Пациент пен фельдшер

Жуырда әлеуметтік желідегі ортақ чатта бір қолданушы «қазір кейбір емханаларға барсаң, «Мақта қыз бен мысық» ертегісіндегі кейіпкер боласың» деп жазған еді. Есіңізде ме, сиырдан сүт сұраса, «жапырақ әкел», ағашқа барса, «су әкел», қыздардан су сұраса, «сағыз әкел» деп бір тостаған сүт үшін кейіпкердің ығырын шығаратын еді ғой. Қазір дәрігерлер сүт пен су сұрамайды, бірақ ең кемі бір апта бірнеше дәрігердің алдынан өтіп, неше түрлі талдама жинауға тура келеді.
Мұны естігенде сонау Арал теңізінің құяр сағасы Қа­ра­те­реңдегі балықшы ауылдың адам­дары есіме оралды. Бала ке­­зімде аудан орталығынан 4-5 сағаттық қашықтықта орна­лас­қан сол ауылдың денсаулық кү­зетшісі  бір ғана Жасарал Мұ­ханов секілді көрінетін.
Аудан орталығы барып-келе беретіндей жақын емес, науқас түгілі, сау адамның ішек-бауырын үзе жаздайтын жол жағдайын қоссақ, бүкіл ауылдың тұрғыны түшкіріп-пысқырса Жас­арал ағаны іздейтін. Егер дертті кісі өз аяғымен келе алмайтындай болса, сол үйдің тұр­ғыны ауруханаға жеделжәр­демді емес, Жасарал ағаны сұрап келетін. Мұндайда өз ма­мандығының фанаты ма дер­сіз, дәрігер де сұрақ қоймас­тан сол үйге беттейді. Жөні де, жү­рісі де бөлек. Мың жарымға жуық тұрғыны бар ауылдың кез келген үйіне лезде бара­тын. Кейбіреулер секілді «қан­дай шағымыңыз бар» деп бір сауалмен-ақ шешім шы­ғар­майды, қалай, қайтіп ауырады, шаншып па, бүріп пе, солқылдап па деп бәрін әбден тәптіштеп сұрайды. Диагнозды науқастың сипаттауымен, қолмен ұста­ғандай етіп қой­ғанда, талай рет облыстың құ­рал-сайманы сай дәрігерінің диаг­нозымен бірдей шыққан.
Сонда Қаратерең ауылдық амбулаториясында алғашқы жыл­дары медбрат, арасында 5-6 ай бас дәрігер болғанын қос­пағанда 42 жыл бойы Жасарал Мұхановтың атқарған қызметі – фельдшерлік екен. Бірақ бас дәрігерден бетер құрметтелетін Жасарал аға ауыл халқы үшін корей киносындағы тегін жүріп емдейтін атақты тәуіп Хо Жуннан кем емес. Бұл отбасы ауыл үшін қадірлі. Қадірлі болатыны Жасарал ағаның жұбайы да дәрігер, «мың баланың кіндік шешесі» атанған Қалмаш Райханова.
Еңбек демалысында ауыл­ға барғанымда, үйдегілер биыл Жасарал ағаның 70-ке келге­нін, ел арасында құрметке бөлен­генін әңгіме қылып отыр екен. Бірден ел дегенде елгезек, жұрт дегенде жанын салатын дә­рігер туралы жазсам қайтеді деген ой келген. Сол оймен құттықтап әрі қызметі туралы өзінен сұрамаққа бекіндім. Бірақ ол қашанғыдай жайдары қарсы алғанмен, ағынан жарылып, аз­­дап мақтаныңқырап қойып, өт­кенді қозғайтындардың қата­ры­нан емес. Науқасты, науқаспен бірге өзін қинаған жол жайын қайта-қайта айтты. 
 «Күздің лайсаң, батпақты күні Өтеген деген кісі қатты ауырғаны есімде қалыпты» деді ол. Ауыл азаматтарының жол салу жұмысын дәл сол күні бітіргенінің арқасында, ауданға жетіп, науқасты әрең дегенде аман алып қалған. Ал 1992 жылы қазір үйлі-баранды, ол кезде 4-5 айлық Зейнел атты сәбиді аман сақтау үшін Әулиеата, қазіргі Бекарыстан би сияқты бірнеше ауылды айналып, орталыққа әу­пірімдеп жеткені бір бөлек әң­гіме.
Ауыл халқы да қызық. Кейде қалада жүріп ауырса да, сол жердегі үлкен ауруханаға көрінбей, қалайда ауылға жетеді. «Суық не көз тиген» деген әдет қой бұрынғы. Телефон да жоқ, ауруханада кезекші дәрігер де болмайды, бірақ әлгі адамның кеш бата фельдшердің үйіне кіріп бара жатқанын көресің. Сондай бір ағамыздың қалада қанша ауырса да шыдап, ауылға келген соң соқырішек екені анықталып, қалаға қайта жол жүргені бар. Мұндайда пациенттің Қожанасыр секілді қылығына дәрігер күймегенде, кім күйсін?!
Адамның амандығы үшін «тар жол, тайғақ кешкен сәттер» Қалмаш апада мұнан да көп. Ауылға 60- жылдардың аяғында жас маман болып келгенінде, аяғы ауыр келіншектер емха­на­ға көрінуді қажет деп те есеп­темейді екен. Жиырмадан енді ғана асқан жас акушер ауылды түгел аралап, әр үйге бас сұғып, жүкті келіншектің бар-жоғын сұрап жүретін кез бұл. Осылайша отбасы, ошақ қасында босану қағидасын өзгертіп, ауыл медицинасына айтарлықтай тәр­тіп енгізіпті. Ал 1983 жылдан кейін әйелдер сәбиді арнайы жабдықталған мекемеде, ауданда өмірге әкелу керектігі жөнінде бұйрық шығыпты. Бірақ белгіленген күннен ертерек ауданға бару талабын әйелдер сақтай бермейтіні белгілі. Ауылда толғақ қысып, жан қиналғанда бірден жететін Қалмаш апаның міндеті – әйелді қалайда аудан орталығына жеткізу. Әлгіндей жолдың кесірінен кейде ауданға бару да мүмкін емес.
Бірде жолай бір келіншекті көршілес Қамбаш елді мекенінде босандыруға тура келгенін айт­қаны бар. Алас-қапаста Қам­баштағы аурухананың аку­ше­ріне «бол, маған көмектес, мынаны ұста» деп құралдарын берсе, анадай жерде көзі ба­қырайып, қолын қалтасына салып, «дәрігерің келмейді» дейді. Кейін біліпті, әлгінің келмейтін де жөні бар екен. Аурухана басшылығы бір педиатрды мамандандыру процесінен өт­кі­зіп, акушердің штатын беріп жұ­мысқа алып қойыпты. Науқасты көргенде әрі-сәрі күй кешкен «акушердің» сыры осында екен.
Ауылда қырық сегізге келген Айдарбек есімді кісінің де  кіндік шешесі – Қалмаш апа. Айдарбек ағамыз дүниеге келерде анасының жағдайы қиындап, қалайда ауылда қалдырмай қалаға жеткізу керек болыпты. Ауданға хабарласса, жүкті әйелді Бөгенге жеткізуді тапсырған. Сонымен санавиация арқылы әдеттегідей Қалмаш апа Бөгенге ұшады. Ұшақтан түссе, табан асты ысылдаған сары құм. Тоқтаған жерлері аурухана түгілі, ауылға әрең маңайлайды. Ұшақтан басқа көлік жоқ. «Ананың мықтылығын сол кезде білдім, қанша қиын болса да құм кешіп, ауруханаға дейін жаяу барғанбыз» деп еске алады Қалмаш апа. Барғаннан кейін бірден ота жасалып, өмірге ұл келген екен. Бөген халқының көбі Айдарбек руынан, сондық­тан нәресте де Айдарбек атын иеленіпті.
Ал тағы бірде толғақ қысып, әбден әлі кеткен бір келіншекті ауданға жеткізудің машақаты аз болмапты. Жол бойы көлік тоқтаған сайын әйелдің қан-сөл­сіз жүзін, моншақтаған те­рін көріп, қарадай қысылып, кө­ліктің артына барып, «үзіліп кетпесе болар еді» деп жылайтын көрінеді. Таңғы төрт шамасында әйелді аудандық перзентханаға да жеткізіпті. Бірақ не керек, мұндағы дәрігерлер таңертеңгі 5 минуттық жиналыстан кейін ғана әйелге назар аударыпты. Салғырттықтың соңы белгілі, сәбиді сол жолы аман алып қалу бұйырмапты.
Бірақ, осыншама қиындыққа қарамастан, қырық жылға жуық қызметінде ауылда бірде-бір әйел өлімі болмаған.
Бұл – жан-жағын құм суыр­ған, кез келген үйдің бұға­насы енді қатқан баласынан қай­ратты қариясына дейін те­ңіздің толқынымен тайталаса жүріп, несібе іздейтін ауыл­дағы жанкешті тірлік. Қазір жол да, ауылдағы жағдай да бұрынғыдан көш ілгері. Өткен жылы жаңа амбулатория елге берілді. Бірақ ауыл адамдары сол бір кездегі Жасарал аға мен Қалмаш апаның жанашырлығын жиі айтады. Әркімнің көкейінде оларға деген алғаусыз алғыс барын байқайсың. Айтпақшы, 2012 жылы зейнетке шыққан Жасарал дәрігердің есігін қағып, көмек сұрайтындар ауылда әлі де бар. Себебі оларға деген сенімде селкеу жоқ.
Зейнеп Ахметованың есте­­лігінде әкесінің дәрігер бол­ғанын айтпаушы ма еді? Сонда бір әжейдің аудандағы дә­­рі­герге көрініп, ауруынан жа­зылмағасын, әкесіне ке­ліп қаралатыны бар. Сонда әкесі қағазға әлденелерді жазып береді. Бірнеше аптадан кейін әлгі әжей келіп, «балам-ау, рахмет, өткендегі қағазды шәйға салып қайта-қайта ішіп едім, жөтелімнен біржола құ­тыл­дым» дейтін көрінеді. Сөйт­се, дәріханадан алу керек дәрі­лердің тізімін ғана қағазға жазып берген әкесі аң-таң дейді. Әжей қағазды молдалар беретін «ішірткі» деп ойласа керек. Дәріні ішпесе де, дәрігерге деген сенімнің күшін айтсаңызшы?!
Кейде құрылғысы сақадай-сай, салқын емханада отырып, сөйлеуге ерінетін дәрігерді көрсем есіме Жасарал аға түсіп кетеді. Мүмкін, ол сол кездері бейнеті көп ауылдың бағына біткен дәрігер болар... 

Айдана Жұмадинова
ТАҒЫЛЫМ 31 тамыз 2019 г. 589 0