Ұлттық идеялардың заманауи бейнесі

Таяу Шығыс елдері мен халықтары және әлемдік діндер үшін Иерусалим қандай киелі болса, Түркістан – Орта Азия халықтары мен елдері үшін сондай киелі. Өйткені ислам өркениеті нақ Таяу Шығыста қанат жайып, көкке самғаса, ислам діні біздің аймақ пен көшпенділер әлеміне самғауы мен орнығуы Түркістан арқылы жүзеге асырылды. Осы тұрғыдан алғанда біз салған Нұр-Сұлтан қаласы Түркістан идеясының материалдануы, бүгінгі тілмен айт­қанда, Нұр-Сұлтан мен Түркістанның жаңғыруы.
Адамзат тарихы мен тәжірибесіне сүйенер болсақ, елдер мен халықтар өздерінің бас қалаларын дұрыс таңдап алып, салуға кіріскенде адамзаттың баянды да шынайы өркениеті басталды. Өркениеттердің дүниеге келіп кемелденуі мен тарихи сахнадан кетуі де бас қаланың саяси тағдырымен тығыз байланысты. Елдің құдіреті мен ұлылығы билеуші мен қарапа­йым бодандарының астаналарының маңайына топтасумен, оған деген патриотизмі мен сүйіспеншілігімен байланысты болды. Тұрақтылық пен құбылмалылық, баяндылық пен түрлену – табиғатқа да, қоғамға да тән құбылыс. Астаналардың аты да заты да өзгеріп, тіпті географиялық орнының алмасып отыруы сол халықтың арман-аңсарынан, уақыт талабынан туындайды. Отандық және әлемдік тарих бұған куә.
Біздің астаналардың тарихы  жасындай жарқылға ұқсайды. Тез жанды, тез өшті. Шынын айту керек, астаналарымыздың, баяндылығы мен тұрақтылығы тұрғысынан жолымыз болмады. Бас қалаларымыз тарихтың өн бойында үнемі өзгеріп отырды. Бұл ел болып, ұлт болып ұйысуымызға үлкен нұқсан келтірді.
Сыртқы жаулармен перманентті күрес тайпалық-рулық ішкі тартыстардан қолы босамаған халқымызды әлеу­меттік, тұрмыстық, оты­рық­шылық мәселелерге келгенде бел­сенділігімізді төмендетті. Сырт­қы жауға қаһарлы халық тұрмыста сыпайы, әлеуметтік мәселелерде әлсіз болды. Қатал геосаяси жағдайлар да қазақ астаналарының  тағдырына кері әсер етті. Ұлы географиялық ашулар «Жібек жолының» бойында орналасқан қазақ ордалары – Сарайшық, Сығанақ қалаларының тағдырын шешті. Астаналармен бірге қазақ халқының  топтасуына мүмкіндік бермеді. Бір қызығы, Кеңес өкіметі жылдары да қазақ астаналарының тағдыры құбылмалы болды. Жетпіс жылдың ішінде астана үш рет өзгеріп, ұлт болып қалыптасуымызды шиеленістірді. Егер 70-ті үшке бөлсек, әрбір 23 жыл сайын астана алмасып отырған болып шығады.
Ұлт болып қалыптасу үдерісі оңай емес. Ағылшындар – Лондонның, француздар Париждың маңа­йына топтас­қанда ғана ұлтқа айналды. Басқасын былай қойғанда, немістер мен итальяндарда  ондай ұйтқы, жүйетүзуші қалалар ХІХ ғасырдың соңына дейін болмағандықтан, олардың ұлтқа айналуы француз, ағылшындарға қарағанда кешеуілдеді. ХІХ ғасырдың соңын ала Берлин мен Рим сондай функцияны атқара бастағанда ғана неміс және итальян ұлттары пайда болды.
Кеңес билігі жоғарыдан белгілеп  берген Орынбор қаласы ондай міндеттерді бірден атқара алмады. Оған тарихи уақыт керек еді. Жаңа тұрпатты қазақ зиялылары революциялық романтика жетегінде болып, астананы қалың қазақтың ортасына алып барудан жағдайдан шығудың  бірден-бір жолын көрді. Олардың саналарының бір түкпірінде Ташкент қаласының болуы да заңды. Ақыр соңында астананың қалың қазақтың ортасы Қызылордаға көшірілуі де өзін-өзі ақтамады. Нәтижесінде Қазақстан Орынбор қаласынан айырылды, Ташкент қаласы да оған бұйырмады. Жаңа астананың таңдалуында оның қазақтың солтүстік, Батыс өңірінен алшақ, қиыр оңтүстіктегі, Орынборға қарағанда қысы жұмсақ, жазы қолайлы Алатау баурайында орналасқандығы да аз рөл атқармаған болуы мүмкін. Осылайша, Кеңес билігі астананы Алматы қаласына көшіруге шешім қабылдаған еді. Салынып жатқан Түркістан – Сібір темір жолына, оның үстіне Орта Азия республикаларының астаналары Фрунзе, Ташкент Душанбеге жақындығы  да  кеңестік басқару билігі талаптарына сәйкес келді.
Соғыстан кейінгі жылдары Алматының елдің негізгі аймақтарынан тым қашықтығы айқын сезіле бастады. Нақ сондықтан да кеңестік билік Қазақстаннның солтүстік аймақтарын Ресейге қосу ниетін бірнеше рет жүзеге асыр­ғысы келді. Қазақ зиялыларының арман-аңсары астананы Сары­арқаның төріне көшіру болды. Бұл идея­ның бастамашысы ­Қ.Сәтбаев еді. Алайда мәселе кеңестік Қазақстан билігінің құзырында емес-ті. Соғыстан кейінгі онжылдықтарда кеңестік Алматы шынында да күллі қазақстандықтардың мақтанышына айналған әсем қалаға айналды. Өткен ғасырдың 60-80-жылдары  қазақ мәдениеті­нің «алтын ғасыры» болды. Соған  қарамастан ұлт болудың іргетасы – заманауи қалалық қазақ мәдениеті Қазақстанның бас қалаларында біржолата және түбегейлі қалыптаспады. Кеңестік Қазақстан қалалары ішінде қазақтардың үлес салмағы аз болды.
Еліміздің егемендікке қол жеткізуінен кейін ғана қазақ халқының арманы орындалып, бас-аяғы екі-үш жыл өтісімен 1994 жылдың 6 маусымында Қазақстан Рес­публикасының Жоғарғы кеңесі «Қазақстан Республикасының ас­та­насын көшіру туралы» Қаулы қабылдады. Сонымен заманауи Қазақстан тарихындағы бас қалалардың Орынбор – Қызылорда  –Алматы, одан әрі Ақмола – Целиноград – Ақмола – Астана – Нұр-Сұлтан әскери бекіністен губерния, облыс, тың өлкесінің орталығы ҚР астанасы болуының астарында шиеленіске толы талай бетбұрыстардың ізі жатыр. Ұлт тағдыры үшін астана, А.Айталы айтқандай, «оның өзегін жарған оқиғаларынан алған сабағы, өзін-өзі тану жолындағы түйген пайымынан туады».
Халықаралық  тарих тәжірибесіне  жүгінер болсақ, 1215 жылы Шыңғысхан жорығынан кейін өртеніп кеткен Пекинді 1264 жылы қытайлықтар астана етіп тәуелсіздікке қол жеткізді, ұлттық сана оянды, мемлекеттік идео­логиясы жаңарды. Жапондықтар өз тарихында астаналарын төрт рет алмастырған екен. XVII ғасырда ел астанасын Токиоға көшіру төніп келе жатқан Қытай мен Еуропа елдерінің  миссио­нерлері мен опиу­мы ықпалынан құтылу үшін қажет болды. Кезінде І Петр Ресей астанасын Мәскеуден солтүстіктегі Санкт-Петербургке  көшіруге шешім қабылдауы да уақыт талабынан туындаған еді. Бұл Ресейдің Батыстан тәуелсіздік жолындағы күресінің жемісі болды. Орыс қоғамының жоғарғы топтарының бағыты – Батыс бағытқа бұрылып Еуропа мәдениеті аясына кірсе, қарапайым халқы орыс мәдениеті шеңберінде қалды. Менталитеті екіге бөлініп оның қарама-қайшылығын, екі­ұдай­лығын күшейтіп ауыр салдарға алып келді, яғни орыс­тардың саяси ұлт болып қалыптасуы күрделенді. Біз болашақта бұдан да сабақ алуымыз керек.
Уақыт талабына сай астананы көшіру идеясы Ататүріктік Түркия­дан да байқалды. Стамбул – Осман империясының символы болса, жаңарған заманауи Түркия­ның символы Анкара болуға тиіс еді. Осман империясы дәуірінде этникалық түріктердің билікте жүргеніне көңілі тоқ еді. Елдегі өнеркәсіп капиталының 90% түрік еместердің қолына өтіп, елдің тәуелсіздігіне қауіп төнген. Ұлттық кәсіпкерлер мен іскерлік топтар да болмады. Түрік тілі де ресми құжаттардан ығыстырыла бастады. Сондықтан Ататүрік түрік тілі мен мәдениеті негізінде жаңа саяси ұлт жасауға кірісті. Әрине, реформалар қатқыл құралдар  және қасаң жолдармен жүргізілді. Оның салдары заманауи Түркия тарихынан әлі күнге дейін байқалады. Алайда біз ұлт мәселесінде Ататүрік жолымен жүруге тиіс емеспіз. Бірақ қазақ тілі мен мәдениеті төңірегіне басқа этникалық топтарды табиғи жолмен тартуға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің мәдени және ментальді картасы өзгереді.
Освальд  Шпенглер «ұлттар дегеніміз – қала салушы халықтар» деген еді. Қазақтардың өз қолымен  өздерінің  бас қаласын салуын тағдыр ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында жазыпты. Тәуелсіздіктің арқасында қала салушы ғана емес, астана салушы өркениетті ұлттар қатарында қазақ ұлты да қосылып келеді. Бүгінде қалалық қазақ мәдениетімен бірге қазақ ұлтының саяси ұлтқа, азаматтық ұлтқа айналу процесі қайшылықты болса да  қарқынды жүруде. Қалада қоныстанған қазақтардың саяси ұлт­қа айналуы үшін кемінде екі-үш ұрпағы алмасуы керек. Психологтар белгілі бір дүниетаным екі ұрпақ бойы өмір сүрсе, бекем болатынын айтады. Сонда ғана сана түкпіріндегі азаматтық «қазақ» ұғымы басым сипатқа ие болмақ.
Біз төменнен белсенділік танытып отансүйгіштік рухты жалпыхалықтық етуіміз керек. Көршілік қауымдық психологияға негізделген орыс менталитеті де бұл мәселеде ақаулық танытуда. Ал ру-тайпалық көңіл-күй құрсауындағы менталитеттен арылу кеселді жүруде. Басқасын былай қойғанда зиялылардың кейбір топтары арасында бүкіл әлемнен тек өз руының мүддесін көретіндер немесе өз руында отырып бүкіл әлемді көрмейтіндер жанталаса қарсылық көрсетуде.
 Нұр-Сұлтан – астана болғалы өзін халықаралық аренада көрсете білді. Қазақстанның жаңа астанасының солтүстікке көшірілгенін көре алмаған оппоненттеріміз де болды. Әлі есімізде 1994 жылы Мәскеу жоғары саяси топтары арасында Ресей журналистерінің бірі «қандай себептермен сұлу Алматыдан астаналарыңызды солтүстікке көшіргелі жатырсыздар?» деп Тұңғыш Президентімізге құйтыр­қы сұрақ қойған еді. Елбасы ойланбастан «хотим быть ближе к России» деп жауап беріп оппонентін және сұрақ қойдырып отырған топтарды тапқырлығымен қарусыздандырған еді. Біле білген адамға бұл уақыт талабы қойған сұраққа берілген тарихи жауап еді. Астананы көшірмегенімізде Еділ сияқты Есілден де айырылмауымызға кім кепіл еді?! Өйткені халықаралық беделді ұйымдарға, нақты айтқанда, АҚШ пен НАТО-ға арқа сүйеп «белсенділік» танытқан кейбір бұрынғы Кеңес республикаларының аянышты тағдырының куәсі болып отырмыз (Украина, Грузия). Бұдан шығатын сабақ – ең бірінші өз күшіңе сен, содан кейін барып  халықаралық ұйымдарға арқа сүйе. Қазақстан ішкі әлеуетіне сүйене отырып, халықаралық ұйымдар арасында беделін нығайта білді.  Оның куәсі – әлемдік діндер мен конфессиялар жиынының тұрақты түрде Нұр-Сұлтанда өтіп, оны Қазақстанның ұйымдастыруы. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы болуы, 2017 жылы өткен дүниежүзілік EXPO көрмесінің өткені де ұлтымыздың мерейін асырып тастағаны хақ. Сириядағы дағдарысты шешудегі Қазақстан билігінің белсенділігі ТМД кеңістігінде түсіністікке ие және объек­тивті түрде саяси ұлт болып қалыптасуымызға қызмет етеді.
Қорытындылай келгенде, Нұр-Сұлтан – ұлттық идеялардың заманауи бейнесі, ғасырлар ізденісінің нәтижесі, жаңа ұлттық идея, қалалық қазақ рухының көрінісі, саяси ұлт қалыптасуының ұйытқысы. Әрбір қазақстандық мемлекет іргетасының кірпіші сезінгенде ғана біз ұтамыз. Кім ұтса, ол ұтсын, Қазақстан ұтылмаса болғаны.  
Сәтбай ТАСТАНБЕК,
тарих ғылымдарының докторы,
Қорқыт ата атындағы
мемлекеттік
университеттің профессоры.
Тарих 20 қазан 2019 г. 291 0