Айнаның да сыры бар

Күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген айнаның қашан және қалай пайда болағынын білеміз бе? Бейнемізді қолымыздағы смартфоннан көріп жүрген мына асығыс заманда мұны ойлап бас қатырмайтынымыз анық. Білетініміз, жарықтық әжелеріміз кішкентайымыздан құлағымызға құйған «айнаға көп үңілсең, сұлулығыңды тартып алады, сынған айнаға қарама, бақытсыз боласың» деген ырым-нанымдары ғана. Күнделікті құралымыздың біріне айналған айнаның біз білмейтін  қандай құпия-сырлары бар?
Айна – кез келген үйде қолданатын мүлік. Жалпы, үлкендердің айтуынша, айнаны сыйға тартуға, немесе бұрын қолданыста болған айнаны сатып алуға болмайды. Өйткені, айна – қараған жанның энергиясын тартып алып, адамдардың бет-бейнесін, яки бетіне түскен қимыл қозғалыстарды компьютер бағдарламасы секілді жадында мықтап сақтап қалады деген түсінік қалыптасқан. Олай екенін бүгінгі зерттеушілер де дәлелдеп отыр. Сондықтан ескі айна келесі бір басқа жанға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал тіптен қолданылмаған су жаңа айнаның адамға еш қауіптілігі жоқ деп есептеледі.
Айнаның шығу тарихы тым тереңде жатыр. Оны сонау ежелгі Шумер, Үнді елдері мен Мысырда жасаған. Басында айнаны шыны тәріздес, қаралау түсті обсидиан, қола және күмістен дайындаған екен. Алғашқы шыны айналарды 12 ғасырда Мурано аралына қоныс теуіп, сол жерде жұмыс істеген венециялық шеберлер жасапты. Бірде Муранодағы шыны жасаушылар кішкентай мәрмәрдің бетіне қалайыны жайып тастап, үстіне сынап құяды. Сынап қосылған қалайыдан «амальгама» деп аталатын қоспа дайын болыпты. Оның үстіне шыны әйнек жабыстырған. Осылайша, қарапайым қажеттілікті өтейтін тұрмыстық бұйым осыдан 9 ғасыр бұрын пайда болады. Бірақ, венециялықтар өнертапқыштық құпияларын 200 жылдан астам уақыт бойы сақтап, айнаны жат жұрттықтарға қымбат бағамен сатып, табыс тауыпты.  
Қазіргі таңда айнаны қарапайым қажеттілігінен басқа үйге, кеңселерге, демалыс орындарына (тұтас қабырғасын айнамен көмкерген мейрамханаларда көбейіп келеді)  көрік беру мақсатында да пайдаланып жатамыз. Алайда, айнаның пайдасынан басқа, адамзатқа тигізер зиянды жағы бар көрінеді. Мәселен, орыс халқының нанымы бойынша, айнаны ұйықтап жатқан адамға қарама-қарсы қойуға болмайды. Себебі, түн ортасында оянып кеткен адам онан өз бейнесін көргенде кенеттен шошынып, үрейдің әсерінен  бойындағы күш-жігерін жоғалтып алуы мүмкін екен. Ал, Шығыс елдерінде айнаны әсіресе, үйдің кіре берісіне орнатып, оның босағадағы жағымсыз энергияларды бейнелейтініне сенген. Еуропада көршісінің жаман ойларын, арам пиғылдарын бейнелейді деп айнаны терезенің тұсына қойған. Ал, Испанияда тіл-көзден сақтау үшін сәби киіміне толтырып айна тіккен. Мұнда жалпы, сәбиді 3 жасына дейін айнаға қаратуға болмайды деген қағида сақталған. Өйткені еупропалықтар бала кекештеніп, тіл кеш шығуы мүмкін деп сенген.  
Өз келбетіңді өзіңе көрететін айнаның сыйқыры да өз алдына. Ертеректе жас бойжеткендер сол айнаның көмегімен өмірлік жарын көруге тырысса, болашақты болжап, өмірінің өткенін көре алағандар да болыпты.  Балшы-емшілер арасында айнамен аурудың бетін қайтарғандар да кездескен. Мысалы, орта ғасырда өмір сүрген Парацелсь науқастың айнаға үрлеген демі арқылы аурудың диагнозын қойып, сырқаттарды айна арқылы емдеген. Ол магиялық сыйқырдың көмегімен сырқаттың бойына дендеген аурудың жаман энергиясын пациенттің айнадағы бейнесіне ауыстыра алған деген аңыз бар.
Кейде айна екі дүнеиені жалғастырушы секілді. Оны ғалым Раймонд А. Моудидің еңбегінен көруге болады. Ол «Өлімнен кейінгі өмір» атты кітабында «Айнада өлген адамдардың аруақтары пайда болады» алып қашпа әңгімелердің қаншалықты шындыққа жанассатынын тексеріп көрмекке бел буады. Атақты психиатор айнамен жабдықталған арнай бөлме дайындап, сонда тәжірибе жасайды. Нәтижесі тіптен таңғаларлық. Өз еріктерімен келген он адамның бесеуі айнадан қайтыс болған туыстарын көріп, олармен байланысқа түсе алған. Мұндай экспериментті Санкт-Петербургтік танымал психотерапевт Виктор Ветвин де жасаған екен. Бүгінде оның айнамен жабдықталған «Психомантиум» деп аталатын орталығы бар. Ветвиннің орталығында болып, өзгеріп шыққан адамдар болыпты. Соның бірі көлік апатынан қаза болған ұлын қайғырумен депрессияға түскен келіншек: «Мен баламды көріп, онымен сөйлестім, оған ол жақта жайлы екен» деп  қалыпты өмірге қайта оралыпты. Осыған қарап-ақ айнаның да сыры бар екенін ұғуға болады. Алайда, онан жөнсіз қорқудың қажеті жоқ.

Дайындаған Р.АРЫСТАНБАЙ.
ЖАРНАМА 17 қаңтар 2020 г. 267 0