ЖЕҢІЛДІКТІҢ ДЕ ЖҮГІ БАР

Ауыл баласының арманын орындауға сеп болатын «ауыл квотасы» деген бар. Мұны оқуға түсуге талпынған әрбір түлек жақсы біледі. Бұл өзі қалаған мамандық таңдау конкурсында қалалық замандастармен білім жарысында ауыл баласына сәл артықшылық береді. Арманға жету үшін бұл да сеп. Бір қызығы, қала баласының да осы квота үшін мектептің соңғы екі жылын ауылға келіп оқитын көріністер кейде байқалып қалады. Алайда, ауыл жеңілдігінің артар жүгі бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. 
Жақында ауыл түлегінің бірі сот пен жұмыс ортасында шапқылап, әбігерге түсті де қалды. Бақсақ, ауыл жеңілдігінің әжептәуір сұрауы бар екен.  Мұны жеңілдікті пайдаланып, оқуға түскен жастардың бәрі білгені жөн. Анығын айтар болсақ, ауыл жеңілдігімен оқуға тегін түскендер диплом алған соң кез келген қалада қала алмайды. Өзі түлеп ұшқан туған жерге тағзым етіп, кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс. Алайда, мұны ескермей, ауылға келгісі келмейтін талай дипломды маман қазір сотқа барып жүр. Мұндай көріністі көзбен көрдік.
Айару – ауыл түлегі. Ол да арман қуып, әсем Алматыда өзі қалаған мамандығы бойынша гранттық негізде оқуға түседі. Әрине, ауыл квотасымен. Диплом алған соң ауылға қайтуды ойламайды. Әсем қаланың тұрғыны болуды қалаған оған жұмыс та табыла қояды. Университетті үздік бітірген жас маман, шет тілін жетік меңгерген. Мұндай маман жұмыссыз қалсын ба?! Үлкен қалада бір емес, бірнеше жұмысты қатар алуға да мүмкіндік жетіп артылады. Әр секундты бағалай білетін қала тұрғынына айналған ол ауылдағы үйіне қайта-қайта хат келіп жатқанына да мән бермейді. Бір күні құзырлы мекемеден қоңырау шалып, «сіз мынша миллион ақшаны мемлекетке қайтаруыңыз керек» дегенде талып құлай жаздайды. Амал жоқ, Алатаудан да биік арман-мақсатын кішкентай шаба­данына сыйғызып, елге қайтады. Қазір ауылда жұмыс істеп жүр. Ағылшын тілін жетік білетін маманның кел­геніне бүкіл ауыл мәз. Ауыл квотасының негізгі мақсаты да осы болса керек.
Бұл бір мысал ғана. Бүгінде Айарудың «тағдырластары» аз емес. Тіпті, ауылға бармай, облыс орталығынан жұмыс таба алмай жүргендер қаншама?! Ауыл квотасының қайтарымын түсінбей, сот табалдырығын тоздырып жүргендер де бар.
Соның бірі – Сәуле (кейіп­кердің есімі өзгертілді). Ауыл квотасының талабын орындамай, сот алдына дейін барған маманның бірі. Өзінің айтуынша, дәл мұндай талап қойылып, сұрау салады деп ойламапты.
– Университетті бітіретін жылы біздің бюджеттік мекемелерде жұмыс істеуіміз талап етілетіні қайта-қайта ескертілді. Тіпті, өзіміздің облыстан сұраныс бар екенін дәлелдейтін анықтама да сұралды. Әйтпесе, кадр жетіспей жатқан өзге аймаққа жолдама берілетінін білгеннен кейін таныс арқылы бір мектептен анықтама алып өткізе салдым. Дайын жұмыс қайдан болсын?! Бір жыл бойы түрлі салада жұмыс атқарып жүрдім. Тағы бір жыл өтті. Үшінші жыл дегенде мектепке жұмысқа орналастым. Бір күні қоңырау шалып, екі жылды босқа өткізген және құзырлы мекеменің сотқа шағымданған шығыны бар, бәрін қосқанда қомақты қаржы жалақымнан ұсталатыны туралы хабарлады. Жайбарақат өмірден маза қашты. Адвокат жалдау, сотқа бару басталды. Негізі, ауыл квотасымен грантқа түскен соң бұған жауапкершілікпен қарау керек екен, – дейді ол.
Демек, түлектерге берілетін ауыл жеңілдігінің артар жүгі бар. Әлі де ауылдан шыққан мыңдаған түлек ескере бер­мейтін бұл мәселе бойынша нақты ақпарат беру үшін құзырлы мекеме «Қаржы орта­лығы» АҚ-ға сұрау салған болатынбыз. Ол жақтан мынадай жауап келді:
Білім туралы Заңның 47-бабы 17-тармағында және Қа­зақстан Республикасының 30 нау­рыз 2012 жылғы №390 Қау­лысымен, белгіленген квота ше­гінде педагогтік, медициналық (2008 жылдан бастап) және ветеринарлық мамандықтар бойынша (2012 жылдан бастап) оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шық­қан азаматтар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін тиісінше мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мем­лекеттік медицина ұйым­дарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлім­шелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында ке­мінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті.
Осы тармақта аталған адам­­­­дардың жұмысты өтеу жөнін­дегі өз міндеттерін орын­­­дауына немесе жұмысты өтемеген жағ­дайда бюджет қара­­жа­ты­ның шығыстарын өтеуіне мони­то­рингті және олар­­дың сақ­талуына бақы­лауды қам­тамасыз ету білім беру сала­сындағы уәкі­­лет­ті орган­ның операторына жүк­теледі.
Бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын жас мамандар оқуды аяқтайтын Қазақстан Рес­пуб­ликасының тиісті жо­ғары оқу орындарының жанында құрылады.
Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәр­тіппен жүзеге асырылады:
ЖОО-лар жыл сайын түлек­тердің санын, тұрғылықты жер­лерін, алған мамандықтары мен оқу тілін көрсете отырып, ауыл жастары қатарындағы азаматтарға ұсынылатын квота шегінде оқуға түскен ағым­дағы жылдың түлектерді кейін­нен жұмысқа орналас­тыру үшін бос жұмыс орындарын ұсынуға облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жібе­реді. Жас мамандарды бөлу жас маманның алдағы уақытта жұмысқа орна­ласатындығы және ол жұмыс орнына келгенге дейін бос орынның сақ­та­латындығы туралы жұмыс берушінің қолдаухаты негізінде жүзеге асырылады.
Оқуын бітірген жас мамандар 1 қыркүйектен кешіктірмей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.
Жас мамандарды жұмысқа бөлген сәтке бос жұмыс орындары жоқ болған жағдайда, жұмысты өтеу мерзімінде жұ­мыс­сыз ретінде есепте бол­ған уақытты есептей отырып, тұрғылықты жері бойынша жұ­мыссыз ретінде есепке қоюға жатады.
Жұмысты өтеу жөніндегі міндеттемені орындамаған жағ­дайда жас маман оны оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен кеткен шығыстарды рес­публика бюджетіне қайтаруға міндетті (47-бап 17-4 тармақ).
Құзырлы мекеменің түсін­дірмесі осындай. Әрине, облыс орталығынан дипломды жас маманның барлығына бірдей дайын тұрған жұмыс жоқ. Ал, ауылға баруға жастар соншалықты ықыласты деп айта алмаймыз. Дегенмен де, ауылда еңбек етіп жатқан жастар да жоқ емес. Жас­тарды ауылға тарту мақсатында мемлекет тарапынан ынталандыру бар. Жұмыс дайын, баспана мәселесі де шешімін тапқан.
Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Жастар жы­лының ашылу салтанатында: «Ауыл ел бесігі» жобасы ая­сында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ен­гі­зілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын. Кө­шіп барғаны үшін төленетін жәр­дем­ақы мөлшерін 70-тен 100 ай­лық есептік көрсеткішке дейін арт­тырған жөн» деген болатын.
Әрине, арманшыл жастың қалауы еркінде. Біздің айтпа­ғымыз – ауыл квотасының өтеуі бар екенін еске салу.  Әйтпесе, білместікпен сотқа бару, қаржы қайтару кімге оңай тиер дерсіз?!

Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА.
ЖАРНАМА 07 сәуір 2019 г. 283 0