Шырағың өшпесін, бақытың көшпесін

 Бүгінде туған күн кешінде торттың бетіне балауыз шам жағып, оны өшіру дәстүрі кең етек алуда. Әсіресе баланың туған күнінде өз «шырағын» үрлеп өшіру мерекенің басты көрінісіне айналғандай дермісіз. Туған күн иесі неше жасқа толса, сонша шырақ торттың бетіне әсемделіп қойылады. Оны үрлеп өшірген бала да, келген қонақтар мен ата-ана да бұл рәсімге қол соғып кәдімгідей мәз. Мұндай көріністі үйлену тойларында да кездестіретін болдық. Жаңа отау құрған жастардың өз отын өздері үрлеп өшіргендері ырымға жаман саналады. Жалпы батыстың кейбір дәстүрі біздің өмірімізге қалай дендеп кеткенін білмей қалған сияқтымыз. Расында бұл қайдан келді?

Деректерге сүйенсек, туған күнде тортқа балауыз шам жағу үрдісі - сонау грек халқына сүйенеді екен. Ертеректе гректер «артемис» деп аталатын «ай құдайына» арнап торт пісіріп, үстіне балауыз шамдарды айналдыра жағатынға ұқсайды. Торттың домалақтығы – айдың домалақтығының символы болса, шетіндегі шамдар айдың жарығын еске түсіреді. Оның түтіні сол жерде тілеген тілекті ай құдайы артимусқа жеткізіп барады-мыс. Торттағы балауызды көзді жұмып, іштей тілек тілегеннен кейін барып үрлеп өшіруіндегі мақсаты сол екен.

Ал біздің ұлтымызда «Шырағың өшпесін», «Шырағың жанып тұрсын», «Қыз қырық шырақты», «Шаңырақтың шырақшысы», «Көзің шырақтай ашылсын», «Шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «Шырағың өшпесін, бақытың көшпесін» деген әдемі сөздер бар. Бұл жай сөздер емес, ғибратқа толы өмірлік мәні бар тәлім -тәрбие. Ал тәлім -тәрбиенің негізі отбасында қаланатыны белгілі. Бұл ретте біз қала тұрғындарының пікірін білген едік. Мәселен, екі баланың анасы Алмагүл Ақышева балапандарының туған күнін ерекше тойлағанды ұнатады. Көз қуанышы болған балаларына арнап арнайы тәтті пісіртіп, оның үстіне баланың жасына сай балауыз шамдарын орналастыру жылдағы дәстүрге айналған. «Мұнда тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Балаларымыз шаттанса, көңілдері көтерілсе болды емес пе? Өзім ырымға сене бермеймін». Ал көпбалалы ана Айсұлу Керімбекова әр баласының орны бөлек екенін айтады. Десе де өз дәстүрімізге жат нәрселерді баланың бойына сіңіруге қарсы. Ұяда алған тәрбиесімен оның өмірлік ұстанымы қалыптасатынын айтады. Сондықтан кейбір ата-аналар сияқты бала шаттығы үшін ұлттық құндылықтарды аяқ асты етуге қарсы.

Расында ұлттық құндылықтар бізге ата-бабадан мұра болып қалған. Оны сақтап, заманына сай дамытып отыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Десек те алдымен өзгенің салты біз үшін қызық әрі таңсық көрінетіні рас. Сондықтан да болар қызығушылық танытудан шаршамаймыз. Сөйтіп, батыстың бейтаныс дәстүрін өміріміздің бір бөлшегіне айналдырып жібергенімізді білмей қаламыз. 

Әлемнің әр түрлі елдерінің туған күн тойлау дәстүрлерін біле жүріңіз. Норвегия, Швеция және Данияда ата-аналар мерекелік оқиға мен баланың туған күні екенін көрсету үшін үйдің сыртына жалау іліп қояды. Туған күндерде жасалатын бұл дәстүрлі мексикандық ойынды бүкіл әлемдегі балалар жақсы көреді. Бұл ойынның барысында көздері байланған балалар қазағдан жасалған ыдысқа жасырылған кәмпиттер мен ойыншықтарды жинауы тиіс. Азия елдерінде туған күн болғанда түскі асқа өте ұзын кеспе беріледі, ол баланың өмірі ұзақ болсын дегенді білдіреді. Голландияда туған күн иесін арнайы безендірілген креслоға отырғызады. Отбасы мүшелері креслоны гүлдермен, таспалармен және ауа шариктерімен безендіріп, оны туған күн иесіне арналған мерекелік таққа айналдырады. Кәріс халқы «толь» мерекесіне ерекше көңіл бөледі. «Толь» баланың бір жасқа толған кезі, яғни алғашқы туған күні. Бір жасар балақайға туған күн мерекесінің құрметіне арнайы жібек матадан мерекелік киім тігеді. Мерекенің басты сәті баланың болашағын болжау рәсімі бұл күнде де өз маңызын жоғалтпады. Кішкентай баланың алдына бірнеше заттары бар шағын үстел қойылады. Оның үстінде жатқан әрбір заттың белгілі бір маңызы бар. Әдетте, арқан жіп, кітап, қалам, ақша, күріш, кеспе т.с.с. дүниелер, сондай-ақ қыздар үшін қайшы, ұлдарға арнап қанжар немесе садақ қойылады. Балақай үстелге жақындап, қалаған дүниесін алуы керек. Егер де ол арқан жіп не кеспе алса, оның ғұмыры ұзақ болады. Кітап я қалам таңдаса, болашақта зор шенді қызметте болады. Күріш не ақша таңдаған балақай келешекте байлыққа кенеледі. Қанжар не садақ таңдаған ұл бала ержеткенде сарбаз, ал қайшы таңдаған қыз үй шаруасына пысық болып өседі. Кәріс халқы қызыл бұршақты бекерден бекер қоймайды. Наным бойынша, қызыл бұршаққа қолын тигізген бала «қызылша» ауруына шалдықпайды. Сондай-ақ, қызыл түстің құдіреті бар деп есептейді. Бұл түс жын-пері мен бәле-жаланы қашырады деген көне сенім бар.

 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 

ЖАРНАМА 17 тамыз 2019 г. 767 0