Әкеңді күт!

Ұлекең терезеге телміріп тұр. Айтпақшы, ол кім десеңіз, Ұлекең-Ұлдай менің шешем. Ее, шешең болса, атын неге атайсың деп іштей кінәлаушылар кездесер. Қарт ата мен әженің қолында алты айлығында, шақалақ күйінде қалған осы жолдардың авторы өз туған әке-шешесін іштей мойындаса да жетіп жатыр емес пе?! Әрі – менің жағдайымды кемпір-шалға бала беріп көргендер де, бала болып көргендер де жақсы түсінеді. Басталар әңгімені ауаны мүлде бөлек еді. Ана жұмбақ "ауылға" әлдеқашан аттанған, мені әлпештеген атам мен арқасынан түсірмей баққан апамның алдындағы ақталған түрім шығар бұл. Әйтпесе, туған ата-анасынан кім алыстасын, құрметті оқырманым?!
Қооош, Ұлекең әлі терезеге қарайлайды. Мен бала күнімде де солай еді. Бүгінде өзгермепті. Сондағысы мектептен соңғы сабақтан қайтар әкейді күтеді. Кейде қайнап жатқан қазанның көбігін алып жатып:
–  Әкең көрінбей ме?!
Мұндайда етпеттеп жатып кітаптан көз алмаған күйі менің жауабым біреу-ақ.
– Жоқ!
Оған қанағаттанбай, өзі қарайды. Терезеден екі жүз метр жердегі мектеп анық көрінгендіктен Бекеңнің сұлбасы алыстан-ақ байқалады.
– Балалар шықты. Әкең де көрінді. Тамақты түсірейін. Ішегің қабысып жатқанда мұндай сөздер расымен сүйкімді естілетін. 
Бала күнгі осы отбасы қағидасы, әкең келмей дастарханға отырмау, үлкен асты бастамау әлі күнге дейін бір үзілмепті ғой. Аштан бұратылып, көзің қарауытса да,  ол дастарханға келмей қарныңа ас бармайды.
Кешегі демалыста барғанымда Ұлекең сол дағдысынан жаңылмапты. Үш жылдан аса дүрбелеңі көп қалада кез келген уақытта тамақтанып, қу жаққа бір тыным бермейтін мына мен, "шал-кемпірдің баласы" болған еркіндігімді алға тартып:
–  Ау, кешкі тамақ жемейтін бе едік? Інім мырс етті.
–  Қарның смс жазып жатыр ма?!
– Сағат 9 болды ғой.
– Папаны күтеміз. Осы кезде Ұлекең сөзге араласты.
– Әкең мектепке педсоветке кеткен. Тым шыдамай жатсаң, холодильниктен бірдеңе талғажау ете тұр.
–  Қайдан білесіңдер, педсовет он екіде бітетін шығар, – дедім мен қисық сөйлейтін әдетіммен. Көп күттірмей-ақ, "кемпірім, ас-суың дайын ба еді" деп Ұлекеңнің мұғалім шалының да төбесі көрінді ғой...
Былай қарасақ, байқалмайды да ғой. Қазақ әйелі ежелден үй иесін алдында ұстап, көтермелеп отырған. Қарап отырсам, екеуінің ренжісуі де, татуласуы да тез. Одан бөлек, жоғары сыныптарда менің есімде қалғаны "әкеңнің көйлектерін өтектеп қой", "аяқ киімін шөткеле", сырт киімі мен құлақшынын тазала, жоғарыға қой" сияқты сөздер еді.
Бүгінде бұл тірлікті үйдің кенжесі, кіші ұл мінсіз атқарып жүр екен.
Ұлекеңнің ерді сыйлау, әке құрметтеуді айтып емес, көрсетіп үйреткенінің өзі ғажап.  Елшекеннің қызының ерлігі осында жатыр екен-ау...

Ержан ҚОЖАСОВ
ЖАРНАМА 22 қаңтар 2020 г. 370 0