Соғыс

41

0

Балайым әжем әңгімешіл еді. Көргенін, естігенін тыңдаушысы болса тамылжытып айтып беретін еді жарықтық. Балалықтың, шалалықтың әсері ме, сол әңгімелердің көпшілігі есімде қалмапты. Есімде қалғаны-соғысқа қатысты бір әңгіме.

Соғыстың екінші жылы көршіміздің 18-ге енді толған баласын әскерге шақырды, – деді сол әңгімесінде әжем. – Алпамсадай қарулы жігіт үлкен қамбаға саздан балшық жатқызып, оны жалғыз өзі сыртқа шығарып, иін қандырып дегендей кесек құятын. Соғысқа шақырылған күні сыртқа шығарылған қамбадағы үйме сазды құйып үлгере алмай, сол кеткеннен қайтып оралмады. Үйме саз әлгі жігіттен қалған ескерткіш секілді ұзақ жыл жатты. Ол жерге ешкім үй салмады.

Түсінген адамға жүрек тебірентетін әңгіме. Әжемнің айтқан соғыстың екінші жылы тарихта сол зұлматтың ең ауыр кезеңі  болатын. Сталинградқа дейін Қызыл Армия қатарында неміс қолына тұтқынға түскендер мен қаза тапқандар, із-түссіз кеткендер саны миллиондап саналатын. Сол боздақ қайда кетті? Өлсе қай жерде жерленді? Қолға түссе сүйегі қай жерде қалды?  Бүгінге дейін боздақтардың дерегі азда болса табылып жатқанына қарамастан сол зұлматтың қара жер қойнында жасырып жатқан сырлары әлі көп. Өйткені бұл соғыс қасіреті жағынан әлемдегі өзіне дейінгі болған қанды қырғындардан ондаған есе асып түседі.

Иә, кешегі соғыс қанды қырғынды көз алдыңызға әкелер еді. Қазақстанда құралған құрамалар Мәскеу түбінде, Сталинградта, барлық майдандарда ерліктің өшпес өнегесін  көрсетті. Қазіргі дерек бойынша 100-ден астам қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. 100 мыңдаған әскер ордендер мен медальдармен марапатталды. Соғыс жылдары 1 млн. 300 мың қазақстандық майданға аттанды. Олардың тең жарымы майдан даласынан қайтып оралмады.

Бір ғана Мәскеу бағытындағы Вязьма, Ржев қырғыны Қазақстанда жасақталған құрамалардың 80 процентін құрбан етті. Алдағы жеңіс мерекесі күні Ржев өңірінде халықтың өз қаржысымен қырғында қаза тапқандардың тізімі қашалып жазылған монумент іске қосылады. Ендеше бүгін біз әкелерміз бен аталарымыздың сол кездегі өз отаны үшін жанқиярлықпен соғысқанын ұмытуымыз керек пе?

Өткен тарихқа баға беру күрделі мәселе. Біз кейде өмірде болып жатқан құбылыстарға, саяси оқиғаларға өреміз, біліміміз жетпесе де өзеуреп, өзіндік пікірімізді білдіруге бейім тұрамыз. Басқасын былай қойғанда дүниежүзілік ауқымдағы мемлекеттер қарама-қайшылығын бір-бірімен сапырып, дәмі мен тату жоқ әңгімелердің тізгінін босатып жіберетініміз бар. Мұндайда, егер тыңдаушысы, шала сауатты болса, айтушының әлбетте, керемет «білімдар болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ кәдуілгі өмір, оны туындататын саясат дегеніңізге баға беруге біздің өреміз жетпейтінін барлығымыз бірдей мойындай бермейміз.

2019 жылдың 19 қыркүйегінде Еуропарламент «Еуропа халықтарының болашақ ұрпақтарына арналған» қарар жариялады. Қарарда екіншідүние жүзілік соғыстың басталуына гитлерлік фашист режимімен бірге сталиндік коммунистік режимнің бірдей айыпты екені атап көрсетіліп, бұл жағдайды Еуропаның болашақ ұрпағы білуге тиіс екені айтылады. Осыған орай олар 1939 жылы Германия мен Кеңес Одағы арасында шабуыл жасаспау туралы келісімді, яғни тарихха Риббентроп-Молотов пактісі деген атпен жасалған келісімді негіз етіп алады. Қазір АҚШ, Польша, Украина мемлекеттерінде бұл орайда қызу насихат жұмыстары басталып кетті. Дәл осындай насихат жұмыстары Прибалтика республикаларын қамтуда. Тарихшылардың атап көрсеткеніндей, оларды Ресейдің либералдық бағыттағы қозғалыстары қолдап жатыр. Шығыс Еуропа елдерінде кеңестік ерлікті паш ететін ескерткіштер қиратылып жатыр.

Ал тарих шындығы былай дейді. 1933 жылы ақпанда Германияда билік басына Гитлер келді. Ол ә дегеннен герман халқының мүддесі Шығыста жатқанын жария етіп жаппай қарулана бастады. Көп ұзамай-ақ Герман әскері қарулану дәрежесі бойынша Еуропада алғашқы қатарға шықты. 1934 жылы Еуропа мемлекеттерінің ішінде бірінші болып Польша Гитлермен бейбіт келісім жасасты. Еуропаның сол кездегі белді мемлекеттері Ұлыбритания мен Франция Гитлермен ауыз жаласып Чехославакияны бөлшектеуге арналған Мюнхен келісіміне қол қойды. Сөйтіп өнеркәсібі дамыған Чехославакияны Гитлердің табанының астына салып берді.

Бұл масқара оқиғаны кейін Ұлыбритания премьері Черчилль өзінің  мемлекеті үшін болған қорлық ретінде бағалады. Гитлермен келісімге келіп, масқара болған өзінің бұрынғы премьері Чемберлен туралы осылай айтқан еді. Шын мәнінде күллі Еуропа осының барлығын Кеңес Одағына Гитлерді айдап салу үшін жасаған болатын.

Саяси жағдайдың ушыға түскенін бақылап отырған Сталин алдымен Еуропа елдерін Гитлерге қарсы күш біріктіруге шақырды. 1939 жылы 19 тамызда кеңестің сыңайын байқауға Мәскеуге ағылшын, француз әскери делегациялары келді. Кеңес басшылары бірден іске көшті. Қызыл армияның бас штаб бастығы Шапошников егер Гитлер Еуропа елдеріне қарсы соғыс бастайтын болса Кеңес Армиясы оған қарсы 120 жаяу әскер дивизиясын, 16 атты әскер дивизиясын, 10 мың танк, 5 мың зеңбірек қарсы қоя алатынын мәлімдеді. Бұл Сталиннің соғыс қаупі туындаса жаудың бетін кеңес шекарасынан тыс жерде қайтаруға қатысты прагматикалық шешімі болатын. Ағылшындар мен француздар ешқандай мәмілеге келместен елдеріне қайтып кетті. Сол уақыттың өзінде белгілі болғандай олар алдымен Кеңес Одағы мен Германияны өзара қырқыстыруды ойлады. Сталин жалғыз қалды. Не істеу керек? Бұл, әрине, тағдырлы сұрақтың мәселесі болатын. Еуропалықтардың қулығын сезген Кеңес басшысы Гитлермен келісімге келуді ұйғарды. Ол соғыстың болмай қоймайтынын біліп, әл жинап алуға уақыт керек екенін сезді. Сталин үшін уақыт ұттыру қажет болды. Гитлермен келісім барысында бірінші дүниежүзілік соғыстың барысында патша империясы айрылып қалған Батыс Украина мен  Батыс Беларуссия жерлері кеңестерге қайтып оралды. Сондай-ақ пакті бойынша Гитлерге іштей жылуы бар Прибалтика елдеріне қызыл армия енгізілді. Бұл Сталиннің сол кездегі саяси жағдайдан туындаған мүмкін болған қадамы еді.

Сонымен бірге тарихшылар мынадай керемет тарихи фактіні алға тартады. Риббентроп-Молотов пактісінде екі елдің бір-біріне, сондай-ақ екеуінің басқа береулерге қатысты қарсы шабуылдан бас тартуы заңдылық жүзінде бекітілген болатын. Ал енді осының барлығын аяққа таптап, соғыс бастаған кім? Соғысты кімнің бастағаны тарихтан белгілі.

Соғыс тұтқиылдан жасалды.  Алғашқы жылы қызыл армияда шығын көп болды. Қару-жарақ, оқ дәрі жетіспеді. Олардың көпшілігі шекараның батыс бөлігінде орналасқандықтан қысқа уақытта неміс қолына көшті. Гитлердің «Барбаросса» жоспары бойынша немістер батыстағы қызыл әскерді 20-30 күнде жойып, Мәскеуді жаулап алдуды, Волгаға шығуды мақсат тұтты. Алайда көптеген шығындарға қарамастан кеңес армиясы жанқиярлықпен соғысты. Сталин батыстағы зауыттарды қысқа уақытта шығысқа көшірді. Бүгінгі тарихшылар бұл миссияның бұрын соңды тарихта болмаған көлемде жүзеге асырылғанын айтады. Кеңес жол қатынастары министрінің орынбасары Дубровин соғыс басталған күні кітапханада болған көрінеді. Ол бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патша үкіметінің эвакуацияны қалай жүргізгені жөнінде деректерге қанығу мақсатымен мұрағат құжаттарын ақтарған. Ондай деректер болмай шықты. Осыған қарамастан кеңес үкіметі тақыр жерден жанқиярлық жұмыс атқарып, неміс бомбалаушы ұшақтарының астында жүріп мыңдаған зауыттарды Сібірге, Орта Азияға көшірді. Олар бар болғаны 4 айдың ішінде өнім бере бастады.     1943 жылдан бастап қызыл әскерлер соғысуды үйренді. Жас командирлер қолбасшы дәрежесіне дейін көтерілді. Армияның соғыс өнерін үйреніп жауды тықсыра бастағанын Германияның Гальдер, Клейст сияқты қолбасшылары мойындап, бұл жөнінде Гитлерге баяндап отырған.

Соғыстағы шығындар туралы мынадай мәліметтер бар. Сталинге жоспарлау комитетінің төрағасы Николай Вознесенский 1946 жылы кеңес әскері мен бейбіт халықтың соғыстағы жалпы шығыны 16,5 млн. адам деген дерек келтірген. Хрушев жалпы шығын 20 млн. адам десе, Горбачев 27 млн. деген цифрды келтірді. Ресей ғылым академиясының академигі, белгілі тарихшы Виктор Земсков 30 жыл мұрағатта отырып 2012 жылы мынандай деректерді алға тартты. Оның зерттеуі бойынша кеңестің жалпы шығыны 16,5 млн. адам. Оның 9,5 млн. адамы майданда қайтыс болған, бейбіт халықтың шығыны 5 млн. Немістердің  және олардың одақтастарының шығыны 8,5 млн. бейбіт халықтың шығыны мүлдем аз. Себебі кеңес армиясы өзі жаулап алған неміс аумағында жергілікті халыққа қарсы геноцид жүргізген жоқ. Қайта оларды құтқарып қалды. Тарихшылар бұл орайда мынадай деректер келтіреді. Қызыл армия Германияға енгенде халыққа жүргізілген насихат салдарынан неміс аналары өздерінің балаларын беліне байлап суға лақтыру фактілері көп болған. Қызыл армияны адам емес, жыртқыш деп көрсету бейбіт халық арасында осындай трагедиялардың орын алуына жол берген. Бұл Гитлердің орынбасары Геббельстің насихатынан болған трагедия еді. Азат етілген қалаларда өзін суға тастаған аналардың көпшілігін кеңес солдаттары құтқарып қалды. Фактілер бойынша бейбіт халық арасында немістердің өздерін-өзі өлтіргендер саны 700-1200 адамнан аспайды. Ал керісінше немістердің кеңес аймағында зорлық-зомбылықтан, концлагерлерде өлгендер саны 5 млн. адамнан астам. Тарихшылардың пайымдауы бойынша Земсковтың дерегі шындыққа жақындайды. Өйткені әскери шығын кеңес әскерінде 9,5 млн. болса, немістер мен оның одақтастарының шығыны 8,5 млн. деген цифрлар академиктің 30 жылғы зерттеуінің жемісі болып табылады.

Кеңес солдаттары Германияға кіргенде олардың өз отанында фашистердің адам айтқысыз зұлымдық жасаған фактілері естеріне түспеді дейсіз бе? Ашу кек оларды қарсы қимылдарға итермелегені де шындық. Бірақ Сталин үлкен саясаткер әлемдік тұлға. Ол 1945 жылдың ақпан айында №229 бұйрығын шығарып, онда жергілікті халыққа зорлық-зомбылық жасаған кеңес әскері қатаң жазаланатыны ескертілген. Әйелдерді зорлағандар сол бұйрық бойынша ату жазасына кесілген. Тарихшылардың дерегі бойынша қызыл әскер қолбасшысы Иван Конев осындай қылмыс жасаған 40 солдат пен офицерді құрама алдында атқызған. Содан кейін майдандағы ондай оқиғалар қайталанбаған. Керісінше, Герман солдаттарының кеңес жерінде жасаған қылмыстарынан жан түршігеді. Олар жөнінде Нюрнберг сот процесінде кеңінен айтылып, оларға қатыстылар жазаланды. Одақтастардың кейін керек болады деген жымысқы ойларына қарамастан айыптылар жазаланды. Оны халықаралық трибунал жүзеге асырды. Дегенмен фашистердің көпшілігі жасырынып, тіпті кейбіреулері аттарын өзгертіп кейін АҚШ, Ұлыбритания елдері қатарында кеңес жүйесіне қарсы күресті.

Жуырда Ресейдің «Звезда» телеарнасы соғыстың шындығына қатысты арнайы хабар ұйымдастырып, оған Ресейдің белгілі  ғалымдарымен бірге швед, неміс оқымыстылары қатысты. Тарихшылар Ресейге қатысты қазіргі  өшпенділіктің мерзімі ұзаққа бармайтынын, шындық келесі ұрпақтарға сол шындық күйінде жеткізілетініне сенімді екендерін мәлімдеді.

Осы орайда тағы бір шындықты айтудың кезегі келіп тұр. 1975 жылы жеңістің 30 жылдығын атап өту үшін Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан делегациясы сол кездегі Герман демократиялық республикасының астанасы Берлинге аттанады. Ол делегацияның ішінде атақты партизан Қасым Қайсенов болған. Берлинде бірнеше мың адам жиналған салтанатты сарайда екі елдің басшылары сөйлеп болғаннан кейін сөз көзі тірісінде аңызға айналған көрнекті жазушы партизан Қасым Қайсеновке беріледі. Трибунаға көтерілген ағамыз: «Мен ең алдымен неміс халқынан кешірім сұрағым келеді», – деп залға қарап еңкейеді. Залда отырған немістердің көздері шарасынан шығып, ауыздары ашылып қалады. Президиумда отырған кеңес делегациясының есі шығып не істерін білмей: «Қасеке, біз жеңгенбіз… соғыста біз жеңгенбіз…»- деп оның сөзін түзетпекші болады. Ал партизан ағамыз болса сөзін әрі қарай байыппен жалғастырып, соғыс кезінде өзінің партизан болғанын, партизандар жау солдатын тұтқынға алмайтындықтан немістердің олардан қатты қорқатынын, сол жылдары өз қолымен талай неміс солдатын о дүниеге аттандырғанын айтып келіп: «Мүмін солардың арасында сіздердің балаларыңыз, әкелеріңіз болған шығар, сол үшін мені кешіріңіздер!»- деп залда отырған немістерге тағыда иіліп тағзым етеді. Разы болған немістер ұзақ қол шапалақтап тоқтамай қойған деседі.

Қайран Қасеке, жауларына мейрімсіз болған асыл ер соғыстың қасіретіне қатысты бейбіт уақытта осындай шындықты да жайып салған көрінеді. Өзіне Халық Қаһарманы атағы берілгенде оңаша бөлмеге тығылып алып, бір шөлмек коньякты ішіп, өксіп-өксіп алған көрінеді. Неге жыламасын, сол соғыста өшпес ерлік көрсеткен бауырлары Бауыржан мен Рахымжанға бұл атақ өлгеннен кейін берілген еді.

Қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы соғыс жылдары көрсеткен ерен ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының батыры атағы дер кезінде берілмесе де, халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген азамат. Осының дәлелі іспетті көптеген қазақ балаларына батырдың есімі берілді.

Бауыржан Момышұлы туралы жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Әдебиет айдыны» газетінің 2005 жылғы 9 маусым күнгі санының 3 – бетінде: Баяғыда «Ақиқат пен аңызды» жазу үшін әңгімелесіп жүрген бір әңгімемізде Баукең маған: «Қазақстанда мен аттас 13000 Бауыржан бар деп естіп ем деген еді. Қазір еліміздегі Бауыржандар саны 13000 емес, 130 мыңға жеткен шығар деп ойлаймын» – деп жазды.

Ұшқыш Нүркен Әбдіровтің қаза тауып, оған Ұлы Отан соғысының батыры атағы берілгеннен кейін анасы Бақжан бір немересінің атын өзгерткен. Бұлай етудегі мақсаты – майданда қаза тапқан батыр ұлының орындай алмай кеткен армандарына қол жеткізсін дегені еді. Бұл туралы жазушы Ғабит Мүсірепов 1943 жылы «Батырдың анасы» мақаласында жазды: «Өткен қыста үлкен келіні ұл туып еді, атын кемпір «Орал» деп қойды. Ол Орал тауының аты емес, балаларының аман қайтып оралуына арналған жорасы еді. Жақында Нұркеннің хабары анықталғаннан кейін, ана жүрегі оңды – солды толғанып келіп, бір демеуді тағы тапты. Үміт үзбес, мәңгі айныма, мәңгі ана:

– Енді бұның аты Нүркен болады, – деді. Қазір баланың аты Нүркен. Өзі Нүркеннен айнымайды, құйып қойғандай: Ана айнымайды десе, баланың айни алатын қай шамасы бар, айныр емес….

– Тек тілің шығып, есің кірсін, – дейді Бақжан кемпір баланы сергітіп отырып, – дүниеде неміс деген ел барлығын, фашист деген пәле содан туғанын құлағына құйып өсіремін. Дүниеге осынша бәле әкелген жаудан еселеп кегіңді ал деп жұмсармын».

Ерліктің идеологиялық сипаты болмайды. Ол қай уақытта да ерлік! Оларға мың тағзым!

                                                      Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз