Қазақ пен насыбай

Сайын даланың төсін дүрсіл­детіп келе жатқан жүрдек пойыз кәрі тарихты қойнына сый­ғызып, сабырлы кейіппен манаурай  керіліп  жатқан, Қожа Ахметтей ғұламаның мəңгілік мекені болған төрт қақпалы Түркістан шаһарына ентігін әрең басып, ентелей келіп тоқтады.
Кеуделерін купенің тар, ауыр ауасынан тазалап алмақ ниетпен жолаушы үш жігіт сыртқа шықты. Перрон сапырылысып жатыр. Күнкөріс қамымен жүгіріп жүрген қыз-келіншектер қолдарындағы та­мақ­тарын өткен-кеткенге тық­палап әбігер. Жағалай жай­ғасқан сауда сөрелеріндегі жеміс-жидектің түр-түрі мен домаланған қауын-қарбыз көз­дің жауын алады. Жан-жақ­тарына тамашалай қарап тұрған үш жігіттің бірінің көзі қалың қаралы адамның арасынан ерек­ше кейіпті ақсақалға түсті. Қарияның аптап ыстыққа арнайы тігілген тік жағалы ақ көйлектің сыртынан жеңіл сұр бешпет, басына қазақы тақия, аяғына мəсі-кебіс киюі еріксіз назар аудартатын. Бастырылған сақал-мұрты да дараланған түр-тұлғасына ерекше жараса қалған. Сол кісі бұлар отырған вагонның жолсерігіне билетін көрсетіп, вагонға жас адамдай лып етіп әбжіл көтерілді. Жігіттер қауын-қарбыз, жемістерін алып келгенде, қарияның өз купелеріне жайғасып жат­қанын көріп, аман-саулық сұрасты. Жайғасып алуына жәрдемдесті. Сосын бір қарбызды ортаға алып, жөн-жосық сұрасты. Қария Алматыдағы немерелерін көріп қайтпақ екен. Бұлардың домбыра ұстап жүргенін байқап, тіптен риза болып қалды.
– Ал, балалар, жол қысқарсын, қаза­ғым­ның киесі қара домбыраны қолға алайық. Енді жанымызды сусындатып отыралық, – деді шөл басып алғасын.  Жігіт­тердің бірі күй тартып, бірі əн айтып, біраз жол жүрілген соң:
– Ағасы, біз ауылдың алтыауызын айттық. Қонақкəде сізден болсын, – деді жігіттердің бірі.
– Жөн, жөн, – деп ақсақал домбыраны алып, қоңыр дауыспен мағыналы бір әуен бастады. Дауысы көкірегінен күмбірлей шығып, купеге сыймай вагонға тарап кетсе керек, біреулер есікті ашып қарап жатты. Екінші кезекте Сырдың мақамына салып, Тұрмағамбеттің насихатын айта жөнелді:
«Атпаңдар тіл алсаңдар,
            насыбайды.
Нас атсаң, нас боларсың
            басыбайлы.
Желді күн «түф» деп жерге
            түкірінсең,
Боқтай-ақ бет-аузыңа
          шашырайды.
Аптықпай ақылы толық
азаматтар,
Таза етіп өзін өзі асырайды.
Ақсақал домбыраны жанына қойды. Əлгі темекі шегіп, насыбай атуға шыққан екеуіне қарап үшінші жігіт:
– Əй, сендерге сауап болды-ау! – деп мəз бола күлді. Сонымен, əңгіме темекі мен насыбайға ойысты.
– Ақсақал, сонда сіз еш­қашан темекі шегіп, насыбай атпадыңыз ба? – деп сұрады бірі.
– Солай десе де болады. Қарап отыр­ғанша əңгіме айтайын, жол қысқарсын.
– Айтыңыз, айтыңыз, – деді жігіттер қосарланып.
– Сол күн есіме түссе, ылғи екі ұдай сезімде боламын, – деп  бастады қария. – Он бір-он екі жастағы кезім. Мектептің қысқы демалысы болатын. Сол кезде біздің үйге қалада тұратын əкемнің ағасының баласы, немере ағам Əлжан келген. Алдындағы ағасынан кейін  аттай жиырма жылдан соң Алладан сұрап алған бала болғандықтан əбден ерке өскен. Айтқаны ешқашан екі болып көрмеген. Тек біздің əкемізден ғана аяғын тартады. Əлжан сол кездерде шылым шегіп жүретін. Үйге келгенде  әкемнен жасырып шылымын тығып қоюды маған тапсырды. Шындығында əкемнің мінезі өте қатал. Егер бір нəрседен жаза бассаң, қамшымен сабайтын. Əлекеңнің тапсырмасымен темекісін қораға апарып тықтым, айтқанын орындамауға шама қайда?! Екі сөзге келмей сабап тастайтын мінез онда да бар.  
– Сонда əке-шешеңіз ара түспей ме, не? – деп мынадай зорлыққа көнбейтінін көрсеткен жігіттердің бірі әңгімені бөлді.
–  Жеңгесі, яғни, менің анам, оған қарсы келе алмайды. Ал, əкем ондай істерге араласпайды. Ол өйткені ағасының баласы, жолын сыйлайды.
– М-м, қазіргілер туысқан былай тұрсын, туған бауырымен де соттасып жатады. Қазақтар шындығында да ұсақтала бастадық, – деп осы арада тыңдаушының тағы бірі өз сөзін айтып қалды. Ал, ақсақал сөзін әрі жалғады.
– Мен де баламын, маған да қызық. Мал қораның ішіне тығып қойған жерімнен алып Әлжанның темекісінен будақтатып қоямын. Анам бір күні:
– Отағасы, сіздің осы балаңыз темекі шегіп жүр-ау деймін, қалтасын айналдырсаң темекінің үгіндісі төгі­леді, үстінен түтіннің иісі шығады, – дегенде зəрем зəр түбіне кетті. Əкем Құран кітабын оқып отыр еді. Торғай арбаған жыланның кәрімен көзілдірігінің үстінен тесіле қараған кезде, қорыққанымнан көзімді тарс жұмып алдым. Әкем кітаптың қызы­ғына түсті ме, əлде басқа ойы болды ма, әйтеуір  үндемеді. Кешке мал жайғап жүріп, бағанағы қорқы­нышты ұмытып, бір шылымды тұтатып алып аузыма қыстырдым. Сыртқа беттеп, қораның есігін ашып қалғанымда əкемнің тура алдымнан шыға келмесі бар ма!? Бұзаутісті қамшы қай жағымнан осып түсер екен деген ой басыма шапшып шығып, көзім жыпылық ете қалды. Әншейінде түп десем түсе қалатын темекім біреу аузыма желімдеп қойғандай будақтап тұр. Осы бір қас-қағым сәттің қаншаға созылғанын қайдам, құрғыр темекінің тұманданған түтіні жер мен көктің арасына созылып жатқандай еді. Бір кезде қошқыл түтін арасынан сұлбасы әкем, сөзі бөтен адамды көрдім.
– Жетісіп қалыпсың! Денсау­лық­тың керегі жоқ болса, тарта бер, – деген дауысты естігенде таң­ғалдым. Әкем тек соны айтуға келгендей-ақ бұрылып,  қорадан шығып кетті.
– Үйге барған соң, таяқ жеген шығарсыз, – деді үшеудің бірі шыдамсызданып.
– Мен де солай ойлап, үйге қорқа-қорқа кірдім. Әкем намазын оқып,  жайнамазын жинап орнынан тұрып жатыр екен.
– Сол кезде əкеңіз партиядан қорықпай намаз оқитын ба еді? – деді тыңдаушының бірі.
– Мен есімді білгелі ата-анамның намазын қаза қылғанын көрмегенмін.
 – Біз кеңес өкіметі дінге тыйым салды деп ойлаймыз ғой.
– Дінге ешкім де тыйым салған жоқ. Біздің елде үлкен кісілер намаз оқып,  ораза ұстап, айт пен наурызды мерекелеуді тоқтатқан емес.
– Шындығында қызық екен.
– Қызық ештеңе де жоқ. Сол кездің адамдарына намаз оқып, ораза ұстамау үшін өз кінәсін өкіметке жаба салу ыңғайлы болатын.  Жə, əңгіменің желісіне келейік. Сонымен әкем жайнамазын жинап болған соң, төр алдындағы өз орнына отырып, бір əңгіме бастады.
– Балам, Алла Тағаламның Мұхам­мед пайғамбарға түсірген кітабы Құран Кəрімде арам мен адалды көрсетіп берген. Ішіп-же­генде мас қылып, ақыл-есіңнен айы­ратын арам ас араб тілінде "хамр" деп аталады. Арақ сол асқа жатады. Оны ішу үлкен күнə болып саналады…
Төмен қарап үнсіз қалған мен əкем­нің сөзі саябырсыған тұста басымды сәл көтеріп, жөткеріндім. Ол кісі тартып отырған тəспісін тоқтатып:
– Бір нəрсе сұрағың келіп отыр ма? – деді.
– Темекі де арамға жата ма? – дедім дауысым дірілдей шығып.
– Жоқ, ол арамға жатпайды. Темекі – не сусын емес, не тамақ емес. Өз өкпеңді түтінмен ыстап жатқаның болмаса. Сол үшін  және  ақшаны босқа ысырап жасаға­ның үшін, сұрауы да қатты болады. Бағана айтқанымдай, денсаулық қажет болмаса, тарта бер. Бірақ менің саған темекі үшін ақша бермейтінім анық. Кейбір балалар секілді жердегі темекі қалдығын алып, əркімнің сілекейі жұққан қалдықты сорып, үйге келуші болма. Темекіге ақшаны өзің табатын кезде шегесің бе, шекпейсің бе, ол да өз шаруаң, – деп әкем əңгіменің аяқталғанын білдіріп, тəспісін қайта қолына алды. Мен содан бастап темекіге жолаған адам емеспін.
– Қария, насыбай ше? – деп сұрады насыбай ататын жігіт.
– Қазақтар өте кірпияз таза халық бол­ған. Сондықтан ешқашан насыбай атпа­ған, темекі де шекпеген.
– Неге олай дейсіз? Тіпті елге танымал тұлғалардың өзі «қазақта насыбайдан басқа не қалды?» деп жүр ғой.
– Тұлға болса тұлға шығар, олар да біз секілді Алланың жарат­қан пенделері. Ал пенделердің жаңы­лысуы əбден ықтимал.
– «Қалампыр мен насыбай, насыбайым болмаса, ауырады басым-ай!» – дейтін өлеңді де қазақ айтты емес пе?
– Ол да өзің секілді бір насы­бай­шының шығарған өлеңі. Турасын айтсақ, бұл әндер қазақ даласына орыс қарашекпендері келген кезден былайғы жерде пайда болған. Әкем марқұм насыбай деген орыстың «носовой» деген сөзі дейтін. Орыс киноларында «кисет» деп аталатын табак салынған қалтадан немесе үстел үстіндегі «табакеркадан» екі саусағымен шымшып алып, мұрын­дарына апарып иіскеп, түш­кіретіндерін көрдіңдер ғой.
– Иə, көрдік. Бірақ насыбайды орыстың сөзі деп ойламаппыз.
– Енді біле жүріңдер. Сондықтан ондай пəлеге жуымаңдар, Тұрма­ғамбет шайыр айтқандай, өздеріңді таза ұстаңдар, жігіт­тер, – деп қария əңгімесін аяқтады.
Осы әңгімені естігенде тілімнің астында ащы насыбай тұрғандай-ақ жерге бір түкірдім, «түф-ә»…

Əбдірейім ҚАУҒАНИ.
ЖАРНАМА 27 наурыз 2019 г. 453 0