Қызыл бұзау хикаясы және шаштың көкпен байланысы туралы

Зеңгі баба сиырдың ішінде жатқан бұзаудың түр-түсін нақтап айтып, жаңылмай табатын көріпкел әулие болған. Оның өмірлік қосағы Әнуар ананың да іштегі бұзаудың қандай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Осы бір бағзы заманның оқиғасын айтушылар оны әртүрлі әулиелердің аузына салып жүр. Бұл – дұрыс емес. Әр аңыздың өз ақиқаты, әр киенің өз иесі бар. 

Оқиға былай: 

Бірде бабаның зайыбы ері­нен:

– Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба? Сауапқа серікпін бе? – деп сұрапты. Зеңгі оған:

– Мен тақуамын, таза ісім­мен әулиелікке иемін. Бұл ­қасиет өзімнен, оған сен ортақ емес­­сің, – депті.

Әнуар ана ері Зеңгіні ерекше ықыласымен күтіп, ас-ауқатын таза дайындап, қызмет еткен. Ол ас дайындағанда  ыдыстарды тоғыз мәрте жуып-шаятын көрінеді.

Бір күні Әнуар ана түс мез­гілінде ас дайындап жатып, ау­қат­тың ішінде әлдененің қараң ете қалғанын көзі шалады. Бірақ әлгі қылдай нәрсені тамақты қанша сапырып іздесе де таба алмайды. Шамалап астың бір-екі шөмішін алып, төгіп те тас­тайды. Содан не керек, өрісте ыстық күннің астында қуы­ры­лып өзін күткен ерінің жай-күйін ойлап, ауқатты алып  асы­ға жетеді. Баба тамақты ішіп алады.

Арада біраз уақыт өтеді. Бі­рақ, Әнуар ананың көңілінен кү­мән кетпейді. Соны байқау ние­тімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін қолымен нұсқап:

– Анау сиыр қандай бұзау туады екен? – деп сұрақ қояды. 

– Түсі қызыл, маңдайы қасқа бұзау туады, – деп жауап береді ері. Сонда жұбайы:

– Меніңше, маңдайы емес, құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау туады, – дейді.

Әзірге әңгіме осымен тәмам болады. Уақыты ­жеткенде Әнуар ананың айтқа­нын­дай құй­­­ры­ғының ұшы ақ, түсі қы­зыл бұзау туады.

 Сонда бабамыз:

– Мен қалай жаңылдым? – деп сұрапты.

– Осы бұзаудың түр-түсі әң­гіме болған күні әкелген ау­қат­ты істеп жатып ішіне бір ноқаттай қара дақтың түсіп кеткенін бай­қадым, бірақ алып тастамақ болып қанша іздесем де, таба алмадым. Сол қара дақ көзіңізге перде боп тұтылып, іштегі бұзаудың түсінен жаңылдыңыз. Шын мәнінде бұзаудың ұшы ақ құйрығы қайрылып, аяғының арасынан өтіп, маңдайына тиіп жатыр еді, – дейді жұбайы. Мұны естіген бабамыз:

– Менің әулиелік қасие­тім­нің сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланыс­ты екенін түсіндім. Егер сен таза­лы­ғыңнан сәл ғана мүлт кетсең, менің қасиетім де жарым-жартылап, толық күйде бола алмайды екенмін, – депті бабамыз.

Қазақтың келіндеріне орамал тартқызуының бір ғибраты осы тазалыққа байланысты екенін кейбіреулер аса түсіне бермейтін сияқты. Өйткені, келіндердің «ата-енем барда орамал тақтым, енді үйде ешкім жоқ қой» деп асханада орамалсыз тамақ істеп жатқанын өзім талай көрдім.  

Шаштың адамды ғарышпен байланыстыратын тылсым сы­ры бар дегенді білесіз бе? Ұзын шаш ғарыштан келген күшті көбірек алады екен, сон­дық­тан оның түйсікке жол ашатын әсері бар. Әйелдің энергетикасы, отбасын сақтайтын жылулықтың бәрі шашта сақталады дейді ға­лымдар. Шашты неғұрлым қысқа қиған сайын, соғұрлым әйелдің энергетикасы азая тү­седі. Қазақтың «шашы ұзын, ақылы қысқа» деп ақылды шаш­тың өлшеміне салуы тегін бе? 

Қысқа шаш ақылға кері әсер еткенімен, әйел бойындағы күрес­­керлік, белсенділік көзін аша түседі-міс. Қысқа шашты әйелдің билікке ұмтылып, отбасын екінші орынға қойып жататыны жасырын емес. Ал, ұзын шашты әйел отбасы берекесін сақтап, нағыз жар атануға ұм­ты­лады.

Қазір шашты жайып жүру сән саналады. Халқымызда әйел­­дің шашын жаюы қаралы жағ­дайдың көрінісі болған. Жа­­йылған шаш әсіресе, күн бат­қан мезгілде адам бойына жа­ғымсыз энергияны жинайды, үлкендердің «түнде далаға шық­қанда басыңды жауып шық», немесе «бас киіміңді киіп шық» дейтін ескертуі осыған байланысты. Бұған қоса жайылған шаш әр жерге түсіп, адамның биоэнергиясын аяқасты қы­ла­ды, мұның сол адамның өзіне тигізер кесірі де жоқ емес. Бала күнімізде шешеміз шашымызды алып, қиындыны көміп тас­тайтын. Бірақ, оның сырын түсінген біз бар ма?

Бүгінде бәріміз де шаштараз қызметін пайдаланамыз. Олар алынған шашымызды сы­пырып, қоқысқа лақтыра салады. Бұл әрекеттің адамның бас ауруға шалдығуына әкеліп соқ­пай­ты­нына кім кепіл? Себебі біздің бо­йымыздағы ғарыштан келген қуат шашпен бірге аяққа басылады. Ал, осы энергия бізден ажырағанмен, өз ағзамызға әсер ету әрекетін жоймайды екен.

Мына нәрсені түсінуіміз керек. Үлкейген сайын кез келген адам­ның шашы да сирейді. Де­мек, оның ғарыштан алып тұр­ған қуаты да бәсеңдей бермек. Қазақтың «шашы қайратты екен» дейтін теңеуін естіген шы­­­ғарсыз. Ол бойдағы ғарыш қуа­­тының күші мол деген сөз.

Ата-бабамыз ғарыштың сы­рын тоғызқұмалақ ойнап оты­­­рып-ақ білген. Өйткені, адам­­­ның аспанмен байланысы іште жатқан сәтінде-ақ бас­талады. «Бүгінде жұлдызнама деген шықты» дейміз кейде. Жұлдызға қарап болжам айту баяғыдан-ақ бар.

Осы біз шашымызға нем­құ­рай­лы қарау арқылы көк көлбеп жететін саф байланысымызға селкеу түсіріп алған жоқпыз ба?


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ЖАРНАМА 23 сәуір 2019 г. 798 0