Қайдасыз, бейтаныс ұстазым?

Мағжан Жұмабаев 4 жасында хат таныған деп оқыған сайын менің де кеудемде «4 жасымда "Әліппені" жаттап алғанмын» деген мақтаныш сезімі тұрады.

... Баламыз ғой. Жалаң аяқ, жалаң бас таң азаннан қара кешке дейін ойынды жұмыс қылып жүріп, бір-ақ күнде табаннан сыз өтіп қалпақтай ұштым. Жалғыз көк трактор тұтас үйді асырайды. Әкем алқаптан шөп шауып, оны қалаға сатып, ақысын дәрі-дәрмекке жұмсап, арбаға таңыла жаздаған мені қайта аяққа тұрғызды. Ауруханада айлап жатамыз, арасында демалыс беріп, ауылға жіберіп алады. Мені бірде анам, бірде әкем алып жатады.

Ауруханадағы кезекті күндер өтіп жатыр. Бірде мен қатарлы Феруза есімді қызы бар апай да жатты сонда. Өзі мұғалім екен. Дәлізді көшіріп, шулаған балақайлардың ішіндегі кішкентайлары Феруза екеуміз. Қасына шақырып алып, кереуетте отырып әріп жаттатады. Кейіннен оқытады. Осылайша біз хат танып кеттік.

Зейінімді ашқан бейтаныс мұғалімнің арқасында жазып-сызып, бірнеше айды жіберіп алсам да, қазан-қараша айларында жасым келіп бірінші сыныпқа бардым. Анамның қолынан қысып ұстап, екіншісіне қызыл арай гүлді ұстап, мектепке бардым солай. Мен барғанда сыныптастарым «ң» әрпіне келіпті. Әлі есімде... «Орманда аңдар бар» деп басталатын мәтін. Сол мәтінді оқып бергенде алғашқы ұстазым Әсемгүл апай жылышырай танытып, арқамнан қаққан.

Шәкірттің санасына сәуле шашқан алғашқы жан қандай болса, ары қарай оның қаланған қабырғасы да мықты болатыны анық. Кейде маған әліппені жаттатқан бейтаныс ұстаздың қайда, не істеп жатқанын біліп, қолыма бір шоқ гүлмен мерекесімен құттықтағым келеді. Бірақ, бір ғана білетінім, оның Феруза есімді қызы бары ғана...

Дәулет ҚЫРДАН.

ЖАРНАМА 01 қазан 2019 г. 564 0