БУНКЕР: байлықтың буы ма, әлде ажалға араша бола ма?

Әлем киноөндірісінің алыбы Голливудтың қозғайтын тақырыптары сан алуан. Соның ішінде заманақырға әкеліп соқтыратын түрлі табиғи және техногендік апаттар, ядролық соғыс, өте қауіпті эпидемиялар туралы фантастика жанрындағы туындылар аз емес. Бұл фильмдерде планеталық масштабтағы апаттар салдарынан қалалар, мемлекеттер, тіпті тұтас құрлықтар жойылып, халық қырылып жатады. Тек азғантай ғана жағымды кейіпкерлер шоғыры небір қиындықтарды бастан кешіп, әйтеуір соңғы сәтте әупірімдеп елсіз аралға жетіп аман қалатыны бар.
Одан бөлек, қазіргі ақпарат құрал­дарында жер шарында апокалипсис­ке, армагедонға ұшырататын үшінші дүние­жүзілік соғыс, әлемдік жылыну үдерісі, Эбола жұқпалы дерті,  Йеллоустоун вулканы секілді неше түрлі қауіп-қатерлер туралы жорамал мақалалар да кездесіп қалады. Тіптен «ақырзаман тақап қалды, ол пәлен жылы, пәлендей күні болады» деп нақтылап айтатын сәуегейлер де құр жатпайды. Олар интернет пен әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланады.
Көпшілігіміз бұған етіміз үйреніп кеткен, қорқынышты киноларға да, мақа­лаларға да мән бермей жүре береміз. Жүре бермегенде басқа не амалымыз бар. Ондай апаттардың бетін аулақ қылсын.  Бәрі бір Алланың қолында, не жағдай болса көпшілікпен көрген ұлы той дейміз де. Десе де адам табиғаты сенгіш келеді. Жоғарыда айтылған жағдайлар орын алып қалуы мүмкін деп санайтын адамдар да болады екен. Тек сеніп қана қоймай сонымен бірге «Х күні» туа қалған жағдайда аман қалудың амалдарын осы кезден жасап жатқан көрінеді. Амал болғанда табиғи катаклизм немесе революция дүмп ете қалса, паналап аман қалатын құны ондаған, жүздеген  миллион доллар тұратын жерасты бункерлерін соғып қоюда.
Олар кімдер дейсіз ғой. Әрине, мұндай қарекет жасайтын шіріген байлар ғана. Беделді агенттік «Блюмберг» жариялаған мақалаға сенсек, мұхиттың арғы бетіндегі миллиар­дер­лердің бірқатары Жаңа Зеландия аралында супербункерлер соғып қойған. Мәселен, «Pay Pol» онлайн-төлем жүйе­­сінің негізін салушы миллиардер-айти­шник, Бильдербергтік «Әлемнің құпия қожайындары» клубының тұ­рақ­ты мүшесі Питер Тиль Жаңа Зеландияның табиғаты тамаша тау етегінен 193 гектар жер сатып алып, сонда аласапыран заман туғанда паналайтын орын жасатып қойды. Супербункер дайындатып қойғандар тізімінде әлемдегі ең бай адам, «Amazon» компаниясының басшысы Джеф Безос пен «Майкрософтың» негізін салушы Билл Гейтс те бар. Олардан «Титаник» пен «Аватар» секілді әлем кино тарихындағы ең кассалық фильмдер түсірген Джеймс Кэмерон да қалыспапты. «Терминатор» және «Терминатор 2 Судный день» фильмдерін түсірген режиссер  сол кинолардағы  күндердің туатынына қалтқысыз сенеді-ау, шамасы. Әйтпесе, АҚШ-тан 14 мың шақырым қашықтықта жатқан, ұшақпен 17 сағатта жететін аралдан бункер соғып қоймас еді ғой.
Жалпы таңдау неліктен Жаңа Зеландияға түсті деген сұрақ туындайтыны заңды. Тынық мұхитының оңтүстік батыс бөлігінде жатқан бұл ел дамыған мемлекеттер қатарына жатады, сонымен қатар ­сая­си тұрақтылығымен ерекшеленді. Әлемдегі қақтығыс орталықтарынан алыс жатқан бұл мемлекет ядролық қаруы бар елдердің нысанасына кірмеген. Оның ең жақын көршілері Австралия – 1700, Жаңа Каледония 1400 шақырым қашықтықта жатыр. Жаңа Зеландия үкіметі 1987 жылы өздерінің территориясын ядросыз аймақ ретінде жариялап, оның аума­­ғына ядролық қарулары мен қон­дыр­ғылары бар корабльдердің кіруіне тыйым салды. Жаңа Зеландия Оңтүстік және Солтүстік деп аталатын негізгі екі аралдан тұрады. Олардың айналасында 700-дей шағын арал орналасқан. Көпшілігінде адамдар тұрмайды. Жаңа Зеландияның жалпы аумағы 268680 шаршы шақырым. Бұл  Ұлыбритания аумағынан артық. Мұндағы халық саны  4,8 млн болса, қойдың саны 30 млн-нан асады. Осындай бейтарап жатқан, табиғаты таңғажайып елге миллиардерлердің қызығушылығы уақыт өткен сайын арта түсуде.
Бункер соғумен айналысатын техастық «Rising S» компаниясының директоры Гэри Линчтың айтуынша, биылдың өзінде 7 бункерге тапсырыс түскен. Оның екеуі бүгінде толықтай дайын. Компания негізінен 150 тонналық ешқандай оқ өтпейтін, атом бомбасына төтеп беретін стандартты бункерлер дайындайды. Оның бағасы тасымалдау, құрастыру құнын есептемегеннің өзінде 8,5 миллион доллар. Оны Техастан портқа жеткізу үшін 19 трейлер  қажет екен. Содан кейін Тынық мұхит арқылы Жаңа Зеландияға жеткізеді. Осыдан кейін белгілеген орында жинап құрастыруға 2 аптадан астам уақыт керек. Құрастыру жұмыстары өте құпия жағдайда өтеді. Бункердің төбесінің өзі жер бетінен төмен 5 метр тереңдікте жатуы тиіс. Толық орнатылып, бірнеше күн өткенде ол жерде болған адам ешнәрсені, тіптен кіретін люктің өзін байқамайды. Бұл баспаналарда 30-50 адам сыртпен байланыссыз, автономды түрде 3 жыл өмір сүре алады. Оның ішінде тұратын адамдар қалыпты өмір сүруі үшін барлық жағдайлар ойластырылған. Электр қуатын өндіретін, таза ауамен, ауыз сумен қамтамасыз етіп тұратын қондырғылар, канализация мен септик жүйесі, азық-түлік қоймалары, теплица, тренажерлық зал, бассейн, тынығу орындары, жатын бөлмелер секілді басқа да қажеттіліктер бар.
Мұндай бизнеспен тек Линчтың компаниясы ғана айналыспайды. Мәселен, «Vivos Project»  компания­сы 300 адамға арналған жерасты қонақ үйін соғуда. Мұнда бір адамның орнының құны 35 мың доллардан келеді.
Ал енді қауіп-қатер аяқ астынан туа қалса сонау АҚШ-тан Жаңа Зеландияға жете алар ма екен? Ең басты проблема осы болуы мүмкін. «Блумберг» агенттігі Сан-Францисколық бір миллиардердің өзінің бункеріне жету жоспарын жария еткен. Ол барлығын мұқият ойластырып қойған. Гаражында қуатты мотоциклдер тұр. Оның руліне қару салынған сөмке ілінген. Әуежайға дейін үрей билеген адамдарға толы көшелермен автомобильден гөрі мотоциклмен жету анағұрлым оңай. Ал кімде-кім жолын кесетін болса қақ маңдайдан атып салады. Әуежайда жеке ұшағына отырып, Невадаға жетеді. Ал онда арнаулы ангардағы алып ұшақ жанында төрт әріптес миллиардер күтіп тұратын болады.
Магнаттардың бункерамания дертіне шалдығып, аралдағы шұрайлы жерлерді сатып алып жатқанынан сес­кенген Жаңа Зеландия үкіметі енді ғана оған қарсы амалдарды қарастыра бастады. Бұл мемлекеттің заңы бойынша елге 6,7 млрд доллар инвестиция салған адамға азаматтық беріледі, сонымен бірге жер учаскесін, жылжымайтын мүлік сатып ала алады. Жүздеген миллион доллары бар байларға бұндай ақша тиын-тебен іспеттес. Аралдың үкіметі енді жылжымайтын мүлікті сатып алуға тыйым салып, тек жалға ғана алуға болатын заң жобасын дайындап жатыр. Бұл жағдайда бункер сала алмайсың. Бірақ, ақшасы көп адам бұның да жолын табары сөзсіз.
Иә, ақшасы көп адам ойына келгенін істейді деген осы. Рас-өтірігі белгісіз тіптен Ай мен Марстың бетінен учаске сатып алғысы келетіндер бар көрінеді. Қысқасы, ақшалының арманы аспандап тұр. Әйтседе, бәрі бір Алланың қолында екенін жұмыр басты пенде қаперден шығарып алмаса болды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ЖАРНАМА 24 желтоксан 2018 г. 295 0