Оқтан тайсалмаған, оттан жасқанбаған

1529

0

Соғыс деген сұмдық жайлы біз не білеміз…

Әр сәт сайын тірі адамның кеудесіне қорғасын сүңгі бойлатып, сақ-сақ  күліп тұған бір аждаһаны елестетіп көріңіз, ол – оқ.

Оқ адам таңдамайды, мұны жары, оны анасы күтіп отыр екен демейді. Бетпе-бет келгенін өлімнің өзегіне лақтырып ұрады. Бірақ, жауынгер өлімнен қорықпайды, ол артындағы қалған адамның үмітін үзгісі келмейді.

Соғыс даласында қансырап жатқан жас қазақ жауынгері әл-дәрменін жиып, басын сүйеп отырған досына: «Ме­нің өлгенімді апама айт­пай-ақ қойшы» депті. Міне, біл­мей­тініміз қайда жатыр, бұл – перзентінің анасын қалай сүйетінінің көрінісі, ажал­дың алдында жан бағып, жасқанбаған түпсіз батырлық!

Менің бүгінгі айтпақ болып отырған кейіпкерім де ажалға басын имеген жан – Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек майталманы Ұзақбай Иманәлиев. Ол 1921 жылы қазіргі Жалағаш ауда­нының Ақсу ауылында дүниеге келген.

1932 жылғы ашаршылықта Иманәлі отбасының бес ба­ласы да балалар үйіне тап­сырылған. Бұл – барлық жұрттың басына түскен хәл. Өйткені, оларды ата-аналары асырай алмайтын. Ал, балалар үйінің кептірілген наны, сүйек қайнатқан сорпасы бар. Ұзақбай өзіне тиесілі нанды бір тістеп, інісіне беретін. Бір күні інісін де, бауырларын да таппай қалды, балаларды жасына қарай бөліп-бөліп әр жаққа әкеткен-ді. Содан он жасар Ұзақбай балалар үйінен сытылып шығып, өткен-кеткенге ілесіп ауылына, өз үйіне жетті. Бұл үйдің азынаған даладан айырмашылығы үй деген аты ғана болатын. Алайда, әке мейірі оттан ыстық. Келген күйі екі қолымен өзі үшін ең қымбат адамның мойнын қапсыра құшақтап, қойнына тығылды. Қарны аш, ішегі шұрылдап бара жатса да, ештеңе сұрамады. Сұрағанмен талғажау табылмайтынын сезеді. Бірақ, сол күні бала Ұзақбай өзін бақытты сезінді, енесінің бауырын паналаған құлындай. Ал, таң ата тоңып оянды. Мұның бәрі түсім екен деп, орнынан шошына тұрды. Өңі болатын, турасы өң мен түстің арасы болатын. Сол күн өмір бойы есінде солай сақталып қалды, қайран әке баласын құшақтаған күйі таңға жете алмай үзіліп кеткен екен…

«Жетім қозы маңырар да отығар» демекші, бала Ұзақбай да жігіт болды. Бірақ, жиырма деген желкілдеген шағында соғыс деген суық тажалмен алысамын деп ойлап па еді…

Жастық шағын от жалын шарпыған жауынгер Ұ.Иманәлиев 1941 жылы соғысқа аттанып, 2-ші Балтық майданының 378-ші атқыштар полкі құрамында Псков, Воронеж, Гомель қалалары үшін жан алып, жан беріскен ұрыстарға қатысқан.

Сержант шенімен бөлімше командирі ретінде қан жорық кешкен жас қазақ жауға деген өшпенділігін көкірегіне қалқан қылып, талай тажалға тайсалмай қарсы келді. Өн бойын бабасы Сәрке батырдың рухы кернеп тұрғандай болатын. Оның оқтан тайсалмауы, оттан жасқанбауы да осы бір өр рухтың қуаты еді.

1944 жылдың ауыр шай­қасының бірінде жа­уынгер Ұзақбайдың бір аяғын тобық тұсынан снаряд жар­қын­шағы жұлып кетіп, майдан даласында қансырап жатып қалды. Сол кезде аса қауіпті жерлерге үйретілген санитар иттер жіберілетін. Жаралы адам оларды көргенде ша­қы­рып, сүйретіп жүрген дөң­гелекті астауына қол ілдіріп, үстіне өзін өзі көтеріп салса болғаны, санитар иттер дала госпиталіне қарай ала қа­шатын болған.

Қансырап жатқан Ұзақ­байдың әл-дәрмені жоқ еді, иттерді көріп оларды шақырмақ болған, бірақ, үні шықпады. Ең соңғы үміті жұмылмай жатқан екі көзінің кірпігін қимылдата берді. Құлағы тікірейген иттер арбадан шашылып қалған томардай болып жатқан адам өліктерін иіскелеп келеді. Бір кезде олар Ұзақбайдың қасына тоқтап, оның қозғалуға дәрмені жоқ екенін түйсінді де, киімінен тістелеп тартып, өздері сүйреткен астауға міндірді. Жаралы жауынгер соны ғана біледі, сосын есінен танды, көзін қайта ашқанда госпитальда жатыр екен. Жамылғышын сырып жібергенде бір аяғын кесіп тастағанын көрді…

Соғыс мүгедегі болып оралған Ұзақбай елге келген соң жарақатын елеген жоқ. Әуелі Ақсу совхозында есепші, онан кейін мал шаруашылығы комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарды.  Бала-шағасын жалғыз аяғымен дарияға ау салып, балық ұстап, тоғайға тұзақ құрып, аң аулап асырады.

Бүгінде облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орта­лығының бөлім бас­шысы болып қызмет ететін Әлия Иманәлиева әкесі жайында былай дейді: «Әкем үлкен жайындарды бөліп-бөліп көршілерге тарататын.  Жомарттығына  сай бағбан адам, есіктің алдында  – алма, жүзім, шие секілді жеміс ағаштары жайқалып тұратын. Күз түсе біздің қораның жемісін алдымен көршілердің балалары жейді.

1982 жылдары болу керек, шаруашылыққа әр қаладан көмекке келетін студенттер көп болды. Олар жұмыстан қайтқанда біздің үйдің үстінен өтетін жолмен жүретін. Әкем солардың жұмыстан қайтуын күтіп отырып,  анамның піскен айранын, табаға піскен нанын беретін. Қалталарына қораның жеміс-жидегін толтырып жібе­ретін. Студенттерге  соғыста түскен суреттерін көрсететін.

…Суреттерді көріп отырып бір студент әкемнің қасындағы екі солдатты тани кетті. Сондағы әкемнің қуанғанын көрсеңіз! Содан мекен-жайын алып, екі до­сымен хат алысып тұрды. Әлі есімде, бірі – алматылық Махан Құрманқұлов, екіншісі – талдықорғандық Әбдісәмет Аязбаев деген кісі.1985 жылы 9 мамырда үшеуі Алматыда кездесетін болып келіскен. Сол жылы әкем қатты  ауырып, кеулеген соғыс жарақатынан жатып қалды. Оның үстіне бір майдандасының қайтыс болды деген хабары жанын жүдетіп кетті».

Әлияның әсерлі әңгімесі көңіліңді босатады. Оқ жау­ған аспан астында, от лау­лаған жердің үстінде отан деген қасиетті мекенді жауға таптатпаған  қандыкөйлек дос­тарды жарты ғасырдан соң жүздесеміз деген арманына жазмышы жеткізбей алыпты.

Бейбіт өмірде қоғамға қадірлі, ағайынға ардақты болып, абыз ақсақалдардың біріне айналған Ұзақбай Иманәліұлы мен отанасы Жанымкүл Мырзабайқызы екеуі өмірге он екі перзент әкеліп, тәрбиеледі.

Бүгінде олардың ғұмыр бақшасында жиырма бес немере, қырық алты шөбере гүлдей жайқалып өсіп-өніп келе жатыр. Олар – жеңіс жауынгерінің ұрпағы.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<