Cеріктеспен босану сән емес...

Қазақ халқында әйел адамды қырық жанды не қырық шырақты деп жатады. Сөздің тереңіне үңілсең, үлкен мән мен мағына жатқандығын аңғару қиын емес. Шыдамдылық, тынымсыз еңбекқорлық, тұрмыс тауқыметіне төзу осы нәзік жандыларға тиесілі. Сондықтан болар, әу баста Алла тағала тоғыз ай тоғыз күн жүріп құрсақ көтеру, оны дүниеге әкелу, түн ұйқысын төрт бөліп өсіруді де осы аналарға нәсіп етсе керек.

Бұрын теледидарды қарап отырғанда шет елдің киноларында әйелінің босануында ерінің немесе басқа туыстарының қасында тұрғанын, босанғалы жатқан әйелге демеу болып жатқанын көретінбіз. Дәл осы үрдіс біздің елімізде де кең етек алды.  Бүгінде аяғы ауыр келіншек өзі қалаған жанды қасына ала алады. Ол мүмкін анасы не енесі, еркелігін көтеретін жеңгесі, жанын түсінетін құрбысы болуы мүмкін. Тіпті, дәрігердің өзі “қасыңа кім кіреді, серіктестің болғаны дұрыс еді” деп жатады. Сондықтан болар, қазақ менталитетіне жат көрінетін бұл үрдіс қалыпты, кейбіреулер үшін міндетті жағдайға айналды. Әсіресе, босанар шақта күйеуінің әйелінің қасында болуы жиі кездесуде. Бұл қаншалықты дұрыс, оның психологиялық әсері қандай болмақ? Серіктеспен кірудің тиімділігі қандай? Айтар ойымыз осы төңірегінде өрбімек...

Осы мәселені қозғағаннан бастап, жан-жағымдағылардың барлығының пікірін, ойын сұрай бастадым. Өзімде уақытысында серіктес болғанмын, серіктеспен кіргенмінде. Десе де, серіктеспен кіргенді қолдағанмен, ер адамның әйелінің жанында болуын көпшілік дұрыс санамайды. Себебі, ең біріншіден қазақи әдетімізге жат, екіншіден, мұндай процесс ер адамның мінез-құлқына кері әсер етуі әбден мүмкін екен. Бірақ психолог Жәмилә Сүлейменова серіктеспен босануды қажеттілік, оның ішінде күйеуінің кіргені дұрыс деп есептейді.

– Бұл мәселені әр отбасы әртүрлі қабылдайды. Психолог ретінде мен айтар едім, қазіргі уақытта босанатын әйел адамға серіктес міндетті түрде керек. Өйткені, ақпараттың заманында әйел адам жан-жақтан түрлі нәрсені естиді, желі арқылы көреді. Содан оның санасында тұрақсыз психологиялық процестер жүреді. Сол кезде оған бірінші боп көмекке  келетін осы серіктес. Серіктестікке келетін адам алдын ала дайындалып, босанатын әйел толғатқанда, оған жақсы психологиялық атмосфера ұйымдастырып, ыңғайлы жағдайда босануға қолдау көрсетуі қажет. Жаман ойдан арылтып, оның бойына сенім мен күш беруге талпыну керек. Босанғанына жай ғана қарап тұру серіктес болуға жатпайды.

Ал, ер адамның кіруі аса бір ұятты деп ойламаймын. Дегенмен, екі жақты қараған дұрыс. Біреулері енді кірместей болып  қорқуы мүмкін, енді бірі керісінше, ана болудың оңай еместігін түсінеді. Әйеліне деген құрметі артады, бағалай білетін болады. Мұндай жағдай менің тәжірибемде бір рет кездесті. Бірақ серіктеске кіріп, ер адамның мінез-құлқында ауытқушылық не өзгеріс болыпты дегенді естіген емеспін. Қайта екеуі әр минутта, әр ситуацияда бір-бірін қолдап отырады. Бұл жерде барлығы отбасылық шешімге байланысты,– дейді Жәмилә Жұмаділқызы.

Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының акушер-гинеколог қызметі бойынша бас маман Жаңыл Әбубакірова да ер адамның өмір мен өлім арасында жатқанда әйелінің жанында болуын құптарлық іс деп санайды. Оның айтуынша, әйелдердің 98 проценті жанына жақынын ертіп кіреді екен.

– Серіктеспен босану – бұл қажеттілік. Біздің елімізге кейіннен келсе де, отандық медицинада кең тарауда. Мен мұны қолдаймын. Толғағы жеткен келіншектің жанында жанашыры болып, көзімен көргені дұрыс. Сондай-ақ, серіктес өз қызметін толық атқара білуі керек. Әңгімелесу, ойын бөлу, суын, тамағын беріп, белін уқалау сол кісілердің қызметіне кіреді. Кейбір кісілер болады, кіріп алып қарап тұратын, тіпті, босанатын келіншекпен бірге қосыла ауырып қалатындар кездеседі. Олар кедергісін келтіреді. Сондықтан серіктес барлық жағынан көмек беруге дайын болуы шарт. Әрі ондай адамдардың орнында күйеуінің жүргені абзалырақ. Себебі, кейде бірге шешім қабылдау керек болатын жағдайлар болады. Сондай уақытта күйеуінің келісімі көп нәрсені шешеді.

 Бүгінгі күні көбіне ер адамдар әйелі кесір тілігіне алынатын жағдайда кіреді. Өйткені, заң бойынша бала дүниеге келген бойда анасының кеудесіне жатқызылуы тиіс. Ота жасалған ананың үстіне баланы қоя алмайтындықтан әкесін жатқызып кеудесіне салады. Менің ойымша, ер адамның серіктес болғаны еш әбестік емес. Әрбір серіктес болатын ер адам психологиялық тұрғыдан дайын болса болғаны. Қазіргі сәтте жақындарым мен құрбыларым да күйеулерін кіргізіп жатыр. Олардың өмірінде қай жағынан алсамда ешқандай өзгеріс байқамадым. Керісінше, отбасылық сенім, татулық нығая түскендей, – дейді акушер-гинеколог.

Мамандар құптағанмен халықтың дені ер адамның кіргеніне қарсы. Расымен де, бұл үрдіс қанға сіңбеген әдет. Тарихқа көз жүгіртсек,   бұрын  жарының айы-күні жақындағанда ері ауылдан жыраққа кетеді. Ал, босанатын әйелді абысындары мен енелері қамқорлыққа алған.  Мұны үлкендерден де жиі еститінбіз. Кейін медицинаның дамыған заманында ол процес толықтай дәрігерлердің қолына өтті. Осылайша, жанымызды осы ақхалатты абзал жандарға тапсыратын болдық. Уақыт өте келе, заманның талабы болар, толғағы жеткен келіншектің қасына жанашыр жанды кіргізетін болды. Оған себепте жоқ емес, «жаман айтпай, жақсы жоқ» босану сәтінде баланың не ананың денсаулығынан кінәрат табыла қалса, дәрігерді қаралау орын алып жататын жағдайлар да кездесіп жатады. Оның үстіне толғақ піскенше келіннің жанында дәрігердің бірыңғай отырмайтыны анық. Сондай уақыттар да серіктестің көмегіне қажеттілік туатыны шындық. Кейде оның да жөні бар сияқты. Сіз не дейсіз оқырман?

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ЖАРНАМА 15 қазан 2019 г. 327 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930