Батырлар институтының тарихы мен маңызы

Жерімізге сұғынған жатжұрттықтармен соғыста және ұлт-азаттығы жолында жан аямай күрескен батыр тұлғаларымыздың жарқын істерін кеңінен дәріптемей, шынайы патриоттарды тәрбиелей алмаймыз. Азаттық таңының атуы үшін сан ғасырлар бойы егеулі найзасы қолдан түспей күрескен батырларымыз келешек ұрпаққа отаншылдықтың өміршең өнегесін, тамаша ғибрат үлгісін көрсетіп кетті. Осыған байланысты батырлар институтының қазақ қоғамындағы орны әлі де болса жан-жақты қарастырылуы қажет. Несін жасырамыз, аталған санатқа жататын көптеген жеке тұлғалардың өмір жолдары, елге жасаған еңбектері әлі кеңінен зерттеле қойған жоқ.
ХVІI-ХІХ ғасырларда қазақ қоғамында батырлардың рөлі ерекше болды.  XVIII ғасырдың ортасында Жоңғар шапқыншылығына түпкілікті тойтарыс берген халқымыз, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, сондай-ақ осы жүзжылдықтың орта тұсында ауыр тарихи кезеңді басынан кешіріп, екі бүйірден қысымға түсті. Ол бір жағынан бүкіл шығысқа үстемдік орнатуды көздеген Ресей империясы еді. Әбілқайырдың өтінішін желеу еткен орыстар 1735 жылы Ор бекінісін тұрғызды. Бірнеше жылдан кейін орны ауыстырылып, Орынбор аталған бұл қамал-қала кіші орда қазақтарының жерін отарлаудың мықты тірегіне айналды. Тура 112 жылдан соң Сыр өңіріндегі алғашқы бекінісінің негізін қалады (Арал бекінісі, 1847 жылы), яғни, Орскіден 1000 шақырымдай жерден (әрі кетсе екі айлық жол) Арал бекінісін салу үшін бір ғасырдан астам уақыт керек болды. Кедергі келтіргендер кім? Жауап біреу – осынша уақыт Ресей экспансиясына тосқауыл болып жолында тұрған, атамекені үшін жан беріп, жан алысқан  батыр  бабаларымыз.
Екінші тұстан Сырдарияның сол жағындағы жерлерге бекіністер салу, есепсіз алым-салық жинау және т.б. әрекеттер арқылы өктемдік еткен Орта Азия (Хиуа, Қоқан) хандықтары еді. Хиуа хандығы 1812-1816 жылдары жүргізген басқыншылық шараларынан соң Сырдарияның төменгі ағысындағы Қуаңдарияның бойында 200 адамдық гарнизонға арналған Құрытөбе, кейінірек Қазалыға жақын тұстан Жаңақала және Қожанияз бекіністерін тұрғызды. Қоқан хандығы 1815-1820 жылдары Сырдарияның оң және сол жағалауында Жаңақорған, Ақмешіт, Күмісқорған, Жүлек, Қос­қорған, т.б.  бекіністерін салды.
Жатжұрттық басқын­шы­ларға әрі олардың шексіз озбырлығына қар­­сы ХІХ ғасырдың 30-70-жылда­рында ірі-ірі көтерілістер болды. Мұн­дай күресті Сыр бойында Жан­қожа Нұр­мұхамедұлы, Сыздық  Ке­не­­сарыұлы, Пірәлі Өтетілеуұлы, Жа­­рылқап Ма­насұлы, Әзберген Мұ­ңайт­­пасұлы, т.б. би-батырлар өріс­теткені белгілі.
Демек, жоңғар шапқыншылығы тудырған ел тарихындағы сындарлы кезеңде де, Ресейдің екі ғасырға созылған отарлау саясатына қарсы күрескен де, іргедегі жатжұрттықтарға  ар-намысын таптатпаған да батырларымыз болатын. Патша өкіметі, кейіннен кеңестік билік жүргізген отарлық саясаттың құрамдас бөлігінің бірі – батырлардан құтылу арқылы қазақ халқын жуасыту еді. Осындай жымысқы әрекеттер нәтижесінде қазақ жерінің тәуелсіздігі мен бүтіндігінің жоқшысы – батырлар әлеуметтік топ ретінде өмір сүруін тоқтатты. Десе де әкімшіл-әміршіл жүйе азаттық рухының өміршеңдігін жоя алмады. Ол халық жүрегінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Бұған жарқын дәлел – 1986 жылғы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметіне қарсы көтерілісі.
Қай заманда да тарихшылар би­ліктің, күштінің ығына есіп, күл­шелінің сойылын соққаны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қазіргі қо­ғамымызда кеңестік кезеңдегі санасына сіңірілген (ұлттық мүддемізге қарсы) тұжырымдарды ақиқаттың шы­ңына балап жүрген «оқымысты» азаматтар  баршылық. Кеңестік таптаурын жолдан шыға алмай жүрген осындайлар бабаларымыздың ел қорғаудағы ерліктерінің ауқымын жоңғарлармен (құба қалмақтармен) болған соғыспен ғана шектегісі келеді. Тәуелсіз мемлекет болғанымыздың өзіне отыз жылдай уақыт өтсе де, тарихымызға, тіліміз бен ділімізге аяусыз соққы берген коммунистік дәуірдің өлшемдері олар үшін әлі қымбат қазына іспеттес. Бұл феноменді әлеуметтанушылар, фи­лософтар мен психологтар жүйелі тал­дауы қажет. Сонда ғана өзге ел­дің идеологиясына табынатындар қа­тарын азайту тетіктерін таба аламыз және өз кезегінде болашағымызды бекемдей түсеміз.
Ел басына күн туғанда халықтың рухын көтеріп, топтастыратын батыр­лардың өнегесі. 1941-1945 жылдар­дағы КСРО-Германия арасындағы со­ғыстың бастапқы кезеңінде комму­нистік партия басқарған Одақтың тағ­дыры қыл үстінде болғаны баршаға аян. Жалаң ұранмен елдің, әсіресе орыс халқының рухын көтере алмайтынын түсінген большевиктер бұрынғы өткен тарихи тұлғалардың ерлігін насихаттауды, өз Отаны алдындағы еңбектерін үлгі етуді жедел қолға алды. Қазан төңкерісінен кейін үстем тап өкілдері санатында ұмыт қалған көптеген көшбасшы-қолбасшылардың есімі қатарға қосылды. Алайда Германияны тізе бүктірген соң аталған тақырып өзектілігін жоғалтып, күн тәртібінен тез түсті. Қазақтың кейбір беткеұстар тарихи тұлғалары туралы жазған тарихшыларымыздың қуғынға ұшырап, қамалғаны да осы кезең.
Жақсы-жайсаңдарымызды жарық­қа шығарудың екінші кезеңі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қа­зақстанның Ресейге «өз еркімен» қо­­сылуының  250 жылдығын (1981 жы­лы) атап өтуге дайындық жұмыс­тары аясында басталды. Кеңес үкі­меті бұл датаны  насихаттау ісіне қар­жыны үйіп-төкті. Көптеген көркем шығармалар мен ғылыми еңбектер жарық көрді. Әсіресе, біреудің ерлігін біреуге телитін, барды көрсе де көрмей, жоқтан бар жасап, қиялымен қиянға жеткізетін, оңтайына келмейтін тұсын қызыл сөзбен көмкере білетін жазушылар қауымының наны жүрді. Кезінде жазушылар шығармаларында шегенделген шоғыр елге еткен еңбектері тарихи деректермен ғылыми дәйектеле қоймаса да,  отандық тарихнамадан орнын  ойып алды. Тәуелсіздік жылдары шаңнан аршылған талай жаңа есімдер бұрын  әспеттелгендердің көлеңкесінде қалғандай.
Айтылғанды нақты мысалдармен өрнектеген орынды. Еліміздегі іргелі білім-ғылым ордаларының бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университеті ғалымдарының 2000 жылдардан бастап жүргізген ынталы ізденістерінің нәтижесінде Сыр өңірінен соңғы төрт ғасырда шыққан 500-ден астам батырдың тізімі жасалды. Ұлтымыздың алғадай перзенттерін ғылыми айналымға қосу мақсатында ғылыми конференцияларда баяндама жасағанда басқа оқу орындары ғалымдарынан еститініміз: «бір өңірден мұндай көп батыр шығуы мүмкін емес», «ауыл арасындағы ұрда-жықтың бәрін батыр деуге болмайды», «батырлардың санын көбейте бермей, бұрыннан белгілі (яғни, кеңестік кезеңде айқындалған) тұлғалардың маңайына топтасайық», т.с.с. қыршаңқы сөздер. Бұларға қоса «ешкім білмейтін қайдағы біреулерді әспеттейсіңдер», «өз руластары мен ата-бабаларын насихаттайтындар көбейіп кетті» деген сипатта уәж айтатын кертартпаларымыз да аз емес. Соңғы жылдары жарық көрген тарихи энциклопедиялар мен  өлкетану оқулықтарында да кемшіліктер баршылық.      
Белгілі бір топты ғана асқақтатып, қалғандарын аласарту «Мәңгілік ел» мүддесіне қызмет етпейді. Ке­ңес­тік кезеңде есімдері шегенделген бірнеше тұлғаны ғана дәріптеу қазақ еліне жау тек шығыстан келгендей түсінік қалыптастырады. Ал бұл – кешегі кеңестік биліктің өткен тарихымызға қатысты жүргізген залым идеологиясының сарқыншағы. Сон­дықтан қазіргі әлемдік геосаясат алаңында ізбасарлары бар мем­лекеттердің экспансиясынан туған же­рімізді жанын аямай қорғаған батырларды ұлықтау мәселесін алға шығарғанымыз жөн.
Тағы айтарымыз, үлкен ұрыстың тағдырын бір адам қаншама батыр болса да шеше алмайды, әлемдік тарихнама ондай мысалдарды білмейді. Қолбасшылардың соңында үлкенді-кішілі жүздеген сардар, мыңдаған қатардағы сарбаз тұрды.  Жауды сан мыңдап қырған, өздері де қандарын төгіп, жандарын аямаған және осы қадамдары арқылы талай қантөгісті ұрыстардың тағдырын шешкен сондай қарапайым қандастарымыз.
Қазақ жеріне қамалдар салу арқылы мысықтабандап енген орыс отаршылары біртіндеп хандық билікті шектеп, қазақ даласындағы ықпалын күшейте түсті. Мықтап орнығып алған соң хандық басқару жүйесін, яғни қазақ мемлекеттілігін жойды. Ендігі жерде билік ру басшыларына қалды. Қол астындағы жұрттың тірлігін сақтау бағытында біреулері орыс отаршыларына қарсы одақтас іздесе, біреулері уақыт өте келе отаршылар дәргейіне мойынсұнуға мәжбүр болды. Енді біреулері жан-жақтан анталаған түрлі басқыншылармен өз бетінше арпалыс­ты. Ел тарихындағы сындарлы кезең бұрынғы батырлық дәстүрдің ізбасары іспетті жаңа азаматтарды дүниеге әкелді. Олардың әрқайсысы өз ауылына, өз жеріне қорған болу арқылы елдің намысын бермеді, ұлттық ру­хымыздың өміршеңдігін паш етті.
Қазақ қоғамының негізін бағзы замандардан ауыл халқы құрап келді. Ал қиюы кеткен сол кезеңдерде де бұл үрдіс сақталғаны ешқандай құпия емес, яғни, халық арасынан батыр­лардың көп шығуы – заңды құбылыс.
Қазақстан тарихы жөніндегі үстірт пікірлер жеке тұлғалардың жете зерттелмегенімен тығыз байланысты. Бұл ғалымдар тарапынан соңғы кездері ғана көтеріліп жүр. Кеңестік кезеңде сол кездегі ағымға қарсы болуы немесе іздеушісі болмауы салдарынан көптеген саңлақтарымыз тасада қалып қойды. Осынау еліміздің бүтіндігі, жеріміздің тұтастығы, ұлтымыздың азаттығы жолында жанын аямай күрескендерді немесе отаршылар тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, ұзақ жылдар теперіш көргендерді негізсіз кемсіту фактілерін енді болдырмауға тиіспіз.
Өкінішке қарай, өткен заманда жеке өзінің немесе өз тобының мүддесін ұлт мүддесінен жоғары қойғандар да болмай қалмады.  Кейбір жалпақшешей саясаткерлер басыбайлы бодандықты таңдаған осындайлардың іс-әреке­тін «кемеңгерлік, көрегендік пен тағаттылықтың көрінісі» деп жастары­мызға үлгі-өнеге етуде. Зердесі бар кім-кім де ұлтымыздың басынан өткен отаршылдықтың есепсіз ойраны мен нәубет-зобалаңына аталғандардың қа­тысы барлығын біледі, сезінеді, түйсінеді.
Тарихнамадағы ақтаңдақтардан арылу, халқымыздың беткеұстар саң­лақтары туралы тың дерек­терді ғылыми айналымға қосу, бұрын­ғы қапысыз ақиқатқа баланған тұжы­рымдарды жаңаша пайымдау ісі, кей­бір кедергілерге қарамастан, жолға қойылып келеді. Дей тұрғанмен, қолға алынған шаруаны қарқындату үшін «Отан тарихы» көптомдығына негіз болатын әр өңірдің тарихын кемінде 10 том етіп жазуды қолға алу, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» көп­том­дығын жаңартып, қайта басу, әр облыстың энциклопедиясын қайта шығару қажет. Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдарының «Сыр – Алаштың анасы», «Сыр өңірі батырлары» атты іргелі еңбектерді, «Сыр өңірінің тарихы» атты оқу құралын қаржы тауып, жарыққа шығару да – игілікті іс.
Елдің, жердің бүтіндігі жолында шайқасқан күрескерлердің  жарқын істерін кеңінен дәріптеп, насихаттау­да теледидар мен кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің орны ерекше. Ал, бізде азаматтық тарихымызға арналған фильмдер жоқтың қасы. Отансүйгіштік сезім адамның бо­йында балалық шағынан, мектептегі кезінен қалыптаса бастайтыны бел­гілі. Ал біздің мектепке арналған оқулықтарымыз халқымыздың жат­жұрт­тықтармен күресін баяндауда ке­ңестік таптаурын жолдан әлі толық  шыға қоймағандай.
Жас өскінді ұлан-байтақ жерімізді білектің күші, найзаның ұшы, ақылдың амалымен сақтап, бізге аманаттаған батырларымыздың өміршең үлгі-өнегесін сіңіру арқылы тәрбиелеу ең абыройлы міндетіміз болып қала бермек. Батыр бабаларымыздың мұрасы – отаншылдық дәстүрін қайта түлету – ұлт дамуының басты стратегиясы. Халқымыздың жүрегіне жол тапқан «Мәңгілік ел» идеясы негізінің өзі осында.  

Қали ОМАРОВ,
ғалым, публицист.
Тарих 16 қараша 2019 г. 241 0