Біздің бала күніміз...

Әңгімені неден бастарымды білмей әрі-сәрі боп отыр­ғаным. Ол да заңдылық. Өйткені бала күнімізде әкелеріміз балалық шағы туралы әңгіме айта бастаса, бізге ертегідей көрінетін. Алайда, сол «ертегілерден» ерекше еңбекқорлық пен табандылықты танитынбыз. Сол секілді, бүгінгі біздің айтпағымыз да  жас толқынға қаншалықты әсер ететінін бағамдай алмаймыз...
Бала күнімізде үйдің қасындағы шағын алаңқайда асыр салып ойнайтынбыз. «Ортаға түспек», «Жәми», «Ақ сүйек» ойындарын, қала берді қыз балалар үйді-үйге жиналып, «бес тас» ойнаймыз. Ойлап қарасам, сол кезде 8-9-шы  класта оқитын естияр кезіміз екен. Сонда да ата-анамыздың тапсырған үй шаруасын бірыңғайлап алып, еш алаңсыз ойынға кірісетінбіз. Қысы-жазы сол, далада ойнаудан жалықпайтынбыз. Ал қазір 2-3 оқитын балалардың өзі аулаға шығып ойнауға құлықсыз, есесіне телефон, планшет қолынан түспейді. Тіпті, теледидарды да қарамайтын болған. Алақандай «әйнектің» ар жағындағы мән-мағынасыз атыс-шабыс, дүрбелең, дүбәра ойын­дарға телміріп отырғаны. Егер­де оқыстан  ойынын бұзып жі­бер­сең, тас-талқан ашуланып, шала бүлінеді. Демек, әлгі ойындар баланың жүйкесіне әжептәуір салмақ түсіргенін аңғаруға болады. Бұл – ойланатын мәселе.
Ал, енді біздің кезімізге келе­йік. Ол кезеңнің бала тәрбиесіндегі бағыт-бағдары бөлек болатын. Орта мектептерде білім берумен қатар, қарапайым еңбекке тәрбие­леу тәжірибесі қолданылатын. Жоғары класқа көшкен уақытымызда «қоғамдық пайдалы өнімді еңбек» деп аталатын аптасына 3 сағаттық арнайы пән бар болатын. Онда қолөнер жұмыстары, бау-бақша күтімі, сондай-ақ, ауылшаруашылық өндірісіндегі техникалардың құрылымы, атқаратын қызметі туралы жалпы түсініктер берілетін. Сондай-ақ, күзгі егін-терім жиналған шақта мұғалімнің жетекшілігімен ауыл шетіндегі қырманға немесе мал фермасына барып, жеңіл-желпі жұмыс­тарға жәрдем беретінбіз.
Жоғары класта жүргенде, жазғы каникулда біздерді шөп оруға апарды. Бұл біз үшін жап-жақсы демалыс болатын. Неге десеңіз, ол жерде күніне 4 сағат қана еңбек етеміз, қалған уақытта боспыз. Шабындықтың басындағы шағын үйге орналасқанбыз. Қыз­дарға бір жетекші, ер балаларға бір жетекші мұғалім бекітілген. Әдеттегідей, мұнда да төрт мезгіл тамақ беріледі, теледидар, шағын көшпелі кітапхана бар, одан бөлек, түрлі қызықты шаралар, би кештері ұйымдастырылады. Жұмы­сы­мыз­дың түрі: таңғы сағат 6-дан 8-ге дейін, сосын кешкі сағат 18 – 20 аралығында, яғни күннің ыс­ты­ғы қайтқан кезде арықтың екі жағын қаулай өсіп тұрған шөпті қол орақпен орып, дестелеп жинаймыз. Жетекшілеріміз «осынша бау ору керек» деп күндік тапсыр­ма береді. Соны орындаймыз. Ал шөптің басына бізді арнайы бекітілген автобуспен әкеліп, алып қайтады. Ұмытпасам, 20 күндей болдық. Ал бізден жоғары оқығандар кірпіш зауытқа кесек құюға барған екен. Айтпақшы, сол еңбегімізге азын-аулақ ақы да беретін. Яғни, еңбекпен тапқан нанның қадірін білгендей болдық. Әрине, бұл жерде біздің жұмысты жапырып тастағанымыз шамалы. Әйтсе де, тың даланың тынысын сезіп, адал еңбектің бағасын ұғынғанымыз рас. Осыдан кейін ата-анамыз үйге шөп орғанда қолғабыс беретін болдық. Біздер, ауыл балалары осылайша туған жердің таби­ғатымен, тұрмыс-тіршілігімен етене араласып өстік. Ал, бүгінде оқушы  түгілі, оқыған мамандардың жұмыс табуы қиын. Әлгі біз айтып отырған жұмыс көздері бүгінде жоқ. Себебі, қазір заманауи қуатты техникалар адам көмегіне аса мұқтаж емес.
Жаңа ғасырда адам күшінен гөрі технологияның тегеуріні бө­лек екенін бағамдаймыз. Бұл орай­да болашаққа қажетті басты маман­­­дықтар іріктеліп, бүгінгі еңбек нарығындағы белсенді маман­дық­­тардың да біразы жойылып кетеді деген болжам бар. Оны уақыт еншісіне қалдырдық.
Біздің айтпағымыз, қандай бір кезеңде болсын, адам ағзасының физиологиялық тұрғыдан өсіп-же­ті­луінде қол еңбегінің орны ерекше. Сол сияқты, табиғатпен тікелей байланыстың да адам ағзасының дамуына әсері айрықша. Бұдан бөлек, туған жердің ой-шұқырын аралап, тіршілік тынысын көңілге түйіп алғанға не жетсін?! Осы орайда өткен жылдан бастап орта мектептердің оқыту  бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» сабағында жоғарыда айтып өткеніміздей, жасөспірімдерді еңбекке баулу бағытындағы тәрбиелік шаралар қолға алынса, артық болмас еді...

Ғазиза ӘБІЛДА.
ЖАРНАМА 14 шілде 2019 г. 673 0