Қазынаға бай қолөнер

Қазақ халқы ағаштан жасалған бұйымдарды көп қолданған. Мәселен, ағаш төсек, жүкаяқ, кебеже, адалбақан және тағы басқалардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, қолөнердің сан саласын жақсы меңгерген шеберлікті аңғаруға болады.

 Бұл дүниелердің ішінде адалбақанның атқаратын қызметі көп айтыла бермейді. Қолөнершілер адалбақанды ағаштан да, темірден де жасайды. Ертеде киіз үй сүйегін, адалбақанды, асадал, күйме және сүйреткі жасайтын ісмерлерді «үйшілер» деп атаған. Тарихқа көз жүгіртсек, адалбақанның ХІХ-ХХ ғасырларда кеңінен пайдаланылғанын байқауға болады. Ол кезде ою-өрнектермен өрнектелген адалбақанды күміс ілмектермен, зергерлік әшекейлермен безендірген.

Шеберлер адал­­бақанға көбіне қызыл түсті қайың мен жеміс ағаштарын қолданған. Адалбақан төрт бөліктен тұрады. Пішіні алты бұрышты дөңгелек болып келген, жиектерінде темірмен өрнектелген алты дана ілгіші орналастырылған. Ілгіштердің тұғыры металдан жасалған пластиналармен әшекейленген. Негізінен бұл бұйымды еліміздің әр өңірінде әртүрлі етіп жасаған.

Адалбақанның қызметі – ашаның көмегімен киіз үйдің шаңырағын күлдіреуішінен іліп алып, көтеру. Киіз үйді құрған уақытта таптырмайтын бұйым. Дегенмен, адалбақанның тек бақан ретіндегі қызметінен бөлек, үй ішінде киімілгіш қызметін бірі білсе, екіншісі білмес. Үйде жай жатпасын деп, бақанның жан-жағына темірден не күмістен, болмаса бүтіндей ағаштан ойып ілгектер жасаған. Ілгектерге киім, аяққап, қоржындар, тіпті қару-жарақтар ілінген. Сол себепті де, адалбақанды үй жиһазы деуге толық негіз бар. Ертеде адалбақан әйелдерді босандыруға да пайдаланылған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залы экспозициясындағы 6 қанатты киіз үйдің ішінен адалбақанды көруге болады. Бұл жәдігер қазақ халқының өткен тарихынан ғана емес, қазынаға бай қолөнерінен де сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады.

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері.

Тарих 22 тамыз 2019 г. 1 038 0