Батутта секірген бала мәз

 Жаз – балалардың алаңсыз асыр салып ойнайтын, демалатын мезгілі. Жазды жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, сірә?! Мәдени демалыс орындарының сәні кіретін кез де осы шақ. Күн ұясына батар тұста аттракциондар іске қосылып, айнала балалардың шат күлкісімен көмкеріліп жатады.

Демалыс орындарындағы балалар үшін көңілді аттрак­циондардың бірі – батут. Асыр салып алаңсыз секіріп ойнайтын батуттарға қатысты еліміздің әр аймағында соңғы кезде орын алып жатқан қайғылы оқиғалар кім-кімді де ойландырғаны сөзсіз. Бұрынғыны айтпағанда, биылғы жаз шыққалы Қарағанды қаласындағы оқиғаны көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Баласын ойнатуға әкелген ана батуттан ажалы болар деп ойламаған шығар?! Бұл – бір ғана мысал. Бұған дейін де батутты жел ұшырып әкеткенін, енді бірде бір сәтте желі шығып, жиналып қалған оқиғаларды да естіп жүрміз. Қоғам назарын аударған Қарағандыдағы оқиғадан соң құзырлы орындар батуттардың стандартқа сай болуын, қауіпсіздік талаптары сақталуы қажеттігін жиі айтты.

Біз де қаламыздағы батуттардың жай-күйін білмек мақсатта мәдени-демалыс орындарды аралап көрдік. «Шұғыла» шағын ауданында демалыс орнындағы екі бірдей батут балалардан бір сәтке босар емес. Алаңсыз асыр салып секірген балалар үшін қауіпсіздік мәселесі ойға кіріп-шықпайтыны белгілі. Демалыс орнының ұйым­дастырушысы Жанна Қады­рова жақында ғана тиісті мекеме өкілдерінен құралған комиссия қауіпсіздік шараларын сақтауда түсіндірме жұмыс­тарын жүргізгенін айтты.

– Қауіпсіздік талаптарын сақтау біз үшін басты орында. Мәселен, батуттарды бекітетін қадалардың ұзындығы 40 см болу керек болса, біз 80 см қада қақтық. Күн са­йын ауа ра­йына қараймыз. Жел күндері батутты іске қоспаймыз. Негізі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі стандарт әр аймақтың ауа-райы ескеріліп жасалуы тиіс деп ойлаймын, – дейді ол.

Қалалық мәдени-демалыс орнында батут әр қадам сайын орналасқан. Кәсіпкер, «Multi Centre» ЖК иесі Николай Поное­дов бүлдіршіндер үшін үш батут қо­йыпты. Оның балалар қауіпсіздігіне ерекше мән беретіндігін тап-тұйнақтай құжаттарынан байқадық. Батуттың қандай материалдан жасалғанынан бастап, қалай орналасу керектігіне дейін егжей-тегжейлі жазылған.

– Қолымдағы құжат – «Еуразиялық экономикалық одақ­тың» аттракциондар қауіпсіздігін сақтауға арналған регламенті. Мұның ішінде қауіпсіздік шарттары да жазылған. Меніңше, орын алып жататын оқыс оқиғалар оның дұрыс бекітілмеуінен. Зауыттан шыққанда батутты бірнеше жерден бекіту қажеттігі көрсетілген. Алайда ол аздық етеді. Өзім қосымша бекіту белдіктерін жасаттырдым. Себебі, балалар қауіпсіздігіне алаңдаймын, – дейді кәсіпкер. Сондай-ақ, батутқа қатысты жалпы жұртшылық ескеруі тиіс ережелерді ел назарына ұсынып, іліп қойыпты. Мұнда батут айналасында шылым шегуге болмайтындығы және басқа қауіпсіздік талаптары жазылған.

Қай кезде де балалардың алаңсыз демалысына үлкендер жауапты. Бұл орайда жергілікті кәсіпкерлердің өз ісіне жауапкершілік танытуы бізді қуантты. Батутта асыр салған бала мәз.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ЖАРНАМА 08 тамыз 2019 г. 343 0