Құлболды ишан

Сырдың қасиетті топырағы сан ғасырлық тарих қойнауынан жеткен ғажайып құндылықтардан кенде емес. Қорқыт абыздан бастауын алған рухани мол қазынамыздың туған жердің тылсымына тұнған сыр-сипаты ерекше. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында «Сыр медиа» ЖШС журналистері туған өлке тарихын танып, таразылап, оқырманға жеткізу ісін ары қарай жалғастыра береді. Өткен аптада экспедиция мүшелері Сырдария және Жалағаш аудандарында болды. Қасиетті Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи мұраларынан бастау алған осындай құндылықтардың қатарында Құлболды ишан, Қалжан ахун, Беркімбай қалпе туралы дәйекті деректер білгенге маржан, бірегей дүниелер.

Облыстық рухани жаңғыру орталығының бөлім басшысы Мұрат Жетпісбаев бастаған бір топ журналист таңертең Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылына бет алдық. Ондағы нысанамыз – қасиеті ерек Құлболды ишан мешіті. Ишанның ұр­пағы, кезінде  ауылға басшылық жа­саған, ел тарихынан хабары мол азамат Қамар Рүстемов аға­мызбен әңгімелесіп, тарихи тұлғаның өміріне қатысты көптеген мағлұматты көңілге түйдік.

Құлболды ишан ХVІІІ ға­сырда өмір сүрген. Ол – әйгілі Қожа Ахмет хазірет сұлтан негізін салған софылық діни ілімнің Тұран өңіріндегі ең соң­ғы өкілі саналатын Қажы Мәді Қожаның үлкен ұлы Қо­жаның бесінші ұрпағы. Жас кезінде Ысмайыл Әздүр молдадан арабша оқып үйренген зерек бозбала Бұқарадағы «Мір Араб» және «Көкілташ» мед­реселерін бітіріп, одан соң Сыр бойындағы Айтқожа, Ма­рал ишандармен бірге Ау­ған­стан еліндегі ислам шейхынан дәріс алады. Бұл жерде ұстаздары Құлболдының бойынан ерекше қасиетін байқап, орайы келгенде сыннан да өткізеді. Бір күні оқу ор­ны табалдырығының оң босағасына Құран кітапты жа­­сырып қойып, шәкірттерді ке­зекті дәріске шақырады. То­пыр­лап жеткен топ бала­ның арасынан Құлболды табал­ды­рықтан аттамай, кідіріп қалады. Ал басқалары ештеңеге қарамай есіктен ішке лап қояды. Сонда ұстазы шәкіртінен:

– Неге кідіріп қалдың? – деп сұрайды.

– Ұстаз, босағада бір қа­с­иетті зат тұр. Содан аттай алмадым,– дейді ол. Медре­седе оқып жатқанына бір-ақ жыл болған баланың бойындағы бұл қасиеттің тегін еместігін аң­ғарған ұстазы әлгі өзі жасырған Құран кітабын табалдырықтың астынан алып шығады. Сөй­тіп ұс­тазы шәкіртінің аса зерек­тігіне көңілі толып, оған деген сенімі арта түскен екен.

Құлболды ишан «Мир Араб» медресесін бітіргеннен кейін сол оқу орнының жол­даған бағыты бойынша қазіргі Сырдария ауданының төңіре­гін­де өмір сүріп, осы жерді ме­­кен еткен халыққа ислам ді­нін уағыздайды. Тек дін саласын емес, жалпы елдің орташа сауат­тылығын қалыптастыруға, сонымен қатар, ел арасында ынтымақ пен бірліктің тұрақ­тануына үлкен үлесін қосады. Түрлі дерттің шипасын біліп, емшілікпен де айналысқан. Өте мейірбанды, ғұлама адам бол­ған деседі. Ишанның алдына ниет қылып барғандар Тә­ңірдің жарылқауымен, тілек­те­ріне же­теді екен.

Құлболдының құдіретіне Тәшкеннің бегі де тәнті болған деген сөз бар ел ішінде. Ол қалай болған? Естігенімізді ай­тайық, сол жылдары аспаннан тамшы тамбай, елді қуаңшылық жайлайды. Сай-саланың бәрі құрғап, әбігерге түскен жұрт ама­лы таусылып, Құлболды ишан­ға келеді. Қаумалап келген қалың жұрт ол кісі дұға оқыса, бәлкім, Жаратушы Хақ­­тың назары түсіп, жаңбыр жауа­ды ма деген үмітте еді. Ишан көпшіліктің тілегін қа­был алып, тә­уекел етеді. Әл­бетте, бұл оңай шаруа емес. Со­ңы не бо­ларына ешкімнің көзі жет­пейді...

Аз уақыттан соң бір шешім­ге келген ишан ауыл-ауылдан арқан жинатады. Құлаш-құлаш арқандарды бір-біріне жалғап, одан соң дұғасын дәріптеп оқи­ды-дағы әлгі арқанды аспанға қарай лақтырады. Сол кезде көптің көз алдында керемет бір оқиға орын алады. Әлгі арқан шеңберлене бұралып, биікке қарай шаншыла көтеріледі. Аса күшті жылдамдықпен айналған арқан бірте-бірте ысылдаған аждаһаның кейпіне ұқсап, ақы­ры аспан кеңістігіне еніп ғайып болады. Таң қалған жұрт тәубесін шақырып, Тәңірінің қандай да бір тартуын күтеді. Арада біршама уақыт өткенде аспанға қара бұлт үйіріліп, айнала күңгірт тартады.  Демін ішіне тартып, тына қалған көк жүзі бір мезетте күркіреп беріп, жауын құйып салады. Қара жер де, көк шалғын да бір қарық болып қалады. Сай-салаға су то­лып, халықтың көңілі де қанағат табады. Ишанның бі­лім­дарлығына бұрынғыдан бе­тер елдің сенімі арта түседі. Сон­дай-ақ, осы тәріздес тылсым оқиғалар одан кейін де кездесіп тұрады. 

Бұл әңгімені біз Қамар Рүс­темов  ағамыздан естіп, жазып алдық. Ол кісінің айтқан тағы бір әңгімесі – Құлболды ишан­ның Тұрсынбай датқаны Қоқан хандығының тұтқыннан босатып алғаны жайлы деректері бізді қызықтыра түсті. Енді со­ған тоқталайық.

Тұрсынбай Бүркітбайұлы – ХІХ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген, ел басқару ісінде да­рабоз қарым-қабілетімен та­нылған қайраткер адам.  Осы ке­зеңдегі басқыншы Қоқан хан­дығы билеушілерінің сенімі­не кіріп, сол мемлекеттегі төр­тінші жоғарғы билік лауа­зымы – датқа атағын алады. Кейіннен Ақмешітті жаулап алған Ресей патшасы да оған зауряд-хорунжий (жорықтағы офицерлік шен) атағын берген. Тіпті орыс патшасы оны қа­зақтың игі жақсыларының қа­тарында патшалықтың бас шаһары Петербордағы сал­та­натты қабылдауына шақы­рып, сый көрсеткен. Біліп отыр­ға­нымыздай, Тұрсынбай датқа сол дәуірдегі белгілі саясаткер тұлға. Саясаткер дейтініміз, та­рихи деректерде ол Сыр бойы халқының тұрақтылығын сақтап, ел өмірінің  ілгерілеуіне елеулі қызмет еткен адам. 

Сол Қоқан хандығының би­лігі жүріп тұрған шақта хан­ға халықтан түсетін түсім күрт азайып кетеді. Содан хан Тұрсынбай датқаны  көп әскер қосып, іргелес жатқан Құлболды ишан ауылын шауып, түсім алып келуге жұмсайды. Сол мақсатпен түнделетіп кел­ген Тұрсынбай датқа да, оның сарбаздары ұйқы көрмей, шы­бын-шіркей, шаянның ша­ғуы­нан әбден әбігерге түседі. Оның себебін іштей білген дат­қа райынан қайтып, сый-сия­патын алып, Құлболды ишанға сәлем бере келеді. Ол мұнда келгендегі ойын айтып, кешірім сұрап, ишанмен ақыреттік дос болған екен. Осы жағдайдан кейін Тұрсынбай дат­қа мен Қоқан ханының арасы дұрыс болмай, ақыры хан датқаны тұтқындайды. Сонда Тұрсынбай датқа «Мені бір құтқарса, Құлболды ишан ғана құтқара алар» деп елге астыртын хабар жібертеді.

Хабар жетісімен, датқаны ақтап алуға келген Құлболды ғұламаны Қоқан ханы орнынан атып тұрып қарсы алады. Оң жағына отырғызып, ишанның сөзін тыңдап, өтінішін бірден қабыл алады. Тұтқындағы Тұр­сынбай датқаны босата келіп, Құлболды ишаннан кешірім сұрап, айыппұл төлейді. Үлкен құрметпен, арнайы пәуескемен шығарып салады. Ешкімге иілмейтін сұсты  ханның бұл күйіне таң қалған бас уәзірі:

– Уа, бегім қазақтың бір қа­ра шалының алдына соншама құлдық ұрғаныңыз қалай? – десе керек. Сонда біразға дейін өз-өзіне келе алмаған бек:

– Әй, сен не білесің, бір Тұр­сынбай емес, ол сұрағанда Тәшкенді халқымен беріп, сені құрбандыққа шалып, қалған уәзірлерімді құлдыққа берер едім. Біле білсең, ол есіктен кіріп келгенде екі иығындағы екі айдаһардан жаным көзіме кө­рінгендей болды, – деген екен.

Дін жолының ғибратын же­те меңгерген әулие кісілер өз­дерінің өмірден өтер сәтін алдын ала сезетіні жайлы көп­теген әңгімелерде айтылады. Құлболды ишан да өмірден өтерінің алдында «Мен енді о дүниелік адаммын. Мен өлген соң Арқа жақтан Оспан есімді руы Қыпшақ кісіні әкеледі. Оны  менің жаныма жерлеңдер»,– деп аманат айтып қалдырады. Айт­қанындай, Құлболды ишан өмірден өтісімен, Арқадан әлгі айтқан адамның мүрдесін әкеп, ишанның қасына жерлейді. Кейіннен Тұрсынбай датқа Құл­­болды ишанның басына қам­­кесектен күмбез тұрғызған. Қа­зір күмбездің ішінде екі са­ғана бар. Бірі – Құлболды ишан­дыкі, екіншісі – Оспан са­ғанасы. Алайда Оспанның  кім екені жайлы мардымды дерек жоқ. Абзал мақсұм, Әбу мақсұм да осында жатыр. Арнайы құл­пытастары қойылған. Ал, батыс жақ төрт құлақтың ішінде ишанның бибісі, басқа балалары, немерелері жерленген.

2002 жылы Құлболды ишан кесенесі қайтадан жаңғыр­тылып салынды. Бұл жұмысқа сол жердегі ауыл-аймақ тү­гел атсалысты. Ғұламаның Әу­бәкір, Омар, Пазыл атты ұл­да­рынан тараған ұрпақтары бү­гінде Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында, дені Қы­зылорда облысында тұ­рақ­таған. Омардың ұлы Құлам­қадір ишан әрі болыс болған. Бұл туралы деректер Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Ду­латовтың шығармаларында кез­­деседі. Екінші немересі Әб­­діхалық Меккеге үш рет бар­ған. Ал, 1903 жылы үшінші рет барғанында Меккедегі «Му­хаммедия» медресесінде ше­жі­ре жаздырып алған. Осы ше­жі­ре бойынша Құлболды ишан Әзірет Әлінің 43-ұрпағы – Әзі­ретәлінің үшінші баласы Мұ­хаммед Әнапиядан тарайтыны нақтыланған.       

Қамар ағамыздың айтуын­ша, бұл айғақ хатты кезінде Ха­лифа Алтай оқып, «Шырақ­тарым, өте қадірлі зат екен, дұрыс сақтаңыздар» деген екен. Алайда кейіннен облыс бас­шылығының араласуымен бұл шежірені облыстың орталық мұрағатқа қойдырыпты. Қазір ұрпақтарында көшірмесі бар.

Құлболды ишан туралы әлі де біршама деректер бар. Соның барлығы да ишанның елге, халыққа аса құрметті адамның бірі болғанын айғақтай түседі.

Біздің келесі бағытымыз – Сыр­дария ауданының аума­ғындағы Қалжан ахун баба­мыздың кесенесі. Кешегі ХХ ғасырдың басында Қалжан ахун­ның өзі салдырған бұл мә­дени ескерткіштің де сыр-сипаты қызықтыра түседі. Бұл туралы әңгіме желісін газеттің алдағы санында сабақтайтын боламыз. 

Тарих 19 қыркүйек 2019 г. 4 823 0