Қызғаншақтық қандай ауру?

Пенде баласы бірін-бірі қызғанбай тұра алмайды. Кімнің болса да төңірегінде отбасын, жеке бас жетістігін көре алмайтын, тіпті сырт келбетіне қызғанышпен қарайтындар табылады.

Пенделердің арасында өзінде жоққа қызығып, қызғанатындар бар да, біреудің басындағы азғантай бақты көре алмай «оған бергенше маған неге бермейді бұл өмір» деп күйінетін теріс ниеттілер де кездеседі. Осындай көре алмастардың ортасында адам баласы өзін қалай ұстаймын, өзгені қалай жауықтырмаймын деген ой жетегінде жүреді. Өйткені көре алмаушылықтың ақыры жауласуға әкелетіні айқын. Қастандыққа да осы қызғаныш итермелейді. Қан­дай формада болса да, қызғаныш бойында бар пенде жүйке жүйесіндегі әлдебір жетіс­пеушіліктің құрбаны екенін біл­мей­ді. Иә, қызғаныш – жүйке ауруы, түптеп келгенде кісі бойындағы дерт екен. Бұл дертпен күреспесе, пенде қиын жағдайға тап болуы мүм­кін. Қызғанып жүріп, жаны нәзік адамдардың да жүйкесін жеп құр­та­тын­дар бар ғой. Енді қызғаныш деген қандай ауру, соған тоқталайық.

Дін тұрғысынан қарасақ, қыз­ған­шақ­тық жақсы емес. Дүние жүзін­де­гі қандай діни бағыт болса да, бар­лығы қызғаншақтықтан арылуға шақырады. Мәселен, қызғаныш хрис­тиан дінінде үлкен күнә саналады. Мұсылман қағидаттары бо­йынша, өзгенің мүлкіне көз салу, біреудің жетіс­тігіне теріс ниетте болу, өзгенің артықшылығын көре алмау дұрыс адам­ға тән емес. Ежелгі Мысыр жазбаларында қызғаныш пенде бойындағы жексұрындықтың ең сорақысы екені жазылған. Байырғы Шығыс ғұламалары қызғаныштың қандай түрі болса да адамды өлілер әлеміне әкелетінін, бұндай лас сезім­нен арылмаған кісінің тәнімен қоса жаны да жойылатынын ескерткен.

Қызғаншақ пенде қай халықта болса да сүйкімсіз екені белгілі. Қыз­ға­ныш ұғымын әртүрлі халықтарда белгілі бір түске балайды. Латын ті­лінде қызғанышты «livor» деген,  ол «көгеру» деген мағынаны біл­ді­реді. Ежелгі Римде іші тар пен­де­лерге қатысты «қызғаныштан кө­гер­ді» деген тіркес қолданылған. Шығыс халықтарында қызғаныш қызыл түспен астасады. Қытайда қызғанышты «қызыл көздің дерті» санайды. Қазақта «қып-қызыл қыз­ға­ныш, қызғаныштың қызыл иті» деген сияқты тіркестер бар. Жалпы, қызғаныш қара ниетпен байланыс­ты болғандықтан, қара түспен де бейнеленеді.

Психологтар әдетте өзінде бардан гөрі өзгенің қолындағыны артық көретін пенделерді қызғаншақтар санатына жатқызады. Қызғаншақ пенде үшін бар жақсының бәрі өзгенің қолында, сәттілік тек басқаның жа­ғын­да. Қайыршының қолындағы бір тал алманы да қызғанатындар бар. Ал оның қайыршы екені, алма жеу мүмкіндігі сирек тиетінін сол сәт ойламайды. Алма ұстаған қайыршы сол сәтте өзінен гөрі бақытты болып көрінеді. Сондықтан «түріне қарамай, жақсы піскен алманы қайдан алды?» деп ойлай бастайды. Ешкімнің еште­ңесін көре алмайтын сұрапыл қыз­ған­шақ­тар «ол қайыршы ғой, неге алма жеу керек?» деген сұрақ қояды өзіне өзі. Пиғылы тар пенденің ойынша жақсы алманы тек өзі жеуі керек, қайыршы одан әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан жеміс­тен татуға құқы жоқ.

Психологиялық тұрғыда ойланып қарасақ, нағыз бақытсыз қайыршы емес, оның қолындағы алманы көре алмаған пенде екен. Біреудің титтей мүмкіндігін көре алмаудың өзі бақытсыздық. Өйткені қызғаншақ пенде жаман оймен жүреді. Лас пиғыл адамның өмірлік энергиясын азайтып, тұла бойын «ластайды».

Қызғаншақ пенденің қандай болатынын нейрофизиктер де зерттепті. Францияның денсаулық және ме­ди­ци­налық зерттеулер ұлттық инс­титутының ғалымдары (INSERM) қызғаншақтар миының құрылысын зерт­теген. Арнайы жүргізілген тә­жір­ибе кезінде функционалды маг­нитті-резонанстық томография арқы­лы қатысушылардың миын сканер­ле­ген. Сынақ қатысушыларына үстел үстінде жатқан жалғыз конфет түсі­ріл­ген видео мен бірнеше түрлі-түс­ті фантикке оралған конфетті біреу алып жатқаны бейнеленген видеоролик көрсетілген. Осы екі бейне­жаз­баның біреуін таңдау ұсы­ныл­ған. Қатысушылардың 60 па­­йы­­зы бейтаныс адам таңдаған конфетті қалайтынын айтқан. Бұл сынақтың қорытындысы, біреудің қолындағы затқа деген қызығушылық пенде миында санадан тыс қылаң береді екен. Біреудің қолындағы конфетті таңдаған алпыс пайыз қатысушының миын тереңірек зерттей түскен ға­лым­дар, «қызғаныш – мидағы ауыт­­қушылықтың көрсеткіші» деген қо­ры­­­тындыға келген.

Психологтар өзіне деген сенімі төмен пенделер қызғанышқа бейім деген пікірде. Өзінде бар қабілетті, затты, т.б. бағаламай, басқаның ба­сын­­­­дағысын артық көріп, соған ұмты­лу бойында үлкен кемшілігі бар­ларға тән болса керек. Бұндай кісілер адам барлығына түгел ие бола алмайтынын мойындағысы кел­мейді. Басқа жеткен жетістікке өзі де бір күні жететініне сенбейді. Қызғаншақ пендеге өзгенің жетістігі маңдай тер, еңбекпен емес, оп-оңай келген олжа сияқты көрінеді.

 Шетел ғалымдары қызғаншақтар мен жағымпаздардың орталық ми жүйесіндегі ортақ ауытқу белгілерін анықтаған. Ми жүйесінде кемшілігі барлар өзгеге құлдық ұрып күн көргенді қалайды, бар жақсылық басқаның басында деген оймен өмір сүреді. Қызғаншақ пенденің адал адамнан әлдеқайда төмен екендігінің тағы бір белгісі «бар жақсылық тек маған болса» деген тар пиғылдан арыла алмауы.

Адам бойындағы қызғаныш дертін түбірімен жоймайынша, өз жолында тұрған кедергілерден құтыла алмайды екен. Яғни қызғаныш деген кесел алдымен кісінің өзіне теріс әсер етеді. «Күншілдің күні қараң» деп қазақ бекер айтпаған ғой. «Қызғаныш – жүректің уы» деп француз жазушысы Франсуа Вольтер айтпақшы, біреудің артықшылығына көзін сүзіп, «қайткенде оған жамандық келеді» деген теріс пиғылмен жүрген пенде талай жақсылықтан құр қалады.

Психологтар мынандай қара­па­йым кеңестер арқылы қызға­ныш­­тан арылуға болады дейді: әр­кім өзінің кемшілігін мойындап, артықшылығын біліп, ортамен сый­ластық қарым-қатынаста болуы керек; өзінің әр қадамын екшеп, біреуді «аңдығаннан» гөрі, өз бо­йын­дағы кемшіліктерді түзетуге көбі­рек көңіл бөлу; өмірде жақ­сы­лық­­қа ұмтылу, тіршіліктің жарқын жағына көбірек мән беру; біреудің қабі­леті сенен артық болса, оған зиян жасама, достасуға тырыс – жақ­сы­лық үйренесің; егер кісі өзін кәсі­би және рухани тұрғыда әрдайым жетілдіріп отырса, оның басқаларды қыз­ғануға уақыты болмайды; өзге­лер­ге жақсылық ойлай білу; өзгенің қуанышына қуану; ең бастысы, қызғаныш адам денсаулығына зиян­ды екенін білу және одан сақтану.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

ЖАРНАМА 24 қыркүйек 2019 г. 723 0