Картоп еккенде...

Ауылдан бірер шақырым әріректе Құлболды ишан бабаның күмбезі орналасқан. Шаруашылықтың егістік алқабы да осы бетте. Көлік шіркін жаздыгүні ағылып жатады. Оның үстіне, көршілес жатқан Шіркейлімен алыс-беріс те көп. Дорбаланған да, арбаланған да, жорғалаған да жүреді. Қажет десеңіз, ауылдан қалаға қатынайтын автобус та осы жермен өтеді. Баба мазарының түбінде бір емес, қос бақшамыз болды. Көктемде көптеп-көмектеп егеміз. Содан соң үйдегілердің басы мұнда қара күзде қосылады. Арасындағы алты ай жаз бақшаның ісі тоғыз-ондардағы менің мойнымда.
Ерте көктемде еккен картоптың сабағы ұзарғаны соншалық қауынның пәлегіндей жайылып жатыр. Оны көрген мен маңдай терімнің өтеуі ғой, астында қазандай картоп жатқан болар деп асқан мейіріммен қараймын. Бір түп арамшөп шықса, оны да байқап, жұлып тастаймын.
Кешкі ас үстінде әкем мейірлене қарап:
– Балам, бақшаң не болып жатыр? – деді.
Қалай мақтанарымды білмей, әңгімені неден бастарымды білмей жүрген мен жүгіріп келіп, әкемнің тізесіне отырып алдым. Жантайып жатқан әкем ал енді айт дегендей сұраулы жүзбен қарады.
– Білесіз бе, әке? Картоптың пәлегі деген мынандааай болды, – деп, құшағымды жайып көрсетем ғой. Мен мақтанған сайын әкемнің түрі бұзылып барады. Мен одан сайын мақтана түсем. Ұзақ сөйледім. Әкем ойланып қалды.
Арада бірнеше күн өткен соң әкем шаруашылықтағы жұмысынан сұранып, таңертең менімен бірге барды. Жайқалып тұрған бақша көздің жауын алады. Әңгелек те томпайып пісуге жақындаған. Бақшаны бір аралап келген әкем ақ шашы күнге шағылысқан күйі картоп қарықтың дәл ортасына келді де бір сабақты нұсқады.
– Мынаның түбін қазшы балам, – деп кетпенді жерге қойды да үстіне отырып, темекісін тұтатты.
Ұшып түрегеліп, картоптың түбін қазғанда шалқамнан түсе жаздадым. Неше айдан бері күтіп-баптап жүрген картоптың түбінде қойдың қомалағындай түйнек қана бар. Басқа сайтан да жоқ. Сұлқ түстім.
– Көрдің бе, балам, – деп бастады әкем әңгімесін. – Беті жылтырап, денесі дәу болғанмен, ақылы жоқтар қаншама? Бұл да соның мысалы секілді. Құнарының бәрі бойына кетіп қалған. Енді мұны былай қысқарту керек, – деді де өсімдік сабағын жерден бір қарыс есептеп, арнайы құралмен қия бастады.
Әкем сол алқаптағы картоп сабағын жатпай-тұрмай екі күнде қиып бітіруімді тапсырып, өзі жұмысқа кеткен. Күнделікті әдетіммен таңертең күн шықпай тұрып кірісемін. Күн қызған соң қосқа барып, кешқұрым қайта кірісемін. Осылайша әбігер болдым. Бәрі бітті-ау деп үйге кіре бергенім сол еді, әкем:
– Балам, енді бір үлкен жұмыс бар, – деді. – Кешегі қысқарған сабақтың түбін көміп шық. Қаншалықты көп көмсең, өнімің де соншалықты мол болмақ.
Ертеңгісін күнделікті әдетіммен бақшаға барып, енді арық ішінен топырақ алып, қарықтың бетіне тастай бастадым. Осылайша тағы екі күн сабақты көмуге жұмсап, артынан өсімдікті суарып жібергенмін.
Күндер зулап өте бастады. Әңгелек те пісті. Жиырма бес келілік құмшекердің немесе күріштің босаған қабына алты түйір әңгелек саламын. Оны мойныма іліп алып, 3 шақырымды жаяулатып кешкілік үйге қайтамын. Аулада тер иісі аңқыған жейдесін шарбаққа іліп жатқан әкем тосып тұрып, әлгі әңгелектерді көршінің балаларына таратып береді. Бұрышта бұртиып мен отырамын.
– Мен оны сіздер жесін деп әкеліп ем...
– Балам, кең болсаң, кем болмайсың, – дейді.
Әкемнің бар жауабы осы болатын. Бірақ мен арқалап келген еңбегімді үйдегілер жесін деп кәдімгідей өкпелеуші едім. Иә, ол да кеңпейілділіктің белгісі еді ғой...
Осылайша күз келді. Ел-жұрт суық ұрмасын деп картобын қазып, жинап жатыр. Асқабақ, қауын-қарбызын алып, үлкен ала қарбыздардың бетін целофанмен жауып, күзгі тынымсыз еңбектің бел ортасында. Мен ауық-ауық қипақтап:
– Әке, біз қашан картоп қазамыз? – деп сұраймын.
– Асықпа, балам, – дейді де қояды.
Әкемнің айтуымен қара күз түсіп, күн салқындай бастағанда картоп қаза бастадық. Баяғы қойдың қомалағындай түйнек сапар кеседен де үлкен болыпты. Сол жылы жүз елу қап картоп алып, бір марқайып қалдық.
Әкем мені құшақтап тұрып, маңдайымнан иіскеді. Иә, бала болып еркелеп жүріп байқамаппын, әкем мені ерекше мейірбандықпен жақсы көрді. Ал картоп егіп, ол өскен сайын әлі күнге бойына кетпесін деп түбін көміп, сабағын қысқартып отырамын. Өйткені, оны айтып отыратын әкем қазір жоқ...
Аян СПАНДИЯР.


ЖАРНАМА 21 қаңтар 2020 г. 559 0