Айкезбелікке айдың әсері бар ма?

Ай ғаламшарының Жердің жалғыз табиғи серігі екендігі көбімізге белгілі. Ал, оның әсерінен болатын айкезбелік туралы не білеміз?
Адамзат тарихындағы айкезбелік туралы аңыздарға, әр дәуірде туған наным-сенімдерге ой жүгіртсек, есте жоқ ескі замандағы адамдар Ай  өздеріне ғашық болады деп санапты. «Ай түн ортасында өзі ұнатқан адамына бар мейірім-шуағын төгіп, өзіне шақырады», – деп сеніпті сәби сана.
Айкезбе – аспандағы Ай толысқан кезде кейбір сезімтал адамдардың өз-өзінен мазасызданып, түн ішінде ұйқысырап тұрып кезіп кететін арудың атауы. Жер серігі – Ай планетасының әрбір 30 күн сайын толатынынан хабардармыз. Оның біздің планетамызға тым жақындауы және әрбір 30 тәулікте толысуының өзі табиғатқа қана емес кейбір адамдарға да әсер етеді. «Айкезбе болған адам түнде ұйқылы-ояу күйде дағдылы қимыл-әрекеттерді орындайды, тіпті кейде өзі білмейтін әрекеттерге де барады», – дейді психолог мамандар.
Мұндай сырқаттарды ертеде бақсыға қаратып, ұшықтатып емдеген. Адам айдалада жалғыз ұйықтап қалған кезде бетіне айдың сәулесі түссе, оның шалығы тиіп, есі ауысып, аузы қисайып қалады. Бұл Айға байланысты көнеден жеткен наным-сенімнің бірі ғана.
Сонымен, халық арасында Ай толған кезде ұйқылы-ояу төсектен тұрып кететіндерді, сондай-ақ ұйқыда жатып сөйлейтіндерді «айкезбе» (лунатик) дейді. Медицина тілінде оны «сомнамбулизм» деп атайды. Өйткені, сомнамбулизм нақ Ай толған кезде көбейеді, соған байланысты бұл табиғаттың тылсым құбылысына «Айдың тартылыс күші ықпал етеді» деген ұғым қалыптасқан.
Сомнамбулизм адамдар арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Ондайлармен адам өмірінде бір мәрте болса да кездеседі. Төрткүл әлемде түнде ұдайы болмаса да, мезгіл-мезгіл ұйқысырап, далаға «қыдырыстап» кететін адамдардың саны миллиондап саналатын көрінеді. Егер адам түн мезгілінде 3-4 рет оянып, төсегінен тұрып кетсе немесе ұйықтап жатып үнемі сөйлеп жатса, бұл сомнамбулизмнің белгілері болып табылады. Бастысы, айкезбеліктің адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ. Алайда, мұндай симптомдар басталған жағдайда дереу тәжірибелі невропатологқа жүгінгеніңіз жөн.
Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының 2,5 проценті осы айкезбемен «дос» болып отыр. Солардың 25 проценті көзі ұйқыда жүріп, әр түрлі дене жарақаттарын алатын көрінеді. Кейбіреулері қателесіп есік екен деп терезеден құлайды, келесі біреулері шатырға шығып кетеді. Балта, айыр сияқты өткір құралға арандайтындары да болады. Айкезбелер қайғылы жағдайға ұшырамас үшін мамандар төмендегідей бірқатар амалдарды жасауға кеңес береді. Соның ең бастыларын атап өтейік: жатын бөлменің терезесіне мықты тор қағып қою керек. Оның жүретін жолдарынан электр құралдарын, тез сынатын шыны үстелдер мен бұйымдарды, тағы басқа өткір заттарды алып тастаған жөн. Тіпті болмаған жағдайда ұйықтап жатқанда дала кезіп кетпес үшін айкезбені аяғынан шандып байлап қоюға болады екен. Ұйқыда жүрген адам өзін жарақаттамаған күннің өзінде басқаларға қауіп төндіруі бек мүмкін.
Ел арасында сомнамбулизм жағдайында автөкөлік басқарыпты деген әңгімелерді де кездестіруге болады. Алайда, медицина қызметкерлері мұны жоққа шығарады. Шын мәнінде ондай күрделі әрекеттерді айкезбелердің орындауы мүмкін емес екен. «Айкезбе автокөлікті от алдыруы мүмкін, бірақ оны әрі қарай басқаруға қабілеті жетпейді. Себебі, сомнамбуланың рефлекстері ояу кезіндегідей емес, баяу жұмыс істейді. Сондықтан ол машинаны жүргізетін болса ә дегеннен-ақ апатқа ұшырайды». Медиктердің бұл пікірі көңілге қонымды.
Аталған сырқат әсіресе, балалар арасында жиі кездеседі, бірақ есейе келе одан арылады. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, балалар әлденеге қатты толқып, үрейленген сәттерінде, яки қорқыныш сезімдері билеген кезде сомнамбулизмге шалдығады екен. Бірақ бұл кезде олардың психикалары қалыпта болады. Статистика бойынша әрбір бесінші бүлдіршін ұйқы кезінде жүреді және адамдардың ең кемі 40%-ы өмірінде бір рет ұйықтай отырып орнынан тұрған.  Есейген сайын адамның ұйқы сұрауы азаяды, дегенмен ересектердің 1-2,5% өздерінің «әдетін» жалғастыра береді.  
Осы уақытқа дейін зерттеу жүргізген ғалымдар: «Сомнамбулизм Айдың тартылыс күшінің адамдарға әсер етуінен болады» деп санап келді. Нақты кезеңде АҚШ ғалымдары бұған қарсы пікір айтуда. Мәселен, Колорадо штатында америкалық неврология академиясының бастамасымен өткен басқосуда зерттеушілердің бір тобы бұл біржақты пікірден бас тартып,  айкезбелікке Айдың әсері жоқ деген тұжырымға келді. «Шынтуайтында адам ағзасындағы айкезбеліктің дамуы кейбір гендердің спецификалық өзгеріске түсуімен байланысты болады,» – дейді олар. Гендердің өзгеріске түсу белсенділігі артқан жағдайда адамдар ұйқыдан оянып, бей-берекет жүріп кететін көрінеді. Мұндай жағдайды дәрігерлер «нерв жүйесінің салдануымен» теңестіреді. Бірақ АҚШ дәрігерлері адамдардың түн ішінде дала кезіп кетуіне нақты қандай гендердің ықпал ететіндігін әлі анықтаған жоқ. Ғалымдар бұл құбылысты генетикалық аурулар санатына жатқызуға әбден болады деп шешті.
Иә, сомнамбулизмнің шығу себебін Аймен тікелей байланыстырмайтындар да пайда болды. Дегенмен, америкалық ғалымдар «Бұған Айдың тікелей қатысы жоқ» дегенді кесіп айта алмай отыр. Айдың жүзі толған кезде Жер бетінде белгілі бір өзгерістер, құбылыстар болуы заңды. Мәселен, жер асты дүмпулері жиілейді, «ұйқыдағы» жанартаулар атқылайды, мұхит суы әдеттегіден жоғарырақ көтеріледі. Австриялық астроном Дэвид Ренекенің айтуынша, Жер бетінде болған кез келген табиғи апатты Айдың жақындауымен, кометаның құлауымен байланыстыруға болады. Демек, психикасы тұрақты емес балалар мен кейбір жасөспірімдерге Айдың тартылыс күшінің әсері болуы әбден мүмкін ғой. Алайда, бүгінгі ғылым айкезбелікке Айдың нақты ықпалы бар ма, бар болса, Ай адамға қалай әсер етеді, міне, осы маңызды сауалдардың  нақты жауабын әлі таба алмай отыр.
Сонымен жақындарыңыздың біреуі айкезбе болса не істеу керек? Айкезбелер терең ұйқыда сізді және сіздің оятуға деген талпынысыңызды байқамауы мүмкін. Егер оянатын болса, сіз өзінің қандай жағдайда тұрғанын аңғарып, стрестік күй кешуі мүмкін. Терең ұйқы кезінде оятқыш шырылдауынан ояну сезімі бәріне таныс, абыржып, қатты мазасызданасыз. Айкезбелер осыған ұқсас күйде болуы ықтимал. Демек, айкезбелерді оятқанда олардың жүрегі ұстап, комаға түсірмейсіз, дегенмен оларды оятудың орнына бөлмесіне қарай бағыттап, төсегіне жатқызға дұрыс. Таңертең ол болған жайды білмеуі де мүмкін.
Он сегіз мың ғаламда құпия сыры ашылмаған құбылыстар әлі көп-ақ. Біздің айтарымыз: Ұйқыларыңыз тыныш, түстеріңіз тәтті болсын.

Дайындаған Р.АРЫСТАНБАЙ.
ЖАРНАМА 17 қаңтар 2020 г. 1 290 0