Ажырасу –ұлтқа төнген қауіп

М.Мақатаевтың күнделігінде мынадай сөз бар. «Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына сызат түскені». Келісетін боларсыз.
Енді мына жайға назар аударайықшы. Базар. Қырықтардағы екі апай әңгімелесіп отыр.
– Бір баласы бар. Жақында ерінен ажырасты. Қазір екі қыздың бірінің басындағы жағдай бұл. Баласы бар, жұмысы бар. Енді алаңдамай өмір сүрсе де болады, өзінің жағдайын жасап...
«Ол не дегеніңіз» деу түгілі, әлгі жерде бұрылып қарауға да ниетім болмай, алға оздым. Айтқандары рас еді. Мүмкін, қазақтың қазіргі қалпынан, сөзінен ұялдым, мүмкін шындықтан қаштым.
Кейде тұтас қоғам шындықтан қашып жүргендей көрінеді осы! Себебі санамен емес, сезіммен ғана үйленіп, үй бола алмаған екеу ғана кінәлі емес бұл мәселеге. Неге қазір біз үшін өзіміздің жағдайымыз ғана маңызды болып кетті? Ақша, жайлы тұрмыс әке мен ана мейірімінің орнын баспайды. Бәріміз білеміз мұны. Бірақ неге жолайрыққа тақалғанда, сөз некеден ажырасуға тірелгенде әркімнің өз «намысы», «абыройы», жағдайы бірінші орында тұрады? Мұндайда, сорлайтын балалар ғана. Қазір облыста әрбір үшінші отбасы бөлініп тынады. Кінә кімнен? Біз жастардың жағдайынан бастап, соңғы нүктені қоятын сот процесіне дейін саралауға тырыстық. Себеп көп, дерек дөп.
Жақын жылдары белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы аса ауыр мәселені айтып, дабыл қақты.
– Маған бір мектептің директоры: «Менің оқушыларымның 45 процентінің әкесі жоқ, ажырасқан отба­сынан. Ол баланың психологиясы әке-шешесі бар баланың отбасындай тұ­рақты емес. Менің мұғалімдерімнің дені – әйелдер. Оның 40 проценті күйе­уі­нен айырылған. Бұл – шындық» деді.
Біз тұтынушы қоғам құрдық. Дү­ние­қор, ақша алдына шыққан, рухани құндылықтардан кейін қалған қоғам. Социалистік қоғамда не нәрсеге де зәру болдық. Біздің анаған, мынаған қолымыз жетпеді. Мына заман келді. Бәріне қолымыз жетті. Тәрбие мен рухани құндылық кейінге қалды, – деді Амангелді Айталы.
Қазақы тәрбиені қажет етпей қалған қазіргі қоғамда жастарға не жетпей ажырасып жүр? Тым қарапайым бір себеп бар. Ол – телефон. «Күйеуім өмірі телефонын құлыптап жүреді. Маған «паролін» бірде-бір рет айтқан емес. Демек, жасыратын дүниесі бар». Сот залында ажырасудың осындай да себебі айтылыпты. Екі адамды қинап біріктіру мүмкін емес, бірақ болмайтын дүние үшін бөлініп тынатындар бар. Ажырасудың себебін сұрап барғанымызда мұны қалалық соттың судьясы Кәмшат Сәдуақасова айтып берді.

Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасты...

Кәмшат Сәдуақасова, қалалық соттың судьясы:

Кейде сот залына некеден ажырасу үшін 2001 жылғы жастар келеді. Әдетте, екі әулеттің үміті болып, отау құрған ерлі-зайыптылардың бөлініп кетуі өте күрделі мәселе. Бірақ, сын сәтте 18-19-дағы жас жұбайлар күліп тұрып ажырасқанын байқадық. Бұл нені білдіреді? Демек, олар о баста отбасын құруға дайын болмаған.
 Сотта әрбір шайқалған шаңырақ біздің қоғамда қанағаттың азайып, кешірім сұрау мәдениетінің, жарының қабағын бағып, көңілін табатын бұрынғы тәрбиенің жоқ екенін дәлелдеп кетеді. Қазір отағасының 60 мың теңге айлығына күн көріп отырып, несиеге телефон, техникалық зат алатын келіншектер бар. Оған қаласа киімді де қарызға алып, күнде тойға баратындай боянып, тырнақ пен шаштың күтімі үшін қаржыны аяп қалмайтындарды қосыңыз. Мұндай ойсыздықтың соңы неге апаруы мүмкін? Әрине, төленбеген несие, үйдің миллиондаған қарызы – ұрысқа, жанжал – ажырасуға, ажырасу баланың тірі жетім қалуына әкеледі. Енді соттағы жағдайға келе­йік. Ажырасуға келген кез келген әйел күйеуінің істі ақылға салып, кешірім сұрауын іштей күтеді. Бірақ, көбіне ер адамдар тарапынан мұндай сөз өте дөрекі түрде айтылады. «Қазір менімен бірге жүрмесең, енді бірге тұрамыз деп ойлама. Дұрыстап ойлан, қайталап айт­паймын» деген секілді. Бұл сөздердің мұңды сейілтіп, көңілді жібітуі мүмкін бе?  
Кейде бір-бірінің кемшіліктерін тізбелеп, сот залына қыз бен жігіт секілді жанжалдасып келетіндер бар. Бір-біріне мін тағып, өткен өмірлері жайлы айтқанда бала туралы сөз қозғамайды. Бірақ, сұрай қалсаң, ортақ балалары бар болып шығады. Бұл да ұрпақ болашағына деген салғырттықтың белгісі. «Бала кімде қалады, оның тәрбиесіне кім жауап береді» десең, көп жағдайда келіншектен «балаға анам қарайды» деген, жігіттен «алимент төлеп отырамын» деген жауап естисің. Бала ақша салып жүре беретін банкомат емес қой. Ал нағашы жұртында өскен, нағашы аға-жеңгенің қолында болған ұл-қыз көп жағдайда жасқаншақ, өз-өзіне сенімсіз. Көбіне тек ана тәрбиесін көрген жігіттердің отбасы ыдырауға бейім тұрады. Өйткені, толық отбасында бойжеткен әйелі екеуінің көзқарастары мүлде үйлеспейді.  Келінге қызметші секілді қарайтын, оның көңіл-күйі, ойымен санаспайтын ата-ене де – отбасын ажыратушы басты фактор. Әсіресе, өмірге сәби әкелген, психологиялық тұрғыда әлсіз жас аналар сот залынан жиі табылады. Қиындықтан құтылудың ең тиімді жолы ажырасу болып көрінеді оларға.
Қызылорда – қаймағы бұзылмаған қазақы облыс. Дегенмен, әлеуметтік көмек алу үшін жалғызбасты ана мәртебесіне ұмтылатындар бар. Мемлекет күнкөріс деңгейін арттыру, жағдайы төмен отбасыларды қолдау үшін жаңа заң қабылдады, ел екінші тарапта кей отбасылар өз жағдайын қолдан төмендетіп, әдейі ажырасып, қоғамды рухани тұрғыда әлсіретіп жатыр. 10 мың теңгелік алиментті сұрамай, керек еместей кейіп танытып, 21 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алуды артық көретіндердің санасын билеген не? Масылдық, пайдакүнем пиғыл. Олар «мемлекетке мен не бердім» деп ойламайды. Мұндай ерлі-зайыптылар ой мен тілді жақсылыққа бағыттауды, амалдың ниетке байланысты болатынын ескермейді. Сотқа бір-бірін қорқыту үшін арыз беріп, шынымен бөлек кеткен отбасылар бар, ал ақша үшін әдейі ажырасып, кейін қайта бірікпесе не болады?

Ажырасудың құны – 758 теңге

Ажырасудың тым оңай іске айналып кеткенінің тағы қандай себебі болуы мүмкін? Өткенде әлдебір қала тұрғыны «Егер сот процесіне ерлі-за­йыптылардың бірі арнайы хабарланып, бірақ 3 мәрте келмесе, олар ажырастырылады. Бұл ажырасуды оңайлатып жібермей ме?» деп ойын білдірді. Бұл сауалды да судьяға қойып көрдік. «Расымен де солай. Ал, бірінші хабарламадан соң, ерлі-зайыптылардың екеуі де сотқа келіп, бірі татуласуға уақыт сұраса, біз уақыт беруге міндеттіміз. Тіпті, қазір осы жылдың желтоқсан айына дейін татуласу уақытын берген жұптарымыз бар.  Хабарландыруды алып, бірақ екі тараптың бірі 3 ретте де сотқа келмесе, жауапкершіліктің, отбасын сақтауға деген ынтаның жоқтығын көрсетеді. Мұның шешімі ерлі-зайыптыларды некеден ажырастыру», – деді Кәмшат Сәдуақасова.  
Шетелдің кейбір мемлекеттерінде соттасудың құны қымбат. Бұл туралы Парламентте Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Әлемдегі дамыған мемлекеттерде соттасу көп шығынды талап етеді. Англияда төменгі сотқа талап етудің ең төменгі алымы – 17 мың теңге. Округтік апелляциялық сотта – 68 460. Жоғарғы сотта – 117 360 теңге. Франция мен Германияда – 15 мың, Ресейде  – 10 мың. Өте ұсақ-тү­йек сотқа дейінгі шешілетін мәселелердің сотқа келуін азайту мақсатында мемлекеттік баждың соттардағы мөлшерлемесін көтеруге жоғарғы сот төрағасының пікірін білгім келеді» деген болатын.  Иә, біздің елде некеден ажырасу үшін төленетін мемлекеттік баждың көлемі 800 теңгеге де жетпейді. Қымбат емес қой. Мұның да тез шешім қабылдап, жылдам ажырасуға ықпалы болмай ма? Бұған қатысты судья «мәселе мемлекеттік бажда, қаржыда емес» дейді. «Бақытты отбасы – адамның сенімді тірегі. Кейде тіпті ерлі-зайыптыларға «өмірлеріңіз 800 теңгемен бұзылғалы тұр» деп ескертетініміз бар. Егер шығынды сараптайтын болса, үйлену үшін осыған дейін қанша қаржы, ата-ана, туған-туыстың күш-жігері жұмсалғанын ескеретін еді ғой», – деді ол.

Аталы сөз – еліңді, кесімді сөз келінді тәрбиелейтін...

«Мылқау әйел мен соқыр еркектің үйінде ұрыс болмайды» дейді Оралхан Бөкей. Рас, «бақыт «міне» деп бере салатын дүние емес. Адамдар бір-бірінен жамандық емес, жақсылық іздеуі керек. Махаббат әлсірегенде мейірім керек» демеуші ме еді үлкендер. Бұрынғылар осылай жастарды бөлудің емес, біріктірудің амалын жасаған екен ғой. Соның бір дәлелі – жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының «Қалай келсең, солай кетесің!» әңгімесі.
Бұл бұрын болған оқиға. Бірде көршінің әйелі киімдерін жинап, төркініне кетуге бекінгенін естіген атасы үн-түнсіз ғана сол үйге тартыпты. Екі баласын киіндіріп қойған келіншек атаны көріп, сәлем салғаннан кейін «Ата, айтпай-ақ қойыңыз. Неге келгеніңізді түсіндім. Мен енді төзе алмаймын. Болды, қанша шыдадым. Кетем де, кетем» деп жиналып, сумкасын дайындаған көрінеді. Сонда атасы «Қарағым, бір ғана сұрағым бар, соған жауап берсең өзің білерсің. Бұл үйге келгенде нешеу едің» депті. Келіншек жауап бергісі келмесе де, атадан именіп, «Бір өзім келдім» дейді. Сол сәтте атасы: «Ендеше қалай келсең, солай кетесің. Андағы екеуін шешіндір, руы бөлек өзге әулетке жәутеңдетпе! Мұнда да ел бар, аштан өлмейді, көштен қалмайды. Өз жұртының ішінде өссін. Ата дәстүр солай» деп сөзін салмақтап аяқтаған екен. Мұны естіген келін «Мен бұларды тастап қалай кетем, ата?» деп еңіреп жылап, балаларын шешіндірген көрінеді. Ал атасы «Алла разы болсын, айналайын, Алла жарылқайды сені» деп бетін сипап, жүре беріпті. Автордың айтуынша, кейін сол шаңырақта әлгі екі сәбиден кейін, тағы төрт бала дүниеге келіп, үлкен әулетке айналған көрінеді.
Ал мына бір ененің парасаттылы­ғын қараңызшы. Бірде ауылдағы үлкен әулетке жазғы демалыста қаладан немерелері келіпті. Үйде адам көп, у-шу, тірлік одан да көп көрінеді. Отбасындағы жас келін таң елең-алаңда тұрғаннан, қас қарайғанша тыным таппайтын көрінеді. Бірақ, сонда да жеңгесінің жұмысы қалалық қайынсіңлісінің көңіліне жақпай қалыпты. Әжесіне барып, «жеңшеме айтыңызшы, үйдегілердің бәрінің киімін жуады. Менің киімімнің кірі дұрыс кетпей қалыпты, енді бөлек жусыншы» деген екен. Сонда енесі келінін шақырып алып, «үйде жұмыс көбейіп кетті. Шаршадың, білем. Сен көршінің үйіне барып, шәй ішіп, әңгімелесіп қайт» деген көрінеді. Көршіге кеткен келін біршама уақыттан соң, қайтып келеді. Келе сала кермеде жайылып тұрған киімдердің бағанағыдан гөрі ашылып жуылғанын байқайды. Тапқырлыққа таңырқаған келіншек кейін енесінің адамгершілігін елге тамсанып айтып жүрген көрінеді.
Ал, қазір қалай? Аналар қызына «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды», ұлына «Бала – белде, әйел – жолда. Ержеткесін балаң өзі тауып алады» дейтін салдары сұмдық «ақыл» айтып, отбасын да, қазақ қоғамын да әбден әлсіретті.  

Болашақ кімге байланысты?

Ажырасу ұлт дертіне айналды. Бала елдің болашағы десек, бүгінде бала тәрбиесі, оның қазақы болмысы сын көтермей тұр. Қазір елімізде, облыс­та отбасын сақтап қалудың жолдары қарастырылуда. 2011 жылдан бастап «Қамқорлық» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарды қолдау мақсатында жұмыс істеп келеді. Мұнда ерлі-зайыптыларға психологиялық,  құқықтық, әлеуметтік, меди­циналық, мәдени, экономикалық тұр­ғыда бірқатар қызмет көрсетіледі. Өткен жылы орталықта 210 адам тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 96 адам қызмет алған.
 – Орталық құрылған 9 жылда байқағаным, қазіргі жастардың көбі отбасын құруға психологиялық, материалдық, әлеуметтік жағынан дайын емес. Шаңырақ көтерген жастарға алғашқы 5 жылда үлкен қолдау керек. Қазіргі жағдай отбасы институтын қалыптастыру маңыздылығын айқындап отыр. Орталық отбасын сақтап қалу мақсатындағы жобаларды бастап та кетті. Алдағы уақытта мобильді қыз­мет көрсету жобасын ұйымдастырмақшымыз. Әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша шағым түсірсе, мобильді топ көмекке келеді. Бұрын отбасында жәбір көрген нәзік жандар 102-ге хабарласып, полицияға шағым білдіретін. Әрине, бұл оқиғадан соң ата-ене, күйеуі оған басқа көзқарас танытып, сенімсіздік білдіретіні белгілі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін енді жеке байланыс нөмірі болады. Алдымен телефон арқылы әлеу­меттік қызмет көрсетіліп, мүлдем медиация жасауға мүмкіндік болмаса, онда мамандар қауіп төнген әйел мен балаларын орталыққа әкеліп, арнаулы әлеуметтік қыз­мет алуға шешім қабылдайды. Сондай-ақ, отбасы құндылығын қадірлеу­ді мектеп партасынан бастау керек, оқушыларды өнегелі шаңырақ иелерімен, ғалым, белгілі тұлғалармен сұхбаттастырып, кездесу ұйымдастыру маңызды, – деді орталық директоры Жандос Тұсмағанбетов.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.
ЖАРНАМА 14 шілде 2019 г. 572 0