Мұсылман болды, мінекей !

Осы уақытта аула маңында немесе көшеде тобығына жететін әкесінің көйлегін киген кішкентай ер балаларды көп кездестіреміз. Бұл сүндеттеу науқаны басталғанын білдіреді. Баласының ер жетіп, мұсылман болғанын қалайтын әрбір ата-ана бұл міндетті орындауға асығатыны сөзсіз. Осындай ата-аналардың бірі қала іргесіндегі «Наурыз» саяжайының тұрғындары  Рашид Есжанов пен Арайлым Аманованың кенжесі Әбілмансұр жақында «мұсылман» болды. Әуелі әкесі мен анасы баланы психологиялық тұрғыда біраз уақыт дайындағандарын айтады.

Ұлымызға күн сайын, «енді үлкен жігіт, азамат боласың! Сен мықты болуың керек», – деп түсіндірдік. Көбіне ата-аналар ұлдарын ауруханаға апарып, сүндетке отырғызады. Біз қасиетті салтты атасының ауылында Нағи Ільясовта өткізгіміз келді.  Бұл ретте ер адамның, яғни әкесі не атасының қолдауы аса қажет. Сүндетке отырғызу – қасиетті парыз әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кейбір ата-аналар әлі күнге дейін молдаға барып, кестіреді екен. Әрине, бұл әркімнің жеке ісі. Дегенмен, менің ойымша, ең дұрысы тәжірибесі, арнайы білімі бар маманды таңдаған дұрыс. Дәрігерлер баланы тым қатты еркелетуге болмайтынын да айтып жатады. Бала тұрамын, ойнаймын десе, қарсы келмеңіз. Неғұрлым тезірек тұрып, қозғала бастаса, соғұрлым тезірек жазылады. Сондықтан, ата-аналарға шыдамдылық пен сәттілік тілеймін,– дейді анасы.
Үлкен азамат болған Әбілмансұр «Мен еш жылаған жоқпын. Атам маған көп ақша берді. Енді мектепке баратын боламын»  деп мақтанып қойды.   

Бізде мұсылмандық парызын өтеген кішкентайға таудай талап тіледік.

Сүндеттеу Мысыр елінен бастау алды

Мұсылман баласының бір парызы болып есептелетін сүндеттеудің сырын ата-бабамыз сонау заманда білген. Бүгінде медицина тілінде «циркумцизия» (латын тілінде «Circumcisio» — дөңгелете кесу) деп аталатын бұл дәстүрдің тарихы біздің заманымызға дейінгі 2500 ж. ежелгі Мысыр елінен бастау алыпты. Сүндеттелген перғауын бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғандығы осының айғағы. Тіпті, ол көптеген Африка елдерінде де баланың есею нышаны ретінде қалыптасқан.

Сүндет әуел баста араб халқының әдет-ғұрпы болатын. Ол Құранда баяндалмағанымен, көне араб поэзиясы мен хадистерде айтылған. Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие болды. Меккеде ер балалар 3-7 жасында сүндетке отырғызылады. Баланың құрметіне арналып той-думан жасалып, ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендетеді. Мысырда ұл баланы 5-6 жасында сүндеттейді. Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, Құран оқытылады.

 

Шетелдіктердің мойындауы

Әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған.

АҚШ-тың педиатрлық академиясы 1989 жылы осы мәселеге орай жаңа туған нәрестелерге арналған ауыртпайтын әрі қауіпсіз препарат табылғандығын ресми мәлімдеді. Бүгінгі күні Вашингтонның Балалар емханасының медициналық орталығында (Childrens Hospital Medical Center) ата аналардың қадағалауымен жаңа туған балаларға жасалатын барлық хирургиялық операциялар кезінде ауруды басатын анестезия пайдаланылуда. Сондай ақ, бұл педиатрлық академия 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыдан пайдалы екендігін жариялаумен қатар, баланы сүндетке отырғызу отырғызбау мәселесін ата аналардың өздері шешкені мақұл деп тапты. Бұған қоса, сүндеттеуде қалыптасқан діни, мәдени, эстетикалық көзқарастармен де санасу керектігін ескертті.

Сүндеттеудің пайдасы қандай?

 

Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынандай пайдалары бар екенін дәлелдеді.Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке анағұрлым аз шалдығады. Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншағының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары. Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сегіз есе жоғары; зерттеуші ғалымдар бұған қызықты дәлелдер келтірген. Айталық, балалардың небәрі он немесе отыз пайызы сүндеттелетін Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрттен  құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда алты- ақ пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар «СПИД ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер» екендігін дәлелдеді.

Періштелер сүндеттеген бала

Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы дүниеден қайтқан соң, Алла оған шекесі торсықтай ұл береді. Оның отыз ұлға татитын ерекше қасиеті бар болған. Туғанда сүндеттеліп туылыпты. Діни наным-сенімдерде ең алғаш іштен сүндеттеліп туған бала Сүлеймен пайғамбар екен деседі. Осыдан бастап сүндеттеліп туған баланы таза ұстаса, Сүлеймен пайғамбардың қасиеттері қонады деген түсінік пайда болыпты.

Бірнеше жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында тұратын екі жарым жасар Аят есімді ұл бала ұйықтап жатқанда сүндеттеліп қалғаны туралы таңғажайып оқиғаны баспасөз жарыса жазды. Таңертең ұйқысынан жылап оянған баланың насыбайы қанталап тұрғанын көрген анасы әуелі қорқып кетеді. Үлкендерге болған жайды айтып, көрсеткенде бұл таңсық нәрсе емес екендігін айтқан. Өйткені, осындай оқиғалар бұрын соңды әулеттің алдыңғы балаларында да орын алыпты. Бұл періште сүндеттеген әулеттің үшінші баласы көрінеді. Естімеген елде көп дегендей мұндай тосын жайлар расымен біз үшін жұмбақ болып қала бермек.

 

Әзірлеген: Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ. 

ЖАРНАМА 13 тамыз 2019 г. 891 0