Жосалы механикалық зауыты

Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов «...Бар қазақ Сарыарқаға жиналса, қазақ елі енді жарты ғасырдан соң Жапониямен теңдессе, осы қазақтың байтақ даласында шаһарлар орнаса, зауыт-фабрикалар салынса...» деп бүкіл арман-тілегін ақ қағаз бетіне түсірген болатын. Қазақ баласының осы сатыларға тек білім мен күш-жігер салу арқылы жететінін данышпандықпен саралап өткен.
1939 жылы 15 маусымда КСРО Түрлі-түсті металлургия халықтық комитетінің  №301 бұйрығымен Жосалы авто жөн­деу шеберханасы негізінде тау бұр­ғылау құрылғылары Жо­са­­лы механикалық зауыты деп қайта құрылды. Облыстағы бұрынғы өндіріс ошақтарының бірі болған Жосалы механикалық зауыты құрылысы 1930 жылдардан бастау алған. Сол жылдарда Орталық Қазақстанда Қар­сақпай мен Жезқазған кен орындарын игеру кең көлемде өрістетіліп, өндіріс мыс рудаларын теміржолға тасымалдауға арналған құрамында негізінен «АМР» маркалы 350 автомашинасы бар автобаза ұйым­дас­тырылады. Автобаза 1939 жылы «Қарағанды-Жезқазған» теміржолы пайдалануға бе­рілгенге дейін негізгі тасымалдаушы мекеме болған. Сол жылы бұрынғы автобазаның жөндеу шеберханалары базасында Түрлі-түсті металлургия комиссариатына қарасты механикалық зауыт құрылды. Алғашқы кезде кадр мәселесінде қиындықтар туындап, мамандарды қайта даярлау талап етілді.
Зауыт Қармақшы ауданы, Жосалы станциясында орна­ласқан. Алғашқы жылдары зауытта кәсіптік білім бағдарын нығайту мақсатында 100 адамды қамтитын  ФЗУ ашылып, 30 токарьды оқытып шығарған. 1940 жылдың 1-тоқсанынан бастап, К-300, К-500 бұрғылау станоктарын өндіре бастады. «Түрлі-түсті металлургия бақылау»  тресі ко­миссиясының 1939 жылдың қорытындысымен зауыт жұмы­сына «қанағаттанарлық» деген баға берілген.
Өндірістік мақсаты машина жасау саласына, металл өңдеу кәсіпорнына негізделген. Алғаш ашылған жылдары өндірістік, көмекші  бағыт бойынша 2 цех жұмыс жасаған. Олар  өндірістік,  металл құю, механикалық және де токарь-фрезарлық, слесарь-құрастырушы, темір ұстаха­насы секілді бөлімдерден тұр­ған. Көмекші бағыты бойынша электростанция, бу қазандығы, коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыс істейді. Шығара­тын негізгі өнімі – 1940 жыл­­дың III-IV тоқсанында то­лық­­ игерілген КА-300 бұр­­ғы­лау қондырғылары, КА-300, КА-500 атты бұрғы­лау қон­дыр­ғыларының қосал­қы бөл­шек­терін, осы қондырғы­лардың құ­рал-жабдықтары мен керек-жарақтарын, пеш плиталарын, генератор  өндірген. 1941 жылы 30 стахановшы, 30 ек­пінді жұ­мыс істеді. Стахановшылар қа­тарында жергілікті жердің жұ­мысшылары болды.
1940 жылы зауыт автомашина жөндейтін арнайы станок құрылғылармен жабдықталған еді. «Маэр-Шмит» атты тегіс­тегіш, токарьлық станоктар бол­ғандықтан, «Аралгосрыбтрест» қыста балық таситын  көліктерін жөндеуге көмек сұраған. 1939 жылдың қазан айынан зауыт шойын құюды толықтай игерген. 1941 жылы Қазақстан боль­шевиктер партиясы Орта­лық комитетінің хатшысы Абабков пен зауыт басшысы Голиков кездесіп, зауыт аумағына 500 станок қабылдауға, 1000 кбт электр энергиясын жүргізуге келісілді. Эвакуацияланған зауыттарды қабылдауға келісім білдірген хат облыстық мемле­кеттік архивтің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалы қо­рында сақтаулы.
1942 жылғы КСРО Қорғаныс комитетінің қаулысымен соғыс үшін 82 миллиметрлік миналар шы­ғара бастады, майданға оқ-дәрі да­йындады. Жұмысшылар со­циалистік жарыстарға қаты­сып, еңбек озаттары қатары кө­бейді. Зауыт басшылары жай­­лы мәлімет облыстық пар­тия ко­митетінің жеке іс құ­жат­та­рында жазулы тұр. Л.Штыков 1939-1940, В.Го­ликов 1940-1942, И.Хромых 1942-1944, И.Кузьмин 1951-1952, П.Бородай 1952-1953, В.Шматов 1953-1961, А.Пуш­карь 1961-1967, М.Кобышев 1967-1976, Ә.Көсепов 1976-1987, А.Қанатбаев 1987-1992,  Б.Нақыпов 1996-1999 жылдары  басқарған.
«Эмальштамп» эмаль-штамп (мөртабан) зауыты Орынбор теміржолының бойындағы  Жосалы теміржолына орналасқан. Зауытта 4 эвакуацияланған кә­сіпорын біріккен. Олар –  Ха­рьков эмальзауыты, Мәскеу штамп­тық-механикалық зауыты, Харьков шамдарды қал­­­пына келтіру фабрикасы, Ха­рьков майлау фаб­рикасы (апат­қа қарсы, қақтан тазарту құралы). 1941 жылы қараша айынан бастап аталған кәсіп­орындардың құрылғылары мен зауыт жұмысшылары  Жосалы станциясына жеткізіліп, бір басшылыққа бағынады. Ал­­ғаш эвакуацияланған өнер­кә­сіптердің негізгі құрал-жабдықтары Жосалы станциясы депосының бөлімшелеріне келіп орналастырылады. Қа­жет­ті үй-жай сыйымдылығы 9000 шаршы метр болған. Бі­рақ ғимарат арнайы салын­ба­­ғандықтан жұмыста қиын­дық­тар туындаған. Өн­­­дір­ген құ­ралдар орналасқан депо бө­лімшесінде жолдар бас­қар­ма­сына қарасты паровоз­дарды жуу және жөндеу бөлімі жұмыс істеп тұрады. Вагондарды жуу кезінде ғимаратта бу пай­да болып, эмальмен қап­тал­ған құ­ралдар тоттанып, 300 дана құрылғы қайта жөн­деу­ге жібе­рілген. Зауыт Жоса­лыға 1941 жыл­дың 28 қарашасында толық көшіп кел­­ге­нін айғақтайтын құжат ар­хив қорында. Зауыт құра­мын­­дағы Харьков эмаль зауыт құ­рал-жабдықтары – қай­шы-пресс, түр­лі станоктар, электр­лі-бал­қыту аппараты (6-8 квт) болды. Эва­куа­цияға дейін бұл өндірісте яғни, Харьков эмаль зауытында 92 адам, Мәс­­кеу штамп ме­ханикалық зауытында 88 адам, Харьков фабрикасында 47, Харьков майлау фабрикасында 4 адам қызмет еткен. Зауыт-фабрикалармен бірге кел­ген жұмысшылар Жосалы стан­циясы теміржол бойындағы үйлерге орналастырылған. Эва­куациядан соң зауыт 130 адам­ды жұмыспен қамтып, жұ­мысшы 98, инженер-техник жұмысшы 18, қызметкер 10, МОП 4 адамнан құрайтын үлкен өндіріс орнына айналған.  Тұрғылықты халықты да жұ­мыс­пен қамтып, социалистік жа­рыстарда жоғары нәтиже көр­сеткенін архив деректерінен біліп отырмыз.
1941 жылдың 19-29 қаза­ны аралығында Архангельск халықтық жол комитеті орын­басарының өкімі негізінде Мәс­кеуден «Рем­машпуть» зауыты эвакуа­ция­ланған. Бірінші эшелоны 57 дана станокпен бірге 1941 жылдың 26 қарашасында Жосалы стан­циясына келді. Облыстық партия комитетінің қорындағы 1942 жылғы 19 наурыздағы мә­ліметтерде де Жосалы темір жо­лына орналасқан эвакуа­ция­дағы «Эмальштамп» эмаль-мөр­табан зауыты туралы мә­лімет жеткілікті. 1953 жылғы мәліметтер бойынша  эвакуа­цияланған түрлі ұлт өкілдері жұмыс істеген. Орыстар, қа­зақ­тар, шешендер, гректер, т.б. басқа ұлт өкілдері цехтарда қызмет атқарған.
Жосалы механикалық зауыты бастауыш партия ұйы­мы­ның құжаттарындағы мәлі­мет бойынша 1978 жыл­дың қоры­тын­дысымен Қазақстан Ком­мунистік партиясы облыстық ко­митетінің естелік дипломымен, облыстық атқару комитетінің, Қа­зақстан Лениншіл Жастар Одағы облыстық комитетінің дип­ломдарымен марапатталған. 1978 жылдың қараша айында «Ауыспалы Қызыл Ту» жеңіп алған.
1980 жылдары тұрғындарды сумен, жылумен, газбен қам­тамасыз етіп отырған. Сумен жабдықтау құрылысын 1980 жылы ПМК-1602 «Кзыл-Орда­сельстрой» тресімен бірлесіп орындаған. Өндірген ФКО фильтрін (сүзгіш) әлемнің 9 мемлекеті патенттеген. Соның ішінде АҚШ-пен, Германиямен тығыз байланыс орнатқан бірден-бір қуатты өндіріс орны. Елімізге экономикалық пайда әкелген, Одақ бойынша танымал зауытқа айналған. 1985 жылы ФКО типтегі сүзгіштің барлық түрі бойынша мемлекеттік ат­тестациялық комиссияның ше­шімімен  «Сапа белгісі» жо­­ғары санатын иемденді. Цех жұмысшылары арасынан Ж.Қа­уымбаева, Х.Әбілханов, А.Жол­дасбаева, Д.Несіпбаев, А.Алпанов, Р.Әлімбаева, Х.Тұр­баев секілді озаттар қатары көбейіп отырған.
1989 жылдың 3 шілдесінде Жосалы механикалық зауыт­тың бастауыш партия ұйымы­ның жиналыс хаттамасында Жо­салы автобазасының  ал­ғаш­қы басшыларының бірі, жүргі­зушілердің кәсіподақ коми­те­тінің төрағасы болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Басқынбай Қайырбековтың есімін қыстақ көшелеріне беру туралы  айтыл­ған. 1990 жылдары КО-206А қар тиегіш машинасын жасап шығаруды жоспарлаған. Зауыт­тың құрылуы, тіпті ұзақ жылдар халыққа қызмет етуі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Одақ бойынша күшті өндіріс орнына айналуы – облыс тарихының бір парағы.
1992 жылы 5 наурызда  Басқынбай Қайырбековтің атына көше беру туралы Қармақшы ауданы әкімінің шешімі шық­қан. Облыстық мемлекеттік ар­­хи­вінде 1993 жылы мемле­кеттік мүлік жөніндегі аумақ­тық комитетінің Жосалы меха­никалық зауытын «Жайлау» мемлекеттік акционерлік ком­па­ниясының құрамындағы ак­ционерлік қоғамға айналдыру туралы шешімі сақтаулы. Ме­ханикалық зауыт әр кезеңнің ағымына қарай тіршілік-тыны­сын өзгертіп отырған.
Облыстық әділет департа­ментінің 2004 жылдың 21 сәуі­ріндегі бұйрығымен  «Жо­салы механикалық зауыты» ашық ак­ционерлік қоғамы тара­тыл­ған.
Жосалы механикалық зауыты жайлы кейбір мәліметтер облыстық мемлекеттік архи­ві­нен, Қармақшы аудандық фил­иал қорларынан, сурет құжат­тар Қар­мақшы аудандық тарихи-өл­кетану музейінен жинақ­тал­ды.
Бүкілодақтық маңызы жо­ғары, соғыс уақытында арнайы тапсырмамен оқ-дәрі­лер, миналар жасап, сызба арқылы со­­­ғысқа қажетті қару-жарақ­тар­дың бөлшектерін жасаған, шойын құюмен, тіпті елді ме­кен­дерге электростанциялар жүр­­гізу, соғыс уақытында эвак­­­уа­­цияланған ыдыс-аяқ шыға­ратын цехы бар «Эмальштамп» зауытымен қосылып, тәуелсіздік алған жылдарда да өнеркәсіпті дамытқан бірден-бір мықты зауыттың тарихын жастардың са­на­сында жаңғырту, еліміздің тарихын терең зерделеуге ба­ғыт­талады.

Дана ҚАЛТАЕВА,
облыстық мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарихы   бойынша филиалының бөлім басшысы.
Тарих 21 қараша 2019 г. 417 0