Несие несібеден айырмасын

«Несиесі жоқ адам бақытты» деген сөз пайда болды. Талайды несібесінен айырған сол несиенің жыры таусылар емес. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктерге қарызы 4 триллион теңге.  Әйтеуір банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмаған азаматты табу қиын қазір. Ең қиыны, біз «қарызға» өмір сүруге әбден бой ал­дырдық. Соңғы бір жылда халықтың қа­рыз алу қарқыны 15 процентке артқан! Сайда саны, құмда ізі жоқ, біркүндік мақтан үшін, бір жайылатын дастарқан үшін, «құда-жекжаттан ұят болмас» үшін намысқа тырысып, «қарызға бататын» жағдайға да жеткенімізді жасыра алмаймыз. Үйлену тойын несиесіз өткізбейтін қазақ қалмады. Тіпті, құндыз тон, соңғы үлгідегі тұрмыстық техникалар, қалта телефонын алып, сол үшін  жылдар бойы банкке қарыз болып жүру қалыпты жағдайға айналды. Ол аз десеңіз, шетелге барып демалу мен қымбат темір тұлпар тізгіндеуді бәсекеге айналдырдық. Қысқасы, тіршілікте несиеге тіреліп тұрған түйткіл көп...

Жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы президенттік сайлауалды бағдарламасында аса өзекті мәселелерді шешуге уәде берген еді.

Сол өзекті мәселелердің бірі – Президенттің атына кепілсіз несиелерді төлеуге қатысты азаматтардан көп өтініш түскен. Президент қарызға батқан азаматтардың жағдайына бейжай қарай алмайтынын, сондықтан бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын айтты.  Бір реттік акцияның мақсаты – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз­ отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру.

Сонымен, дәл қазіргі күні несиенің бір бөлігін жабу процесі қызу жүруде. Несиесі жабылған көпбалалы аналардың әлеуметтік желіде көпшіліктен сүйінші сұраған ақжолтай хабарлары да шығып жатты. Тіпті ойламаған жерден ұялы телефонына келген хабарламаға сенер-сенбесін білмеген адамдар да көп. Есеп-шотына несиесінен қалған қаржының бір бөлігі қайтарылғанын көріп, аң-таң болғандар да жетерлік. Неде болса, халық қуана қарсы алған бұл бір реттік акцияның көп отбасына шапағаты тиіп отыр. Себебі, ерінің де, әйелінің де атына рәсімделген несие екі бөлек есептеліп, 300 мың теңге емес, жалпы сомасы 600 мың теңге несиесі жабылады. Мәселен, қала тұрғыны Аягөз Мұзаппарова көпбалалы ана. Жарлық шығардан екі ай бұрын кішкентайын дүниеге әкелді. Қазір бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы да жұмыстан белгілі себептермен қысқартылған. Алайда, екеуінің мойнында несиесі бар. Ұялы телефонына несиесі жабылғаны туралы түскен хабарламаны көріп қатты қуанғанын айтады.
– Үш қыздан соң ер баланы дүниеге әкеліп, дәл қазір үйде балама қарап отырмын. Мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Ал жолдасым жұмыссыз. Екеуміздің де несиеміз жабылып, одан қалған қаржы қайтарылыпты. Мемлекет басшысына алғысым зор, – дейді көпбалалы ана.
Қарызы өтелетіндердің  ті­зімі орталық мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесіндегі мәліметке сай жасалады. Білім министрлігі жетім балалар, 29 жасқа толмаған ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, кәмелеттік жасқа толмай ата-анасынан айырылғандар мен 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін әзірледі.
Әділет министрлігі ақпараттық жүйедегі мәліметтерді азаматтық хал актілері бо­йынша тексерді. Нәтижесінде Жарлықтағы талаптарға сай адамдар (2,08 миллион адамға жуық) мен олардың отбасы мүшелерінің (465 мың адамға жуық) тізімі әзірленді.
Екі тізім де шамамен 2,289 миллион адам тексеріліп, Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредит бюросына тапсырылды. Қарызы кешірілетіндердің нақты тізіміне 506 941 адам енді. Олардың 630 633 микрокредиті мен қарызы кешіріледі.
Алайда, халық арасында бұл жеңілдікті кімдер пайдалана алатыны, қарызы кешірі­летіндердің тізімінде болмаса не істеу керек екеніне қатысты сұрақ көп.
Осы орайда біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева­ға хабарласқан едік. Оның айтуынша, адамдардың тізімге енбей қалуының басты себебі – ақпараттық жүйелерде мәртебесі туралы ақпараттың болмауы. Көп жағдайда адамдардың некеге тұруы немесе баланың туғаны туралы ақпарат жоқ. Несиесі  барлар отбасы мүшесі ретінде көрсетілмегендіктен, мұндай отбасы Жарлық талабына сай келмей қалады.
– Несиені жабу бас­тал­ған күні-ақ, біздің мекемеге келушілер саны толастамай отыр. Жарлықта белгіленген 5 санатқа кіргенімен, тізімде болмай шыққан адамдардың мәліметтерін біз министрлікке жіберудеміз. Арнайы мамандарымыз келушілерге толық ақпарат беріп, түсіндіріп жатыр. Бірақ халық аздап сабырсыздық танытуда. Ең бірінші кезекте нақты жұмыс жасайтын әлеуметтік статусы бар адамдардың тізімі бойынша несиесі жабылуда. Ал қалғандары өзінің кезегінде болады. Ең бастысы, Жарлықта көрсетілген 5 санатта болсаңыз болды. Олар көпбалалы отбасы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылар, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, бала кезінен мүгедек ересектер, жалғыз асырушысынан айырылған отбасылар, АӘК алушылар мен жетім балалар. Ал бұл санатқа кірмесеңіз, банк пен түрлі мекемелердің табалдырығын тоз­дырудың қажеті жоқ, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Цифрлық заманда тізімде бар-жоғыңызды үйден шықпай тексеруге болады. Ол үшін «Электронды үкімет» веб-сайтына кіру арқылы өзіңіздің ЖСН-ді енгізсеңіз болады. Немесе 111 нөміріне қоңырау шалып, өз мәртебеңізді анықтай аласыз.
Халық арасында несиесі жабылғандарға енді қайтып несие берілмейді деген ­алып­қаш­па әңгіме бар. Егер сіз несиеңізді уақытылы төлеп отырған болсаңыз, онда алаңдауға негіз жоқ. Ал несие тарихыңыз «қара тізімде» болса, алдағы уақытта банктер сізге несие беруден бас тартады.
Қарыз адамды тығырыққа тірейді. Арғы-бергі философ, ойшыл, зиялы қауым өкілдері де, психологтар да дәулетті болу үшін ең әуелі шамадан тыс, қажетсіз шығындардан сақтану керектігін айтады. Қарыз алудың соңы психология­лық тұрғыда адамға кері әсер ететіні тағы бар. «Қарыздан қашан құтыламын» деген сөздің өзі миыңызға тыныштық бермейтіні рас.
Ағылшын жазушысы Бернард Шоу: «Қарыз деген кез келген басқа қақпанға ұқсайды, оған түсу оңай, бірақ шығу өте қиын» деп әдемі келтіреді. Қазір қаншама адам банктер мен микронесиелік ұйымдардың қақпанына оңай түсіп қалғанын өзі де білмейді. Оның соңы үлкен өкінішке апарады. Осындай қарыздың кесірі талай шаңырақты шайқалтып, отбасын ойран еткенін де жоққа шығаруға болмайды. Мұндай мысалдарды айналамыздағы адамдардың күнделікті өмірінен көріп те жүрген боларсыз. Ендеше, қарызға өмір сүрмеуді үйренсек игі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
ЖАРНАМА 10 қыркүйек 2019 г. 388 0