Әлеуметтік желінің тілі қашан түзеледі?!

Бүгінде интернет адам тіршілігінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Тіпті кейде өзімізді өмірімізге дендеп енген әлеуметтік желісіз өмір сүре алмайтындай сезінетініміз де рас. Жұмыс іздеген жан да бәрін қойып, әуелі интернетке үңіледі. Жарнама, хат алмасу, пікір білдіру дегеніңіз желіні жарып тұр.

Алайда, бұл өзгеріске тез бейімделгенімізбен, бір мәсе­лені ескеріп жатқандар аз.

Елбасы кезекті Жолдауының бірінде «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналады» деген болатын. Алайда, интернеттен шұрайлы да көркем тіліміздің ізін де таппайсыз. Әдепкіде, әлеуметтік желілердегі өріп жүрген қате­лерден денеміз түршігетін. Тіпті, түзетуге тырысқандар қатары да аз болған жоқ. Алайда, бір өкініштісі, бұл келеңсіздікке уақыт өте келе барлығының да еті өліп кеткендей. Тіпті әлеу­меттік желідегі белең алған сауат­сыздық соңынан ілесіп бара жатқандаймыз. Әйтпесе, неге түзетпейміз?

Өткен аптада облыстық ішкі саясат басқармасы жанын­дағы алқа мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары ­Р.Рүс­­темов әлеуметтік желідегі тіл­дің шұбарлануына қоғамның немқұрайлы қарайтынына қын­жылыс білдірді.

–       Әлеуметтік желіде грам­­матикалық қате өріп жүр. Бүгінгі жастар орфо­гра­­фикалық, орфоэпиялық ере­­­желерді сақ­тамай, хат алмаса береді. Бұған еш­кім мән бермейтін болды. Тіл шұбарланып бара жатыр. Мысалы, бүгінгінің жаргон­дары мынадай: «тормоз ұстау», «зависать ету», «базар жоқ», «құлақтан тебу», «потеря болу», «қораға кіру», «сущняк», «лақтырып кетті». Бұған бей-жай қарауға болмайды, түзетуіміз керек, – дейді Р.Рүстемов.

Қаламыздағы №2 «Мұрагер» мектебінің 9-сынып оқушысы Елнұр Зейнел бұл мәселені ғылыми жұмысына тақырып етіп, біраз ізденіпті. Ол ізденіс бары­сында  мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізеді және бір ай бойы тек қазақ тілінде хат алмасу конкурсын жария­лайды. Нәтижесінде 6-сы­нып оқушылары 90 процент, 7-сынып оқушылары 50 про­цент сауатты жаза білсе, 10-11 сыныптағылар ара­сында таза қазақ тілінде хат алмасу көрсеткіші 15 про­центті көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, олар қазақ тілінде қатесіз, дұрыс жазуға қина­латындарын біл­дірген. Елнұр замандастарына кө­мек­тесу үшін «Т9» кітап­шасын шығарады.

–       Әлеуметтік желіге жазу ба­­ры­­­сында Т9 деген бағдарлама бар. Сол бағдарлама ағылшын, орыс тіліндегі сөздерді дұрыс жазуға көмектеседі. Сонымен қатар аударма жасайды. Бірақ ол өзге тілден қазақ тіліне сауатты аудармайды. Көбіне мағы­насы өзгеріп кетеді. Т9 атты кітапша арқылы қазақ тілінде сауатты жазуға болады және ол сөздердің латын қарпінде қалай дұрыс жазылатынын да ұсындым. Алдағы уақытта бұл кітапшаны компьютерлік бағдарламаға енгізуге жұмыс жасап жатырмын, – дейді ана тілінің таза­лығын сақтауға үлес қосып жүрген жас өрен Елнұр Зейнел.

Елнұрдың кітапшасын па­рақтай отырып, әлеуметтік же­ліде жиі кездесетін, шынында да қателігіне етіміз өліп кеткен сөздерді түзеп көрсеткенін көріп ұялдық та қуандық. Сізге қалай әсер етті?..

Ендеше, әлеуметтік желіде қатесіз жазуды өзіңізден бас­таңыз, өзгелер сізге қарап сөз түзесін.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 

ЖАРНАМА 25 қаңтар 2019 г. 285 0