Жаңа номер
Читать в PDF №51 (19927)
Скачать файл: 51-19927.pdf [3.29 Mb] (cкачиваний: 34)
Посмотреть онлайн файл: 51-19927.pdf %26viewonline%3D1" target="_blank" rel="noopener noreferrer">PDF нұсқалар мұрағаты
  • : :
syrboyi@yandex.kz
+7 (7242) 40-02-17

Жүрегімнің түбіне терең бойла...

«...Әлдеқашан бел асып кеткен керуеннің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің хәлім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болып қалған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді» деген екен  «Абай жолындай» әлемдік деңгейдегі ұлы шығарманың авторы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. 

Иә, биыл дүниеге келгеніне 175 толып отырған қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының екі бөлек дәуірдің ортасында өткен өмірі мен шығармашылығын терең тануға, танып қана қоймай, бойымызға тұтынуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Бұл орайда ақынның сол бір қайшылыққа толы кезеңнің жүгін көтеріп тұрған адами құндылықтар хақында жазған өлеңдері мен қара сөздерінің дәл бүгінгі күні де өзекті болып тұрғаны таңғалдырады әрі ойландырады...

Ұлы ақынның туған топы­рағы – Семей елінен Сыр өңіріне келген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-өлкетану және әдеби мемориалдық қорық-музейінің көрмесі өтеді деген хабарды естіген соң осынау ерекше құнды рухани дүниелерді көзбен көріп, ұлылықтың ұшқынын көңілмен түйсінуге асықтық. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбындағы көрмеде ақын өмірінен сыр шертетін қолжазбалар, кітаптар, тұрмыстық бұйымдар қойылған. Екі ғасырдың жүгін арқалаған жәдігерлердің әрқайсысына қараған сайын бізге жеткен баға жетпес құндылық – «Абай жолынан» оқып-білгеніңді айғақ­тай түсіп, тұңғиығына еріксіз тартып әкетеді.

Дәлме-дәл дерек бойынша қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиеті және әдеби тілінің негізін қалаушы, ойшыл, аудармашы, сазгер Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылдың 23 тамыз (ескі жыл санау бо­йынша 10 тамыз) күні Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Шыңғыс тауының бөктеріндегі Сырт Қасқабұлақ елді мекенінде өмірге келген.

Алғашқы көрген жә­дігеріміз –  1933 жылы М.Әуе­зовтің бас­шы­лы­ғымен Қызылорда қала­сында жарыққа шыққан ақынның кітаптары. Бұл кітап­тарда ақынның бұған дейін Орынбор, Қазан қала­ларында басылған шы­ғар­малары жаңар­тылған. Әлбетте, бұдан сол кезеңнің өзінде Абай шы­ғармашылығына деген сұра­ныстың жоғары екенін аң­ғарамыз. Иә, сол отыз-қырық жастың арасында дүние­танымы бөлек ақын өзінің адамгершілік, гуманистік, қо­ғамдық, эстетикалық бағыт­тағы ізденістерін әлем ой­шылдарының танымымен ұлас­тырып, жалпы адамзаттық идеяларға жол таба білген. Халық даналығының күллі қадір-қасиетін бойына сіңіре отырып, қазақ поэзиясын жаңа  биікке алып шықты.

Ауыл молдасынан қаріп таныған Абайдың алғырлығы мен ақылдылығын ерте таны­ған әкесі Құнанбай, он жасқа толғанда Семей қала­сындағы Ахмет Риза медре­сесіне оқуға береді. Абай медреседе 1855-1859 жылдар аралығында оқиды. Медреседе діни пәндермен қатар Шығыс ақындарының шығар­­малары оқытылатын. Абай мұсыл­манша оқумен шектелмей, тіл үйрену мақсатымен «Приходская школаға» түсіп, 4 ай оқиды. Алайда әкесі Абайды оқудан ертерек шығарып алып, ел билеу жұмысына баулиды.

Медреседе білім алып жүргенде Шығыс әдебиетіне көңілі ауған Абай  араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп алады. Ақындыққа құштарлығы артып,  өлең жазуға бет бұрады. Сол Шығыс әдебиетіндегі көркем туындылар негізінде «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі»  дастандарын жазып шығады.

Ал небәрі отыз жасында орыс әдебиетінің көрнекті ақын-жазушылары А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстой, Н.Нек­расов, Салтыков-Щед­рин, Тургенев, И.Крылов шығар­маларын және көр­некті сыншы-ғалымдар В.Бе­линский, В.Добролюбов, Н.Чер­­­­нышевский еңбектерін оқып, озық ой-пікірлерімен танысады. Лермонтов аудармалары арқылы туған халқын Гете, Гейне, Байрон, Шиллер сынды әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысты­рады. Осы еңбектері жайлы айтқан Абайдың: «Отыз­дың ішінен бас­тап Еуропа оқымыстыларының көп кітап­тарын оқып, қырыққа таман келген уақытта дүниенің асты-үстіне шығып үлгеріп, күншығысым-күнбатыс, күн­ба­тысым-күншығыс болып кетті» деген сөзінен ақынның ішкі толқынысын танимыз, яғни, жан дүниесінде жаңаша ой-толғамдар түзіліп, нақты көзқарасы қалыптасқанын бай­қаймыз.

Абай 40 жасынан бастап ақындыққа біржола бет бұрады. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде тарайды. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы өзі қайтыс болғаннан кейін інісі Кәкітай, баласы Тұрағұлдың қамқорлығымен 1909 жылы Санкт-Петер­бургтегі Бораганскийдің бас­паханасында басылып шық­қан. «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі». Бас­тырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайұлдары» деген тақы­рыппен Санкт-Петербург қа­ласында жарық көріп, барлық данасы Семейге Кәкітайдың атына жіберіледі. Осы жинақта Абайдың тұңғыш өмірбаяны беріледі. Сондай-ақ бұл жи­наққа ақынның 145 өлеңі мен 2 поэмасы енгізіліп, фотосуреті берілген. Абай өлеңдері 1909 жылдан бас­тап өзге тілдерге аударыла бастайды. Бүгінгі таңда ақынның 1922 жылы Ташкент және Қазан қалаларында шыққан өлеңдер жинағы, 1934, 1939, 1948, 1945, 1954, 1957 жылдары жарық көрген шығармалар жинақтары бар.

Көрмеде Абайдың күміс­телген ері мен кісе белдігі өзгеше әсер сыйлайды. Он бес жасында отау иесі атанып, жиырмаға жетпей-ақ қатал мінезді, талапшыл әкенің қасында жүріп, ел ішіндегі дау-дамайды шешуге атсалысқан ақылды Абайдың, Тоғжандай сұлуға ғашық болып, қосыла алмай шерменде күйге түскен бозбала Абайдың, одан соң кемелденіп, толысқан ел ағасы Абайдың, қазақ сөз өнеріне құнды қолтаңбасын қалдырып, әлем әдебиетіне қалам тартқан ғұлама Абайдың келбеті көз алдыңнан көлбеп өтеді. Абайдың шәкірті Әлма­ғанбеттің музейге табыстаған домбырасы, ақынның өзі ұс­таған, музейге де өз қолымен табыстаған аса таяғы, ас ішкен ағаш табағы да ерекше құнды жәдігерлер.

Айталық, ақынның ер-тұр­манын, кісе белдіген көргенде мына эпизод еріксіз көз алдыңа келеді: «... Ербол ат ауыстырып мінсе де, Күреңтөбелдің екпіні әлі басым. Күн еңкейіп келген кезде Ордадан бұлар шықты. Жолау­шылар алдынан қатқыл жел соғып, күн күркіреп, недәуір қалың жауын келе жатыр еді. Осыны аңғарған соң, Абай «өз байланбай елге жетіп көрейік» деп, жүрісті тағы қатайта түсті. Күреңтөбелдің сар желісі бар еді. Омыраудан соққан салқын жел Күреңнің белін көтеріп, желігін арттыра түсті» Иә, осы сапарында Абай жан дертіне айналған сүйген сұлуы Тоғжанның дәл өзіндей  Шүкіман-Әйгерімге кездескен еді...

Абай ақын тоғызқұмалақ ойынын жақсы көрген екен. Сондай-ақ, жылдам ойлап, есептеу қызметін дамытатын осы ойынды балаларына үйреткен дейді. Ақынның өзі ұстаған осы тоғызқұмалақ тақтасы да көзге ерекше ыстық.

Абай есімімен тығыз байланысты киелі орындардың бірі – Жидебай. Көрмеде осынау киелі мекен жайлы кеңірек біле түстік.

Жидебай қорық-алқабы Семей қаласынан 178 шақырым жерде, Абай ауданында ор­на­­ласқан екен. Оңтүс­тігінде – Шыңғыс, Батысынан – Қыдыр жоталары мен Шұнай, солтүстігінен Өртең, оған жалғас шығысынан Орда, алыстан Архат тау сілемдері көзге шалынатын көрікті мекен. Шығыстан Қарауыл өзені бойлай келіп, мал жайылатын көгалды қорық алқабы болған. Өскенбай, Құнанбай әулеттері қоныстанғанға дейін бұл араны Жидебай есімді кісі мекендегендіктен, солай аталып қалған. Бұл мекенді Құнанбай әулеті 1840 жылдан қоныс қылған, Оспан отау көтергенде, қыстауды еншісіне қалдырып, Ақшоқы бауырына қоныс аударады. Ал 1894 жылдан қорық және қыстау-үйді Абай қоныс еткен. Ақынның шығармашылығы ерекше қар­қын алған кезі осы уақыт болған деседі.

Жүрегімнің түбіне

терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын,

оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз

жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым,

кінә қойма, – дейді ақын.

Иә, Абайдың өмірін толық білу алдымен ақынды ту­дырған дәуір, тарихи орта, сол замандағы саяси-әкімшілік құрылыммен танысуға же­телейді. Көрмедегі тарихи құжаттар, құнды деректер мен фотосуреттер Абай өмір сүрген заман тынысымен таныс­тырады.

Абайдың балалық шағы ХІХ ғасырдың екінші жартысында өтті. Бұл кезде патшалық отар­лау саясаты қарқынды жүріп жатты. Қазақ елін отарлау ең алдымен ежелден қалыптасқан билеу жүйесіне реформа жасаудан басталады. Архив деректеріне сүйенсек, ақынның 19 жылға жуық ел билеу жұмысымен айналысқаны белгілі. Оның ішінде 12 жыл болыс-управитель болса, алты жыл шартты би болып сайланады. Абайдың болыстық қызметіне қатысты деректің бірі – 1875 жылы Қоңыр-Көкше болысы жайында облыстық санақ мекемесіне берген есебінің көшірмесі. Есепте болыстықтағы адамдардың, малдың, қыстаулардың саны толық көрсетіледі.

Ал 1878 жылы Семей қаласында халықтың тұр­мыс-салтын, шаруашылық жағдайын, табиғатын зерт­тейтін ғылыми орталық – Санақ комитеті құрылады. Оның жанынан 1883 жылы өлкетану музейі мен орталық кітапхана ашылады. Е.Михаэлистің ұсы­нысымен, Абай 1886 жылы Санақ комитетіне толық мүше болып сайланады. Сонымен бірге, 1883-1884 жылдары Абайды, балалары Ақылбай мен Мағауияны  «Елге бастауыш білім беру қоғамына» мүше етіп қабылдайды. Көрме экспозициясында осы аталған Санақ комитетінің 1899 жылғы есебі, Бастауыш білім беру қоғамы мүшелерінің жарнасы көрсетілген құжат қойылған.

«Құнанбайдың кім бол­ғанын білмесек, Абайдың кім болғанын  білу де қиын, бұлар – заманның туындысы» деген екен М.Әуезов.

 Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы архивтерінен табылған Тобықты елінің жай-күйі баян­далатын құжаттарда Құ­нан­байға қатысты біршама деректер кездеседі. Осы деректерге сүйене отырып, Құнанбайдың ел билеу жұмысымен толық танысуға болады. Мысалы, Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы туған. 1831 жылы Тобықты еліне старшина, 1844 жылы Күшік-Тобықтыға болыс-управитель, 1849-1852 жыл­дары Қарқаралы округіне аға сұлтан билік жұмыстарын атқарады. 1846 жылы Кенесары көтерілісі кезінде, елдің бірлігін сақтап отырғандығы үшін хорунжий, офицер шені берілген.

Құнанбай 70 жасында мұсылмандық парызын өтеу мақсатымен Меккеге қажылық сапар шегеді. Сол сапарында да қажылыққа барған қазақтар жататын қонақ үй (тәкие) салуға басшылық жасайды. Өмірінің соңғы жылдарын Құнанбай тұрмыс мәс-елелерінен бойын аулақ ұстап, оңаша өткізеді. 1886 жылы 82 жасында қайтыс болады.

Көрмеде Абайдың әжесі кемеңгер Зере әжеміз жайлы, ақынның анасы, ақылды, парасатты Ұлжан ана жайлы, олардың шыққан тегі туралы деректер бар. Жалпы Өскенбайдан тараған ұрпақтың шежіресі де сақталған.

Ғазиза ӘБІЛДА.

Тарих 29 ақпан 2020 г. 902 0