішін терімен қымтайды. Ұшы үшкір, өткір қару  әзірлейді. Аңға тек жүрегінің түгі бар, күші мығым жігіттер таңдалады. Тоғай ішіне өлген марал, не қабанды тастап, тығылып отырады».

«Өзінің сүйікті асының жанында тығылған адамдарды көрген бетте жолбарыс оларға тұра ұмтылады. Аңшы дереу басы мен мойнына жармасады. Жолбарыс қолдағы арқанды тістелеп жатқанда екінші аңшы оның қарнын  жарып тастайды. Бәрі жабылып өлтіреді», - деп жазды зоолог Сергей Строганов. Ол қазақтардың жолбарыс терісін Перовскийге сый ретінде ұсынғанын ескертеді.

Ақмешітті басып алған Александр Перовский генерал-губернатор боп тұрып, әрбір өлтірілген жолбарыстың терісіне 25 рубль сыйақы тағайындайды. Бұл ауыл қазақтары үшін үлкен олжа. Яғни бұл ақшаға отыз шақты қой, немесе бірнеше сиыр сатып алуға болады. Міне, осы кезеңнен бастап жолбарысты өлтірушілер көбейеді. Жыртқыштардың саны азаяды. Дегенмен 1915 жылы орыс ғалымы Николай Зарубный Сырдарияның төменгі сағасынан жолбарыстарды кездестіргенін жазыпты. Олардың  мекені – ну тоғай. Сүйікті асы – қабан мен тоғайдың киелі маралы.

Бір деректе Қазақстанда  Тұран жолбарысының ізі соңғы рет Шиелі ауданы аймағында  байқалған десе, екінші деректе «Тартоғай» ауылында атып алынған» деп анықтайды.

«Өзен жағасында, ауыл айналасында, жайылымдарда ала шұбар жолбарыс жортады. Ал қамысында қабандар, даласында – қызыл қасқыр, түлкі, қояндар, шығысқа қарай – елік, құландар, Перовск маңында – маралдар кездеседі», – деп жазды географ Лев Берг (1857 жыл, Санкт-Петербург,  «Теңіз жинағы» журналы)  «Сыр жағасындағы жолбарыстар туралы» атты мақаласында.

Капитан-лейтенант Иваншинцев  «Сырдария, Арал маңындағы дала жайында» деген кітабында: «Ақмешіт аймағынан жолбарыстарды жиі көресіз. Біз олардың жағалауға жақын жерде және қамыс арасынан ізін көрдік. Бірде таңертең біздің теңізшілер сол ізге еріп, қамыс арасынан жолбарыс жеп кеткен еліктің сүйегін тапқан. Өліп жатқан еліктің жанында жолбарыстың ізі сайрап жатты», – деп дерек келтірген.

«Арал мен Сыр бойындағы нар қамыстарды жолбарыс атаулының ең көрікті тұқымы (патша-жолбарыс) мен қарағұрым қырғауыл мекендейді» деп жазған ХІХ ғасырдағы поляк саяхатшысы Бронислав Залесский.

Айтпақшы, Тартоғай мен Майлытоғайдың қақ ортасында Жоңышқалы көлінен әріректе Абыз қайығы деген өткел болған. Жұрт Сырдария өзенінен қайықпен өтіп, Абыз құмына қарай жаяу жортатын. Міне, осы тұстағы ну қалың тоғай «Жолбарыстар мекені» деп аталыпты. Бұл жерге артель орналасқан дейді. Естулерінше, алыстан, Ресейден, тіпті шетелдерден  аңшылар келіп, жолбарыс, бұғы мен қабан аулайды екен. Өзеннің осы бір тұсы доғал, ені кең, суы мол, ағыны қатты болыпты. Мұнда тек жолбарыс қана емес, терең суда ірі жайындар мекендепті. Көнекөздердің  айтуынша, бірде: «Арғы беттегі бір жолбарыс кішкентай күшігін ертіп су жағасына келеді. Бала жолбарыс су ішу үшін еңкейе бергенде ұзындығы үш-төрт метрліктей алып жайын оны құйрығымен суға қағып түсіреді. Сол сәт жаны шыға ышқынған жолбарыс атылып барып, жайынды жағаға лақтырып кеп жібереді. Өкініштісі сол, қатты соққы алған жолбарыстың күшігі су түбіне кеткен».

Ал алып кесірткелер (қазақтар «кесел», орыстар «варан» деп атайды) дарияның арғы бетінде, Қызылқұм жағында мекендеген. Оны көрген кісілер де аз емес. «Менің әкем, - деді бізге астаналық бизнесмен Көркембай Ермекбаев, - Сырдарияның арғы бетінен алып кесірткелер көргендігін бізге талай рет айтып берген болатын».


Тоғайдың киелі маралы

 

(Қазақстандағы ең соңғы тоғай маралы (бухарский олень) Тартоғайда 1956 жылы өлтірілген)


Сыр жағасында, оның ішінде Тартоғайды мекендеген тоғайдың киелі маралы (бұғы) Бұхар  маралы деп те аталады. Тауда өсетін маралдың салмағы 300 килодан асса, біздің ауылдың бұғылары 250 кило тартқан. Биіктігі 120 метр. Мүйізі бес тармақты, орташа. Аңның бұл түрі жоғалып кетудің алдында тұр. Халықаралық Қызыл кітапқа енген.

Терісі ашық түсті. Жазда таңертең және кешке қоректенеді. Қыста күндіз де жайылады. Ыстықта күні бойы судан шықпайды. Негізінен түрлі шөптерді азық етеді. Құлағын жел жаққа түріп, сақ жүреді. Жел тұрғанда не қар ұшқындағанда тоғайдың  қалың тұсына тығылады. Қамысты жақсы көреді, өйткені оны  қорек етеді. Шағылысу кезеңі тамыз бен қазан айлары, төлдеу уақыты сәуір мен мамыр.

Қазақстанда тоғайдың киелі маралы Сырдария өзенінің орташа және төмен ағысында, Қызылқұмда кездескен. ХХ ғасырдың орта кезеңінде тоғайлар отала бастағанда осы марал түрлері азая түсті. 1956 жылы Қазақстандағы ең соңғы тоғай маралы Сырдария жағасындағы Тартоғай ауылы маңында атып алынды.

1981 жылы (Қаражыңғыл» мемлекеттік аңшылық шаруашылығына (Қапшағайдың жанында) Тәжікстаннан  22  тоғай маралы әкелінді. Қазірде олардың саны 500-ге таяп қалды. Францияның ғылыми-зерттеу ұлттық паркі 1995 жылдан бастап Қазақстан мен Орта Азия елдерінде тоғайдың киелі маралын көбейтуге қаржы бөлуді бастады. 2000 жылы Түркістан ауданына жақын маңдағы Сырдария жағасына  36 марал жіберілді.  Жоғарыда тоғай маралы Тұран жолбарысының сүйікті асы болғанын ескерттік. Бүгінде жолбарыс жоқ. Тек оларды қасқыр мен қаңғыған иттерден қорғаса болғаны. Ендеше, марал саны артады деген сөз. Кім біледі, тоғай маралдары ата-жұрты Тартоғайға да оралар.


Тартоғайдың құпия ерлігі


Тартоғайдың әскери құпия бөлімшесі туралы бала күнімізден неше түрлі қаңқу сөздер естіп, құлағдар  боп өстік. «Ойбай, не дейсің, әскерилердің казармасына жақындасаң болғаны, жер астынан шыға келіп, алып кетеді екен. Сонсоң сенің кім екеніңді анықтап болғанша, қамауда ұстайды. Қайтадан көзіңді байлап, жер бетіне шығарып тастайды» деген үрейлі әңгіме аз естілген жоқ. Шынында әскер тұрған жер алыс емес, ауылдан небәрі бес шақырым болатын. Көбіне ауыл адамдары сол жақтағы ірі сексеуілдерді отынға аламыз деп бастарын бәлеге ұрындыратын. Бәле дегеніміз, әскерилердің алып кететіндігі. Енді бір алып-қашпа сөзде «Анау тұрған биік, ақ үй түнде ашылып, ішінен ракета аспанға көтеріледі екен» деген болжам айтылды. Не десек те әскери бөлімшенің құпия болғандығы анық еді. Бала болсақ та түн ішінде Тартоғай стансасы басында үстері жабулы вагондардан біз білмейтін техникалардың түсіріліп жатқанын талай мәрте көрдік. Үлкендер қорқытып қойды ма, білмедім, әйтеуір, ешкімге тыс жармайтынбыз.

Казармада тұратын офицерлер ауылдағы орыс қыздарға көп келетін. Қашан көрсең де ертіп алып кетіп бара жатады. Бағыты екеу: не құм жақ, не тоғай, Сыр өзенінің жағасы.

Офицерлердің әйелдері ауыл балабақшасында тәрбиеші, не аспазшы боп жұмыс істейтін. Жалпы офицер-орыстардан тартоғайлықтар зиян көрген жоқ. Орыс тілін үйренді, мәдениеттілікті, әдемі киінуді, зиялылықты, т.б. құнды қасиеттерді бойларына сіңірді. Қанша дегенмен кеңес кезіндегі офицерлер тәрбиелі, білімді, үлгілі болатын.

Расында әскерилердің саны көп еді. Он қабатты ма, әлде, одан да көп пе, әйтеуір, биік ғимараттар алыстан менмұндалайтын. Қызыға, қызғана қарап қоятынбыз. Бір қызығы, құм ішінде қозы-лақ  жайып жүріп, үлкен шарларды жиі тауып алатынбыз. Бізге ешкім тиіспе демейді. Доптың көлеміндей етіп үрлеп шарға айналдыратынбыз. Жанында жатқан қаңылтырларын автомат етіп ойнайтынбыз.

Көп ұзамай құпияны шетел біліп қойды ма, әлде, әскерилер өз миссиясын орындаған соң қайтарылды ма, кім білсін, әйтеуір, қалашық бір түнде қаңырап қалды. Ауылдың тапқан пайдасы сол: бөлімшенің казармалары, ғимараттары, стадионы мен спорттық залдары бұзылып, құрылыс материалдары жергілікті жұртқа бұйырды. Алдымен ашылғалы бері жарымай келе жатқан №153 орта мектеп қажетті дүниелерге қарқ болды да қалды. Спортзал мен стадион жаңартылды. Кластардың ескі едендеріне түзу тақтайлар төселінді. Оны айтасыз, ауылдағы пысықайлар қолтықтарына шөлмектерін қыстырып барып, көптеген үй құрылысы материалдарын үздіксіз тасып жатты. Олар жаңадан үйлер тұрғызды, қора-қопсысын жаңартты.


 


(Байқоңырдан ғарышқа ұшуды ұйымдастыру үшін Тартоғайда Ұшуды радиомен басқару (РУП-А) станциясын ойлап тапқандар – КСРО-ның бас конструкторы С.П.Королев пен КСРО ҒА Қолданбалы математика институтының директоры, академик М.В.Кельдыш)


Стратегиялық мақсаттағы ракеталарды басқарудың бас тірегі, немесе бас басқармасы деп аталған Тартоғайдағы құпия бөлімшенің сырлары тек 2000 жылдың аяғында ғана жариялана бастады. Жанталаса соғысқа дайындалу барысында КСРО 10 000 шақырымға дейінгі баллестикалық ракеталарды сынақтан өткізуге кіріседі. Ол  үшін Байқоңырдан ғарышқа ұшуды ұйымдастыру  үшін Тартоғайда орналастырылатын Ұшуды радиомен басқару РУП-А) станциясын КСРО-ның бас конструкторы  С.П.Королев пен КСРО  ҒА Қолданбалы математика институтының директоры, академик М.В.Кельдыш ойлап табады. Олардың жоспарын КСРО Орталық Комитетінің Саяси Бюросы мақұлдайды.

Әлқисса, С.Королев пен М.Кельдыш Тартоғайға бірнеше рет келген. Жер жағдайын, табиғатты, көзден тасалау маңайда, әрі теміржолға тым жақын болу қажеттігін ескерген. Бас конструктор Байқоңырдан ұшырылатын Р-7 деп аталатын ракеталарды Тартоғайдағы РУП арқылы ұшырып, басқарып отыруды өндіріске енгізген. Сонда ұшатын жері мен басқарылатын жері екі бөлек. Ара қашықтығы  200 шақырымнан сәл артық. Сол кездегі офицер-мамандардың естеліктеріне құлақ түріп отырсақ, Юрий Гагариннің де Тартоғайға келгендігін аңғару қиын емес. 1960 жылы Р-7 ракетасы ұшырылғанға дейін де әртүрлі сынақтар өткізіліпті. Оның ішінде сәтсіздері де бар. Әсіресе, Р-7 ракетасына көп үміт артылған. Өйткені, қарудың бұл түрі заманауи соғысқа қолдануға ауадай керек-ті. КСРО-ның түкпір-түкпірінен жиналған «сайдың тасындай» мамандар Тартоғайда қызу еңбекке кіріседі. Оларға Мәскеудің пәрменімен барлық жағдай жасалады. Солардың бірнешеуін тыңдап көрелік:

Акуличев     Виктор

- Камышевтің ракета училищесін бітірдім. Алдымен бізді Байқоңырға жинады. Сосын стратегиялық мақсаттағы ракеталар басқармасының бас тірегіне тәжірибе алуға жіберді. Ол Мәскеу-Ташкент теміржолы бойынан қашық емес. Тартоғай стансасы деп аталатын. Бас тірек дейтініміз – қатардағы екінші тірек Тоғызы деген стансада (Ақтөбе облысы) орналасқан еді.

Ағаштан тұрғызылған баракта 16-18 кісі тұрдық. Айналамыз толған саз бен құм. Солдаттарға арналған казарма, офицерлер мен олардың отбасына арналған финдік типтегі үйлер, монша, асхана және қазандық бар-тұғын. Егерде А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» деген повесін оқыған болсаңыз, сондағы суреттелген  қалашыққа ұқсайды. Тек ол кезде қазандық болмапты.

Есінде сақталғанның бірі – бізге етті мол етіп беретіндігі. Көп ұзамай мұның да сырын ұғындық. Киіктің еті болып шықты. Күн сайын тамақтың бір түрін жей беру біздің мазамызды қашырды. Асқазан бұзылды. Осы сәтте бұрыннан тұрып келе жатқан бір офицер біздерді балық аулауға шақырмасы бар ма? Ұмытпасам, Қаракөл деп аталды ғой деймін. Балығы көп екен. Тіпті жем салмасаң да түсе береді. Салмағы әрбірінің 16-18 кило. Мұндай олжаны кім көрген. Балықтан шыға бастаған соң тасбақа ұстап жеген күндеріміз де болды Тартоғайда. Ол жерде улы жыландар аз емес екен. Бізге «оларға тиіспеңдер, сонда олар шағып алмайды» деп ескерткен-ді. Алайда қызық көргіміз келді. Түрткеніміз сол еді, балаққа шап берді. Абырой болғанда тісі етіктен өтпеді. Табақаның сүйегінен неше түрлі сувенир жасадық.

Будык Иван Михаилович: 

- 1959 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағына әскери міндетімді өтеуге жіберілдім. Сол кезде ракеталар радиомен басқарылып, ұшырылатын. Бас тірегі Тартоғай деген стансада орналасқан. Барлық аппаратура «Кунч» деп аталатын машинаның тіркемесінде еді. Ракетаны ұшыруды қамтамасыз етуге сенімділік зор болу үшін қажетті құрал-жабдықтардың әрқайсысы төрттен бекітілетін. Радиомен басқару жүйесіндегі офицерлердің саны шамамен 60-тай. Оның 98 проценті лейтенант.

Ғарышқа Юрий Гагаринді ұшырғанға дейін радиомен басқару арқылы неше түрлі сынақ жүргізілді. Соның барлығы да Тартоғайда жүзеге асырылды. Венера мен Марсқа қарай ракеталар ұшыру, иттерді ғарышқа жіберу, т.б. сынақтар жасалынды ғой.

Осташев Аркадий Ильич: 

- Тұңғыш рет 8000 шықырым қашықтыққа ұшырылатын баллестикалық ракеталарды сынақтан өткізу үшін радиомен басқару жүйесін орнататын жер іздестірілді. Алдымен Кубань, не Қырымда орналастыру мәселесі ұсынылды. РУП-тың өзі екеу болатын. Біреуі – бастысы, екіншісі – қосымшасы. Ол кезде Төретамда ғарыш айлағын салу туралы әңгіме де көтерілмеген. КСРО Қорғаныс Министрі  Г.К.Жуковке екі жоба да ұнамады. Басқа жер іздеу керек деді. Мамандар ақырында  Тартоғайды қалады. Ғарышқа ұшуды радиомен басқарудың  бас тірегі сонда орналасады деді. Ол РУП-А деп аталды. Радиомен басқарудың борттық аппаратурасында 8 борттық құралғы бар еді. 13 автомашина және екі пеленгаторлық антенналар  екі жерге қойылды. Ал Тоғызыда орналасқан РУП-Б-да небәрі 4 автомашина тұрды. Сондықтан бар күш Тартоғайға түсті.

Пругло Иван Андрианович:  

- КСРО бойынша жалғыз штаттық комплект тек Қызылорда облысына қарасты Тартоғай стансасында жұмыс істеді. Подполковник В.Н.Шабаров басқарған Радиомен басқарудың екінші бас тірегінің құрамасы оқып-үйренуден өтті. Р-5 ракетасын ұшыруды басқарудың станциясы еді.

Тартоғай шағын поселок екен. Станциясы әдемі кірпіштен тұрғызылған. Залы кішілеу. Отыратын орындық қойылмаған. Асхана жоқ. Суды құбырдан алып ішесіз. Станция бастығы мен кезекшісіне арнайы үлгідегі киім берілмеген. Стансаға аптасына бір рет вагон-дүкен келеді. Қашан келетіні де белгісіз. Жұрт сарылып күтеді де жүреді.

Әскери қалашық бес шақырым жерде. Алғашқы эшелонмен әкелінген техникаларды жеткізу едәуір қиындық тудырды. Жол жоқ. Ірі сексеуілдер кедергі келтірді. Қол күшімен отауға тура келді. Дайын отын дегеніңіз таудай боп үйілді. Ойымызда ештеңе жоқ, сұрағандарға беріп жібердік. Алайда суық түскенде не жағарымызды білмедік. Ай, қиналғанымыз-ай...

Көп ұзамай бас конструктор С.П.Королев пен КСРО артеллериясының бас маршалы М.И.Неделин келіп, Тартоғайдағы ұшуды радиомен басқарудың  бас тірегін қабылдады.

Боброва Эльга Львовна

- Менің мамандығым инженер-іздестіруші болатын. Р-7 баллестикалық ракетасын жасау тобын басқардым. Айға спутниктер ұшырдық. Айдың арғы жағын зерттеу үшін. Жер бетінде жаппай қаруланудың саясаты басталғанда 10 000 шақырым қашықтыққа ракета ұшыру  үшін тер төктік. Бұл жұмысты 1957 жылдан бастадық. Алғашқы кездері сынағымыз сәтсіз бола берді. Ақырында Тартоғайда орналасқан РУП-А  баллестикалық Р-7 ракетасын ұшыруды сәтті аяқтады.

Көріп отырсыздар, Тартоғайдың аты КСРО тарихында мәңгілікке жазылған. Бұл ерекшелікті жастарымыз толыққанды біліп, мақтаныш сезіммен алға ұмтылып, туған жерінің, елінің даңқы арта беруіне атсалысуға міндетті. Өйткені, әр адамға оның  туған топырағының қасиеттілігі сарқылмас күш-қуат, шынайы ләззат, өмірлік нәр, шалқыған шабыт береді.

Құрметті оқырман! Туған еліңнің, жеріңнің гүлдей құлпырып, өсіп-өркендеуіне үлес қосу – азаматтық парызың. Осыны ұмытпағайсың!


 (Жалғасы бар...)


Айтбай Сәулебек,

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

Тарих 17 тамыз 2019 г. 784 0